ІСКЕР БАСШЫ, ХАЛЫҚШЫЛ АЗАМАТ
2019 ж. 03 мамыр
3815
0
Ислам Әбішев 2000-2002 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданының әкімі лауазымын атқарды. Оған дейін «Батсу» ЖШС арқылы елге танылған кәсіпкерді, облыстық мәслихаттың депутатын аудан тұрғындары әкім ретінде бірден жылы қабылдап, ісіне сәттілік тіледі. Ислам Әлмаханұлы қызмет еткен жылдары ауданда бірқатар білім ошақтары бой көтеріп, ұрпақтың сапалы білім мен саналы тәрбие алуына толағай мүмкіндіктер берілді. Барлық сала ілгерілеп, ауданымыз облыста көшбасшы орындардан табылды. Ауылдар абаттандырылып, тұрғындар тазалыққа жауапкершілікпен қарауды әдетке айналдырды. Ауылдар көркейген сайын, адамдардың көңіл-күйлері көтеріліп, аудан басшысына үнемі алғысын жаудырып жатты. Өзі бір ауданның басшысы болғанымен, мемлекеттік маңызды қадам жасап, Өзбектанда қалған қандастарымыздың тарихи Отанына оралуына зор мүмкіндік туғызды. Аудан орталығы мен облыс орталығының арасындағы саяжайдың статусы ауыл деп ауыстырып, қандастарымыздың сол қонысқа көшіп келіп, тіршілік етуіне мүмкіндік берді. Олардың жергілікті тұрғындармен тығыз қарым-қатынас орнатып, жатсынбай, сіңісіп кетуіне көп ықпал етті. Жаңадан қоныстанғандардың су, жарық, жол сияқты мәселелерімен қатар, балалардың білім алуы, ересектердің жұмыспен қамтылуы мәселелерін тиімді шешті.
Ауданымыздағы іскерлігі, елге жасаған игілікті істері ескеріліп, 2002 жылы Ислам Әлмаханұлы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары лауазымына көтерілді. Сол кезде де ауданымызбен байланысын үзбей, өзі бастаған игі істердің жалғасын табуын назарында ұстады. Бұл оның азаматтық позициясы ғана емес, ел алдындағы парызы іспетті еді.
Шұбарсу ауыл округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Мырзақұлов Төленбай:
— Ислам Әбішевтің барлық игі ісінен хабардармын. Мен 2000 жылы Өзбекстаннан Шұбарсуға көшіп келдім. 2002 жылы ауылдасым Қалметов Қойлыбай көшіп келген соң, Шұбарсуды ауыл етуге кірістік. Оған дейін саяжай еді. Сол жылдың 30 желтоқсанында Ордабасы ауданының әкімі Ислам Әбішев Шұбарсуға келіп жиналыс өткізді. Жиналған тұрғындардың пікірін тыңдады. Сол күннен бастап, Шұбарсу ауыл әкімшілігін ашып, Қойлыбайды әкім етіп тағайындады. Ертеңіне Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болып жоғарылап кетті. Бірақ, жиналыста Әбішевтың айтқандары әлі күнге дейін көкейімде сайрап тұр. Себебі, саяжайды ауыл етіп қана қоймай, қандастарды шақырып, олардың қорықпай көшіп келуіне ықпал етті. Сол кездегі облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен аудан әкімі Ислам Әбішевтың еңбегінің арқасында қандастар тарихи отанына оралып, тұрғылықты халық арасына сіңісіп кетуіне сүбелі үлес қосты. Олардың жер телімімен, су, жарықпен қамтамасыз етілуіне қатты ықпал еткенін ағайындарымыз әлі ұмытқан жоқ. Сол кісінің арқасында бізді ешкім бөлектеген жоқ, құшағын жайып қарсы алды. 2000-3000-ға жуық қандасымыз қорықпай келгеніне куәміз. Сондықтан да тарихи отанымызбен қауыштырған Ислам Әлмаханұлына ризашылығымыз шексіз.
Шұбарсу ауыл округі «Ел бірлігі» ұйымының Үлкен кеңес төрағасы, ауыл округі әкімдігінің жанынан құрылған қоғамдық кеңестің төрағасы Сүлейменов Қалдыбек:
— Өзбекстаннан 2005 жылдың күзінде көшіп келдім. Сонау жерден Шұбарсуды таңдап келдік. Ол жерге Ислам Әбішевтің бастамасымен көшіп келдік. Мен көшіп келген жылдары Ислам Әбішев Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары еді. Шұбарсуға арнайы келіп, Б.Нұрлыбеков атындағы мектепте тұрғындармен кездесті. Мұң-мұқтажын тыңдады, сұрақтарына жауап берді. Ол кезде Шұбарсу ауылынан Шымкентке жолақы қымбат еді. Халықтың тұрмысына қарай, жолақысын арзандатқызды. Бұған дейін Б.Нұрлыбеков атындағы мектептің бас жоспарын жасап, білім ордасының салынуына ықпал еткен . Кейін ол кісіні кездестірмедік. Бірақ, артынан тек жақсы сөз ерді. Шұбарсу халқын ұйымдастыруға, ынтымақтастыруға үлкен үлес қосқан азамат. Ауылдың тірлігінің дамуына, инфрақұрылымының ретке келуіне көп көмегін тигізді. Көптеген көшіп келген ағайынға сөзбен де, іспен де жәрдем етті. Жер бөліп бергізді. Ұйымдастыру қабілеті мықты, іскер азамат екенін бәріміз білеміз.
