КУРСК ТҮБІНДЕГІ ШАЙҚАСТА ЕРЛІКТІҢ ҮЛГІСІН КӨРСЕТКЕН БАТЫР
2019 ж. 25 сәуір
47578
0
Кеңес Одағының Батыры Амантай Дәулетбеков туралы
Жаңаарқа, Қаратау, Сырдың бойы өскен жері.
Ержетіп, білім алып, ауылда танымал адам боп.
Құлпырып өсті гүлдей көктемдегі, сүйкімді боп.
Ержетті, сегіз қырлы,бір сырлы боп.
Майданға ел атанғанда, ол да шықты!
Қорғаймын туып-өскен жұртымды деп,
Ол сондай батыл, абыройлы текті еді.
Курск түбіндегі шайқас Ұлы Отан соғысындағы және жалпы Екінші дүниежүзілік соғысындағы блицкриг теориясы қираған алғашқы ірі шайқас болып табылады. Брянск пен Орел облыстарының қиылысында орналасқан Поныр ауданының Курск түбіндегі жаумен қаһармандық шайқаста ерлікпен соғысып, қаза тапқан батырлардың есімдері алтын әріптермен жазылған мемориалдық кешенде казақстандық жауынгер, артиллериялық есеп командирі, Кеңес Одағының батыры Амантай Даулетбеков те бар.
1943 жылғы 9 шілдеде 1180-танкерге қарсы жою артиллерия полкінің жауынгерлері Батыс майданының жалғыз жолын кесіп тастап, фашистерге Курскке апаратын жолды бұзып өтуге мүмкіндік бермеді. Өз өмірлерін сарп етіп ержүрек жауынгерлер үш тәулік ішінде жаудың танк шабуылын тойтарып, қарсыластың адам күші мен техникасының қозғалысын ұстады. Жауынгерлер фашист басқыншыларына тойтарыс берді және жоғары батылдық пен ерлік танытты. «Поныров қалашығына жауды жіберме» деген жауынгерлік бұйрықты абыроймен орындап, Курск маңындағы қарсылас соққысының негізгі бағытын қорғады.
[caption id="" align="alignleft" width="245"] Амантай Дәулетбеков[/caption]«Тек бір күн ішінде ғана ержүрек жауынгерлер қарсылыстың шабуылдарын қайта-қайта тойтарды және өз қорғаныс позициясын тайсалмай ұстады» – дейді қазіргі Ресей Федерациясы Поныровский ауданың басшысы В.С.Торубаров. Сол ержүрек жауынгерлердің қасында ерлікпен шайқасқан қазақстандық жауынгер Кеңес Одағының батыры Амантай Даулетбековтің Ұлы Отан соғысы кезіндегі ерлігі Отан алдындағы өз борышын орындаудың, Отанға шексіз беріліп қызмет етудің, әскери антқа адал болудың үлгісі болып табылады.
Қазіргі таңда есімдері көлеңкеде қалып келген, еш баспасөздерде ерліктері туралы жазылмай қалған батыр қазақстандық жауынгерлер қаншама? Сондай жауынгер ағамыздың бірі – «Кеңес Одағының батыры», «Қызыл Жұлдыз» орденінің иегері, майдан алаңында оғы таусылған бетте қолма-қол ұрыста ерлікпен қаза тапқан Амантай Даулетбеков еді.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: Адам баласы – шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі. Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің
түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды. Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі. Бұл кез келген халықты әншейін біріге салған қауым емес, шын мәніндегі ұлт ететін мәдени- генетикалық кодының негізі. Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ. Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бізді қорғады. Сан тараптан сұқтанған жат жұртқа Атамекеннің қарыс қадамын да бермей, ұрпағына мирас етті, – деген болатын.
Ия, сонау тарихымыздың бастауында тұрған бабаларымыздың, кешегі аталарымыздың, бүгінгі әкелеріміз бен ағаларымыздың ерен еңбегі, ерлікті істері әрқашанда ұшан-теңіз. Шындығында тарихты жасайтын қазақ халқының тұлғалары жетіліп артылады. Алла Тағаланың ерекше құдыреттілігімен жаратқан бабаларымыздың қанында рух пен тектілік ұғымы біте қайнасып, ұрпақтан-ұрпаққа тарап келе жатқан ерекше қасиеттің бары жасырын емес. Сол қасиеттің арқасында бабаларымыз бен аталарымыз осынау байтақ жерімізді жаулардан азат етіп, ұрпағына аманат қып қалдырды. Бабаларымыздың бойындағы батырлық қасиеттері кешегі фашизмге қарсы соғыста да ерекше көрінді. Бабаларынан қанмен тараған рух пен тектілікті бойына жиып өскен Амантай Даулетбековтің де нағыз лайықты батыр болғаны тарих парақтарында сайрап жатыр. Олай болса батырдың өмір жолы мен соғыстағы ерлікті істеріне тоқталып өтсек.
