«Дала фольклорының антологиясы» жинағы жарыққа шықты
2019 ж. 19 сәуір
2685
0
«Дала фольклорының антологиясы» жинағы Елбасы Н. Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласынның аясында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бастамасымен жүзеге асты, - деп хабарлайды ortcom.kz.
«100 жылға жуық тарихы бар «Қазақ» радиосының Алтын қорында сақталған рухани мұраларымызды жарыққа шығару өте маңызды әрі елеулі оқиға деп ойлаймын. Тұңғыш Президентіміз Н. Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» деп аталатын мақаласы осы екі томдық жинақты шығаруға түрткі болды. Ең алдымен, бұл жоба арқылы балаларымыздың санасына бабаларымыздың бай мұрасын сіңіреміз», - деді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Аталған жинаққа Qazaq радиосының «Алтын қорында» 1948 жылдан бері сақталған халқымыздың мәдени мұралары, сан ғасырлық тарихқа толы шығармалары – ертегілер, батырлар жыры, айтыс өнері, шешендік сөздер, жыр-дастандар, күй-термелер және т.б енді.
«Ұлы даламыздың фольклорымен өскен ұрпақ ешқашан ұтылмайды. Өйткені, біздің ертегілеріміз, батырлар жыры, аңыздарымызда да бабалар аманаты, қазақтың болмысы бейнеленген. «Дала фольклорының антологиясы» жинағының тағы бір ерекшелігі, бұл кітаптың ішіндегі арнайы дискілерге жазылған әндер алғашқы орындаушылардың үнімен түпнұсқа қалпында еніп отыр», - деді Дәурен Абаев.
Жинақта ХІХ ғасырдағы халық композиторларынан ән үйреніп, олардың біздің заманымызға дейін үзілмей жетуіне үлес қосқан барлық өнерпаз қамтылған. Атап айтқанда, Әміре Қашаубаевтың “Балқадишасы”, “Дударайы”, “Жалғыз аршасы” мен “Бесқарагері” бар. Кенен Әзірбаевтың “Көк шолағын”, “Бозторғайын”, “Бұлбұлға” және “Домбырасын” тыңдауға болады. Манарбек Ержанов, Қали Байжанов, Байғабыл Жылқыбаев сынды дауылпаз жыршылардың әні де осы жинаққа енгізілген. Күйге келсек, Дина Нұрпейісова, Жаппас Қаламбаев, Әбікен Хасенов пен Мағауия Хамзиннің орындауындағы құнды шығармалар топтастырылған.