АҚЖОЛТАЙ ЖІГІТ
2019 ж. 22 сәуір
11845
1
Қаныш Сәтпаевтың мерейтойына орай
Жас Қаныш сырттағы жоғары оқу орнын бітіріп, елге оралар алдында қатты толқыды. Оның толқуының орны бөлек, әрине.
Бұл – сонау 1926 жыл еді...
Дегенмен, жас геолог-инженер Ресейде қалуға қолқа салған атақты оқытушыларына өзінің қалайда туған елге... Қазақ даласына қайтуы қажеттігін бірден айтты. Керемет оқымыстылығымен қатар жалпы Сібір кәсіпорындарының дамуына айтарлықтай үлес қосқан профессор Усов мемлекеттік емтихандар басталмастан бұрын-ақ дарынды шәкіртіне:
– Геологиядағы жарқын болашақ туралы не ойлағаныңыз бар, жолдас Сәтбаев?!– деп тосын сауал тастағаны бар.
Кейде сүйікті студенттерін осылай көтере сөйлеуді ұнататын ұстаз емеуірінде оқу орнында қалып, ғылыммен айналысу туралы ұсыныс жатқанын Қаныш бірден түсінді.
– Бізді туған жерде де ірі шаруалар күтіп тұр ғой, Михаил Антонович! – деді әдетінше сыпайы ғана жымиып.
Мұғалім де сәл бас шайқап тұрып, күлімдеді. Ернін жымырып ап, қулана қарап қояды. Бұл «Енді қайтеміз! Амалым жоқ. Көңіл қалауына зорлық жүре ме!» деген түсіністік белгісі-тін. Сөз сөйтіп тәмәмдалған. Біраз жыл әкелі-балалыдай етене араласқан ұстаз бен шәкірттің жолдары екі айрылар сәтте қимастық сезімнің туындауы да қисынды, әлбетте. Қоштасарда екеуі ұзақ сырласты. Оқу орны іргесіндегі бақта қас қарайғанша серуендеп, ыңғайына қарай хабарласып тұруға уағдаласып тараған.
Ұлтының бағына туған ерен ұл өз иығына түскелі тұрған ұлы міндеттер салмағын іштей сезінгенімен, дәл сол сәтте жанындай сүйетін Қазақ елі алдындағы өзінің тарихи тұлға ретіндегі салмағын анық түйсіне де қоймаған шығар. Иә, жас геолог-инженердің дәл сондағы ынта-шынтасы асқақ сөз бен бос дақпыртқа да, биік атақ-даңққа да емес емес, әйгілі оқу орны қабырғасында жинаған білім-тәжірибесін оралған бойда атамекен қойнауындағы қазба байлықтарын игеруді ұйымдастыруға ауған еді. Ол әлгі шақта арада екі жыл өтер-өтпесте-ақ өзінің Жезқазған, Қарсақбай, Атбасар және Спасск кен аудандары мен Қарағанды көмір бассейні, Қаратау полиметалл қазба орындары туралы жазылған мақалаларының дүние жүзі геологтарын таң қалдыратынын да білген жоқ-ты. Бұған қоса осы кезеңде өзінің Орталық Қазақстандағы мыс кәсіпорындарының дамуына байланысты іске белсене араласып, Жезқазған –Ұлытау ауданындағы темір, Жездідегі мырыш, Байқоңыр мен Қияқтыдағы көмір, Қорғасындағы қорғасын кен орындарын барлау ісімен айналысып шарқ ұратынын... Алайда осы жолда небір аумалы-төкпелі күндерді... айлар мен жылдарды өткеріп, маңдайы тасқа да тиіп, талай ауыртпалықтарға кезігетінін... Ақыр аяғында сол
қиындықтарды жеңіп, біртіндеп сүйікті кәсібінің жемісін тата бастайтынынан да хабарсыз-тын.
Мұндай ұлы мұраттар алдында бір үміт, бір күдіктің итжығыс түсіп жатуы да заңдылық қой. Дегенмен, жас маман өз ақыл-парасаты мен жігер-қайратына бек сенімді еді.