[caption id="attachment_99065" align="alignright" width="275"] Роза Бисенова[/caption]Амантай Даулетбеков Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы, Түгіскен ауылының күн шығыс жағындағы «Ақкеңес» жерінде 1917 жылы 10 қарашада дүниеге келген. Оның балалық шағы жоқшылықтың тауқыметін басынан өткерумен өтті, оны нәубет ашаршылықтың куәгері болуымен өмірдің өзі ширатты. Ел басына төнген нәубет ашаршылықтан, одан қала берді зорлық-зомбылықтың зардабынан аймақ тұрғындарының оңтүстікке үрдере көшкені өлке тарихынан белгілі. Сол өткен ғасырдың 20-30 жылдарында калың ел Бетпақтың шөлейті мен құмын басып 400-500 шақырым жерге қоныс аударады. Солардың арасында Амантайдың да отбасы болды.
Жаңа жерге келгендер осы жерге тұрақтап, колхоз құрып ұжымдаса еңбек етті. Алайда маңдайға жазған тағдыр Амантайды ата-анадан ерте айырды. Үлкендерге ере отырып Талас ауданы Майтөбе ауылына қоныс аударады.
Амантай ағамыз жетінші сыныпты бітірген бойда өз талпынысымен Жамбыл зооветеринарлық техникумына түсіп, оны ойдағыдай аяқтап, Майтөбе ауылында жұмысшы зоотехник болып жұмыс жасайды. Ауылда жүріп қоғамдық істерге араласып, кәсіподақ комитетінің төрағасы қызметіне дейін көтеріледі.
1939 жылы балалық шақтан болашаққа қадам басқан, талдырмаш жас Амантай Қызыл әскер қатарына шақырылып, әскери қызметті Қиыр Шығыста бастайды. 2 жыл өтісімен Ұлы Отан соғысы басталады, ағамыздың әскери қызмет атқарып жатқан полкі елімізді қорғау үшін жедел түрде әскери-оқу жаттығу дайындығын шапшаң түрде өткізіп, 1942 жылдың жаз айында Брянск майданына жіберіледі. Осы сәттен бастап Амантай ағамыз фашистермен шайқастарда өзінің қайсар мінезімен көзге түседі. Ол кезде жауынгер ағамыз
13-ші армияға қарасты танктерді бұзып жоятын 1180-ші полктің артиллериялық есеп командирі болатын.
Командир А. Дәулетбековтың жауға алғашқы шайқасы 1942 жылдың Орлов облысындағы байырғы орыс қаласы Ливнының оңтүстігінде басталады. Фашистер ол кезде Воронеж және Сталинград бағыттарында шабуылға шыққан болатын. Жойқын соғыс нағыз осы жерде болған-тұғын. Ливны мен Касторной аудандарындағы шабуылға шыққан фашист әскерінің тегеуріні мықты болды. Осы аймақта жаз бойы кескілескен ұрыс болып, екі жақ та бір қадам ілгері баса алмады. Амантай осы қанқұйлы ұрыста ерлік көрсетіп, «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталды.
Ал 1943 жылдың 25 қаңтарында тағы бір шайқаста көзсіз ерлік жасап, «Қызыл Жұлдыз» орденін кеудесіне тағады. Бұл батыр ағамыздың мерейін көктерген құрмет еді.
1943 жылдың жазы болатын, 6 шілдеде Орел мен Курск темір жолдары арасындағы Поныри қалашығы түбінде кескілескен ұрыс басталады. Фашист әскерлері бар күшін шоғырландырып, Курск иінінде тағы да бір күшті шайқасқа әзіленіп жатты. Бұл жаудың Мәскеу мен Сталинград түбіндегі жеңілістерден кейінгі үлкен үміт артқан тағы бір талпынысы еді. Өткен жеңілістерінен сабақ алған олар жаңа шабуылға жаңаша дайындықпен келді. Жаңа әскери құрамалармен қатар «Тигр» ауыр танктерін, өздігінен жүретін «Фердинант» зеңбіректерін осы ұрыста алғаш сынамаққа әкеле бастайды. Сондықтан жау соққы берер бағыттарда бекіністер жасалып, танк шабуылына қарсы тұрарлық күштерін күні бұрын шоғырландырды. Кеңес әскерлерінің үміт артқаны танкке қарсы ататын зеңбіректер болатын.
