ҒҰЛАМА ҒАЛЫМ ҚҰРМЕТІНЕ ДӘРІСХАНА АШЫЛДЫ
2019 ж. 24 сәуір
2703
0
Биыл ғұлама ғалым, Қазақстан Ғылым академисының негізін қалаушы, қазақтан шыққан тұңғыш академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың туғанына 120 жыл толып отыр. Бұл айтулы мерейтой қазақ жерінде ғана емес, өзге де елдерде елеусіз қалған жоқ. Соның бір айғағындай, Ислам Каримов атындағы Ташкент мемлекеттік Техникалық университетінде академик Қаныш Сәтбаев атындағы дәрісхана салтанатты түрде ашылды.
Қазақстан мен Өзбекстан мәңгілік достық шартына қол қойған мемлекеттер. Екі ел арасында туысқандық, тату көршілік, өзара тиімді ынтымақтастық қарым-қатынас ежелден орнаған. Оның үстіне 2018 жыл Өзбекстанның Қазақстандағы жылы болып жарияланғаны белгілі. Осыған орай қазір екі елде де көптеген өзара игі шаралар жүзеге асырылып жатыр. Студент жастар білім алатын дәрісхана Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университеті мен И. Каримов атындағы Ташкент мемлекеттік техника университеті арасындағы ынтымақтастық аясында іске асқан өзара ғылыми байланыстың бастауы ғана. Дәрісхана Д. Серікбаев университетінің қаражатына жабдықталып, қажетті техника және әдебиеттермен қамтамасыз етілді.
Алдағы уақытта екі университет тұрақты қарым-қатынас орнатпақ. Әсіресе Қаныш Сәтбаев жете меңгерген металлургия және геология саласы бойынша бірлескен біліми бағдарламаларды да жасау жоспарланған. Шығыс Қазақстан Техникалық университетінің ғылыми жұмыстар және зерттеулер жөніндегі проректоры Олег Гавриленконың айтуынша, жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықтың негізінде бірлескен білім бағдарламаларын жасау, ғылыми зерттеулер, академиялық және ғылыми білімдерді алмасулар және де өзге де байланыстар берік орын алмақшы. Бұл байланыстар екі жаққа да тиімді болмақшы.
Бекәділ СӘДІБЕКОВ,
qazaquni.kz