ҰЛТТЫҚ ҒЫЛЫМИ-ТЕХНИКАЛЫҚ АҚПАРАТ НЕГІЗІН ҚАЛАҒАН ҒАЛЫМ
2019 ж. 27 сәуір
4763
0
Өткен жылдың мамыр айында 74 жасқа қараған шағында ауыр науқастан Қазақстанның ғылыми- техникалық ақпараттар ғылыми- зерттеу саласын дамытуда өзіндік үлес қосып, оның ірге тасын қалаған белгілі ғалым,техника ғылымдарының докторы, Халықаралық ақпараттану академиясының академигі, Қазақстан Республика Инженерлік академиясының корреспондент-мүшесі Бекет Арапбайұлы Кембаев өмірден өтті...
Бар ғұмырын ғылыми-техникалық ақпарат саласына арнаған ғалым КСРО күйреп, тәуелсіздікті жаңадан алған Қазақстанның ғылыми-техникалық ақпараттар ғылыми -зерттеу институтын (ҚазмемҒЗТИ, қазіргі Ұлттық ғылыми –зерттеу техникалық орталығы) жаңадан басқарған кезі еді. Институт кеңес заманы құлағанан кейін тәуелсіз елдің ғылыми-техникалық базасын заман талабына сай жабдықтап, білікті де білімді мамандарды шақыру арқылы жұмысын бастаған. Тәжірибелі басшы аз уақыт ішінде Қазақстанда бірінші болып, мемлекеттің ғылыми диссертациялар фондын құрудың негізін қалап, оны бір орталыққа айналдырды. Ғылыми- техникалық зерттеу саласын бір жүйеге келтіріп, ғылыми еңбектерді жинақтап, сұрыптап реттеді. Ғылымға қатысты саладағы зерттеу жұмыстарды және өзге де еңбектерді сараптап, оның кітапханасын да жасақтады. Сонымен қатар ғылымға тікелей қарайтын әр облыстан 16 ғылыми- зерттеу техникалық орталықтар ашып, жұмыс істеуге мүмкіндік жасады. Сонымен қатар, республикадағы ғылымның әр саласында жұмыс жасайтын ғылыми-зерттеу институттармен де байланыс орнатып, жұмыстар істеді. Бекет Арапбайұлы тек институтты басқарып ғана қоймай, мемлекеттік бағыттағы республикалық ғылыми-техникалық зерттеудің ақпараттар бағдарламасына да басшылық жасап, тәуелсіз елдің ақпараттық жаңа жүйесін ғылыми тұрғыда қалыптасуына жетекшілік етіп, белсенді түрде ат салысты. Ғалымдарымыздың еңбектерін де жүйелеп, отандық ақпарат алудың негізін қалыптастырды. Оның сыртында ғылымдағы ізденушілерімізге арналған жаңа ғылыми төрт рефераттық журналдар шығарумен айналысты. Мекемеде сонымен бірге ақпараттары өңдеу, сақтау, іздестіру және тарату технологиялары да меңгерілді. Кеңес заманында шығып келген «Қазақстан ғылымы» атты газетті қайта тірілтіп, Қазақстан ғылым мен жоғары мектептерге арналған айына екі рет шығатын «Қазақстанның ғылымы мен жоғары мектебі – Наука вышая школа Казахстана» деген жаңа басылымды өмірге әкелді. Газетте белгілі ғалымдары мен жоғары оқу орындарынын ректорларының көкейкесті мәселелерін жиі жарияланып тұруына баса назар аударып, Ұлттық Ғылым академиясымен тығыз байланыста жұмыс істеді. Басылым ғылымдағы белгілі тұлғалардың мінберіне айналып, заман талабына сай шығып тұрды. Уақыттың ауыр да қиын кезеңдерінде қаржының тапшылығына қарамастан, ұжымды сақтай отырып, институтта ғылыми-техникалық зерттеу жұмыстарына қатысты республикалық және халықаралық конференцияларда жиі ұйымдастырылды. Оған алыс, жақын шетелдерден және ТМД елдерінің ғалымдары шақырылып, басқосуларды өткізумен де айналысты. Сонымен қатар, Бекет Арапбайұлының басшылығымен институттың құрылымы мен іс тәжірибесі де кеңінен насихатталып, алуан түрлі шараларда ұйымдастырылды. Институттағы игілікті іс, аз жыл ішінде Қазақстанға емес, шетелдерге танылып үлгерді. Ғылыми-техникалық ақпараттар базасын дамытуда және жаңа ізденістермен жетістіктер де өз нәтижесін берді. Ғалым басшының мұндай жетістікке жетуі – ғылымдағы көтерілген баспалдағы мен іскерлік ұйымдастырушылық қабілеті арқасында жеткендігін дәлелдейді.
