ИСЛАМ – БЕЙБІТШІЛІК пен ЖАСАМПАЗДЫҚ ДІНІ

Ислам әрдайым бейбітшілік пен толеранттылықтың, жасампаздық пен үйлесімділіктің діні болып саналады. Бұл туралы бүгін елордада өтіп жатқан «Рухани Жібек жолы. Ислам және жастар: қазіргі заманғы сын-қатерлер» тақырыбындағы IV халықаралық діни-ғылыми конференцияда ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев айтты. «Қазақстан мен Өзбекстан, Тәжікстан мен Қырғызстан және Түрікменстан мұсылмандар қауымы көп шоғырланған зайырлы мемлекеттер. Бүгінгі конференцияға Ресей Федерациясы, Қытай, Финляндия мен Моңғолия елдерінің өкілдері де арнайы қатысып отыр», – деп атап өтті Д.Абаев. Осы ретте министр Тәуелсіздік алған жылдардан бері біздің республикамызда Исламның, жалпы діннің рөлі айтарлықтай артқанын айтты. «Біздің халықта, сіздердің ел тұрғындары да ықылым заманнан бері Исламның Ханафи масхабын ұстанады. Бұл көне дәстүрлерімізбен тығыз сабақтасып жатқан объективті, рационалды қадамдардың алға қоятын бағыты. Орталық Азияда Ислам әрдайым бейбітшілік пен толеранттылықтың, жасампаздық пен үйлесім­діліктің діні болып саналады. Біз үшін осы мұраны көздің қарашығындай сақтау өте маңызды», – деді ол.

qazaquni.kz