Шахисмайл ӘСИЕВ: БАСТЫ БАЙЛЫҒЫМЫЗ - ЫНТЫМАҒЫМЫЗ БЕН БІРЛІГІМІЗ

– Шахисмайл Ахметұлы, ең әуелі әңгімемізді «Ахыска» түрік ұлттық-мәдени орталығының құрылуынан бастасақ...

– Қазақстан – әлемде өзінің көпұлтты мемлекет болуымен өзгелерден ерекшеленіп тұрады. Жүз отыздан аса ұлт пен ұлысты бауырына басқан қазақтай кең пейілді халық жер бетінде жоқтың қасы. Қазақстанның ынтымақ пен бірлікті ту етіп, бейбітшілікте өмір сүріп келе жатқандығы әуелі Алла одан соң ел егемендігін алған сәттен бастап, күні бүгінге дейін мемлекетімізді басқарып келген тұңғыш Президентіміз – Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегінің жемісі деп білемін.

Түрік мәдени орталығы алғаш рет 1991 жылы ақпан айында Алматы қаласында құрылды. Бес жылдан кейін Қазақстан Республикасының түрік қоғамы деп өзгертілді.Қоғамның филиалдары еліміздің оңтүстік аймағы мен оның аудандарында өз жұмысын бастады. Түрік ұлттық мәдени орталының тізгінін Шамиль Курбанов ұстады.

«Ахыска» түрік ұлттық-мәдени орталығы Қазақстандағы түрік мәдениетінің дамуына, әдет-ғұрыптарының сақталуына, білімін одан әрі жетілдіру бағыты бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.

Түріктердің ең көп қоныстанған Алматы, Тараз, Шымкент сынды қалаларында түрік тілін үйрететін бірқатар оқу орындары жұмыс істейді. Түрік диаспорасының өз араларында сайланған әрбір өкіл кеңесі орталық жұмысының жандана түсуіне септігін тигізіп келеді.

Еліміздің әрбір аймағында өткізілетін республикалық, облыстық, аудандық, ауылдық шаралардың барлығына атсалысып,жоғары деңгейде өткізілуіне мұрындық болып келеді.

Сондай-ақ, «Ахыска» Қазақстан халықтарының ұлттық мәдениетін дамытуға, Қазақстан мен Түркия арасындағы мәдени байланыстарды жандандыра түсуге зор үлес қосып келеді.

Елімізде 1995 жылы Елбасы Жарлығымен құрылған Қазақстан Халқы Ассамблеясы әлемдегі теңдесі жоқ ұйым екендігі сөзсіз. Қазіргі таңда Қазақстан Халқы Ассамблеясы қанатының астында елімізді мекендеген барлық ұлт пен ұлыстың орталықтары белсенді түрде жұмыс істеп келе жатқандығын мақтанышпен айта аламыз.

– Енді бір сәт тарихқа көз жүгіртіп, «Ахыск» түріктерінің Қазақстанға қалай қоныс аударғандығын айтып берсеңіз...

– «Ахыск» түріктері - 1944 жылғы зұлмат заманда Сталиннің өктемдігі көп көрген халықтардың бірі. Соның салдарынан Орта Азия мен Қазақстан аумағына қоныс аударуға мәжбұр болған. «Ахыск»

түріктерінің тарихи Отаны – қазіргі Грузияның оңтүстік-батыс аудандары болып табылады. Бұрындары аталмыш аудандар Осман империясының құрамына еніп, Ахыск патшалығын құруға мұрындық болған.

Сонау, 1829 жылғы түрік-орыс соғысынан соң аталмыш жерлер Ресей империясының қол астына өтіп кетеді. Содан кейін, Ахалцих уезд атағын алған. Осы мезетте шекара жабылып, түрік халқымен қарым қатынас тоқтайды. Сол кезеңнен бері “Ахыск” түріктері деп аталып, жаңа түріктер тарихы бастау алады. Ахыск түріктерінің яғни, мына біздердің түп-тамырымыз түрік ұлтынан тарайды.

– Шахисмайл Ахметұлы «Ахыска» түрік ұлттық-мәдени орталығының бүгінгі тыныс-тіршілігі мен еліміздегі ұлттар бірлігін одан әрі нығайту жолында атқарып келе жатқан істері туралы айтсаңыз...

– Қазіргі таңда Қазақстанда 250 мыңнан аса ахыска түріктері тұрып жатыр.Олардың әрбірі біздің орталық жұмысымен етене таныс деп айта аламын.

«Ахыска» түрік ұлттық-мәдени орталығы еліміздегі әрбір атаулы мерекелердің жоғары деңгейде өтуіне өз үлестерін шама-шарқынша қосып келе жатыр. Орталықтың басшысы Усейн Қасановтың Мәселен, 1-наурыз Алғыс айту күнін кереметтей тойлап, қазақтай кең пейілді халыққа шын ниетімізбен шынайы алғысымызды білдірдік. Сонымен қатар, 22 - наурыз Ұлыстың Ұлы күнінде де Наурыз көже әзірлеп, сондай-ақ өзіміздің ұлттық тағамдарымызды ұсындық.

Алдымызда келе жатқан тағы бір айтулы мерекеміз - 1 - мамыр Бірлік күнін де жоғары деңгейде өткізуге қызу дайындық үстіндеміз. Шара барысында Қазақстанды мекендеген барша ұлттың өкілдері жыл сайынғы дәстүр бойынша біздің салт-дәстүрімізбен, мәдениетімізбен жете танысып, ұлттық тағамдарымыздан дәм тататын болады. Менің ойымша, еліміздегі әрбір мерекенің алар орны айрықша. Қай-қайсысы болса да Қазақстан халықтарының бейбітшілікте өмір сүруіне, ынтымақ пен бірлігінің артуына зор үлес қосады. Әрі барша ұлтың арасында одан әрі тығыз қарым-қатынастың үзілмеуіне септігін тигізеді.

– Осы тұста қазақ халқының өзіңіз бағалайтын айрықша бір қасиетін атап көрсетсеңіз екен?

– Иә, қиын-қыстау заманда бар халықты жатсынбай, құшақ жая қарсы алған қазақтай дархан пейілді халық жер бетінде саусақпен санарлық. Қазақ халқының өзім жоғары бағалайтын қасиетінің бірі - қонағын Құдайындай сыйлайтындығы. Бар дәмдісін, бар тәттісін қонаққа деп сақтап қоюының өзі үйден қонақтың үзілмеуін тілегендігі деп білемін. Тіпті өзі аш отырса да, қонақ келсе, сақтап қойған бар дәмдісін алдарына қоюы асқан қонақжайлығын көрсетеді. Қазақ халқының осы бір қасиетіне басымды иемін.

– Халыққа айтар бір ауыз тілегіңіз...

– Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Тәуелсіздігіміздің тұғыры қашан да биік болсын! Бұдан кейін де ел тізгінін ұстайтын басшылар, Елбасымыздың сарабдал саясатынан танбай, ынтымағымыз бен бірлігімізді одан әрі арттыра берсін!

– Әңгімеңізге рахмет! Істеріңізге сәттілік тілейміз!

Сұхбаттасқан: Гүлмира САДЫҚ,

qazaquni.kz