Бұл түгескен Том технологиялық институты мен сондағы политехникалық университет о тұста Еуразия құрылығының солтүстігіндегі сирек жоғары оқу орындарының бірі. Кейін төрткүл дүниеге аттары жайылған небір ғылым-білім марқасқаларының осынау шаңырақтардан түлеп ұшқанын бүгінде біреу білсе біреу білмейтіні рас. Мұндағы оқу орындарында дәріс алу алыс шет елдерде де тұратын талай талантты қыз-жігіттің қол жетпес арманы болатын. (Қаныш осы қасиетті шаңырақтардан өзінің алдында Жақып Ақбай, Әміре Айтбақин, Асылбек Сейіт, Мұрат Сейіт, Әлімхан Ермеков сынды жерлестерінің де қанаттанғанын іштей мақтан тұтатын еді). Міне, сондай даңқтылығынан да шығар, Том ежелден «Сібір Афинасы» атанған.
Сол Технологиялық институтта болашақ жары Таисаны... Таисия Алексеевнаны жолықтырды... Жоқ, анығында, осынау меруерттей мөлдіреген сұңғақ бойлы аруды алғаш Семейде көрген. Әлденендей шаруамен жолы түсіп бір барғанында сондағы Мұғалімдер семинариясына бас сұға қалған еді. Сабақ уақыты болса керек, тым-тырыс тұрған ұзын дәлізбен өрлеп барып, екінші қабатқа көтеріле бергенінде кенет алдынан ақ халат киген қарақат көз бір сұлудың қарсы шыға келгені. Байқамастан бір-біріне қарай асыға басқан екеу, тіпті қапелімде, қақтығысып та қала жаздады.
– Ой, ғафу етіңіз!..
– Кешірерсіз...
Осындай ыңғайсыздық туындаған сәттерде өз-өзінен айтылатын лебіз екеуінің аузына қатар іліккен. Жігіт бейтаныс бойжеткеннің аққұба реңі нарттай қызарып кеткенін аңдап қалды. Алаулаған алма жүзінде ерекше бір иба... Айрықша бір тартымдылық бар екен. Енді бір қарағанында қоңырқай қолаң шашын желкесіне түйген қыз үріккен еліктей ұзын албардың екінші шетіне шығып үлгеріпті. Мүмкін өзін қарақат көз деуге де келе қоймас. Көзі мойылдай болмаса да қарақоңыр сияқты... Әйтеуір көкшіл де, жасыл да емес. Орыстар мұндай сұлуларын черноглазая деп әспеттер-ау... Сол жанардан жалт еткен от ұшқыны мезетте жігіттің сезімтал жүрегін шарпып өткен...
Қысқасы, Қаныш ойда жоқта кеудесіне нұр ұялатқан әлгі жанды талайға дейін ұмыта алмай қойды. Ақыры сондағы жолдастарынан аты-жөнін сұрастырып барып тыншығандай еді. Аталған оқу орнында лаборант болып жұмыс істейтін Тася Кошкина деген қыз екен. Жаратылысы бөлек... Бекзат бітімді, білімді десең білімді... Сендей талғампаз серіге адал жар болуға лайық қыз, керемет адам деп мақтады таныстары.
Біреулердің мақтағанына да байланысты емес шығар... Неден екенін, уақыт өте келе мазадан айырылды... Күндіз-түні есінен шықпайды. Тынши алмапты. Қайта тек соны ғана ойлай беретін «кеселге» ұшырады...
Ғажап болғанда, арада бірталай өткенде тағдыр екеуін Том Технологиялық институтында қайта жолықтырған. Екеуінің таңдаған мамандықтары да бірдей болып шықты. Факультеттері ортақ екен...
Тіл табысулары қиынға соққан жоқ-ты. Кейін сырласа келе белгілі болғанындай, сонау Семей кездесуінде-ақ осынау айрықша сымбатты қазақ жігіті орыс сұлуын да бей-жай қалдырмаған көрінеді. Бәлкім, тағдыр деген осы ма, ол да мұны бір көргеннен ұнатып қалса керек. Екі жас ақыры үйленуге уәделескен. Күндердің күнінде Таисия тартымды келбетімен ғана емес, ерекше ақыл-парасатымен де баураған сүйгенімен жердің түбіне кетуге де даяр екенін жасырған жоқ-ты. Қылықты да, ақылды Тасясын Қаныш та қазақша «сәулем, жаным» деп еркелетеді...
Міне, сөйтіп оқу біткен соң сол қалыңдығын Томда қалдыра тұрып, республика астанасы Қызылордаға тартуға тура келді. Жолдаманы сол жерден алуы қажет. Күйеу жігіт болашақ зайыбымен өзі белгілі бір орынға бекіп, әбден орналасқан соң ғана барып отау құруға сөз байласты.
