Аймаңдайлы азаматы қазақтың
2019 ж. 29 сәуір
4035
1
Өмірде есімі тірісінде-ақ аңызға айналған азаматтар бар. Олар әдетте тағдырдың тар жолында тайғақтамай, адал еңбегімен абырой тапқан абзал азаматтар. Алдында қанша қиын сынақ тұрса да мойымай, ел тілеуінің арқасында асқаралы биіктерді бағындырудан тайынбайтын бұл тұлғалар туралы тоқтаусыз жазуға болады. Өскемендіктер үшін сондай аяулы азаматтарың бірі – Ислам Әлмаханұлы Әбішев. 2009-2012 жылдар аралығында әкім болып тұрған кезінде Өскемен өзгеріп, мың құбыла түрленіп шыға келді.
Еліміздегі ірі өндірістік қаланың тынысын терең сезіне білген Әбішев қаланың сәулеті мен дәулетін арттыруға айырықша еңбек сіңірді. Осыған байланысты «Қазақ үні» ақпарат агенттігі Өскемен қаласында тұрып, қызмет етіп жатқан бір топ азаматтың Ислам Әлмаханұлының пайғамбар жасына толуына байланысты толымды пікірлерін оқырман назарына ұсынамыз.
Жақсылық Омар, Өскемен қаласының әкімі:
Құрметті Ислам Әлмаханұлы! Мерейлі мерекеңіз құтты болсын. Сіздің атқарар еңбегіңіз, көрер қызығыңыз әлі алда деп ойлаймыз. Сізден біз секілді жастардың үйренетін де, тәлім мен тағылым алатын да тұсы өте көп. Шығыс Қазақстанда өзіңіздің қол астында қызмет етіп, тәрбие көрген азаматтар қазір ел игілігі үшін жемісті еңбек етіп жатыр. Сіздің атқарып кеткен еңбектеріңіз ел азаматтарының әлі күнге дейін есінде. Сізге бар жақсылықты тілейміз. Басыңыз аман, бауырыңыз бүтін болсын.
Қайрат Мусин, кәсіпкер:
Құрметті Ислам Әлмаханұлы! Осы таңда адам өмірінің тағы бір биігі – алпысты алқымдап отырған сізді көпшілік мемлекет қайраткері ретінде, өзіңіздің осы уақытқа дейінгі ғұмырыңызды Қазақстанның өркендеп, дамуына арнаған зиялы азамат ретінде біледі. Өзіңіздің бойыңызға біткен ерекше қасиеттердің арқасында, оның ішінде еңбексүйгіштік, ұйымдастыру қабілетіңіздің арқасында, Шығыс Қазақстанда қызмет жасап жүрген кезіңізде өзіңізді жақсы жағыңыздан таныта білдіңіз. Бердібек Мәшбекұлы екеуіңіз Шығыс Қазақстанды көркейтіп кеткеніңізді халық әлі күнге дейін айтып жатыр. Әсіресе, облыстың дәл орталығына Абайдың ескерткішін қойып кеткендеріңізге көптен көп алғыс білдіреміз. Қанатыңыз талмай еңбек ете беріңіз. Сізге көптен көп рахмет.
Владимир Головотюк, ШҚО мәслихатының хатшысы:
Дорогой брат, Ислам Алмаханович! Я не устаю повторять: «Учение Ислама всесильно, и оно правильное». Я когда проезжаю под ульбинским мостом, даю предложение коллегам назвать его именем Абишева. Когда мы собрали специалистов по этому вопросы, все были против строительства дорог под мостом. Только мы с вами выступили «За!». Вы тогда приняли мудрое решение, сказали что будем строить дорогу. Жизнь показала что на сегодня без этих дорог не возможно проехать по ульбинскому мосту.
Аслан Ғафұров, айтыскер ақын:
Пайғамбар жасқа қадам басқаныңыз құтты болсын! Мерейлі мерекеңізбен Шығыс Қазақстандықтардың атынан, Өскемендіктердің атынан шын жүректен құттықтаймыз. Деніңізге саулық, отбасыңызға береке, жанұяңызға мереке тілейміз. Өзіңізді Өскемен қаласын басқарып тұрған кезде дарынды басшы, талантты, парасатты, білікті азамат ретінде елге көрсете білдіңіз. Халықтың ішінде бірге болдыңыз. Қай кезде де елдің қамын ойлап, көңілінен шығуға тырыстыңыз. Өскеменнің өр тауына Қазақтың көк туын желбіретіп, қала төрінде мұнаралы мешіт салдырып кеткен сізді халық жақсы көреді. Сол ерен еңбегіңіз үшін «Өскемен қаласының құрметті азаматы» атағын да сізге халық берді. Алтайдағы ағайынның ыстық сәлемін қабыл алыңыз:
Келешегің болу үшін кең шалғын,
Тағдырыңнан тағылым болар енші алдың.
Елу деген ер жасынан өттің де,
Алпыс асып, арғымаққа ер салдың.
Алдыңыздан туа берсін ғажап күн,
Шүкір, қазір өзге елдей азатпын.
Елмен бірге аман болып жасаңыз,
Аймаңдайлы азаматы қазақтың.