Ислам Әбішев жинағымызды шығармағанда жырларымыз шаң басып қала берер ме еді?
2019 ж. 11 мамыр
4034
5
Жаны жайсаң, көңілі ашық, халқымыздың ұлағатты ұлы ретінде ел мәртебесін асқақтатып жүрген, сабырлы мінез, сырбаз қалпынан, қарапайымдылығынан айнымайтын, адамгершілігі мол, жүрген ортасына сыйлы, мейірімді де қайырымды, бар күш-жігерін игі істерге бағыттай білген атпал азаматтың бірі де бірегейі – Әбішев Ислам Әлмаханұлы дер едім.
Жалпы, Ислам ағаның шағалалы өлке – Шардарадағы еңбек жолы туралы, ондағы комсомол жастардың жалынды да жігерлі басшысы болғандығы жайлы кезінде баспасөз беттерінде кеңінен жазылды. Шардара сол кезде шын мәнiнде жастар Отаны едi. Ал, сол жастардың саяси жетекшiсi – аудандық комсомол комитетi болды. Өзі де 25-ке енді ғана толған И.Әбішев бұл жұмысты өзінің бастамашылдығымен, талапшылдығымен жоғары деңгейде атқарып шыққандығын сол кездегі әріптестері әлі күнге дейін тамсана айтып отырады. Жастардың қай уақытта да қоғамның қозғаушы күші екендігін терең түсінген И.Әлмаханұлы осы күнге дейін мүмкіндік болса жастарға қол ұшын созудан жалыққан емес.
2013 жылы Ислам Әбішевтің тікелей қолдауымен «Дала дарыны» атты жоба аясында Оңтүстік Қазақстан облысы жас ақындарының өлең-жырлары топтастырылған «Оңтүстік орамдары» атты жыр жинағы жарық көрді. Аталған жыр кітабы 1000 данамен басылып шықты. Алматы қаласында кітаптың тұсаукесер рәсімі өтіп, оған И.Әбішевтің өзі қатысты. Мыңға жуық жастар қатысқан осы жиын барысында И.Әлмаханұлы аталған жыр кітабын ұйымдастырудағы мақсатын айтып, поэзия әлеміне алғаш қадам басқан жастарға сәттілік тілеп еді.
Айтайын дегеніміз – И.Әбішевтің осынау бастамасы аталған жыр жинағына енген жас ақындардың бойына ерекше талпыныс бітірді. Олардың сол мезетте кітаптарын қолдарына ала тұрып қуанғандарын көрсеңіз. Қуанбағанда қайтсін... Жүрегіңді жарып шыққан өлең-сөзіңді, көңіл түкпірінен орын алған ойларыңды, мөлдір сезіміңнің қағазға түскен нұсқасын қай басылымда жарияларыңды білмей басың қатып жүргенде Ислам ағадай абзал жандар қамқорлық танытып, жырларыңды жинақ етіп шығарып берсе қалай қуанбайсың?!
«Оңтүстік орамдарына» менімен бірге Дәурен Айманбетов, Абай Қалшабек, Гаухар Жүсіпәлиева, Ербек Бақиев, Әлішер Әлімжан, Қанат Сапарбаев есімді 6 ақынның өлең-жырлары енген. Осы ақындардың бірқатары уақыт өте келе жеке жинақтарын шығарды. Жеке кітап шығармағандары осыдан соң өздерін онан сайын ширата түсіп, облыстық, республикалық басылым беттерінен орын алып жүр. Барлығы да өлеңсүйер қауымға етене таныс болып қалды.
Шынын айтқанда, егер И.Әбішев осы жыр жинағын құрастыруға ұйытқы болып, қамқор қолын созбағанда, көңіл сазымыз осы күнге дейін көміліп жата бере ме еді, қайтер еді? Мың да бір рақмет Сізге, Ислам Әлмаханұлы!
Қандай сәтте болмасын қолдаушыңыз да, қорғаушыңыз да бір Алла болғай!
Сәбит Лаханов, Түркістан облысы, Шардара ауданы