Бір жақсы жері, институт ол шақта жұмыс орнын таңдауды жас маманның өз еркіне беретін.
Қызылорда Қанышқа қазақтың су жаңа инженер-геологын, яғни, өзін сонша қуана қарсы алғандай көрінді. Ауа райының әсері солай болды ма, әлде жолай ұшырасқан қала тұрғындарының қас-қабағы жылы ұшырады ма, әйтеуір, бір ерекше шуақты аңдағандай...
Үкімет үйін тез тапқан. Мән-жаймен танысқан ондағы білікті азаматтар Қанышқа көп ойланбастан-ақ өндіріс саласындағы лауазымды қызметтердің бірін ұсынды. Бірақ жас жігіт биік кеңседегі жайлы орынтақтан бас тартып еді. Бұл әрекетін айлығы да, шайлығы да тәуір... Және орталықтан қолма-қол кең пәтер аласың деп үміттендірген биліктегі ағаларын қатты таңырқатып, алдымен әдейі оқуын түгескен кәсібімді игергенім жөн ғой деп түсіндірген-ді.
Жылы жерден қашып... Иен дала, құла түзге кен іздеуге кетем деп құлшынып тұрған жас инженерді кім ұстасын, ақыры Қазақтың Орталық Халық Шаруашылығы Кеңесі (КазЦСНХ) ойласа келе оны Атбасар түсті металдар тресіне жолдауды ұйғарды. Ыстық-суығы басылмаған кешегі студенттің алған бетінен қайтатын түрі көрінбейді...
О тұста трест мекемесінің басқармасы Мәскеуде болатын.
Қаныш енді көп бөгелмей құстай ұшып келіп, Одақ орталығына аттанатын пойыздардың біріне билет алу үшін кезекке тұрды. Дәл сол күні, ерегіскендей, ығы-жығы вокзалда Ресей бағытына сапар шегушіге ынтыққан жүргіншілер де қаптап кетіпті. Теміржол ғимаратында иінтірескен жолаушының көптігі сонша, ине шаншыр орын жоқ. Таңертеңнен кешке дейін табанынан тозып жүріп бір билетке зорға іліккен-ді.
Расында да, жаны сүйген ісіне тезірек кірісуге құмартқан адамға мұндай кедергілер... Тіпті, сонау Томнан осында... Бұдан енді Орынбор... Самара арқылы алып құрылықты олай бір-бұлай бір, ойқастата кесіп баруға мәжбүр ететін азапты жолдың алыстығы да ешбір бөгет жасай алмайды екен.
Онда Қаныш оқу бітірерден бір жыл ғана бұрын КСРО Еңбек және Қорғаныс Кеңесінің арнайы қаулысы бойынша құрылған Атбасар түсті металдар тресі Спасск және Қарсақбай комбинаттарын қамти-тын. Спасскіге Қарағанды көмір бассейні, Өспен мыс мыс руднигі және Спасск мыс қорыту зауыты қараса, Қарсақбай құрамына енді ғана салынып жатқан сондағы мыс қорыту зауыты мен Байқоңыр көмір шахталары, Жезқазған мыс кеніштері және Қорғасын кен орны кіретін-ді.
Трест басшыларына Қаныштың ойы да... бойы да ұнады. «Жер бетінде жайсаң жандар аз емес» деп әлдебір әнде шырқалатынындай, мұнда да жақсы адамдар... және өз ісінің хас шеберлері жеткілікті екен. Әдетте ондай кісілер әділ де, қайырымды келеді. Міне, осылар жас маманның дарыны мен қарымын бірден байқап, лайықты бағалаған.
Осылайша жас Қаныш Сәтбаев бірден сонау ауқымды аумақтағы геологиялық бөлімнің бастығы болып тағайындалды. Бұған қоса сондағы барлық барлау қызметі осы жігітке сеніп тапсырылды.
Сенім дегеннің құдіреті айтпаса да түсінікті ғой. Өндіріс жетекшілерінің ықыласы кеше ғана оқу орны аудиториясынан шыққан талапты жігітті қатты шаттандырған. Осылайша «айы оңынан, күні солынан туып», Мәскеуден қанаттанып қайтқан жас геолог бірден Қарсақбайды бағытқа алған-ды.
