МӘУЕЛІ БӘЙТЕРЕК
2019 ж. 20 сәуір
4716
0
Нұртай Бижанұлының туғанына –100 жыл
Ұлы Алла тағаланың күш құдіреті мейілінше шексіз. Мына әлемде оған дәлел келтіретін көріністер аз емес. Соның бірі – ұлы жаратушының дүниедегі пенделердің әрқайсысына тек өзіне тән жеке-жеке тағдыр дайындап сыйлауы. Алла адамзатқа ерекше мейірім, махаббатпен, сый-құрметпен ілтипатпен қарап, басқа жанды мақұлықтардан айырықша саналы етіп жаратты.Қожатоғай кеңшарының алғашқы директоры
Бредихин Михаил Ефимұлымен бірге
Сол саналылығын ескеріп, Алла азаматты тағдыр қамытымен қысып тастамастан, сол тағдыр шеңберінде ол өз қалауынша ұмтылыс, талпыныс іс-қимылдар, әрекеттер жасауға, өмірде өз жолын , өз өрнектерін жасауға , сөйтіп өз тағдырын көп қырлы, мазмұнды, әсем етіп байыта түсуге мол мүміндіктер мен еркіндіктер сыйлағаны мәлім. Олай болса, Алла берген осы мүмкіндік пен еркіндікті әр адам өзінше пайдалана отырып, өзінің өмірлік өрнегін қалыптастырады екен. Міне, осы тұрғыдан кейбір жандардың өмір жолы, еңбек жолы, өмірдегі іс әрекеті, Алла сыйлаған еркіндікті пайдалану ауқымы, әдісі былайғы көпшілікке қызығушылық туғызатыны адамшылдыққа жат емес. Дәл осындай өзінің көп қырлы да күрделігімен, қиын-қыстау қалтарыстарымен де, сәтті-сәтсіз бұрылыстарымен де қызықты, тартымды болып көрінетін, арнайы көңіл аударып, атап айтуға тұрарлық жанның бірі, биыл туғанына 100 жыл толғалы отырған ер көңілді, ашық, жомарт жанды, нағыз қазақы өр мінезді, мойымас батыр тұлғалы, ағайын туысқа бауырмал Нұртай Бижанұлы десек артық айтқандығымыз емес. Нұртай Бижанұлы 1919 жылы кәзіргі Арыс қаласына қарасты Шөгірлі елінде дүниеге келеді. Н.Бижанұлының дүниеге келуі Кеңес өкіметінің орнауы мен тұспа-тұс келуі бала Нұртайдың ересек те, елгезек болып өсуіне, жастай есеюіне ықпал етті. Қазақстанға Кеңес өкіметінің орнауы қарсаңында 1925 жылы республиканың партия ұйымын басқаруға бұрын-соңды көшпелі халықтың тұрмысынан бейхабар Ф.И.Голощекин келген. 1928 жылы бүкіл кеңес елінде жеке шаруаларды коллективтендіру қолға алынғанда, Қазақстанда Ф.И.Голошекиннің басшылығымен анау-мынау емес «Кіші Октябрь револициясы» басталады. Әлімсақтан еркіндіке үйренген, кең далада көшіп-қонып жүрген халықтың табан астында кей аудандарда бір жетінің ішінде артельге ұйыса қалуы халықты тулатты. Бірақ өкіметті аты өкімет. «Берсең қолыңнан, бермесең жолыңнан» деп белсенділер жүйіткіп : «Аша тұяқ қалмасын, Асыра сілтеу болмасын», – деп ұрандатты. Бұл Кіші октябрь революциясының салқыны Сыр бойында шаруамен жан баққан, қаймағы бұзылмаған Шөгірлі ауылын да айналып өтпеді. Малынан айырылмау үшін, осындай ұрда жық, асыра сілтеудің салдарынан Шөгірлі халқы туған жерді тастап, шамасы келетіні Сыр өзенінен өтіп Қызылқұм құмы арқылы көршілес Өзбекстан, Тәжікстан республикасының жеріне қоныс аударды. Қалғаны Мырзашөл өңіріне Сарыағаш ауданының териториясына, Арыс стансиясына барып қоныстанса, халықтың бір бөлігі Сыр бойындағы Тақыркөл артельіне, ауылдық кеңесіне орналасады. Жас Нұртай бауырларымен Жылға стансиясына қоныс аударып, осында бастауыш мектепті бітіріп шығады. Сөйтіп, Сарыағаш ауылында мал дәрігер техникумын бітіріп, Тақыркөл ауылына қарасты мал ды ауылдарға ветеринар болып орналасады. 1943 жылы Қожатоғай ауылы Шеңгелді ауылдық кеңесінен бөлініп шығып өз алдына жеке шаруашылық құрғанда, Нұртай Бижанұлы сол кездегі Қожатоғай кеңшарының директоры Бредихин Михаилдің кеңесімен ферьма құру қажеттігін, фермаға халық керектігін ойласа келе колхоздастыру жылдары тарыдай шашылған Шөгірліден көшкен халықты жинайды. Қазіргі Арыс қаласына қарасты Қожатоғай ауыл әкімшілігінің, Байтоғай ауылының орыны таңдап алынады. Халықты орналастыру мақсатында жалындаған жас Нұртайдың қажырлы еңбегінің арқасында Өзбекстан, Тәжікстан Сарыағаш, Арыс, Мырзашөл, Қызылқұм өңіріндегі ағайындарды жинала бастайды. Сыртта, бөтен елде жүрген халық бұрын-соңды үйренбеген кәсіптен, ауыр бейнеттен, егін егіп кетпен шабудан қажып жүрген болатын. Олардың туған жерге деген сағыныш сезімі жеңіп, туған-туысқанын сағынған халық жас көшбасшы, жас Нұртайдың соңынан ілесіп көшіп келеді. Халықты орналастыру оңайға соқпайды. Көшіп келген адамдардың орналасқан кепелерінің орыны осы уақытқа дейін