Поныров қаласының түбінде 13-ші армияның 307-ші дивизиясының полктары қорғаныста тұрды. Өлермен жаудың қарқыны бір толастамады. Қаншама танктері от құшағына оранғанымен оның орнына жаңалары келіп, өршелене алға ұмтылды. Осы сәтте Амантайдың тобы жау әскерінің қоршауында қалады. Осы қысыл-таяң шақта зеңбірекшілер командирі қоршауды бұзып шығуға әрекет жасайды. Амантай зеңбірек жанына 2 адамнан қалдырып, жауынгерлерді бастап танкілерге ілескен жаудың жаяу әскерлерімен қоян-қолтық ұрысқа шығады. Осы оқиғаны толығымен растайтын құжат мұрағатта сақталған. 1180-ші артиллерия полкінің командирі подполковник Мац қол қойған осы бір құжатта Амантай басқарған артиллериялық расчеттың жаумен шайқастағы ерлікті іс-қимылы былайша баяндалды: «...ұрыс екі сағатқа созылды. Жау 13-ші рет шабуылға шықты, бар ойы өз жолына кедергі болып тұрған Даулетбеков расчетін құрту болатын. Бірақ «Су-7» маркалы 10 танкі, жаудың бір ротадай жаяу әскері құртылды. Жау одан бетер ызыланып, батырдың зеңбірегін таптап кетпекші болды. Нәбері 4-ақ адамы қалған зеңбірек пен оның расчетін құртуға жау 14 рет оқталды. Біздің жауынгерлердің снярадтары бітуге айналды. Танктер мен автоматшылар зеңбірекке 150 метрдей жақын келді. Жаудың дәл тиген снарядынан Даулетбековтің зеңбірегі мүлдем істен шықты. Осындай қысылтаяң шақта Даулетбеков табандылық танытты. Тірі қалған 4 жауынгер оның бұйрығы бойынша орындарынан тұрып, жаудың жаяу әскеріне қарсы ұмтылды. Оқтары әбден біткен жауынгерлер қоян-қолтық
ұрысқа көшті. Осы жағдайдың өзінде Амантай 4 фашисті мұрттай ұшырды. Бірақ оның өзіне де оқ тиді...».
Командованиенің келтірген тағы бір жазбасындағы деректер бойынша аға сержант А.Даулетбековтің зеңбірегі жаудың 29 танк, 13 өзі жүретін зеңбірегін істен шығарып, 150 жаяу әскер мен 40 автоматшыны жойған екен.
Әскери қолбасшылық 1943 жылдың 9 шілдесінде жаумен арыстанша алысып ерлікпен қаза тапқан батырдың ерлігін лайықты бағалады. КСРО Жоғары Кеңесі Президиумінің 1943 жылдың 24 желтоқсанындағы Жарлығы бойынша Амантай Даулетбековке «Кеңес Одағы Батыры» атағы берілді. Ерлігі үшін бағаланған үлкен наградамен бірге «Ленин ордені» және «Алтын жұлдыз» қоса беріледі.
1943 жылдың 9-шы шілдесі күні Курск доғасында ерліктің өшпес үлгісін көрсеткен Амантай Ресейдің Курск облысының Поныри кентінде бауырластар зиратында жерленді. Поныровский ауданының басшысы В.С.Торубаровтың Жамбыл облысы әкіміне жолдаған хатында федералдық маңызы бар «Батыр-Саперларға» ескерткішінде батырдың есімі жазылғанын және «Курск доғасының солтүстік бөлігінің Батырларына» қойылған мемориалдық кешенінде батырдың жеке суреті салынған мәрмәр тас қойылғанын, өзі жерленген бауырластар зиратының жанындағы ауылға көше аты берілгенін жазған еді.
Соғыс жылдары әскери комиссар болған, майдангер Махмұд Шоқалақов: «Амантай менің құрдасым, досым еді. Жастық шағымыз бірге өтті. Ол Дон, Еділ (Волга) бойында болған қанды шайқастарға қатысты. Еділ жағалауына жеткен жауды бері өткізбеу үшін жан алып, жан беріп шайқасты. Зеңбірегінен оқ жаудыртып, жер тарпып ұмтылған жау танкілерін бірінен соң бірін жайратып салды. Жаяу әскерлерін жер жастандырды. Ол үлкен ашу, кекпен соғысты. Өйткені, Еділдің бергі жағында өзінің сүйікті Отаны – Қазақстан таяқ тастам жерде жатқан. Қасиетті қазақ жерін жауға бастыру өр намысты, өжет жігіт үшін өліммен тең еді. Сол үшін ол жанын да, қанын да аямай соғысты. Ақырында екпіндеп келген жаудың сағын сындырып, келген жағына қарай тырқырата қуды», – деген екен.
