Баянның мақсаты –Баянды жарнамалау ма?..

       Бүгінде отандық телеарналар көрсетіп жүрген дүниелер ел арасында түрлі пікір туғызып келеді. Тіпті, соңғы уақытта бұқаралық ақпарат құралдарында жиі көтерілетін мәселеге айналды. Өйткені, көрермен ерекше ықыласпен көретін дүниелер жоқтың қасы. Әйтсе де, тұщымды бағдарламаларға шөлдеген халықты сусындататындай туындылар да жоқ емес. Айталық, жексенбіні асыға күтетін ағайын үшін «Еларна» телеарнасы тосын сый әзірлепті. Яғни «Саз әлемі» бағдарламасын жарыққа шығарды. Атаулы бағдарлама қазақ эстрадасындағы жыл әнін белгілейтін тұңғыш әрі бірегей жоба деуге болады. Өйткені, бастан-аяқ фонограммаға құрылған концерттерден, ернін жыбырлатып қана тұратын әншілерден шаршаған тыңдарман шынайы дауыста ән салған әншілерді көргісі келеді. Расында, соңғы уақытта қазақ әншілері алдын-ала жазып берген әндерді фонограммамен айтып жүре беретін ең жалқау әншілерге айналған еді. Сондықтан атаулы бағдарлама сол әншілерді өз-өздерімен жұмыс істеуге, жанды дауыста ән айтуға шақыратын жоба деуге болады. Осылайша, әншілеріміздің кәсіби деңгейін көтеріп, нағыз әнші ән айтып қана қоймай, сахнада қозғала алуы, қажет болса, биді де билей де білуі қажет екенін түсіндіру болса керек. «Саз әлемі» деп аталатын бұл жобада биылдан бастап жыл сайын ең үздік жыл әні деп танылған қазақ әні айқындалмақ. Қомақты қаржылай сыйлығы да бар. Нақтылай түссек, «Үздік ән» иесі атағына қол жеткізген орындаушы осы марапаттауда су жаңа шетел автокөлігінің кілтін иеленсе, бағдарламаның продюссері Баян Есентаеваны селт еткізе білген талант иесі бикештің өз қолынан 10 мың АҚШ долларын иеленеді. Ал бағдарламаның мақсаты – қазақ әншілерінің насихатын кеңінен арттыру және ұлттық музыкалық жүлдені тағайындау. Қайсы ән тыңдармандар арасында кең тараған және интернеттен көп көшірілген болса, сол әннің жобаға қатысуға құқы бар. Қазылар алқасы мен көрермендердің назарына ұсынылған 42 ән осындай талаптармен таңдалып алынған екен. Ал жоба 12 номинация бойынша жылдың әнін, әншісін, композитор, ақын, топ әншілерін анықтайды. Жаңа жобаның жүргізушілері – белгілі продюсер Баян Есентаева мен «Базар жоқ» театрының басында тұрған, сықақшы Тұрсынбек Қабатов. Әншілеріміз тыңдарман жүрегінен орын алған танымал туындыларымен аталмыш жобаға қатысып, жанды дауыста ән орындағандары көпшілік көңілінен шығып жүргені даусыз. Дегенмен, бағдарлама барысында біршама қателіктер де кетіп жатады. Айталық, өмірінде бір қазақ әнін тыңдамаған, қазақ әнінің нәрі мен қазақ тілінің құнарын білмейтін, білу былай тұрсын, қазақ деген ұлтын менсінбейтін орыстілді мәңгүрттердің сынап-мінеп, пікір айтқаны бағдарламаның шырқын бұзып тұр. Ұлттық музыкалық жүлде болғасын және тек қазақ тілінде шырқайтын әншілер жиналғасын, орыстілді сыншыларды қатыстырудың қажеті қанша деген сұрақ еріксіз туындайды. Тек қазақ тіліндегі жобаға орыстілділердің төрелік еткенін қалай түсінуге болады? Қазақша ойлап, қазақша сөйлей алмаған адам қазақтың әнін қаншалықты түсінеді екен? Негізі, «Еларнаның» сайтында бағдарламаның қазақ тілінде жүретіні көрсетілген. Бірақ бағдарлама барысында қазақ тілі мен орыс тілінің қатар жүріп жатқаны баршаға мәлім. Тіпті, жүргізушілердің өздері сөздерін қазақша бастап, аяғын орысшамен бітіреді. Сонымен қатар, бағдарламаны жүргізу барысында қолданған қалжыңдары да жарасымсыз, қарабайыр. Ал байқауға қатысқан ең үздіктерін білікті мамандардан құралған қазылар алқасы мен көрермендер таңдауы керек. Алайда, қазылар алқасы тым әлсіз. Әншілердің өнерін әділ қазы ретінде шақырылатын елімізге танымал, еңбегі сіңген композиторлар, дарынды ақындар және музыка саласында жүрген майталман