Шынында, бұл да айтуға ғана жеңіл сапар еді...
Жаңадан салынып жатқан Қарсақбай зауытына ең жақын нүкте – Жосалы стансасынан сол анау межелі жеріңізге дейінгі аралық 420-430 шақырым! Түсесіз де, төтесінен тартасыз. Ат кездессе атпен... Көбінесе түйемен.
Сөйтіп Бетпақдала тұсынан үздіксіз соққан аптап жел өтіндегі шетсіз жатаған шоқылардың боз бетегесі мен тырсығын, ақ сораңы мен көкпегін кешіп, кейде құмдауыт алқаптың етекті жыртатын түп қарағаны мен тобылғысын, сарсазанын айнала, сай-саймен ирелеңдете салып отырып, әрине, ит-құс пен шөлден аман болып, итіңдеп жүре берсеңіз он түн, он күн шамасында жетіп те қаласыз. Жолшыбай араға жетпіс-сексен шақырым салған сайын шашырай орналасқан жеркепе жайлар ұшырасып қалады. Ондағы тұрмысы жүдеу тұрғындардың алдыңыздан күтіп алып, аузыңызға қымыз-сусынын тоса қоюы да екіталай. Ал өздігіңізден жан шақыруға қам жасап, қауға тастасаңыз, құдықтарының да суы кермек...
Әйтеуір, со маңда ат шалдырған кейіпте едәуір күйбеңдеп жүресіз де, жолды және жалғастырасыз. Ұзап бара жатып әлгі үйлерден дереу тізіле шыққан аш-арықтау әйелдер мен шиборбай балалардың артыңыздан таңырқап, секиіп қарап тұрғанын көресіз. Осылайша сағым ойнаған сары даланың құмтышқаны мен атжалманын, сұржыланы мен кесірткесін үркітіп, қайтадан аяңдайсыз.
Аңызақта тасторғайдың шырылы да сонша ащы естіледі-ау. Арагідік көз ұшында бастарын тұқырып алып, бұлдыраңдап маңып бара жатқан
киіктер легін көз шалады. Кейде қыр астынан құйрықтары шошаңдап, тышқан аулаған түлкі-қарсақтың сұлбасын байқап қалуыңыз кәдік...
Қаныш пойыздан түскенде Жосалының кәдімгі... алып тасымалдау базасына айналғанын көрді. Жыпырлаған жұрт теміржол шетінде алты жүз-жеті жүз қаралы түйеге құрылыс материалдарын, басқа да керек-жарақ құрал-жабдықтың бәрін теңдеп артып жатыр. Бұлардың да Қарсақбай, Байқоңыр бағытына жүретіні бесенеден белгілі еді. Жігіттің мән-жайына қаныққан осы көштің басшылары оны жандарына қуана-қуана қосып алды.
Жоқ... Қарсақбай алқабына да көктем келмейді емес. Тіпті, бұл өңір сәуірдің басы мен мамырдың орта тұсына дейін гүл-гүл жайнап, құлпырып тұрады. Құшағыңды жайсаң ауқымға сыймайтын көкмайса кеңістік ақша бұлттары жөңкілген көкпен астасып, көзді де қуантады, көкірек сарайыңызды да аша түседі. Мұндайда, шіркін, бүр жарған шағындағы майқара мен басжусанның лебі жетсе мұрныңызға! Һәм сай-сайдағы өрттей қаулаған қызғалдақ пен қызылот, қандыгүлді... жуашақты қоңырбас пен сабалақ төскейді керімсал тербеп, үп еткен самалға мың сан көбелек қанат тосып, қаңғалақ қағып тұрған сәтінде көңіл масайып, дүниеде мұнан асқан жер жәннаты бар дегенге сене де алмас едіңіз. Алайда осы ғажайып кезеңнің ғұмыры тым қысқа. Әсіресе Қарақұм кіндігінен ышқына үрлеп тұратын ыстық ауа көп ұзамай-ақ кенезені кептіріп, жолындағының бәрін құрғатып, өсімдік атаулыны жаппай күйдіріп, қуратып жібереді.
Бір ғажабы, не құпиясы бар екенін, саналуан кен байлығы дәл осындай кеберсіп жатқан қуаң далалардың қойнауында мол ұшырасады әдетте...
Көштің жүре түзелетіні де рас. Екінді ауа көп ыңыранып, берекесіздеу, бытырай қозғалған керуен едәуірден соң реттеліп, ырғаққа түсіп алған соң сылаңдап тартады да та отырады. Бос таңылғандықтан немесе ара-салмағы аса ескерілмей тиелгендіктен қиқаңдап ауа бастаған жүк жүріп келе жатқанда-ақ қайта байлана салады. Кейбір кірешілер ә дегенде жүкті әдейілеп те бос артады. Себебі, оны қозғалыс үстінде теңдеу ыңғайлы. Осылайша кем-кетігі жөнделіп, қалыпты екпін алып алған тізбекті енді тоқтата қою да оңай емес.
Қазақ қай жерде бір-бірін қағытусыз, қыжыртусыз жүруші еді; сәлден-соң-ақ тұс-тұстан өзара қылжақтасқан уыт тілді жігіттердің қарқ-қарқ күлкісі де естіле бастайды. Мұның бәрі, әрине, көңіл серпілтетін көріністер. Осындайда бір сәт қажытқан жол сергелдеңін де ұмытып, жадырай түсесіз...
Көштің бір сәні – иттер. Алабайы, төбеті бар... Арагідік тазылары да кездесіп қалады... Керуеннің қос қапталын жағалай, бірі тұмсығымен жер тіміскілеп, екіншісі керісінше, мойынды қаздита шалқақ ұстап, бүлкіл қаққан бұлар да ұзын-сонар күш-көлік шеруінің салтанатын арттыра түседі. Осы суреттер мұндайды көре қоймаған Қанышқа кәдімгіше қызық.
Жолаушының жан серігі ой ғой, негізі. Жас жігіттің жүйрік қиялы бір мезгіл мынау алдыдағы іркес-тіркес жалпақ жондар өткерген жылдар тереңіне де сүңгіп барып қайтады.
Өзі архив құжаттарын ақтара жүріп, зерттеп білгеніндей, Жезқазған мысын алғаш тапқан Екатеренбор көпесі Никон Ушаков деп есептелетін көрінеді. (Ал сонау көне дәуірлерде дәл осы өңірдің металын қорытып, іске асырған өз бабалары туралы сөз басқа, әрине!). Сол іскер орыс 1847 жылы әлгі кен орнын жергілікті қазақтардан едәуір қаржыға жалға алған соң өзі секілді бір-екі кәсіпорын қожайынымен бірігіп, тотыққан кенді Орал зауыттарына тасумен айналысады. Бұдан соң олардың ісін Рязановтар тау-кен кәсіпорны компаниясы жалғастырады. Алайда бұлардың бәрі жабылып алпыс жылға жуық бейнеттенгенмен, осынау істің пайдасынан гөрі зиянын көбірек шеккен секілді. Өйткені, шынында да, сонау мыңдаған шақырым жерге атпен, түйемен тасыған өнім қайбір жарытсын!..
Ақыры тірліктерінің өнбейтініне көз жеткізген бұлар 1909 жылы Жезқазғанды шет ел кәсіпкерлеріне сатуды ұйғарады. Ал қазір «Тұманды Альбион» немесе «Кәрі құрылық» аталып жүрген ежелгі ағылшын елінің жер тескілеп пайда қуған өкілдері Жезқазғанға қоса Байқоңыр көмір бассейні мен Ұлытау әк карьерін де жалға алса керек.
Өз жеріндегі қазба байлық атаулыны түгесіп, мына іргедегі Үндістан қойнауын шұрқ-тесік ақтарып, осы елді ақыры отарға айналдырғаны былай тұрсын, анау алып солтүстік Америка құрылығын... тіпті алыстағы Австралия материгін тұтас дерлік иеленіп алған ағылшын консессионерлерінің тісқаққан ұрпақтары Қарсақбай мысының да қор мөлшерін бұған дейін-ақ барлап, біліп жүрген. Сөйтіп, Жезқазғаннның бай мыс жынысын игеру мақсатымен келген Уэст, одан Гарвей деген ірі инженер-геологтар Байқоңырдан екі көмір шахтасын, Қарсақбай кен-байыту фабрикасын, сондай-ақ осы төңіректен өзге де бірнеше кеніш орындарын салуды жоспарлайды. Қысқасы, 1914 жылы Жосалыға бұлардың аталған фабрика мен шахталарға қажетті құрылыс материалдары тиелген 278 вагон мен бес паровоздан құралатын алып пойызы да жетеді. Кейбір деректерге қарағанда, бұл составтың ұзындығы шамамен екі жарым километрге созылған дейді!
