Қазақ қандай жауға кезіксе де жан аямай қан майданға кіріп кетеді - Қайсенов
2022 ж. 30 шілде
3223
0
Жеңіс мейрамы қарсаңында Қазақстанның Халық қаһарманы Қасым Қайсеновпен жолығуға келе жаттым. 2004 жылдың 7-мамыры еді. Түс әлеті. Көп сөйлесу ойда жоқ. Тек қолтаңбасын алуым керек. Анығырағы – газеттің мерекелік нөміріне әйгілі партизанның өз қолымен жазып берген бір ауыз тілегін жариялауға ниеттенгенбіз.
– Аға, сізге батырлық қасиет ата-бабаңыздан жұққан ба, осы туралы ойлаған кезіңіз болды ма?
– Уай, дорогой, батырлық деген тікелей ата-бабадан жұғады деу қиын ғой. Кім білсін енді, кейбір қасиеттің әке-шешеден даритыны да рас. Бірақ қара күш иесінің бәрін бірдей батыр деуге келе қоя ма. Мәселен, мен соғысқа дейін әшейін ауыл арасындағы содырлығым болмаса ешқандай батыр емес едім.
– Әйтеуір, екінің біріне бұйырмайтындай ерекше денелі жігіт болыпсыз.
– Иә, жасымда едәуір ірі болғаным рас. Орташа мөлшермен жүз жиырма бес келідей тартатынмын. Бірақ, бұл батырлықтың өлшемі емес. Адам, тегінде, ерлікті қалайда батыр болайын деп, көзге түсе қояйын деп жасамайды. Мысалы, кімде-кім халқын сүйсе, Отаны үшін жан аямай соғысса, сол батыр болады. Өлсе батыр болып өледі, тірі қалса батыр болып жүреді...
– Мен кейде біздің халық ежелден керемет батыр халық па деп ойлаймын. Өзіңіз де білесіз ғой, қазақтар Ұлы Отан соғысы батырларының есебі жағынан төртінші орында. Орыс, украин, еврейлерден кейін – бізбіз. Бұл, расында, таңқаларлықтай өте жоғары көрсеткіш. Осының сыры неде екен?
– Қазақтың әуелден жауынгер, ержүрек халық екеніне дау жоқ. Әйтпесе аз ғана құраммен мынандай ұлан-ғайыр даланы ұстап тұра алар ма еді. Кезінде ылғи жаугершілікті кешірді бұл халық. Тегінде, кімде-кім төзімді – сол түбі бір батырлық жасамай қоймайды. Қазақ деген қандай қиыншылық болса да шыдайды да, қандай жауға кезіксе де Құдайдың жазғанын көреміз деп жан аямай кіріп кетеді қан майданға. Қазақтың арасынан көп батырлар шығатыны – сондықтан. «Мың өліп, мың тірілген» деп жатамыз. Сол дұрыс сөз. Оның үстіне рухымыз биік халықпыз. Көрмейсің бе қазақтың анау екі қызының батырлығын! Басқа халықтан неге шықпайды сол Әлия мен Мәншүктей ержүрек қыздар?! А? Өзің ойлап көрші! Осының өзі-ақ талай нәрсені көрсетіп тұр ғой. Ал батырлық атақты ала алмаған адамдарымыз қаншама! Алысқа бармай-ақ, Бауыржан Момышұлы мен Рақымжан Қошқарбаев ағаларыңды ал! Бірақ, көңіл аударатын тағы бір нәрсе бар. Әлгі соғыстағы жалпы батырлық атаулының және бір қырын ескеру керек. Мәселен, Қазақ елінде бес жүзге тарта Совет Одағының Батыры бар екен. Ақиқатын айтқанда, солардың барлығын бірдей батыр деуге келмейді. Олардың атағын қызғанып отыр екен деп қалма. Ой жүгіртіп қарасаң, әлгілердің кейбірі бір сағаттың ішінде немесе бір күннің айналасында көзге түсіп батыр атанғандар. Бұлардың қайсыбірі, тіпті, өзінің қандай ерлік жасағанын, батырлық атақты нақты не үшін алғанын білмеуі де ғажап емес. Белгілі атаққа, бағы жанып, штаб төңірегінде, қолбасшылар айналасында жүріп ілігетіндер де мәлім. Және ондайлар бір жасаған әрекетін екінші рет қайталай алмайды да. Ал анау Талғат Бигелдиновтер аспандағы айқастарда бір ерлігін, кемінде, үш жүз рет қайталаған. Сол сияқты, Бауыржандардың да әр сағаты, әр күні толған ерлік еді...
– Ақыры батырлық туралы айтып қалдық. Сіздің өзіңіздің де сол жоғары атақтан әділетсіз түрде айрылып қалғаныңыздан хабардар едік. Соның шет-жағасын өзіңіз айтып бермейсіз бе?
– Уай, дорогой, (кейін аңғардым, батыр ағаның кейдегі сөз мәнері осылай екен. Қ.М.) ол ұзақ әңгіме ғой!
– Сонда да. Қысқаша.
– Ол былай болған. Мына Украинаның Десна, Днепр, Припять деген керемет өзендері бар емес пе. Соның арғы бетін немістер басып алып, қаншеңгелді біртіндеп Мәскеуге дейін салуды ойластырып жатты. Сол себепті, әлгі дариялардың батыс жағаларында плацдармдар құрып, Киев бағытында солтүстік-шығыстан және батыстан жауға қатты соққы беріп, Украина астанасын азат ету жоспары жасалады. Осылайша дұшпанның Донбасс пен Украинаның солтүстік жағалауын жермен-жексен етеміз деген ойын күл-талқан қылу көзделді. Бір күні осы мақсатта біздің отрядқа да Днепрден өтуге бұйрық берілді. Соңырақ білсем, бұл тұрғыда небір алапатты бастан кешіріп, соғыс өртінде әбден шыңдалып, ысылған партизан отрядтарына үлкен үміт артылған көрінеді. Бұл жауапты іске кейін біз секілді басқа да құрылымдар тартылыпты. Әйткенмен, өзеннен өте салу деген оңай нәрсе емес-тін. Алып дарияның екі жағасы аралығын қаншама адам, қаншама қару-жарақпен бейбіт күннің өзінде әшейін зу ете түсу бірталай қиынға соғар еді. Ал жерден де, көктен де жаңбырша жауған оқ жағдайында бұл өзі, тіпті, санаға сыймайтын нәрсе-тін. Өкімет Днепрден алғаш болып өткен отрядтың әр адамына Кеңес Одағының Батыры атағы берілсін деп бекерден-бекер қаулы шығарсын ба. Сонымен, не керек, Днепрден тірідей өту қисынға келмейтін іс болса да мен өз тобымның жүз жиырма адамына Қызыл Әскерлерден қосылған төрт жүзден аса сарбазды және қосып, нартәуекел деп түстім өзенге. Қысқасы, сол алты жүзге жуық жауынгердің, көп болса, үш жүздейі ғана аман шықтық. Қалғанының бәрі суға батып өлді немесе оққа ұшты, бомба астында қалды. О кезде бүгінгідей рация жоқ, байланыс сым телефон арқылы ғана жасалады. Содан бір кезде телефонға шақырады мені. Кезекші офицер екен, бас қолбасшымыздың атынан хабарласып тұрғанын айтты: «Қайсенов жолдас, сіз өтіп шықтыңыз. Жарайсыз! Зор алғыс жарияланады. Енді сол шепті сағат он екіге дейін ұстап тұрыңыз. Соған дейін біз өтеміз» дейді. «Құп болады!». Сөйткен мен ол арадан он екіге дейін өлсем кетем бе. Бірақ оғанша үш-төрт сағат бар еді. Жүздеген самолет бомбаның астына алды. Қаптатып танкілерін жіберді. Соны ұстап тұрдық біз. Ақыр аяғында жиырма-отыздай ғана адам қалдық. Қанды қасапқа түсу деген осы. Ондай сұмдықты көрсетпесін. Сол кезде бізді тамтықтары қалмай тып-типыл болып қырылып кетті деп ойлаған Александр Тканко деген қасына бір советтің немісін ертіп алып, дереу Харьков қаласындағы майдан штабына барады. Сөйтіп ондағы басшыларға Днепрден аман-есен өткен мына екеуміз деп баяндайды. Екеуіне де қолма-қол Кеңес Одағының Батыры атағы беріліпті. Солай айрылғанмын атақтан. Бір қуаяқ келді де орта жолдан қағып кетті, қазақша айтқанда. Біз Құдай қарасып тірі қалған едік. Маған тиесілі атақты алып кеткен әлгі Тканкомен кейінірек Карпатқа бірге ұшқанымыз бар. Сонда маған көптеген партизан жолдастарым: «Әй, Вася, сен енді әлгі сұмыраймен бірге ұшпа. Аулақ жүруге тырыс. Өйткені ондағы геройлық – сенікі. Ол сені ретін тауып құртудың жолын қарастырады», – деп ескертті. Мен қол сілтегем. Кімді кімнің құртатынын көреміз ғой. Жан керек болса соның өзі менің көзіме түспегені жөн-ау дедім. Сөйтіп онымен Карпатта бірге соғысуға тура келді.