мамандар сарапқа салуы керек емес пе? Жоқ, бұл жерде өздері сынға ұшырап жүрген, өнер әлемінде қанаттары қатайып үлгермеген жандар қазылық етеді. Қазылық етуші әншілер сахнада тұрған әріптестеріне әділ төрелік жасай алмай, көңілжықпастықпен көтермелеп, тіпті, кейде не айтарларын білмей дал болып отырады. Енді мына қызыққа құлақ түріңіз: кейбір сарапшылар өз әндеріне өздері баға беріп отыр. Мысалы, Ринат Зайытовтың көптеген әндері байқауға қатысушы әндер қатарында екен. Соған қарамастан Ринат сол жобада төреші. Барлық әндерді талқылап, әннің сөзіне, әуеніне сын айтып келеді де, өз әніне келгенде кібіртіктеп, бірдеңе айтқан болады. Осы дұрыс па? Жалпы, жылдың үздік әні – ең алдымен, тек өз қазағымыздың жүрегінен орын табатын ән болуы керек. Шетелге не болмаса алыс-жақын бұрынғы Кеңес одағына ұнау-ұнамауы шарт емес. Ал мұрнына қазақшаның иісі де бармайтын Бағым Мұхитденова қалай қазақтың әнін жүрегімен сезіне алады? Бағымның музыкант ретінде кәсібилігіне, оның әншілерге берген бағасына дау жоқ. Дегенмен, қазақтың жанын, қазақтың мұңын түсінетін өнер иелері көп емес пе? Бір сөзбен айтқанда, сарапшылар арасында таныс-тамырлық үлкен рөл ойнайтыны анық байқалды. Сол себепті, сарапшылардың көпшілігі әнге емес, әншінің өзіне баға беріп отыр. Сонымен қатар, бұл жобада сахнаға шыққан әншінің киген киімін, бойының ұзын-қысқалығын, толық-арықтығын емес, әншінің әнін таразыға салу керек. Бірақ, көпшілігі шыққан әншінің киген киімін, жейдесінің түсін, шалбарының тігілу формасын, аяқкиімінің «маркасына» дейін тізіп шығады. Бір жолы Ләйлә Сұлтанқызы Алишер Каримовтың киіміне әбден тиісіп, «адамның бойы ұзын болса да епетейсіз көрінеді екен, қараңыздаршы, Алишердің киген киімі өзіне жарасымсыз» деп қалды. Бұлай сын айту Ләйләнің өзіне жарасымсыз екенін көк жәшікке сырттан үңіліп оттырған көрермен байқаған болар. Ал сарапшылар арасында жұртшылықты аузына қаратып үлгерген Дина Төлепберген бар. Бұл аруымыз үнемі белден төмен айтқанға жаны құмар жан. Бірде Ғаділбек Жанай ән салып шыққанда, әнге емес, әншінің ғаламтордағы әлеміне тиісіп, неге суреттеріңді ауыстырмайсың деп тиіскені еріксіз күлкіңді келтіреді. Жалпы, Дина ханым жобаға өзінің үстіне киген киімін көрсету үшін қатысатын сияқты. Әр бағдарлама сайын орнынан тұрып, жаңадан сатып алғанын айтып, әдемі көйлектерін бір көрсетіп, өзін жарнамалап қояды. Әлде аруымызға жарнама жетіспей жүр ме екен? Жеңіс Сейдолла ағамыз да жарнамаға «сусап» жүр-ау шамасы. Бір жолы бір әншіміз әп-әдемі әнді жап-жақсы орындап шықты. Барлық қазылар, әнге лайық, «10» деген баға берді де, Жеңіс Сейдолла «8» санын көтерді. Сонда сарапшы Қымбат Досжан одан «сіз неге сегізді көтересіз» деп сұрап еді, Жеңіс ағамыз «машинамның нөмері сегіз» деп жауап қатты. Ол кісінің машинасы бар екенін жұртшылық жақсы біледі, әлде нөмерінің қымбат тұратынын көрсеткісі келді ме? Жалпы, аталмыш бағдарла­ма­ны қолға алып, көрерменге ұсынар кезде «жарнама» үшін жасаған секілді. Баянға жарнама жасау үшін. Баян Есентаеваның идеясы, мақсаты – Баянды на­сихаттау. Рас, психолог мамандардың айтуынша, адам өз-өзін жақсы көруі керек. Бірақ, Баян көрерменге қызмет етіп тұрған сәтінде өз-өзін бір сәтке ұмытып, көрерменді жақсы көрсе екен деген ой келеді. Баянның еңбекқорлығына сөз жоқ. Әдемілігі, тартымдылығы, эфирге лайық кескін-келбеті, сыр-сымбаты, бәрі де өзіне жарасымды. Өзіне лайық қазақшасы да бар. Алайда, осы аруымызға қайсыбір тұста бір мысқал қарапайымдылық жетіспей жатады. Ең бастысы, қай телеарна, қандай бағдарлама болмасын, қазақ елінің мәдениеті мен әдебиетін, тілі мен ділін, тарихы мен өнерін ұштастырса деген тілек біздікі... Әсел РЗА