Енді осыны 420 шақырым бүйірде жатқан жолсыз Қарсақбайға апару керек емес пе?! Қалай жеткізеді? Кім жеткізеді?!
Іскер ағылшындар пойызды діттеген жерге күнібұрын дайындалған ұзындығы он төрт шақырымдық жинамалы теміржолды алма-кезек ауыстырып, қайта құрастырып отыру арқылы апаруды ойластырыпты. Қара жұмысқа, әрине, жергілікті қазақтар жалданатыны белгілі.
Сонымен екі жүз-үш жүз адам топ-топқа бөлініп, іске жұмылдырылады. Ол топтардың бірі қайла-күрекпен кездескен төбелерді қырнап, жер тегістесе, екіншісі шпалға бекітілген рельстерді түсіреді, үшінші тақтайдай етіп тазаланған орынға дайын жолды төсеп, бекітумен айналысады. Міне, бес паровоз сүйреген арнайы пойыз белгілі қашықтыққа тартылған осы «жылжымалы» рельспен 330 мың тонна жүкті тартып жүріп өткеннен кейін, арттағы жол қайта жиналып, алдыға және жайғастырылады. Өстіп келешек шахталар мен зауыттың құрылысына қажетті жабдықтар үш
жыл бойы, яғни, атышулы 1917 жылы дамылсыз тырбанудың нәтижесінде Қарсақбайға, одан Байқоңырға әкелінген!
Мұншалықты жанкешті қимыл кезінде майып болғандар да аз емес секілді. Және озбыр келімсектер жұмысшылардың ақысын да дұрыс төлемей әбден қанап, кісі өліміне дейін апарған небір ереуілдер де қайталанып тұрған...
Осыны ойлағанда Қаныштың жүзін мұң кіреукелейді. Іштей «Азаптан көз ашпаған, қайран халқым!» деп ақырын күрсініп те қояды.
Көш салқында жол ұту мақсатымен түн ортасы көп ауғанда, тіпті, таң бозына қарай бір-ақ аялдайтын көрінеді. Мұны жас жігітке алғаш тілдесіп, бірден іш тартқан мұртты қазақ Жосалыдан шығарда-ақ ескерткен еді. Көштің басы-қасында жүргендердің бірі екен. «Жол ұзақ, аздаған ас-су даярлап алайық, інішегім. Күн де күйіп тұр. Аса ашыға да қоймаспыз, дегенмен, шөл қысатыны анық!» деген-ді.
Қас қарая аспанды қою бұлт торлап, ауаны озон исі кернеді. Кенет күн күркіреп, шатыр-шұтыр найзағай ойнады да, лезде қара нөсер төге жөнелді.
Геологтардың бір қасиеті – бұлар үнемі дала жағдайында жұмыс істейтінін білгендіктен де шілденің аптабы мен ақпанның аязына сонау оқып жүрген кезден-ақ іштей даярланып үлгерер еді. Алты ай ақ қар, көк мұзға... алты ай гүл мен нұрға орану деген де осы шығар. Және өздері ылғи кенеп күртеше немесе шекпен киіп жүретіндіктен ауа райының қолайсыздығын елең қылмайды. Қаныш та жауын шүмектеп құйып бергенде саса қойған жоқ. Қайта қуанып қалды. Бүйірден түйесін тебіне тақалған мұрт та мәз сияқты:
– Нағыз ақжолтай жігіт екенсің, бауырым!,– дейді құшағын жая түсіп,– Біз жүргелі бес ай өткен шығар... Міне, қыркүйектің ортасы ауды. Тіпті, нәр тамбай қойып еді. Сен жауын ала келдің ғой, жарқыным! Нұр ала келдің ғой!
Қаныштың есіне қалыңдығының айтқан сөзі түсіп, кеудесін беймәлім шаттық кернейді. «Сен туған еліңнің келешегі жолында қанатымен су сепкен қарлығашсың... Осы өңірді гүлдендіру үшін жеткен жыл құсысың. Екеуміз қолұстасып жүріп әлі талай ірі міндеттер атқарамыз. Сол жолда сенімді серігің болуға жарасам бақыттымын!» деп еді ол толқыған бір сәтінде...
Құлтөлеу МҰҚАШ,
qazaquni.kz