Алтын – жер сыйы, алғыс – ел сыйы

Былтыр «Егемен Қазақстанда» Дулат Исабековтің «Биікке беттеген қазақ киносы» атты көлемді мақаласы жарияланды, биыл «Қазақ әдебиетінен» Әлібек Асқаровтың айқара екі бетті алып жатқан «Қазақ мәдениеті асқан асулар» атты толғауын оқыдық. Екі бірдей атақты жазушының ұлттық мәдениетіміз жайлы мақала жариялауы тегін емес, мұның терең сыры, айтылар жыры бар.

Ол сыр, ол жыр – ұлттық мәдениетіміздің соңғы жылдары өзіміздің ғана емес, өзге елдердің де таңдайын қағып, тамсан­дыр­ған тамаша табыстары. Бір ғана мысал «Алмас қылыш», «Әміре», «Алтын тақ» көркем фильмдері арқылы кенжелеп қалған қазақ киносы асқаралы асулардан асып, Алатаудың ақбас шыңын­дай биікке көтерілді. Оңайлық­пен келмеген осы аса айтулы табыста өнер саңлақтарымен бірге Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының ерлікке тең ерен еңбегі бар. Ол Америкаға барып, «Голливудтан» режиссер шақы­рып, «Әміре» фильмінің сәтті шығуына ұдайы көңіл бөліп, түсіруші топқа көп көмек, нақты қолдау көрсетті. Нәтижесінде, Әміре атын, яғни қазақты әлемге қайта танытқан айтары анық, бояуы қанық үздік фильм өмірге келді. Спорт пен өнер саласын­дағы жемістер мен жеңістерде де Арыстанбек Мұхамедиұлының қолтаңбасы барлығы айдай анық, шығар күндей шындық!

Кісілігіне кішілігі сай Арыстанбекті көргенде ойыма Эпикет­тің: «Күллі ға­жайып­тардың ішіндегі ең тама­шасы – жақсы тәрбиеленген адам» деген сөзі оралады. Арыстанбек Мұхамедиұлы – қазақ мәдениетін аса үлкен биікке көтерген өте қарымды, аса алымды, көрнекті мемлекет қайраткері. Арыстанбекті қазақ мәдениетін асқар шыңға шығарған Темірбек Жүргенов, Ілияс Омаров, Өзбекәлі Жәнібеков сынды ұлт үшін ұлағатты істер атқарған ұлы тұлғалармен иықтасып тұрған аса іскер, асқан еңбеккер, аса қарымды мемлекет қайраткері деп танимын. Бұл – бір менің ғана емес, бүтін зиялы қауым, бүкіл халықтың ортақ ойы. Бұған айтулы жиындарда ел ағалары айтқан парасатты пікірлер айқын айғақ.

«Жақсы адамды көргенде оған теңелу жайлы ойлан» депті Конфуций. Тағы бір кемеңгер Фрид­рих Ницше: «Қайсар да қажырлы әрі табанды адам ғана өзі туралы үндемей жүре алады», – дейді. Осы сөздер Арыстанбек Мұхамедиұлының бітімі бөлек бекзат болмысына сай келеді.

Өз басым Арыстанбек Мұхамедиұлының елшіл, мемлекетшіл, халықшыл қасиеттеріне сан мәрте куә болдым. Көзқарақты оқырман қанық – жақында Ташкентте Қазақстанның Өзбекстандағы жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен салтанатпен ашылды. Сол форумға қатысудың сәті

түсті. Сонда Қазақстан өнер саң­лақтарының концерті кезін­де Өзбекстан президенті Шафкат Мирзиеевтің риясыз көңілмен қол соққанын, ол қошеметті Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы қостағанын көзімізбен көріп, көңіліміз көкке өрледі. «Біржан-Сара» операсының үзіндісімен баста­лып, класси­калық өнерімен өріліп, Әлібек Дінішев, Айман Мұсаходжаева, Майра Мұхамедқызы, Димаш Құдайбергеновтің талантымен көмкерілген концертке бес мыңнан астам өзбек бауырлар аса риза болып, залды шапалақ үні жаңғыртты. Мәдениет саласында жүрген кісілерден естігеніміз – Арыстанбек Мұхамедиұлы осы концерттік бағдарламаның түзілуін ғана емес дайындығына да өзі бас-көз болып, тікелей басшылық жасапты. Сонда біздің ойымызға өткен ғасырда Қазақстанның Мәскеудегі онкүндігіне баратын әншілер дайындығына қатысып, ақыл, кеңес берген нарком Темірбек Жүргенов оралды. Жақсының жарасымды жалғасы, ұлт үшін ұлы істер атқарған тұғыры биік тұлғалардың мұрагері деген осы.