Бекет Арапбайұлы Оңтүстік Қазақстан облысында мұғалімдер отбасында дүниеге келіп, Леңгір ауданындағы Қасқасу ауылының қазақ орта мектебін күміс медальмен бітірген. 1967 жылы Алматыдағы ауылшарушылық институтының механика факультетін бітіргеннен кейін еңбек жолын оқу орнының «Жылутехника» кафедрасында ұстаздықпен бастаған. 1971-1983 жылдар аралығында Жамбыл облысының Гвардия ауылында ауылшаруалығы саласына қарайтын ғылыми-зерттеу орталығында инженер, аға инженер, кіші, кейін аға ғылыми қызметкер болып, ғылымға бет бұрады. 1980 жылдары Ресейдің Обинск қаласындағы Бүкілодақтық ауылшарулығына қарасты Радиология ғылыми-зерттеу институтында аға ғылыми қызметкер бола жүріп, радиология саласы бойынша биология ғылымдарының кандидатты атағын қорғайды. Жас ғалымның ғылыми еңбегін Ресейдің атақты ғалымдары – Р.Алексахин, Б.Жуков, Е.Одинцевалар жоғары бағалап, алдағы уақытта бұл еңбектен докторлық қорғау туралы кеңестерін береді. Бірақ ол өзі білім алған ортасына қайта оралуды ойлайды. Алматыдағы ВАСХНИЛ-дің Шығыс бөлімінде ғылыми-зерттеу ақпарат бөлімінің бастығы, ғылыми хатшысы, бас ғылыми хатшысы қызметін атқарады. 1991-1992 жылдары Қазақстан Республикасының мемлекеттік экономика комитетінің ғылым бөлімінің бастығы, 1992-1993 жылдары Бекет Арапбайұлы Қазақстан Республикасы Президент аппараты мен Министрлер Кабинетінің ғылыми-техникалық саяси бөлімінің меңгерушісінің орынбасары болып қызмет істейді. «Атакент» Қазақстан іскерлік ынтымақтастық орталығы» акционерлік қоғамының вице-президенті қызметін атқарады. 1993 жылдың мамыр айынан бастап, Қазақ мемлекеттік ғылыми-зерттеу техникалық институтының тізгін ұстаған Бекет Арапбайұлы мекемені қатарынан он жыл басқарған кезде өзінің нағыз іскерлік басшылығымен көзге түсті. Институт елімізге танылып, ТМД елдеріндегі ірі ғылыми-техникалық зерттеу орталығына айналуы білікті де, білімді басшының еңбегімен келгені рас. Ұжымдағы мамандар 34 базасымен тікелей жұмыс істеп, оның 22-і интернеттік жүйемен жұмыс істеді. Шетелдік ғылыми-техникалық орталықтармен ынтымақтастық байланыс орнатып, тәжірбие алмасып отырды. Бекет Кембаев 1998-2000 жылдары екі халықаралық бағдарламаға координатор болса, 1997-1999 жылдары мемлекетаралық координациялық кеңестің төрағасы бола жүріп, ғылыми- техникалық зерттеу ақпаратының жұмысын елімізде ғана емес ТМД-да бірлесіп жұмыс істеуді жандандырды және келісімшарттар жасауы да үлкен жетістікке жеткізді.
