«Жүз өлең» атты жаңа кітап оқырманға жол тартты
2019 ж. 19 сәуір
4419
0
Қазақ Ұлттық кітапханасында «Жүз өлең» атты жаңа кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті. Өткен 2018 жыл «Қазақстандағы Өзбекстан жылы» деп жариялануына орай, «Тұлға – достық» қоғамдық қоры, «Әдебиет әлемі» орталығы қолға алып, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Такир Балықбаевтың қолдауы арқылы Өзбекстан Жазушылар Одағы, «Жастық» журналы редакциясымен бірігіп қолға алған «Жүз өлең» атты жоба аясында Өзбекстанның бір топ жас буын ақындарының өлеңі қазақ тіліне аударылып, «Жүз өлең» деген атпен кітап болып жарық көрді.
Осы жоба бойынша Қазақстанның жас таланттарын негіз еткен 20 ақынның өлеңі Өзбекстан Республикасында «Жүз өлең» деген атпен өзбек тіліне аударылып, Өзбекстан Жазушылар одағы, «Жастық» журналы редакциясының қолға алуымен баспаға дайындалуда. Жоба аясында туысқан өзбек және қазақ халқының әдеби-мәдени байланысын тереңдету. Сонымен қатар, 2019 жыл «Жастар жылы» деп жариялануына байланысты Қазақстанның жас ақындарының шығармаларын шетелге насихаттау.
Жиынға Өзбекстан Республикасының бас елшісі А.Фатхуллаев және И.Сапарбаев, Б.Жақып сынды ақын-жазушы, зиялы қауым өкілдері, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің тәрбие ісі жөніндегі проректоры Ж.Ішпекбаев және Өзбекстаннан өлеңдері «Жүз өлең» жинағына енген ақындар арнайы келді. «Жүз өлең» жинағын ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Тұлға-достық» қоғамдық қорының директоры «Әдебиет әлемі» орталығының жетекшісі Мұратхан Шоқан құрастырған.
qazaquni.kz