ЖЫР БОЛЫП ӨРІЛГЕН, ӘН БОЛЫП ТӨГІЛГЕН - ҚАНЫШ
2019 ж. 10 сәуір
5807
0
9 сәуірде, Сәтбаев қаласындағы Достық Үйінде академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың туғанына -120 жыл толуына арналған "ЖЫР БОЛЫП ӨРІЛГЕН, ӘН БОЛЫП ТӨГІЛГЕН - ҚАНЫШ!" тақырыбымен әдеби -музыкалы кеш болып өтті. Кешті "Шындық" қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды. Зал ішін көңілді музыка әуені тербеп тұр. Экраннан Қаныш Сәтбаевтың өмірінен сыр шертетін суреттер рет-ретімен көрсетілуде. Кеш қонақтарының жарқын жүздері олардың мерекелік көңіл -күйлерінен хабар бергендей.
Кешті "Шындық" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Абдолла Дастанов қысқаша сөз сөйлеп ашты. Ол Баянауылдың баурайындағы сәуірдің самалы желпіген жусанды даладағы Имантай бидің шаңырағында осыдан 120 жыл бұрын өмірге келген, есімі азан шақырылып, "Ғабдулғани" деп қойылған сол баланың кейін ұлтымыздың ұлы перзентіне, әлемдік тұлғаға, ақыл -ойдың алыбы, қазақтың әлем мойындаған ғалымы Қаныш Имантайұлы Сәтбаевқа айналғанын атап өтті. Бұдан соң кешке жиналғандарды Сәтбаев қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қанат Жанділдаұлы Төлеш мырза құттықтады. - Біз өте бақытты жандармыз. Өйткені, біз әлемдік деңгейдегі ұлы ғалым Қаныш Имантайұлының құрметіне қойылған, әлемдегі бірден - бір жалғыз қала - Сәтбаев қаласында тұрамыз! Мұны зор мақтаныш тұту аздық етеді, біз Қаныш бабамыздың рухына сай болып өсуге ұмтылуымыз керек. Бұл үшін ұлы тұлғаны тани түсуіміз керек - деген Қ.Төлеш қаладағы мәдени-көпшілік жұмыстарға белсене араласқаны үшін "Шындық" қоғамдық бірлестігіне қала әкімі Асқар Ыдырысовтың Алғыс хатын табыстады. Еңбек ардагері, қаланың Құрметті азаматы, ҚР еңбегі сіңген энергетик Яхия Жақыпбекұлы Асатов бала кезінде Қаныш Имантайұлының қолына су құйған сәттерін, ол кісінің зерттеу жүргізудегі өзгешеліктерін қызықты етіп әңгімелеп берді. - Менің кішкентай кезім ғой, Қанекең жайлауда отыратын әкеміздің үйіне жиі келетін. Кейде ол кісі басымды жуып алайыншы дейді, сондайда бойым жетпейтін болғасын, аяғымның астына ағаш шабатын жаңғырықты қойып алатын едім - деген Яхия Жақыпбекұлы атылған құстардың жұтқыншақтарында тұрып қалған шөптерді ақтарып отырып, Қанекең сол құс мекендеген маңайда қандай кен болуы мүмкіндігін болжап отыратынын да айтты. Бұл шынында да, Қаныш ағаның зерттеу тәсілдерінің тек жер қойнауын бұрғылаумен шектеліп қалмағанын айғақтайтын қызықты дерек еді. Ардақты ана Алтыншаш Жалмағамбетова Қанекеңнің көзін көрген санаулы жандардың бірі. Ол қазір Жезқазған қаласында тұрады. Кешке арнайы шұақырылған ол өз естелігімен бөлісті. - Мен ол кісіні екі мәрте, 1956 жылы және 1962 жылы көрдім. Алғашында