Бүгінде өмірінің аз жылын өткізген Талас ауданы, Майтөбе ауылындағы А. Даулетбеков атындағы орта мектептің алдында бюсті орнатылған. Батырдың есімімен Майтөбе ауылындағы мектептің аты және бір көше бар. Бұл батырдың өшпес ерлігіне деген үлкен құрметтің айғағы.
Фашизмге қарсы соғыста ерлік пен қаһармандықтың үлгісін көрсеткен қаншама боздақтар мен жауынгерлердің есімдерін жас ұрпаққа насихаттау, жүйелеу, зерделеу мақсатында «Парыз» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі, жамбылдық Әлі Бекқұлы Әліұлы ағамыз соғыс уақытындағы деректерді жинауда және қазақ елінің батыр баласы Амантай Дәулетбеков туралы мәліметтер іздеуде үлкен қызмет атқарып келеді. Ол кісі де Ресей жеріндегі әскери даңқ жері Поныров ауданындағы жауынгерлердің зираттарына азаматтық парыз есебінде елден барды.
Сонымен қатар, 2018 жылғы 12 маусымда Поныровский ауданының басшысы В.С.Торубаровтың Курск шайқасы Жеңісінің 75 жылдығына арналған
мерекелік іс-шараға қатысуға шақыруымен, Амантай ағамыздың әкесі Даулетбекпен бірге туған Әбіштің немересі Оңал Тоққұлықызы Әбішева елден Поныров ауданындағы бауырластар зиратында ерлікпен қаза тапқан батыр атасы Амантай Дәулетбековтің жатқан жеріне елден бір уыс топырақ апарып, туған-туысқандарының аманатын орындап қайтты.
Өкінішке қарай, Амантай Дәулетбекұлы отбасын құра алмады. Бірақ туған-туыстарынан тараған немере-шөберелері бүгінде бақытты ғұмыр кешуде. Амантайдың шежіресіне тоқталсақ, ұлтымызға талай мықтыларды сыйлаған Жағалбайлы тармағынан Келеші-Айтұлы-Бейсембай-Тоқтамқұтты-Мұрат-Тұңғат-Иман тарайды. Иманнан төрт ұл: Әбіш, Түбек, Дәулетбек, Мұстафа. Батырдың құжаттарын бүгінгі таңда жинақтаушы немере туысы Әбішев Тоққұлы Әбішұлының зайыбы – тыл ардагері, «Құрмет белгісі», «Октябрь революциясы» ордендерінің иегері Роза Бақышқызы Бисенова.
Майданда көзсіз ерлік көрсетіп, Отан, Туған жер үшін жауды жермен-жексен қылған боздақтар мен жауынгерлерге және ардагерлерге қарыздармыз. Олардың өмір жолдары мен өшпес ерліктері біздің мәңгі жүрегімізде сақталады.
Курск облысы, Поныров ауданының жерінде жанын аямай, ержүрек жауынгерлер үш тәулік бойы қарсылас жаудың қаншама жасаған шабуылын тойтарды. Жүзден астам жаудың солдаттары мен офицерлері енді қайтып орнынан тұрмастай етілді, адам күші мен техникасының қозғалысын ұстады. Бұл Курск түбінде біздің әскерлердің жеңіске жетулеріне жағдай жасады.
Амантай ағамыздың өмірге деген ынтасы және күші зор еді, сол кездегі әрбір қазақ жастары сияқты оны мына кішігірім шумақпен жеткізуге болады:
Туған елім -атамекен,
Алтын бесік елім-ай.
Асық ойнап жас кезде,
Асыр салған жерімсің.
Шалқып өсіп сайыңда,
Жігіт болып жүргенмін,
Әзілдесіп күлгенмін.
Сен есіме түскенде,
Бойда қуат асқандай.
Елестейсің көзіме,
Кел! деп құшақ ашқандай.
Сен есіме түскенде,
Жігерім де тасқандай.
Сен есіме түскенде,
Шаршағаным басылып,
Қан майданда қан кешіп
Жүрсем де есте қалғайсың.
Жауынгер Амантай Дәулетбеков Ұлы Отан соғысы кезінде талай ауыр күндерді басынан өткізді. Ол – Отанын шын сүйген, кезіндегі Кеңес одағы жастарының бірі. Тәжірбиелі артиллериялық расчет бөлімінің командирі жауға қарсы ұрыстарда тікелей басшылық етті.
Ағамыз ұрыс даласынан кеткен жоқ. Отанына қасық қанын да, жанын да аямастан жауынгерлерімен бірге, әскери антынан айнымай, жауынгерлік бұйрықты орындап шықты, – дейді Роза Бақышқызы Бисенова.
Бисен Жақыпов, Қазақ үні