Елбасының шақыруымен Отанға оралған Арыстан Шәдетұлы
2019 ж. 09 сәуір
3131
1
Тengrinews.kz порталы Германияға барғып Мұстафа Шоқайдың қабірін тапқан, тағдыры талай ұрпаққа өнеге болатын, Елбасы Н. Назарбаевтың шақыртауымен отанына оралған Арыстан Шәдетұлы туралы келелі мақала әзірлеген екен. Аталмыш мақаланы "Қазақ үні" оқырмандарына ұсынуды жөн санадық.
Еуропадағы қазақтар түгел жиналды. Айтылған уақытта Елбасының қабылдауына ие болдық. Мұнда да Нұрекең келгендермен бір-бір танысып, бүкпесіз ұзақ кеңесті. Біз Қазақстанның елтаңбасы бар егемен ел болғанына қуанышымызды білдіріп, президенттің өзін құттықтап сөйледік. Мұндағы Германия мен Түркияда қоныстанған қазақтардың тарихи жағдайын хабардар етіп, (...) мұң-мұқтажымызды жеткіздік. (...) Елбасы қайтатын күні қоштасып, шығарып салғаным әлі есімде, жеңіл машинаға отырған Елбасының есігін өзім жауып қоштасқанымда көзімнен жас домалап кетті. Елбасы отырған машина сәл алға жылжыды да, тоқтай қалды. Есіктен қайта шыққан Елбасымыз:
- Неге жылайсың, жылап қалғанша менімен бірге елге қайт, жүр! - деді. Амал не? Бұл кезде менің паспорт, виза сияқты дайындықтарым әзір болғанда ойланбастан кете берер едім. Амалсыз әзірлігімнің жоқтығын білдірген едім.
Елбасы:
- Онда амандық болса әлі талай кездесеміз. Зейнетке шыққан соң елге қайт! - деді. Мен "Мақұл" деп, уағда еткендей болып, қоштасып қала бердім.
Бұл 1991 жылы күзде тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев пен біздің кейіпкер Арыстан Шәдетұлының арасында болған әңгімеден үзінді. Алтайда дүниеге келген Арыстан ата бүгінде сексеннен асты. 1937 жылы дүниеге келген. Арыстан қажыны елімізге белгілі адам десек қателеспейміз, себебі ол "Қара жорға" биін Қазақстанға қайта жаңғыртып әкелген жан. Ол Қытайда тұрғанда Шыңжаң өлкесіндегі Алтай аймағының Шіңгіл ауданында қазақтың "Қара жорғасын" 10300 адам билеп, бұл Гиннес кітабына жазылған. Билеушілердің басым көбі қазақтар, қалғандары - моңғол, дүнген, ұйғыр ұлтының өкілдері болған. Сондай-ақ, Арыстан Тосын 1966 жылы алғаш Германияға барғанда Мұстафа Шоқайдың қабірін тапқан жан.
Ол алты жасынан бастап жалшылықта ғұмыр кешкен. Он төрт жасында Гималайды жаяу асып, балалық шағын өмірінде көрмеген шетелдің ірі қалаларында босқын болып өткізген, онда өз отбасына ғана емес, айналасындағы барлық елге қамқор болған жан. Десе де, көрген қиындықтары жүрегіндегі елге, туған жерге деген ыстық ықыласын сақтап қалуға кедергі келтірмеген. Оған Арыстан Шәдетұлының тәуелсіздік алғаннан кейін 1992 жылы екі өкпесін қолына ұстап елге қайтуы дәлел.
Жақында кейіпкеріміз туралы өзі өмір сүрген дәуірдің тіршілік тынысын болашақ ұрпаққа ұқтыру, жеткізу үшін, оның тағдыры кейінгілерге үлгі болар деген сеніммен "Аңсаған арман" атты шежіре кітабы жарық көрген. Онда Арыстан Шәдетұлының бала кезден қазіргі уақытқа дейінгі өмірі сипатталып жазылған. Tengrinews.kz тілшісі оқырмандарға Арыстан қажының елге қайтудағы оқиғасын, Елбасымен кездесуін, Отандағы жағдайы жайлы баяндап беруді жөн көрді.
Еркіндік, бостандық, теңдік іздеген көшпен бірге Арыстан Шәдетұлы 7 жасында отбасымен туып-өскен Алтайдан айырылып, жол бойы қиыншылық көріп Баркөлді өтіп, ішкі Қытайдың "ыңхай", "гансу" өңірін басып, "тәкіләмәкән" шөлі, тарым ойпаттарын жаяу-жалпы жүріп, қар қамтаған сан мың шақырым жолды кезіп Гималай тауларын асқан.
1951 жылы босқын жұрт Үндістанға жеткен. Бірнеше уақыттан кейін аман қалғандары Түркияға бет алып, оған 1954 жылы жеткен. Арыстан Шәдетұлының туыстары әлі де осы елде тұрады. Босқын елді Түркия мемлекеті ыстық ықыласпен қарсы алған екен, тіпті неше күн бойы арнаулы күзетшінің бақылауында болыпты. Оларға өз еркімен қоныстануға рұқсат берген.
