Қойшығара Салғараұлы: Мектеп бағдарламасында Ресей көзқарасымен бұрмаланып жазылған қателер өріп жүр
2019 ж. 11 мамыр
8932
1
Ғалым—жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қойшығара Салғараұлы 80 жаста
Қойшығара ағаның кітаптарын алғаш рет 1989 жылы оқығаным бар. Сол кездің өзінде осы кісінің қолын алып, амандасып, өзім толғандырған сұрақтарға жауап алғым келді. Жібектей жұмсақ мінезі кісіні өзіне тартып тұратыны сондай, онымен бір көрген кісінің өзі алаңсыз ашылып, ақтарыла жөнелетіні қазақы дүниетанымы ерекше жан екенін аңғарасыз. Киелі сөз өнерінің қос қанаты—журналистика мен жазушылықты өмірлік серігі ретінде, жан сарайының сыр сандығын ұлықтап жүрген Қойшекеңді адам қылып қалыптастырған қазақ үшін, қасиетті Торғай даласында кіндік қаны тамған.
Қойшекеңнің балалық шағы екінші дүниежүзілік соғыспен тұспа—тұс келді, өте ауыр кезеңдерді басынан өткізді, әуелі сол өңірде мектепке барды. Атың өшкір соғыс аяқталған соң, ел тойына бастады. Мектептің өзінде жүріп—ақ өзін қызықтырған әр түрлі тақырыптарға байланысты мақалалар жазып машықтанды.
Өз қатарларымен мектепті бітіріп, Алматы қаласындағы Жоғарғы оқу орнына Журналистика факультетіне түсті. Одан кейін «Лениншіл жас» газетіне тілші болып жұмысқа қабылданды. Алғашында шабыттанып, шалқытып, көсілтіп, бірінің артынан бірін бұрқырата жазды. Қысыр әңгімеге салынбай, қоғам талабына сай, маңызды да өзекті мәселелерді кеңінен тарқатуға асықты. Ұлттық мүдде мен елдік мұратты көксеп жазған көсемсөздері адамды ойландырмай қоймайды.
Қылышынан қаны тамған КСРО—нің саясатына қарамастан, өзі секілді тілшілер бұғып қалып, немесе жұмған аузын ашпай жатқанда, Қойшекең азаматтық сөзін айтудан немесе жазудан айныған емес. Сондықтан ізденістен туған жемісіне жанын салып жазудан жаңылмаған қабырғалы қаламгер болып қалыптасуына түрткі болды. Адам ата Хауа анадан бастап тараған қатпар—қатпар тарих туралы жазып келіп, біздің батыр бабаларға тіреліп, хикаялары мен оқиғалардың тартымдылығына, көркемдігінің тағылымы айрықша, шырайлылығына қоса шындығымен де баурап алатын туындылар. Жаныңды жеп, ойыңды онға бөліп, әрі—сәрі күй кештіріп, өзегіңді өртене өмірді сүюге құлшындырған жазушы қаламының қасиетіне қалайша бас имейсің.
Бүгінде ақырын жүріп, анық басқан ғалымдардың көпшілігі өмірден өзіне тиесілі бағасын алмай жүргені бесенеден белгілі. Бірақ, Қойшекең атақ алып, атын шығаруды мақсат еткен тарихшы емес. Ол өзін толғандырған өмірлік өнегесі бар мәнді мәселерді ортаға салып, ел—жұртымен пікірлесуді ғана көксейді. Жазушының жазу шеберлігіне, ерекше қолтаңбасына қарап—ақ оның талантын қаншалықты тануға болатынын айтқым келді. Қойшекеңнің қабілет—қарымын айғақтайтын жазбалары өзінен кейінгі мен секілді өкшебасарларға үлгі боларлығы ақиқат. 80 жасқа толып отырған Қойшекеңе деніне саулық, қажымас қайрат, шығармашылық табыстар тілеймін.
- Алғашқы сұрақты адамзаттың жаратылысын әр ғалым әр қалай болжайды. Сіздің бұл ретте қандай жаңалығыңыз бар?
- Адамсыз жерде тарих жоқ. Тарихты жасаған да, оны ғылымның бір саласына айналдырып, хаттап қағаз бетіне түсіретін де—Адам. Бірақ осылай бола тұрып, адамзат баласы мына жарық дүниеге жаратылған күннен бастап өз тарихын хаттап, қағазға түсіре алмағаны бесенеден белгілі. Кейінірек адамзат баласы өсіп—өніп, жер шарының әр қиырына тарыдай шашырап, бір—бірінен бөлектеніп, сан алуан халықтарға жіктеліп, таным—түсінік жағынан болсын, тілдік қарым-қатынас тұрғысынан болсын, өмір сүру салтынан болсын, бір—бірінен алшақтап кеткен сан түрлі жұртқа айналған еді.
Олар өз тарихын бүкіл адамзат баласының бәріне ортақ негізгі түпбастауынан таратып, сабақтастыра жалғастырып кете алмады. Беріден қайыруға мәжбүр болды.
Өйткені, бүгінгі әлемнің әр түкпірінде өмір сүріп жатқан халықтардың қай—қайсысы болсын өздерінің түп-төркінінің қайдан шығып, қазіргі мекен етіп отырған жерлерге қашан, қалай келгендерін таратып айтып, талдап бере алмайтын жағдайға жетіп отыр. Бұл басқаша айтқанда, олардың әрқайсысының да әуелден адамзат баласының ортақ түптабысу тарихынан тамыр тартып, желісін үзбей бүгінге жалғасқан тұтас, толық тарихының болмағандығын көрсетеді. Басқаны былай қойып, зерттеуші ғалымдарымыз адамзат баласы жершарының қай нүктесінде пайда болғанын анықтай алмай отыр? Тіпті, «бір өңірде ме?» «әлде әр өңірде ме» деп пікірталастыруының да себебі сол.
Қазіргі таңда генетика ғылымының соңғы жетістіктерінің бірі - ДНК зерттеу тәсілі арқылы адам баласының түп—тегі анықтала бастады. Олар қайдан шықты деген талас-тартыс аяқталып, адам баласының әр өңірден емес, Африка құрылығынан тарағаны туралы тұжырым мойындалды. Осыған байланысты халықтардың шыққан жері мен тегі жаңаша пайымдалып жатыр. Солардың қатарында америкалық үндістер де бар. Олардың Алтайдан шыққан түрік текті жұрт екені анықталды. Тағы бір қызық жағдай, өмір бойы славян халқымыз деп келген орыстардың өзінің арғы тегі финдер болып шықты. Бұл туралы ақпарат әлеуметтік желілерде пайда болды.
Өздерінше өркениеттің ең басында біз болғанбыз деп келген орыстарға енді фин халқының арғы тегіне үңілу керек болып тұр. Орыстардың тарихы Рюрюктер кезіндегі Ресей, одан кейін Романовтар тұсындағы тарихы Александр I-ші Карамзинге әдейі мақтап жазасың деп бұйырған, Карамзин тастай қылып жазып келгенде, оның өзін өлтіріп жіберіп, 3 жылдан соң, барып жариялайды. «Древная Русь до 1710 года» деген жаңылыспасам. Петр I-ші болса, орыс жылнамаларын Кенигсберг қаласына жинап қайтадан жаздырдып шыққан. Жалпы, адамзат баласының тарихын жазуда хронологиялық жақтан қателігі бар екенін алғаш Ньютон байқаған. Ал қазір компьютер арқылы есептегенде, он ғасыр қателесіп жүргенімізді айтып отыр.
- Қазіргі мектеп пен жоғарғы оқу орнындағы тарих саласында айырмашылық неде?
Кейінгі уақытта шыққан тың деректер мен табылған қолжазбаларды бұлтартпас айғақтарды сараптап келіп, түріктердің тарихы, оның ішінде қазақ тарихы қайта жазылуы қажет деп ойлаймын. Мектеп бағдарламасында Отарлаушы Ресейдің көзқарасымен бұрмаланып жазылғаннан басқа әр түрлі қателер өріп жүр. Мұндай оқулықтар өскелең ұрпақтың бойында қалыптасатын ұлттық рух пен сүйіспеншілік қасиеттен жұрдай болуы сөзсіз. Білім және ғылым министрлігі осындай кемшіліктердің болмауын қамтамасыз етсе деймін. Өйткені, тарих—ата—бабаларымыздың өмірбаяны, басынан кешкен оқиғалары мен іс—әрекеттерінің шежіресі ғой. Бала өз ата—бабасының қалай өмір сүргенін білмесе, ерлік істеріне рухтанбаса, ондай ұрпақтан ештеңе шықпайды. Тарихты санаға қалыптастыратын ұрпаққа сіңіретін оқулық болғандықтан аса мән беруге тиіспіз.
Жуырда біздің университетке Оңтүстік Кореядан екі профессор қонаққа келді. Сонда біреуі орысша әсер сөйлесе де байқап отырғаны;-Қазақстанда еңбектеген сәбиден еңкейген қарияға дейін орысша сөйлеседі әрі жазады екенсіздер дейді. Өйткені, сіздердің мектеп пен жоғарғы оқу орнындарында тарих пәнін дұрыс оқытпайды. Сондықтан қазақтар қазақша сөйлегенге намыстанады, менсінбей мұрнын шүйіреді. Мысалы біздің екі Кореяны Жапония 1920-1950 жылдары жаулап алып білгенін істеді, сондықтан қасымда жапон ұлтының өкілі отырса, әлі күні менің ішімді ыза—кек кернейді. Себебі, бізде тарихты өте жақсы үйретеді. Ал сіздерді Ресей 300 жыл отарлап қана қоймай, тілің мен қоса дініңді қорлаған орыстың тілінде сөйлейтінін өздері білмейді дегенде кірерге жер таппадым.
- Қойшеке, онда біздегі тарихқа саясат етене араласып отырғанға ұқсайды?
Қазақ тарихында бұрмаланған қателер шаш-етектен. Осыдан—ақ, нақ өз тарихымыызды зерделеп, оны жарыққа қайта шығарып, ұлттық санамызға төл тарихымызды сіңіретін кез жеткен тұста, қазақтың өткеніне ұлттық танымдық көзқараспен қарайтын тарихшыларымыздың жоқ болып отырғандығын көруге болады. Барлығы кешегі Коммунистік партияның самал желі санасын улағандар. Сондықтан төл болмысымызды танытар шынайы тарих әлі күні жазылған жоқ деп толық айта аламын. Осыған байланысты тарих оқулықтарының сапасы да тым төмен. Бастау тарихымыз әлі зерттеліп жазылған жоқ. Мұны тарқата айтсақ ұзақ әңгіме. Негізінде бүкіл адамзат баласының тарихының бастауы, түп-тамыры түріктерден тараған. Оған археологиялық заттар айғақтар, көне заманнан жеткен жазбалар (пиктографиялық, символдық, идеографиялық, фонетикалық) халықтың өз тілінде сақталып қалған тарихтық деректер басты дәлел деп, бұлардың әрқайсысына жеке—жеке тоқталып, жіліктеп айтып беруге болады. Қазіргі тарихшылар еуропалық таным—түсінікпен жазылған тарихқа Тәуелсіздіктің шапанын кигізіп, бүгінгі күн кәдесіне жаратып жүр. Ал шындығына келгенде біздің тарихымызды түбегейлі қайтадан жазу керек деп санаймын.
Осы қазақтың тарихын жаза алатын жастар жағы қауқарсыз ба?
- Қазіргі жастар өте зерек, алғыр, сезімтал әрі қабілетті. Бір емес бірнеше тілде сөйлей де, жаза да алатындар. Бірақ олар сол қабілеттерін ғылым саласына, оның ішінде тарихқа арнауға құлық танытпайды. Олай болатыны, тарихшы болып, кітап жазып, одан күнкөрісіне жететін ақша, пайда табамын деп кесіп айту күмәнді әрине. Сондықтан олар елшілікке, табысты компанияларға я болмаса ақшасы көп басқа салаға кетуді артық көреді. Өз тарихшыларымызды қалыптастыру үшін мемлекет қам жасап, оларды қаржыландыру қажет. Мысалы Үндістанның астанасы Делиге көне санскрит жазбаларын, Афина мен Римге көне грек-латын жазбаларын оқи алатын жастарды жіберсек нағыз мамандарға ие болар едік. Сонда әлемнің қай түкпірінен табылған көне дереккөздерін өзіміз оқып, өзіміз зерттей алар едік.
Өз басым қазіргі ресми тарих ғылыми із-түзсіз жоғалған деп таныған халықтардың дені бүгінгі түріктектес халықтардың арғы ата—бабалары деп білемін. Бұған Кипр аралының Энкоми деген жерінен табылған, тілші ғалымдар жоғалып кеткен халықтікі деп тауып, «этеокипр» деген ат берген. Б.э дейінгі XV ғасырда жазылған жазудың таза түрік тілінде сөйлеуі осының дәлелі. Осындай мәселелерді ауқымды кең көлемде, әсіресе мемлекеттік деңгейде қарастыру аса маңызды болып тұр.
Жұмамұрат Шәмші,
qazaquni.kz