2000 жылы Бекет Арапбайұлы Қазақстан Республикасың атынан ТМД елдері арасындағы мемлекетаралық ғылыми-техникалық ақпараттандырудың координциялық кеңесіне қатысып, ШЫҰ және Орталық Азия аймақтық мүше елдерінде ғылыми-техникалық ақпарат ресурстарын халықаралық бағдарламасын жасауға да атсалысады. Елімізде ғылыми-техникалық зерттеу жұмыстарының теориялық және практикалық ізденістері мен проблемаларын жинақтауда ауқымды жұмыстар атқарды. Бұл салада Бекет Кембаевтың 121 ғылыми еңбегі жарық көреді. Сондай-ақ, ол халықаралық форумдарда әлде неше рет ақпараттану ғылымының дамуы мен проблемасы жөнінде баяндама жасауы да ғалымның жетістігі мен білгір маман екенін дәлелдейді.Оның иституттағы он жылдық жұмыс тәжірбесі мен ізденісіне арнаған «Система научно-технической информации Республики Казахстана: состояние и перспективы развития» атты монографиясы ғылыми қоғамда және Қазақстан мен ТМД елдерінде жоғары бағаға ие болған еңбек екендігін ғалымдар мойындаған. Бекет Арапбайұлы осы монографиясымен халықаралық ақпарат академиясының вице-президенті атанса, Қазақстан Республикасының Инженерлік академиясы мен халықаралық инженерлік академиясының корреспендент-мүшесі деген құрметке де ие болады.
Білім мен ғылымға шын жанашыр болған азамат саналы ғұмырын ғылымға арнағаны оның артында қалған ғылыми еңбектерінен көрінеді. Бекет Арапбайұлы ғылыми-ақпарат саласында 169 ғылыми еңбек жазса, шетелдік басылымдарда 10 мақаласы жарияланған және 4 монографияның, 12 кітаптың авторы, 3 ғылыми еңбегі үшін авторлық куәлік алған ғалым. Оның екі монографиясы үш рет қайта басылып шыққан. «Вестник образования и науки» атты төрт сериялы рефреттік журналдардың бас редакторы болып және де «Қазақстанның ғылым жаңалықтары» ғылыми-техникалық жинақтардың редакциялық кеңесінің төрағасының орынбасары қызметін де атқарды. Тәуелсіздікті жаңадан алған қазақ елінің ғылымы мен техникасының жетістігін насихаттайтын қуатты құралдың бірі газет екенін жақсы түсінген Бекет Арапбайұлы «Қазақстан ғылымы» атты жабылған газетті жаңаша қалыптастырып, «Қазақстанның ғылымы мен жоғары мектебі» басылымын дүниеге әкелді. Ол өз уақытында жақсы басылым болып, республикаға тарады. Бекет Кембаев қай қызметте болсын оны үлкен абыройымен атқарған іскер, әрі тамаша ұйымдастырушы екенін өз ісінде дәлелдей білген жан. Ғылымда ізденгіш, зерттеуші, аса білімді, әрі шыншыл, турашыл, үлкен парасатты жан екендігін көп жылдарғы қызмет тәжірибесінде көрсетті. Үлкенге іні, кішіге аға болып, бойындағы адамгершіліктің ізгілік ізетімен, қарапайымдылықтың қайырымды жақтарымен де танылған азамат ретінде көптің есінде қалды. Ол қарапайым инжерден үлкен ғалым, әрі басшы болуы еңбекқорлығының, жаңашылдығының арқасында екені рас. Оның еңбегі қашан да бағаланған. Ғалым ТМД елдері арасында мемлекетаралық және республикада ғылыми-техникалық ақпараттарды дамытудағы еңбегі және қол жеткізген жетістігі үшін «Қазақстан Республикасының тәуелсіздіге 10 жыл» мерекелік меделімен және «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапаталуы да адал еңбегінің жемісі. Бірнеше мәрте ТМД елдерінің мемлекетаралық ғылыми-техникалық ақпарат кеңесінің марапаттарына ие болған. Оның өмірбаяндық қызметі туралы да «Кто есть кто в Республике Казахстан» атты анықтамалыққа енуі де бекер емес. Сонымен қатар Англияның Кембридждегі халықаралық библиография орталығының «ХХІ ғасырдағы ақпарат ғылымындағы жетістігі» медалін иеленуі де үлкен жетістігі. Бекет Арапбайұлының Қазақстанның ғылыми-техникалық ақпарат саласын дамытудағы еңбегі мен оның іргетасын қалаған белгілі ғалым ретінде еліміздің тарихында жазылып, мәңгі есте қалары сөзсіз. Ол тұңғыш рет Ұлттық ғылыми-техникалық ақпараттар теориясын зерттеп, осы сала бойынша бірінші болып докторлық диссертация қорғаған ғалым ретінде де ел есінде қалды.
Жексен АЛПАРТЕГІ
qazaquni.kz