МҰНАЙ ОРНЫНА ҚАН АҒЫЗҒАНДАР ҚАТАҢ ЖАЗАЛАНУЫ ТИІС! Атқызған кім, Атқан кім?..

18
7409

 

           Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық мерекесі  күні, Тәуелсіздік қарлығашы – Желтоқсан көтерілісінің 25 жылдығы күні  Орта Азиядағы Татулық ордасы болып келе жатқан Қазақстанда қан төгілді!..

Мұнайшылары мұң-құсаға батып, жеті айдан бері  жұмысына орналаса алмай, лайықты жалақы талап етіп, ереуілдеп келе  жатқан Жаңаөзенде қатты толқу боып, полиция халықты қырып салды. Толқу тек Елбасы барып, облыс пен мұнайдың басында мұңсыз отырғандарды ауыстырып, кінәлілер қатаң жазаларын алатынын мәлімдегенде ғана басылды. Бірақ басты сұрақтарға әлі жауап жоқ…

Қанда қақтығысқа душар еткендер кімдер?  Билік пен полицияның немесе мұнайшылардың қайсысы қантөгісті бастаған? Арандату қай жақтан болды?  Үйлер мен мекемелерді, әкімшілік үйін, елдің күн көріп отырған кәсіпорындары мен мейрамхана-дүкендерді өртеген бірдей форма киген жас жігіттерді алып келіп, айдап салғандар кімдер екені анықталуы тиіс.

Ұйымдастырушылар егер сырттан болса, Тараздағыдай жалғыз лаңкестен   тобымен қырылып, ҰҚК мекемесіне дейін  гранатаатқышпен атқылатып қарап отыратын біздің құқық қорғаушыларымыз  не істеп жүр? Олардың қолынан келетіні  жазықсыз халықты қырып салу ма? Қазіргідей интернет заманында бір аптадай  Алматыда болмай, ғаламтор қарай алмасаң, көп нәрседен хабарсыз қаласың… Интернеттегі  хабарларға, әсіресе, соңғы әуесқой   бейнетүсірілімге қарасаңыз, қалқанды бронкеудеше киген ОМОН-дықтар дәп бір бұйрық алғандай айдалада тұрған  қарусыз халыққа жаппай атой салып, аң атқандай  атып, қуалап жүріп, құлағанына дейін жабылып ұрып,  ойларына келгенін істеген… Бұл бейнетүсірілімді көрген халық «мыналар бізді қорғай ма десек, атып-шауып, қорлайды екен ғой» деп шошып отырғаны анық…

 

      Бүкіл ел айыптап отырғандай, қандай жағдайда да, қанды жағдайға бармау керек еді…   Атазаңына «мемлекеттің ең басты құндылығы – халық» деп жазылған елде адам өліміне жол бермеуге тиіс едік… Атқызған кім, атқан кім?  Ең бастысы осыны анықтап, қатаң жазаламасақ, бұның соңы ұлттық қауіпсіздігімізге зор нұқсан келтіреді.  Қаза болған әр адам біреудің баласы,  әкесі,  жары не бауыры ғой. Он бес адам өлсе, оларды атқан он бес адам бар ғой шамада… Солардың аты-жөнін  анықтап, кім бұйрық бергенін біліп, жазалау керек. «Қару қолдануға болатын кез болады» деген  Ішкі істер министрінен ішімізді жиып қалдық…  Ал шетелдерде, мысалы Лондонда көшенің бәрін қиратқандарға неге оқ атылмады деген ел сұрағына қарысып отырған Қасымов не деп жауап береді екен? Бізде қару қолданбасақ, басқасына әліміз жоқ, сондықтан тек оқ атып, құтылуымыз керек дей ме?

Неге бізде тек бар мәселені Президент ғана шешу керек?  Тиісті басшылар не істейді сонда? Үкімет қайда? Облыс әкімі ше?  Қазақ тіліне қарсылыққа келгенде құлшынып шығатын Парламент не шешіп отыр? Мұнайдың құлағын бұрап отырған шенеуніктер қайда? Мұнайшылар мәселесін жеті айдан бері шеше алмай келе жатқан басшыларды біз неге баяғыда алып тастамадық? Мұнай орнына қан ағызғандар қатаң жазалануы тиіс! Мұнайшылар көтерілісіне себеп болған әр шенеунік, әр полиция өздерін сол қаза тапқандардың орнына қойып көруі керек. Олардың  көкейін тескен мансапты орыны он бес адамның қазасынан артық па? Олар тағы Елді ғана емес,  Елбасыны да алдағанын…  мемлекет басшысы неге Жаңаөзенге жеті айдан бері жете алмай жатқанын өз сөзінде айтып өтті. Бізде президенттің өзін жас баладай алдай салатындар да көп екен… Мамыр айында бармақ болғанда, «ойбай, бәрі жақсы, шешіп жатырмыз» деген жергілікті билік пен мұнай «құдайлары»… Қыркүйекте бармақ болғанда да, әлгілер тағы осылай алдап, аяғына жатып алған… Иә, бізде орынын сақтап қалу үшін өтірікпен күн көріп келе жатқан шенеуніктер жетіп-артылады… Солардың жалғандығы –жалпы жұртқа зиянын тигізеді. Іште бәрі оң шешіліп жатса, сырттан келгенге сыртын беріп, сырын бермей отыра бермей ме бұл халық?!.