Жезді өзенінің бойында үш киіз үй тігіп ғалым ағаны отбасымен, достарымен бірге қонақ еткен болатынбыз. Сол жолы Қаныш ағаның зайыбы Таиса Алексеевнаның қасында отырып түскен суретім, үйдегі альбомда сақтаулы тұр. Екінші рет, Жезқазған поселкесінлдегі Кеншілер Мәдениет үйінде ол кісімен кездесу өтті. Айы-күнімнің жетіп отырғаныма қарамастан бардым. Өйткені, сондай үлкен адам келіп жатқанда, оның бір ауыз сөзін естіп қалмасақ бола ма? Кездесу өте тамаша өтті. Ол кісі ақырын сөйлейді екен, жұрттың ықыласында шек болмады. Кездесуден соң, үйге келгесін толғағым басталып, таң алдында дүниеге ұл әкелдім. Отағасым Иманбай Жалмағамбетов "Қанекең келіп жатқанда туған ұлдың есімін сол кісіге ұқсасын деген ырыммен "Қаныш" деп қойды - деген Алтыншаш апа қасына ертіп келген ұлы Қанышты да көпшілікке таныстыра кетті. Қаныш тойының шашуы және кездесу кешінің естелігі ретінде Алтыншаш апаға "Шырайлы шаһар - Сәтбаев!" фотоальбомы тарту етілді. Осы күндері Қ.И.Сәтбаевтың мерейтойы еліміздің барлық өңірінде атап өтіліп жатыр. Соның бірі Жамбыл облысы Меркі ауданы Қ.Сәтбаев атындағы мектепте жасалған "Қаныш Сәтбаев қазақтың ғұлама ғалымы" деп аталатын стендке ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы Мұса Тілеуовтің Қанекеңе арналған "Ең кішкене қазақ" деп аталатын өлеңінің бір шумағы жазылып қойылыпты. Кеш барысында бұл туралы хабарланғанда жиналған қауым ризашылықпен қол соқты. Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Мұса Тілеуов те құттықтау сөз сөйлеп, өлең оқыды. Ол өзінің "Арқаның ару көктемі" деп аталатын кітабын кештің құрметті қонағы Алтыншаш апаға қолтаңба жазып, сыйлады. Қаладағы №16 мектептің мұғалімі Құрманғали Тәшетов композитор М.Түсіпбековтің "Қаныштың қаласында" әнін домбырамен орындаса, жас бишілер тобы "Әлхисса" биімен кештің көркін аша түсті. №16 мектептің мұғалімі, ақын Дәуренбек Бұланбаев кешке өзінің шәкірті Гүлжан Мұхитты ерте келіпті. Олардың екеуінің де Қаныш ата рухына бағыштаған өлеңдері көптің көңілінен шықты. Кеш жүргізушісі бұдан соң көпшілікті Қанекеңнің туған өлкесі Баянауылға экран арқылы саяхаттауға шақырды. Сөйтіп, экраннан ғалымның Баянауылдағы орнатылған ескерткішінің, мұражайындағы жәдігерлердің суреттері көрсетіліп, тиісті түсініктер берілді. Қаныш Имантайұлына қатысты кез келген жаңа дерек, мәліметтің табылуы -үлкен олжа екені айтпаса да түсінікті. Кешке жиналған қауым ғалымның өмірінің соңғы сәттерінен сыр шертетін, С.Сарғасқаеваның мемлекеттік архивке кейінгі жылдары тапсырған суреттерді де экраннан тамашалау мүмкіндігіне ие болды. Кеш соңы Нұрлан Керімбеков пен Мәуия Бекмағамбетованың "Сәтбаев вальсімен" аяқталды. - Осындағы аға, апаларымыз Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың көзін көргенін мақтаныш етсе, мен ұлы адамның есімін иеленген қаланың Гимні іспетті осы әнді 15 жылдан бері айтып келе жатқанымды мақтан тұтамын - деген №16 мектептің мұғалимасы, Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы, Ы.Алтынсарин атындағы медаль иегері Айгүл Күлшікенова аталған әнді нақышына келтіре орындағанда, жиналғандар бірге қосылып, шырқағаны тіпті, керемет болды. Көпшілік ұлы Қаныш Сәтбаевқа деген өздерінің ыстық ықыластарын осылайша танытты. Кешке қатысушылар соңынан естелік суретке түсті.
Абдолла Дастанов,
qazaquni.kz