сақтаулы. Көнекөз қариялар күні бүгінге дейін сол кездегі қиыншылықты, Нұртай Бижанұлының ұйымдастыру қабілетін, еңбекқорлығын, қамқорлығын жыр қылып айтып отырады. Көптің алғысына бөленген Нұртай 1944 жылы отбасын құрады. Әшірәлі, Мүсірәлі, Бердәлі атты ұлдары Айша, Хадиша атты қыздары дүниеге келеді. Ферма құрылып, көршілес Қызылқұм, Сарыағаш, Арыс аудандарының териториясынан қаракөл қойларын алып келіп, Сырдария өзенінің шығысындағы жері шүйгін жайылымды алқапта Қожатоғай қаракөл қой шаруашылығының өркендеуіне өз үлестерін қосады. Халықтың туған елге келіп ауылшаруашылығын өркендетуіне, бұрынғы Одаққа белгілі Қожатоғай кеңшарының, соның ішінде Байтоғай ауылының құтты қонысқа айналуына Нұртай Бижанұлының еңбегі орасан зор. Мал шаруашылығымен бірге малдың жем-шөбін дайындау мақсатында Сырдария өзенінің жағасында егіншілік шаруашылығын дамытуды қолға алып, арықтар қазып, суландыру жүйесін құрып, елді жұмыспен қамтамасыз еткен. Сонымен қатар, шопандардың балалары оқитын бастауыш мектептің салынуына, халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін сауда саласын өркендетуге үлесін қосқан. Шалғайдағы Байтоғай ауылының тұрғындарының азық-түлігін Арыс стансиясынан өгіз арбаға жегіп жеткізіп отырғанын ауыл ақсақалдары осы уақытқа дейін айтып отырады. Байтоғай ауылында 15 жыл бойы ферьма меңгерушісі қызметін атқарған Нұртай Бижанұлы көптеген ауқымды істердің атқарылуына мұрындық болды. Қосымша Жамбыл қаласында ауыл шаруашылық техникумының зоотехника бөлімін Ақназаров Сайлау, Қалтаев Сәтім сынды ағалармен бірге сыртқы бөлімде оқиды. Алғабас ауданының Шалдар кеңшарында, Арыс ауданының Онтам ауылында ферма меңгеруші болып зейнеткерлікке шықанша қызмет атқарады. Ұл-қыздары болса, әрқайсысы өмірден өз орындарын тауып, халық игілігі үшін еңбек етуде. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген ұстаныммен үлкен ұлы Әшірәлі Ташкент қаласындағы политехникалық институттың геолоразветчик мамандығын бітіріп, жоғары білім алып Қазақстанның Маңғыстау өңірінде Жаңаөзен қаласында мұнай саласында елеулі еңбек етті. Әшірәлі Нұртайұлы еліміздегі бірнеше мұнай-кен орындарының авторы. Атап айтқанда, Қашаған, Теңіз кен орындарын ашып, «Қашаған» атауын енгізген алғашқы автор. Еңбегі ескеріліп, қызметі мұнай министрінің орынбасары дәрежесіне дейін көтеріліп, зейнетке шығады. Мұнай өндірісінің өркендеуіне мол үлес қосқан ол еңбегі еленіп, әртүрлі Мемлекеттік наградалармен марапатталады. Кенже қызы Хадиша Арыс қаласында орта мектепті озат бітіріп, Семей қаласындағы Техникалық институттың тамақ өнеркәсібі мамандығын игеріп шығады.Жолдамамен Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында сауда бөлімі басшысының орынбасары, бөлім басшысы қызметтерін абыроймен атқарады. Облыстық сауда басқармасында ұзақ жыл басшылық қызмет атқарған ол ары қарай да өзі ісін дөңгелете берді. Сөйтіп, 1995 жылдары Алматы қаласына қоныс аударып жеке кәсіпкерлікпен айналысып, бүгінде «Бижан» ет комбинатының директоры қызметін атқарады. Елбасының «Болашаққа бағдар, рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Хадиша Нұртайқызы туған жерін түлетуге зор үлес қосады. Яғни, ол өзінің жеке қаржысына туған өлкесінен спорт кешенін ашып, ол нысан бүгінде халық иглігі үшін жұмыс істеуде. Мұның барлығы өз кезегінде «Бижан» компаниясының призиденті Хадиша Нұртайқызының жомарт жүректі жан екендігін дәлелдей түссе керек. Ел Тәуелсіздігінің 26 жыл толу қарсаңында Қазақстан Республикасы Призидентінің «Алтын сапа» номинациясымен марапатталды. Еңбегі ескеріліп Қазақстан Республикасының, Алматы қаласының, Оңтүстік Қазақстан, кәзіргі Түркістан облысының әкімінің марапатауларының жоғары наградаларының иегері. Ең бастысы халықтың алғысына бөленген азаматша. Сонымен қатар, Байтоғай ауылындағы М.Мәметова орта мектебінде оқу жылын озат бітірген З4 оқушыға айфон ұялы телефонын және оқу озаттарының ата аналарына қаржылай сыйлық жасады. Туғанына 100 жыл толған негізгі кейіпкеріміз – Нұртай Бижанұлының атына Байтоғай ауылынан көше аты берілсе деген көпшіліктің арман тілегі бар.Мырзабек Ешатов, М. Мәметова орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі, өлкетанушы
Түркістан облысы Арыс қаласы Байтоғай ауылы
qazaquni.kz