Қасым-Жомарт Тоқаев: Жер шетелдіктерге сатылмайды
2019 ж. 22 мамыр
3303
0
Мемлекет басшысы өсімдік және мал шаруашылықтарымен айналысатын «Олжа Садчиковское» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өндірістік көрсеткіштерімен танысты. Кәсіпорын Қостанай облысының ішкі қажеттігін және еліміздің өзге өңірлерін сүт өнімдерімен қамтамасыз етеді, - деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Қазақстан Президентіне ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу барысында аналитикалық және цифрлық жүйенің қолданылу мүмкіндіктері көрсетілді.
Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев облыстың ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілермен әңгімелесті.
Мемлекет басшысы еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге зор үлес қосып отырған өңірдің аграрлық саласының дамуын жоғары бағалады.
– Басқа облыстардағыдай мұнда да белгілі бір мәселелер бар. Бірақ, Үкіметтің көмегімен бұл проблемаларды шешу жұмыстары күшейтіледі. Ал, жер мәселесіне келер болсақ, кім жұмыс істейді, жер соған тиесілі. Екіншіден, жер шетелдіктерге сатылмайды. Бұл менің Президент ретінде түбегейлі ұстанымым, – деді Мемлекет басшысы.
Кездесуге қатысушылар ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне мемлекеттік тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.