Қысқасын айтқанда, қызығын Қытай көріп жатқан мұнай үшін қазақ неге өлу керек? Мұнайдың үстінде де, мұңы арылмаған мұнайшылар, қара алтынның үстінде де қайғысы арылмаған қара халық талап етсе, жалақысын шетел жұмысшыларынан кем етпеуді сұрады… Тең атаның ұлымыз деп, теңдік сұрап, тепсініп алаңға шықты…  Қазақтың зарынан гөрі, өзгенің зәрін тыңдаған басшылар ақыры Тәуелсіздік тойын топалаңға айналдыруға басты себепкерлер болып шықты. Ынтымағы жарасқан елдің Ынтымақ алаңы қанға боялды… Сол шетелдік алпауыт компаниялар өзге елдерде жергілікті ұлт өкілдерін олай кемсіте алмайтыны айдан анық… Мысалы, Малайзияда қайта керісінше жергілікті ұлтқа басымдық беріледі…

Оралымсыздығын оралмандардан көретінбасшылар көбейген заманда осы оқиғаға оралмандар кінәлы деп тапқаны  күлкіңді келтіреді. Біздің орысқұл шенеуніктердің  оларды жақтырмайтын себебі, олар әлгі шенеуніктер тілінде – шет тілінде сөйлемейді. Олар нағыз қазақтар! Сондықтан қандастарымыздың қатарымызды көбейткеніне қайта қуануымыз керек.

      «Ақ жол» партиясы төрағасы Азат Перуашев 16 желтоқсан күні түнгі 23.30-да Президиумды жинап, Мәлімдеме жасады. Онда  ең алдымен  қай жақтан болсын, жекелеген топтардың  жеке мүдделері үшін Қазақстандық татулыққа  тат түспеу керек екені, қантөгіске  заңды баға беру, мұнайшылар мәселесінің оң шешіліп, жұмыспен қамтамасыз етілуі ,  кінәлілерді анықтап, мемлекеттік комиссия құрылу керек екені атап көрсетілді. Бір айта кетерлігі Тараздағы теракт кезінде де ең бірінші болып жасаған  Мәлімдесінде айтылғандай, бірақ өкінішке орай еш партия үн қоспаған демократиялық күштердің Жалпыұлттық «Қазақстан-2020» коалициясының кезектен тыс жиналысын  шақыруды  қайта еске салды. Түн ортасында Өскемен қаласының әкімі  Ислам Әбішев хабарласып, «Кім жасаса да, бұл Қазақстанға  жасалған қастандық» деп санайтынын айтты. Хабарласқан қайраткерлер мен қаламгерлер, зиялы қауым өкілдері  ел ынтымағы мен мұнайшылар тағдырына алаңдап жатты…

Ия, Ең бастысы- Ел бірлігі. Ұрыс болған жерде – ырыс болмайды ! Қару қолданылған жерде –  даму қолға алынбайды! Ешқандай баламасы да, бағасы да жоқ, бабалар армандап кеткен  Тәуелсіздігіміздің іргесінің беріктігін ойлау –  әр қазақтың ғана емес, бар қазақстандықтың басты міндеті!

Қазыбек ИСА

 

18 ПІКІРЛЕР

  1. Мемлекеттің басты құндылығы-ХАЛЫҚТЫ, БАЛЫҚ қылған жоқпа? Сол 7-ай ереуілде, аш-жалаңаш, жұмыссыз, тынышына тұрған МҰНАЙШЫЛАРДЫҢ орташа айлық жалақысы неге төленбеді, НӘН патша МҰНАЙШЫЛАРДЫҢ ЕШ КІНӘСІ ЖОҚ ДЕП КЕТСЕ, түсіне алмадым.

  2. Қан төгісті ұйымдастырғандарда,орындағандардың да жауап беретін кезі алыс емес.Алланың алдында бәріміз бірдей екенімізді ұмытпаңдар ағайын.

  3. Ассалаума»әлейкүм, сол 2011-дің 16-желтоқсанындағы Тәуелсіздіктің 20-жылдығына орай, қолдан ұйымдастырылған Маңғыстау облысы, ЖаңаӨзен қаласындағы жағдайды ұйымдастырған ЖАН табылып, тиісті жазасын алды ма? Тіпті, қанмен, ҚАЙРАТ, ЛӘЗЗАТТАРДЫҢ жанымен келген ЖЕЛТОҚСАН-ТӘУЕЛСІЗДІКТІ мен бұрын АҒАШ ҮЙ ТІГІП ТОЙЛАҒАНДАРДЫ КӨРМЕППІН. КІМ, ОЛАЙ ҰЙЫМДАСТЫРҒАН, АҒАШ ҮЙ ТІКТІРІП, ТОЙЛАТҚАН? Осы СҰРАҚ санамды жыл өткен сайын маздап-жанып, жай таптырар емес. Бұл ертеден, яғни 5-6-ай бұрын не бір санадан өтіп, ақырын ұйымдастырылған нәрсе деп ойлаймын. Сол, 2011-дегі ЕРЕУІЛ зардабын әлі тартып келе жатырған МҰНАЙШЫ қауымына кімнің, қандай, көмегі бар? Елбасы-Нұрсұлтан Әбішұлы:–Бұл мұнайшылардың әрекеті емес, басқа бір арандатушылардың кесірінен болуы мүмкін, мен оны табамын деп, кетті. Кімді, қалай, жазалағанында шаруамыз жоқ, НЕГЕ БҮГІНГІ КҮНГЕ ДЕЙІН ҚАРАЖАНБАСМҰНАЙ ААҚ МЕКЕМЕСІНЕН ЖҰМЫСТАН БОСАҒАН МҰНАЙШЫЛАРЫ ӘЛІ АШ-ЖАЛАҢАШ, ЖҰМЫССЫЗ, ЖАЗДЫҢ АПТАП-ЫСТЫҒЫНА КҮЙІП, ҚЫСТЫҢ ҚАРЛЫ-БОРАНЫНА ТОҢЫП ТҰР? Әлде, ПАТША ТАПСЫРМАСЫ СОЛАЙМА? +77018583332-нөміріне хабарласыңыздар, күндіз-түні байланыс аясында. Сау бол.

  4. Ол окига манги есте калады го.мен сол мангыстаудын кызымын.аитуга онаи.ал басы каснда болп сол калада омир сурсен ….аикаилап бакырп жылагын келед.жазыксз талаи адам кетти о дуниеге.конак болп келп сыртта соилесп турган жаи адамга да кангыган ок тип олгендер каншама.кадимги 37 жылдын зобаланы болды го.аитуга онаи созбен жеткизу мумкн емес.ким арандатса да биликтен келген буирык.президентти киналаи алмаимн бирак ортада мунаишынын акшасын жеп отыргандардн иси.себеби оз коттери ашылатн болгасн елди коркытп женемиз деп оилады.бирак адаиларды бир ерегестирсе кеин каитпаитынын билген жок.соитп ис насырга шапты.акша жегеиштердн коттери ашылды. :shoshu:

  5. Кайран казак даласы казактын канына боялу ушин жаратылган жок!!! Калых копир!!! Барин котерип келемиз….елбасы осыган неге жауап алып бермейди???? Биз киммен мактанып журмиз???? арйне елбасымыз турганда ……парламенит не карап отыр?? Барин бир адамга артып койып.бул тске парламентинде жауап беруге укыгы бар!!!

  6. Жаңаөзендегі мұнайшылардың еш кінәсі жоқ еді. Видеодағы көріністерде арандатушылар өзгеше киініп алып бәрін бүлдіріп жүргенін көз көрген. Оған қанша жыл өтсе де куәгерлер қашан да табылады. Кім оқ атуға бұйрық бергені құпия болып қала бермесі анық.

  7. Жеті ай бойы ақша алмай, олар немен күн көрмек
    Шыдамның да шегі бар, сынатын ол да бір шөлмек.
    Адал еңбек, ақысын бермесе билік алдаумен
    Қазақ жуас дегенмен қалай бұған жан төзбек.

    Теңдік іздеп сенделіп, қақты олар талай есікті
    Қайда барса алдынан тыңдамастарға кезікті.
    Жан айқайын тыңдайтын ешкім таппай биліктен
    Намысы қозып, өрмінез жастар көшеге шықты дүрлікті.

    Үйде нан жоқ, тірлікте мән жоқ өтті жеті ай осылай
    Келмейдіғой биліктен ешкім жағдайды көріп қасына
    Қару кезеп билікке олар келген жоқ
    Адал еңбек, маңдай тердің сұрады құнын ашына.

    Жұмыстан қуып, ақысын жеген халықтың
    Шенеуніктер қос-қостан коттедж салыпты.
    Қалтада ақша, үйінде нан жоқ жастардың
    Өз елінде жүрседе олар теңдік таппай тарықты.

    Көшеге шықты көп болып сұрап еңбек ақысын
    Ту ғып ұстап алдына өр мінез жігер намысын.
    Қара халық мүддесін ойлайтын билік жоқ бізде
    Тамағы тоқ, көйлек көк, басқаны олар неғысын.

    Бұзақы деп атады, көшеге шыққан жастарды
    Астанадағы көкелер білместен жәй-жапсарды.
    Мұндай сұмдық масқара болуға тиіс емес деп
    Әр жерден әркім көсемсіп, даурығысып даттады.

    Жау тигендей жеріне, қалың әскер аттанды
    Колоннамен сап құрып, генералдар бастады.
    Жаңаөзенді қоршады, енді тек атой салу бар
    Бес қару сай солдаттар, алаңға қарай лап қойды.

    Қарусыз көпке оқ атып, жазықсыз төкті қандарын
    Өз халқына оқ атып, салды біраз ойранын.
    Жаудан қорғар әскерің, өзіңді көздеп оқ атты
    Қыршынынан қиды олар, жайратты талай боздақты.

    Он алтыншы желтоқсан қаралы болды біз үшін
    Өлгені азба жастардың, қамама енді тірісін.
    Жала жауып өтірік, азаптама жастарды
    Ойламасаң халқыңды билігің сенің құрысын.

  8. Жаңаөзенде Желтоқсан
    Жаңаөзенде Желтоқсан, қайталанды тағы да
    Теңсіздікке шыдамай, көшеге шықты жабыла.
    Жұмыстан қуып, қысқартып, жастарды қойды сенделдіп
    Жеті ай бойы еңбектің, ақысын күткен сарыла

  9. Жарайсың, Қазыбек Иса! Тіл митингісінде «Біз ұлт мәселесінде тек саған ғана сенеміз»- деп, сахнаға шығып кеткен ағаларыңның бірімін. Осы бағытығнан тайма! Ұлтшылдар тек сен үшін ғана Ақ жолға дауыс береді.

  10. Сайлау алды насихатқа ұқсайды, мына жазуың. Өзің болып көрмегесін. Біреуді даттау да жазалау да нақақ. Ел ертеңін сақтау үшін, басқаша қадам жасалуы керек. Жаңаөзен жақсылық емес. Cебебі мен салдарын анықтау ол тек уақыт тізгігінде.Маңғыстау сұлу сөзің үшін дауыс береді.Ол үшін қорықпа, Қазбек би.Рахмет

  11. Қазеке, мақалаңыз үшін рахмет. Осыдан кейін Қазақ солдатының қазақ халқына қарай оқ атуының себептерін талдасаңыз жөн болады. «Бұйрықты орындады» деп ақтамаңыз да, «оқ атты» деп кіналамаңыз да. Ол мақалада біздің елде барлығының да қазақты тобыр санауға көшкенін, сондықтан «әр нәрсені талап еткіш» қазақ халқына деген жек көру пиғылдарының қалыптаса бастағанын айту қажет секілді…
    Биліктің өз халқын «сұраншақ, тілемсек!» деп жекіитіні, «мазасыз» халықты жек көре бастағаны – осының астарында жатқан сияқты… Ал өздері осы халықты езу, алдау-арбау арқасында одан әрі «тыныш» күн көре берсек деген ниетте болса керек. Мына оқиға да «ақыры бір жерлеріңді қысып тыныш отыра алмайды екенсіңдер – көретіндерің осы!» деген үгіт тәрбие жұмысының нәтижесі ме деп қауіптенемін.

  12. Қазібек, президентті ақ дегеніңізге күмән көп. Өйткені мұнайшылардың жылдаған, айлаған, оған барып та, жазып та, БАҚ-тар арқылы жетіп те жатқанынан бейхабар деуіңізге болмайды мына заманда. Қай күштер болмасын, ел билігінсіз ештеңе болмайды, әмбе де емес адамдарды қыру-басқа жақтың бізге соғыс жариялап, соғыс ашып келгенінің нәтижесінде емесқой

  13. Қазыбек Иса әдеттегідей турасын тіліп тұрып айтыпты! Кіінәлілер арнайы қылмыскерлер болсын, биліктегілер болсын, жазалануы тиіс! Рахмет, Қазеке!Сізге Маңғыстау жұрты риза.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз