«Изаура күңнен» –«Ағайындыға» дейін...
2011 ж. 02 желтоқсан
2130
3
Жазушы-драматург Дулат Исабеков бір сөзінде: «Қазіргі журналистер қазақ киносы туралы мақала жазуды «Қыз Жібек» пен «Менің атым Қожаны» жоқтаудан бастайды» деп ашына айтып еді. Содан бері сол үрдіс сәл-пәл өзгергендей. Соңғы кезде журналистер телесериал жайын қозғағанда «түріктер мен кәрістер санамызды улап жатыр» дегенді бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай қайталайды. Және де бұл «сын» жаттанды дабылға айналып барады.
«Күн күркірейді, найзағай жарқырайды, соқырға найзағайдың жарқылы емес, күннің күркіреуі қорқынышты». Әр елдің, әр халықтың мәдени дәстүріне құрметпен қарау – ұлылық нышаны. Санасы берік, жан-жақты ойлана білген адамға шетел сериалдарының ұлттық сезіміміздің қадіріне дақ түсіріп, тәрбиесіздікке жол ашқан түгі де жоқ. Жоғары талғаммен түсірілген шетел сериалдарына рухани сұраныстағы талғамы биік телекөрермен бар. Олардың тілегін, сұранысын орындау да міндет екенін ұмытпағанымыз абзал.
Сериал тарихының
сыры
Телесериалдардың пайда болуы радионың жанрлық түрленуі мен киноның техникалық жаңа мүмкіндіктерінің тоғысқан кезеңіне сәйкес келеді. Осының негізінде әлемдік экран өнерінде, дәлірек айтқанда, XX ғасырдың 30-шы жылдарынан бастап телесериал өзінің құрылымы мен техникасының ерекшелігімен айқындала бастады.
Әлемдегі телесериалдардың алғашқы көрсетілімі Америкада 1947 жылы пайда болғаннан бері үздіксіз даму үстінде. Перуде 1960 жылдардың басында теленовелла пайда бола салысымен, әлемді «Изаура күң», «Байлар да жылайды», «Просто Мария» сериалдары жаулап алды. Содан кейін теленовелла өндірісі тоқырауға ұшырап, тек 1990-шы жылдары ғана қайта игерілді.
Қазақстанда ұлттық телевидение деген ұғым Тәуелсіздік алған 90-шы жылдары ғана пайда болса, отандық сериал түсіру 1997-ші жылдары ғана қолға алынды. Алайда, түрлі себептерге байланысты өте баяу дамыды. Тек соңғы бес-алты жылдың көлемінде түрлі форматта, түрлі бағытта телесериал түсіріле бастады.
Телесериал көрерменді қалай тартады?
Қазіргі көрермендердің сериалды қалай қабылдайтыны жайлы ресейлік «Искусство кино» журналының журналистері арнайы зерттеу жүргізді. Сонда көрермендер сериалдың кешкі көрсетілімі кезінде одан интерьер әсемдігін, табиғат сұлулығын, сәнді киім мен кейіпкерлердің өзара шынайы қатынасын; олардың заманға сайлылығын, позитивті екпіннің басым болғанын; сюжеттердің шынайылығын, өмірлік, романтикалық тілектердің орындалуын көргісі келетіндіктерін айтқан. Ал көрермендердің қызығушылықтарын бәсеңдететін – заңсыздықты және адамның қорғансыздығын, кейіпкерлердің арасындағы жауыздықты дәріптеуді; көңіл-күйге кері әсер ететін ауыр кадрлардың көп болғанын қаламайтынын; сюжеттің тым қарабайырлығын көргілері келмейтіндіктерін айтқан. Сериалдың мақсаты – көрермендерді тарту, оның назарын экранға аудару. Осы айтылған қасиеттердің барлығы сериалдың табысты болуы үшін қажет-ақ, бірақ, жеткіліксіз. Сериалдың идеясы кеңістік пен санадан тыс болатын «мифтермен» және сол жиынтық бейнелердің мазмұнымен сәйкес болуы қажет. Басқа сөзбен айтқанда, көрермендердің жұмбақ үміттері «орындалуы» үшін, олардың ойындағысын «жүзеге асыру» үшін белгілі бір ертегінің құрылымы құрылады. Екі әлем – сериал мен көрермен әлемдері бір-бірімен қабысқанда ғана табыстың кілтіне айналады.
Сериалдың сәтті болуының тағы бір құпиясы – ол сол кезеңнің, уақыттың мәдени және қоғамдық жайттарымен сәйкес болуы шарт. Сәйкес болғанда да тікелей емес, көрсетілім кезінде теледидар алдында отырған көрерменнің жеке басының құндылықтарына, қабылдау түйсігіне ешқандай қауіп төндірмейтін атмосфера қажет. Көрермен өзінің қорғансыздығын, өлімнің жақындығын және басқа да экзистенциялық мәселелерді еске түсіргенін қаламайды. Міне, «санамызды жаулап алған» түрік, корей сериалдары осы техникалардың барлығын мұқият ескереді. Сондықтан да көрермендеріміз оларды жылы әрі жақын қабылдайды.
Статистикалық мағлұматтарға жүгінсек, халықтың 70%-дан астамы теледидар тамашалайды. Сондықтан кейбір мемлекеттерде әлеуметті қорғаушы мамандар сериалдың адам психологиясы мен қоғамға әкелетін кейбір зияндарын алға тартып, оны қазіргі заманның басты күрделі мәселелерінің бірі ретінде қозғайды. Олар көрермен өздерінің сұрғылт, қарапайым өмірін түрлі-түсті, шытырман оқиғалы, қақтығысты, жасанды, ойдан шығарылған «сериалдар әлеміне» ауыстыруын алкоголь мен наркодәрілермен шамалас тәуелділікке алып келеді деп тұжырымдайды. Дегенмен, көрерменді талғамсыз деп айтуға болмайды, олар экранға қарап отырып ертегі көріп отырғанын біледі, нақ сол «ертегіні» көргісі келеді және «ертегілер» мен шынайы өмірді саналы түрде ажырата алады.
Алғашқы шетелдік
телесериал қазаққа қашан келді?
Қазақ телевизизиясында алғаш болып латынамерикалық телесериалдар көрсетілгені белгілі. Ол сериалдардың көбінесе үй шаруасындағы әйелдер арасында беделі биік болды. Қалай дегенмен өзге елдің мүлде жат менталитеті үлкен саяси төңкерістен енді есін жиып жатқан ұлттың санасына ауырлық түсіру қорқынышы болғаны рас. Алайда, қазақ телекөрермендері сериал әлемінде, ең бастысы, тек сюжеттік мазмұн мен кейіпкерлердің мінез-құлықтарын тамашалаумен шектелді.
Соңғы он жылдың көлемінде нағыз отбасылық көрсетілімге сай түрік телесериалдарының рейтингі әлі өз орнынан түсер емес. Әсіресе алғашқы көрсетілген «Королек – птичка певчая», «Асау жүрек» атты сериалдарын көрермендер әлі ұмыта қойған жоқ. Ұлттық бояуы қанық, адами құндылықтарды дәріптейтін түрік сериалдары жаңа «ертегіге» шөліркеген қазақ көрермендерін қанағаттандыра алды.
Қазақ халқы 90-шы жылдардың аяғы, 2000 жылдардың басында түрік, корей сериалдарымен таныса бастады. Осы телесериалдардың барлығы жоғары рейтингте өтіп отырды. 2005 жылдары дамыған мемлекеттердің біразын жаулап алған «кәрістер толқыны» Қазақстанға да келіп жетті. «Ва банк», «Жемчужина дворца», «Феникс», «Осень в моем сердце» т.б. кәріс телесериалдары халық арасында аз уақыттың ішінде танымал болып үлгерді. Оңтүстік Корея сериалдарының ерекшелігі – мәңгілік тақырып – махаббатты биік дәрежеде дәріптейтіндігінде, адамдар арасындағы қатынас мейірімділік пен ізгілікке құрылатындығында, соңында әділдік пен жақсылықтың жеңетіндігінде. Кәріс сериалдары дәстүр мен қазіргі заманды, Шығыс пен Батыс ағымдарын үйлестіре білгендіктен халыққа түсінікті, тез қабылдауға ыңғайлы. Тарихи, комедия, драма, мелодрама жанрларындағы кәріс сериалдары ұлттық, жанұялық, бүкіл адамзаттық құндылықтарды дәріптеп және соның бәрін Азия халықтарына тән сезімталдықпен көрсетті. Бүгінде қазақ көрермендерінің талғамы телеэкран өнері ертерек дамыған Еуропа, Латынамерика елдерінің көрермендерінің талғамымен сәйкес келетін жағдайға жетті.
Өз өнімдеріміз жайлы не білеміз?
Шетелдік сериалдар тәжірибесі қазіргі жағдайда қазақ киносына да өз ықпалын әкелді. Қазақстанда ең алғашқы деп «КТК» телеарнасының қатысуымен түсірілген «Глупая история» атты сериалды атауға болады. Бұл латынамерикалық теленовеллаларды көріп үйренген қазақ көрермендерінің отандық сериалды қабылдауға дайындығын тексергендей болды. Аталмыш фильм 1996 жылы «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген 465 сериялық «Перекресток» телесериалына жол ашты. Ұлыбританияның «BBС» телекомпаниясының мамандарымен бірігіп түсірілген бұл теленовелла ТМД елдерінің ішіндегі англо-америкалық жүйеде түсірілген алғашқы телесериал болып саналады. Түсірілімі мен көрсетілімі шынайы сериалдың қазақстандық көрермендер арасында рейтингі жоғары болды.
2001 жылы детектив жанрында «Саранча» (260 серия) телесериалы түсірілді. «Саранча» сол уақытта қазақ экранын жаулап алған ресейлік детективті сериалдармен теңесіп, өзінің криминалдық ұшқыр сюжетімен ерекшеленді. Онда ұрлық, тонау, жемқорлық, жезөкшелік секілді тақырыптар көтеріліп, сюжет есірткі мафиясымен және есірткінің таратылуы мен қолдануына қарсы күрес баяндалды. Тек 2007-2008 жылдардан бастап қазақ телесериалдары өндірісі түбегейлі қолға алынып, «Ангелочек», «Ағайынды», 2009-2010 жылдары «Город мечты», «Астана – моя любовь», «Откройте дверь – я счастье!», «Жаным» телефильмдерінің, жаңа форматтағы «Айналайын», «Құрдастар», «Әсел және оның достары», «Жасұлан» телесериалдарының тұсауы кесілді.
Айта кететін тағы бір қуантарлық жәйт, аз уақыттың ішінде телесериал өндіруші топтың қалыптасып үлгергені. Қиындығына қарамай аянбаған қазақ телесериалдарының көрнекті мамандары Абай Қарпықов, Сергей Азимов, Борис Чердабаев, Ақан Сатай, Әлия Увальжанова, Ләйлә Ақынжанова, Тимур Жақсылықов, Ермек Тұрсынов, Ғазиз Насыров, Ермек Шынарбаев, Эрнест Әбдіжапаров, Галина Ефимова, Болат Қалымбетов, Рымбек Әлпиев, Игорь Гонопольский, Ерлан Жұмабековтердың еңбектері орасан зор. Ал актерлар үшін телесериалдың түсірілу алаңы нағыз шығармашылықтың қазанына айналды.
Қазақ телесериалының асар асуы алда
Елімізде алғашқы жылдары телесериал түсіру мамандар үшін алынбас қамал секілді көрінгенмен, соңғы жылдары ізін суытпай бірінен соң бірі шығып жатқан сериалдарға қарап бұл жанрды игерудің қиын емес екеніне көз жеткізіп келеміз. Оның түсірілу жүйесі, техникалық, көркемдік ерекшеліктері, актерлық шеберліктері, форматтық ізденістері, жанрлық түрленуінің айырмашылықтарына қарап, ауыз толтырып айтарлықтай дәрежеде дамып келе жатқанын аңғаруға болады.
Сериал өндірісі дамыған мемлекеттер қатарында болмаса да, қазақ телесериал өндірісінің алар асуы әлі алда екеніне күмәніміз жоқ. Аздаған жылдардағы сериал тәжірибесіне көз жүгіртіп-ақ ол күннің алыс емес екенін сеземіз. Ең бастысы, отандық сериал өндірісі ұлттық арналар эфирімен шектеліп қалмай, әлемдік сериал нарығына шығуға ұмтылуы қажет.
Егер көрермендерді тек еліктіріп қана қоймай, алдына биік мақсат қойса, телесериал өнер туындысы да, заманның айшықты мәдени құбылысы да бола алады. Тіпті, тіршіліктегі күрделі мәселелерді шешудің бір жолын ұсынуы да мүмкін. Қазақ телекөрермендері рухани қанағаттанған тұста телесериалдар да өз мақсатына жетері сөзсіз.
Айдана АЛАМАН