«Ұлағат» жалпы орта мектебінің мұғалімі, Бадам ауылы, «Орда» мөлтекауданының тұрғыны, Бегманов Иса:
— Мен 2009 жылдан бері Бадам ауылында тұрамын. Ол жерге ауылдастарым 2000 жылдан бері көшіп келуде. Елбасының «Нұрлы көш» бағдарламасы аясында көшіп келдік. Бұл жерге келуімізге әуелі Алла, одан кейін Ислам Әбішев себепкер. Алыстан ағайын көшіп келе жатыр деп, жер бөліп берген де сол кісі. Қазір 300-ге жуық отбасы тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз. Маған дейін көшіп келіп, Исекеңнің жақсылығын көрген Жұмабеков Құдайберген, Молдашев Нартбай, Ибрагим Шынбосын және тағы басқалар ол кісі туралы үнемі жақсы естеліктер айтып отырады. Ислам Әлмаханұлы аудан басшылығынан облыс әкімі орынбасары болып ауысып кетсе де, өзінің бастамасымен көшіп келген қандастардың тұрмыс-тіршілігінен үнемі хабар алып, қолынан келгенше шарапатын тигізіп тұрды. Көшіп келгендер ризашылықтан басқа айтары жоқ.
Жеке кәсіпкер, Шұбарсу ауылы тұрғыны Қалметов Бауыржан:
— 2002 жылы 6 сәуірде Өзбекстаннан көшіп келдік. Ол жылы Ислам Әлмаханұлы аудан әкімі еді. Сол кезде әкем және 2-3 ақсақал аудан әкімінің қабылдауында болды. Аудан басшысы қолдан келгенше жәрдемдесетінін айтты. Содан кейін ол ауылға арнайы келіп, тұрмыс жағдайымызбен танысты. Сол сапарында ол қандастардың көшіп келу саясаты туралы, қандастар ештеңеден қорықпай келе беруі керектігі туралы айтты. Ол кезде Шұбарсу саяжай ғана еді. Тұрғындар көп емес. Басым бөлігі өзге ұлт өкілдері. Жарық жоқ, жолдары нашар, қираудың шақ алдында тұрған қоныс еді. Бірақ, Өзбекстаннан келгендерге барлық жағдай жасалатынына уәде берді. Тұрғындарды жинап, бәрін түсіндіріп айтты. Мектеп соғылуына себепкер болды. Бір жылда 320 орындық мектеп құрылысы бітіп, оқушыларды қабылдады. Бұған дейін де ол жеке кәсіпкерлікпен айналысып жүргенде, «Батсу»ЖШС мекемесін басқарып тұрғанда Темірланда «Батсу» негізгі мектебін үш айда тұрғызып, пайдалануға бергенін естігенмін. Болашағын ойлаған адам алдымен баланың білім алуына жағдай жасайды емес пе? Мектеп салу арқылы ол елдің болашағына оң ықпалын тигізгені сөзсіз.
Әкем ол кісімен тығыз байланыста еді. Қабылдауына келген сайын Темірланның түлеп, өзгеріп, жайнағанына куә болатынмын. Аудан орталығын аббаттандырып, ішкі арықтарды тазалап, су жүргізді. Орталықта бірнеше жерге фонтан соқты. Жаппай жайнатып, гүл еккізді. Жаңашыл әрі жанашыр басшының елдің жаңаруына да септігі тиетініне сол кезде куә болғанбыз.
Қорыта айтқанда, ордабасылықтар үшін Ислам Әлмаханұлының орны бөлек. Оның игі істері тұрғындардың жадында. Пайғамбар жасына жеткен Ислам Әлмаханұлының өмір жолы мен еңбек жолы әрбір азаматқа үлгі. Себебі, ол үнемі ізденіс үстінде жүрді. Жаңашылдығымен танылды. Талапшылдығы, жанашырлығы оның азаматтық келбеті іспетті. Сондықтан еңбегін елге арнаға бірден бір адам — Ислам Әлмаханұлы деп білеміз.
Нұриддін ШӘМШІҰЛЫ
Түркістан облысы,
Ордабасы ауданы