– Сіз болсаңыз, тіпті, бертінде ғана Украина Президенті Кучмаға өзіңізге иттік жасаған сол Александр Тканкоға генерал атағын беру туралы өтініш білдіріпсіз. Мұны қалай түсінуге болады? Бұл да әлгі қазақтың дарақылығына ұқсас мінез емес пе?
– Иә, ондай сөздің болғаны рас. Бірақ өткен нәрсе өтті, кетті ғой. Атаңның кегі емес, ескі әңгімені несіне қузай берем. Және өзі кешірім сұраған кезі де болды. Қу құлқын, қу пендешілік не істетпейді. Қойдық. Түсініп. Александр Тканко қазір тірі. Украинаның Черкасск қаласында тұрады. Менен екі жас үлкен. Сексен сегізде. Осыдан екі-үш жыл бұрын Украинаға барғанымда басқасының бәрі генерал да, ол генерал емес екен. Мен: «Әй, Александр Васильевич, сен неғып генерал емессің?!» десем, «Мен – оппозициядамын. Қазір капитализм. Мен коммунист адаммын. Сондықтан, бермейді маған генералдықты» дейді. Содан Президент Леонид Кучма қабылдағанда: «Сен анау полковникке генералдықты бермепсің. Бұрынғы партизан басшыларының бәрі генерал көрінеді. Неге бермейсің оған? Ол кезінде сенің Украинаңды азат етіп, осындай жағдайға әкелмесе сен бүгін Президент болып отырмас едің ғой. Соны неге ойламайсың? Бұған қайтсең де генерал атағын бер!» деп ұрсып кеткемін.
– Сөйтіп, генерал-майор атағын алыпты ғой Александр Васильевичіңіз.
– Иә алды. Жақында хат жазып жіберіпті маған. «Ақырында, кім білсін, сенің сөзіңе де құлақ түрген шығар. Әйтеуір, Президенттің көңілі түсті. Генерал-майор атағын берді. Шынтуайтқа келгенде, сен екеуміз бұл атаққа сонау 1944 жылы-ақ лайық едік қой» депті. Онысы рас еді. Мен соғыстан бұрын Әскери Барлау училищесін бітірген адаммын. Соны түгескен он үш адам Украина партизандарына басшылық жасадық. Сол он үш жетекші Карпатқа парашютпен түсіп, үлкен партизан дивизиясын құрып, генералдар ұстап тұра алмаған жерді ұстап тұрдық қой.
– Бірақ сіз өзіңіз полковник шенінде қалдыңыз.
– Иә, әлі полковникпін. Жоғары жақтарға Талғат Бигелдиновтер хат жазыпты. Қасым Қайсеновке генерал атағын беріңіздер деп. Оған «Қайсеновтің әскери білімі жоқ» деп жауап қайтарған секілді. Мұнысы қалай?! Айтып отырмын ғой, арнайы оқуды соғыстың алдында бітіргенмін. Сонда немене, мен партизандар полкін төрт жыл бойы білімсіздігімнен басқарғанмын ба?! Қазақстанда тарихқа белгілі елу шақты партизан бар. Солардың да бір де бірі генерал емес. Жарайды, маған атақ бермей-ақ қойыңдар. Бірақ ол ұрпақ үшін керек емес пе. Мені де қойшы, соғыста дивизия командирі болған Бауыржанға да бермеді ғой генералдықты. Сол өкінішті. Бірақ, әйтеуір, оған Елбасымыз мықтылығынан Батыр атағын алып берді.
Әңгімелескен
Құлтөлеу МҰҚАШ