Осылайша ел ағалары ақылдасып, Ниде облысы Ұлықшыла ауданына қоныстануды жөн көріп, онда бір жүз алпыс үш түтін орныққан. Олардың еңбекқорлығына риза болған Түркия билігі әр жан басына отыз гектар шөлейт жер арнайы бөліп, жағдай жасауға көмектескен екен.
Арыстан Тосынның отбасы Осылайша ондағы қазақтар халықтың ақ көңіл, адал ниетті, ашық-жарқын, мәдениетті екенін көрсеткісі келіп, ұлтын жаман атты қылмас үшін, намысқа тырысып, еңбекқорлығы мен абыройлы игі істерінің арқасында "Қазақ мәдениет қоғамы" құрылыпты. Оған Арыстан ақсақал:
- Сондағы талпыныстардың барлығы қазақ деген ұлттың атына селкеу түсірмеу үшін құлшыну арқылы бүтін түрік ұлтына сенім орнатқан еңбегіміз елеулі болды, - деп мақтанышпен пікір білдіреді.
Арыстан Шәдетұлы неміс және түрік азаматтарынан "Ер Қазақ" атағын алған. Ол 60-жылдары Берлинде халықаралық пошта мекемесінде жұмыс істеген. Ол кезде жары Нұрзағи мен балалары Түркияда тұрған. Ол отбасын сағынғанда жанындағы адамдардың "Мұның батырлық емес, ақымақтық", "Шексіз жапан далада көлігің бұзылып қалса, аштан өліп, аң-құсқа жем боласың" деген сөздеріне құлақ аспай, Берлин мен Түркия арасындағы 2600 шақырым жолға көлігімен шығып кеткен. Ол кезде жағдайы жақсы емес, ұшақ билеті қымбат, ал пойызбен жүру тым ұзақ, ал көлік тізгінінде өзі отырса, күн-түн демей жететініне сенімді болған екен. Берлин мен Түркияның арасында күн көріп жүргенде, уақыт та өте шыққан. 1969 жылы аңсаған Алматыға барып, шынымен жер жәннатын көргендей, ата-жұртына еміреніп, ақын болмаса да шабыттанғаннан "Алматым" өлеңін шығарыпты. Міне, осы сапардан Германияға оралған соң, Арыстан ақсақал қазақ даласын мақтаудан жалықпаған екен. Ол дербес ұлт болуды қатты аңсаған. Себебі әкесі Шәдет бабалар армандаған азаттыққа, теңдікке қол жеткізу жолында соғысты, күресті, босқын өмірді кешкен күнде, Гималайда жүріп 49 жасында қайтыс болғанын көрген ол қалайша ұлтшыл, отаншыл болмасын.
Осылайша күзде 1991 жылы Германияда Арыстан ата отбасымен теледидар көріп отырғанда Қазақстан дербестігін жариялап, Президент Нұрсұлтан Назарбаев болғанын естиді. Оның қуанғаны сонша, отырған орнынан атып тұрып, жанарынан ағыл-тегіл жас төгіліп, айғайлап жіберіпті. Кітапта "Бәйбіше, ел болыппыз, сүйінші, бәйбіше, ата-бабам ғасырлар бойы аңсаған өз алдына мемлекет болыппыз" деген кейіпкеріміздің қуанышқа толы сөздері берілген.
Жақсы хабарды естіген барлық шет елдегі қазақ бір-бірін телефон арқылы құттықтап, бөркін аспанға лақтырып жатқанда Арыстан аға "Қазақ дербес ел болды" деп ағайын-жұрт, дос-жарандарына дастархан жайып үлгерген екен.
Егемен Қазақстанның көк байрағын желбіретіп, Елбасы қазақ елін жаңа белестерге алып шығу қамында әлем аралап, 1991 жылы 31 қазанда Лондонға келеді. Оны естіген Арыстан ата байып таппай, тез арада Берлиннен Лондонға аттанып кетеді. Онда Президентпен амалын тауып кездеседі. Онымен бірнеше күн бойы бірге болып, ақтарыла сөйлеседі. Сөйтіп Германияға келетін сапарында күтіп алатынын айтып, уағдаласады.
Ұзамай Елбасы Берлинге келеді. Онда Арыстан ата қайта амалын тауып Нұрсұлтан Назарбаевпен екінші күні кездеседі. Нәтижесінде, келесі күні аяқ жетер жердегі Еуропадағы қазақтар түгел жиналып Елбасымен жүздеседі. Кездесулер сәтті өтіп, ел басшысы Түркия, Германия қазақтарына жағдай жасауды мүмкіндігінше ойластыратынын айтып, барлығын риза етіп кетеді.
1992 жылы Арыстан Шәдетұлы Қазақстанға біржола көшіп келеді. Осылайша, ол жылдар бойы аңсаған арманға кол жеткізеді, отанына оралады. Бүгінде ол Алматы облысы, Қарасай батыр ауданының Райымбек ауылында отбасымен тұрады. Онда Зуқа қажы атындағы мешіт тұрғызып, қазір ол жерде балалар дін оқуын оқиды. Арыстан қажы үлкен жасына қарамастан ел аралаудан жалықпайды. Бірер жыл бұрын көлікпен Моңғолияға барып келген. Туған-туыс, жақындары тұратын Түркияға да жиі барып келеді. Жақын арада Германияға жол тартпақ.
Автор: Камила Долаева
Суреттер: Жеке мұрағаттан