«Өзін ойлаған – құлқының құлы, халқын ойлаған – ұлы» дейтін халық даналығын «Ең алдымен ел қамы, сонан кейін қалғаны» дейтін Қадыр Мырза Әли сөзін жиі айтады Арыстанбек.

Өзін ғана ойлаған

жамандық­тың белгісі,

Өзгені де ойлаған

адамдық­тың белгісі.

Арыстанбек Мұхамедиұлының өзгелерді жиі ойлап, көп кісі­ге көмек қолын созып жүрге­нін де білеміз.

«Жақсы адамды көргенде оған теңелу жайлы ойлан» депті Конфуций. Тағы бір кемеңгер Фрид­рих Ницше: «Қайсар да қажырлы әрі табанды адам ғана өзі туралы үндемей жүре алады», – дейді. Осы сөздер Арыстанбек Мұхамедиұлының бітімі бөлек бекзат болмысына сай келеді.

Арыстанбек Мұхамедиұлының интернеттегі өмірдерегіне көз жүгіртсек, оның бүкіл өмірі мәдениет саласына байлаулы екен. Мәдениет министрінің көмек­шісі, одан да кіші қызметтерден бастап тек мәдениет саласында еңбек етіп келеді. Бүгінде оның министр, ғылым докторы, басқа да бірсыпыра атақтары бар. Бүгінгі биігіне «Арыстанбек оңай көтерілген жоқ. Оңай бақыт болмайды, оңай жолды іздеген ешқашан да оңбайды. Арыстанбек өз замандастары сияқты қиындықтар көрген болар».

Елшіл, халықшыл, мемлекетшіл, ұлтшыл Арыстанбекті бүгінгі биігін көтерген табиғи талант, ақыл-парасатпен бірге осы еңбек – ел үшін істеген ерен ең­бек! Содан да ол Елбасы мен елдің алғысын алған азамат! Ал­тын – жер сыйы, алғыс – ел сыйы. Ел сыйынан қымбат не бар?!

Жүсіпбек Аймауытов 1918 жылы 2 қазанда «Абай» журналында жарияланған «Ұлт­ты сүю» атты мақаласында: «Оқы­ғандар! Бұл уақыт – жан тыныштығын іздейтін, қызық қуатын уақыт емес, біз қызмет қылатын, еңбек сіңіретін уақыт. Ойланыңыздар: халық біз үшін емес, біз халық үшін туғанбыз. Олай болса мойнымызда халық­тың зор борышы, ауыр жүгі жатыр», – деп жаз­ды. Тарихи ұлы тұлға Жүсіпбек Аймауытовтың осы сөздері мемлекеттік қызметтегі елшіл, халықшыл, ұлтшыл, мемлекетшіл Арыстанбек Мұхамедиұлының адастырмас ақ жұлдызы, бақ жұлдызы!

«Если не будет у нас достойного искусства, не будет страны. Никакая экономика, никакая политика – ничто кроме подлинной культуры, не поможет нам поднят голову» деп жазыпты үлкен театрда жарты ғасыр жұмыс істеген ұлы режиссер Борис Покровский. Осы ұлы ой, ұлағатты сөз басшымыздың да, басқамыздың да әрдайым жадында жүрсе нұр үстіне нұр.

Тауда туған тау ұлы тауға қа­рап өседі. Талғар тауының бауы­рын­да туған Арыстанбек бала­лық балғын шағында, бозбалалықтың таңында тауға қарап, асқар асулардан асуды армандамады дейсің бе? Сол кездегі армандар, Құдайға шүкір, бүгінде орындалды. Орындалғаны сол емес пе, еңбегімен елге танылған халықтың алғысына бөленген қоғамда өз орны бар қайраткер ол...

Сәбит ДОСАНОВ,

жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты