Дос туралы жыр
2019 ж. 30 наурыз
3425
0
Ол екеуміз сонау өткен ғасырдың 50-ші жылдарында Қостанай облысынан келіп, Алматыдағы С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінде (қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) қатар оқыдық. Қоғабай (Сәрсекеев) журналистика факультетінде, мен экономика факультетінде. Сол кездегі студент жастардың дәстүрі бойынша әрбір мерекелерде,туған күндерде жерлестер бас қосып тұратынбыз. Мен сол кездегі Семиозер (қазіргі Әулиекөл) ауданындағы қазақ орта мектебін, Қоғабай ежелгі Торғайдағы Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектебін аяқтағанбыз.
Менің мектепті бірге бітіріп, КазГУ-дың экономика факультетінде бірге оқыған досым академик Кенжеғали Сағадиевтің туған жері – сол ежелгі Торғай ауданы еді. Мінеки, Қоғабай екеуміздің танысып-білісуімізге сол Кенжеғали дәнекер болды.
Жастық шақта әркімде өзінің «Мен» деген намысы болады. Сондықтан да, біз балалық шақтағы қиындықтарымыздан сыр шерте бермейтінбіз. Бертін келгенде, әбден етене танысып, араласып кеткен соң ғана Қоғабайдың да балалық шақта жетімдікті қатты сезінген жігіт екенін білдім.
Бірде ол былай деді: «Сағындық, мен неге екенін білмеймін, барлық жетістігіме сол кезеңде жетсем де, Кеңестік дәуірдің енді қайта келмеуін тілеймін. Білесің бе, мен де өзің секілді жетім өскен бала болдым. Әкем майданнан оралған жоқ. Ал, анам болса қорада қамауда тұрып, әлдебір себептермен өртеніп кеткен колхоздың қырық бұзауы үшін түрмеде отырыпты. Жаңа туған мені анамнан айыруға батылы бармаған өкіметтіктер анаммен бірге қамапты. Сөйтіп, ана сүтінің дәмін түрмеде татқан екенмін. Аталарым жаңа қоғамдық биліктің қалауымен итжеккенге айдалған екен. Осындай жағдайды бастан кешкен сәбидің 3 жасында соғыс басталып, ол бақандай 4 жылға созылса, 7 жасқа дейін қандай құқайды көргенімді енді өзің түсіне бер. Сол түрме мен сол соғыстың жарасы тәнімде болмағанмен, жанымда сақталған секілді».
Осыны айтқан досым ауыр күрсінді. Бұл – соғыстың жетімегі маған ерекше танымал көрініс. Сондықтан да, арқамнан сұм заманның қамшысы осып өткендей әсерде қалдым.
Қоғабай Сәрсекеев – бастапқыда колхоз заманындағы ауыл өмірін әңгімелері мен повестеріне өзек еткен жазушы. Оның бұл тақырыпты таңдауына да жоғарыдағыдай жағдай себеп болған шығар.
Қарымды қаламгер көзі тірісінде 21 ұстанымды жазды. Соның бірінде жазушы былай деген екен: «Қазақ, Президентіңді, Туыңды, Әнұраныңды, Елтаңбаңды қастерле! Бұлар – сенің Тәуелсіздігіңнің тірегі. Тәуелсіздіктен асқан бақыт жоқ. Тәуелсіздігіңді баянды ет!».
Мұндай ұстанымға не алып-қосуға болады?! Біздіңше, «Ақылдыдан шыққан сөз, талаптыға болсын кез», – деген Абайға төрелік беруден басқа ештеңе қалмаған секілді.
Бірде Қоғабай:
– Абайдың бес дұшпанын білесің бе? – деді.
– Білмегенде ше, өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ, – деп тақпақтай жөнелдім.
– Сендер – экономист-ғалымдар «тұрмыс жақсарса, бәрі де түзеледі» деп сөйлейсіңдер. Ал, Абай «тамағы тоқтық, уайымы жоқтық, аздырар адам баласын» деп кеткен. Ендеше, мен бүгінгі қазақта кешегі қазақтан гөрі дұшпан көп пе деймін. Бұрынғы Абай атаған бес дұшпан әлі сақталған. Оған мен тағы толып жатқан дұшпан тұсымызды қостым. Бұған қалай қарайсың? – деп бетіме қарап алды.
– Баянда, – дедім.
– Абайдың кезінде тіліміздің қаймағы бұзылмай тұрған еді. Қазіргі ұрпақтың біразы одан айырылды. Ол кезде дініміз бар еді. Жетпіс жылдық коммунистік билеп-төстеу санамызға «құдай жоқ» деген сөзді сіңірді. Егеменді ел болсақ та, дініміз қайта оралып, жер-жерде көптеп мешіттер салынып жатса да, ортамызда атеистер әлі жүр. Абайдың заманында бүкіл осы Қазақстан жерінде біртұтас ислам діні үстемдік құрған. Ал, қазір осы егеменді елімізде исламның өзінің бірнеше тармағы бір-бірімен күресіп жатыр. Демократия деген желеумен Қазақстанға еніп кеткен мүлде жат діни ағымдардың санын есептеп шығу қиын. Бесік жырын айтатын ана азайды. Бөбектің қолында «Барби» қуыршағы. Осылардың бәріне қоса капитализм заманында өмір сүріп жатсақ та, санамыз социализм дертімен әлі ауырып жүр. Бәріміз билікке өкпелейміз. Өз бетімізше күн көруге талпынбаймыз. Жеріміздің байлығы қаншалықты ырысымыз болса, соншалықты сорымыз да болып бара жатыр. Қазақ жалқауланып жүргенде, алыс-жақын шетелдіктер байып жатыр. Мінеки, осыларға қынжыламын, – деп Қоғабай ауыр күрсінді.
Мен де жер шұқылағандай күй кештім.
– Енді жағдай осылай болып тұрғанда сен сияқты қаламгерлер бірдеңе деулерің керек қой, – дедім біраздан кейін.
– Иә, солай істеу керек. Сондықтан да мен бүгінгі және болашақ қазақ ұрпағы үшін 21 ұстанымды қағазға түсірдім, – деді де Қоғабай сол ұстанымдарын тізбелеп айта жөнелді.
Есіме Абай бастаған қазақ зиялыларының еңбектері түсті. Бұл жолы мен Абайдың айтқандарын тізбелеп жатпай-ақ қояйын. Кешегі Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Әлихан Бөкейханов, Мұстафа Шоқай секілді алыптар шоғыры да дәл осылай сөйлеген еді. Ендеше, досым Қоғабайдың бұл талпынысы да құптарлық еді.
Әркім өз күн көрісін күйттеп кеткен мына заманда дос-жаранды сирек кездестіретін болдық қой. Қоғабаймен де солай анда-санда бір кездесіп қалатынбыз. Сондай бір жолығысулардың бірінде ол өз басынан өткен мынадай бір оқиғаны баяндады: «Сағындық, мен бір оқырманыма мүлде түсіндіре алмадым. Әдеттегі жазушының оқырманымен кездесуі ғой. Сонда бір оқырманым менен «Сіз байсыз ба?» деп сұрады. Мен ортадан жоғары күй кешіп жатқанымды айттым. Солай болса да оқырманым сенбеді. Мен: «Жақсы кітапханам бар, байлығым – сол», – дедім. Ол сенер емес. Мен: «Абайды, Алаш арыстарын көп оқимын, байлығым – солардың айтқандары», – дедім. Ол ертоқымын бауырына алып тулаған асаудай: «Жәй, фәлсапа ғой мұныңыз», – деді. Сонан соң «Елім егеменді, халқым тәуелсіз болды, менің ең мол байлығым – осы», – дедім. Ол бұл жауаптан да теріс айналды. Мінеки, мен осылайша бір оқырманыммен түсіністік таба алмадым. Ал, Абайдың байлықтың көбі ғылымда, яғни кітапта деп кеткені белгілі. Данышпанымыздың бұл ойы оны қанағаттандырмайды. Кешегі Алаш арыстары елдің егемендігі, ұлттың тәуелсіздігі үшін жанын пида еткен жоқ па?! Соған олар қол жеткізе алмай, бүгінгі ұрпақ қол жеткізген шақта, мұны, шамасы кейбіреулер бақыт пен байлықтың бастысы дегісі келмейді. Сонда қалай?».
Осылай өз жанын жаралаған сұрақтың жауабын менен күткендей досым ұзақ үнсіз қалды. Мен оған не дейін?! Менің пікірімше, елдің экономикалық дамуы, халықтың тұрмыстық жағдайының тәуірлеу болуы – ұрпаққа оң әсер етуі тиіс. Данышпан Абайымыз кеше ғылымды іздеу керек десе, жағдайы жақсарған мемлекетіміз бұған толық жол ашып отыр. Қазақтың бәрі сауатты. Ғылымымыз әлемдік деңгейден төмен дей алмаймыз. Ал, Қоғабайдың айтып отырғаны мынау...
Үнсіздікті Қоғабайдың өзі бұзды.
«Бұдан бұрынырақта «Қазақ» деп аталатын газеттің шығып тұрғанын білесің. Ендігі ойым, баяғы Ахаң бастаған Алаш арыстарының ХХ ғасырдың басында шығарған «Қазақ» газетін жаңғыртып, сол алыптардың мұраларын насихаттау еді. Солай жасап та келемін. Алаш арыстарының еңбектеріне талдау жасаған танымдық бірнеше кітаптар да шығардым. Бірақ, бұларым аздық ететін секілді. Бүгінгі ұрпақ менен және мен секілділерден көпті қажет етіп тұрғандай. Әрине, олар ақша сұрамайды. Сұраса да, мен олардың бәрін бірдей асырай алмаймын ғой. Демек, оқырманымның санасына қозғау салу ісін қолға алуым керек. Абайдан бастау алатын алдыңғы ұрпақтың зиялы қауымы түгелдей дерлік өз заманының қалың бұқарасындағы «сананы ояту» ісімен айналысқаны белгілі. «Оян, Қазақ!» дегенді бұл күндері кейбіреулер біржақты түсіндіріп жүр. Иә, олардың түсіндірулері де «Оян, Қазақ!» деген ұғымның ішіне енеді. Мұндағы ұғым тым ауқымды. «Әлемнің өзің секілді көп ұлты алға озып кетті, біз соған жетуіміз керек. Өмір сүру, ғылым қуу, ойлау, еңбек етуде өзгерістер жасауға тиіспіз. Ұлттық сілкініс керек», – деп тұрған секілді. Құдайға шүкір, егеменді еліміз жыл озған сайын жағдайын жақсартып келеді. Бірақ, біздің қазақта әлі де болса, «Ананың байлығы қайдан шыққан?» деу басым. Ал, менің ойлауымша, керісінше «Мен ешкімнен, француздан да, ағылшыннан да, жапоннан да, қытайдан да кем емеспін ғой, ендеше соларша өмір сүрейін», – деп талпыну керек. Мұны көбіміз ойлап жатпаймыз. Мен осыған қынжыламын. Ұлттық менталитетіміз өзгеруі керек. Әлі күнге дейін «Өкімет асырауға тиіс» деген санамен келе жатырмыз. Ал, мына қоғамда Өкімет тек қана заң шеңберінде жағдайыңды дұрыстауға жол ашып беруші ғана екенін түсінбейтіндер қатары көп. Мінеки, мен осы мәселелерді түсіндірумен айналыссам деймін. Ұлттың ұстазы Абаймен Ахмет Байтұрсыновтардың айтқандарын жаңа заман сұранысына сай халқыма жеткізсем, менің арманым жоқ», – деді.
Досымның бұл сөзі маған үлкен ой тастады. Ұзақ уақыттан бері ежелгі «Қазақ» газетін қайта жаңғыртқан және оны сырттың көмегінсіз өз қаражатына шығарған Қоғабайға сырттай риза болушы едім. Ал, мына ойы менің көкейімнен шыққандай болды.
Иә, біз егеменді, нарықтық қоғамдағы ел болып дамып бара жатырмыз. Бірақ, осының бәрін беріп жатқан макроэкономика. Ал, ежелден нарықтық қатынастағы мемлекеттерде еңбекке жарайтындардың бәрі кәсіпкер. Ең өкініштісі, Кеңестік әлеуметтік-экономикалық құрылым көпті бергенімен, ұлтымыздан көпті де алыпты. Айталық, біздің аналарымыз бен әжелеріміз, әкелеріміз бен аталарымыз жүннен, теріден тоқылып, тігілетін дүниені сатып алмайтын. Жүн, теріні өңдеудің талай тәсілін білетін.Ал, біздің замандастарымыз сол ата-аналарымыз білген кәсіпті білмейтін болып шықты. Жүн мен теріні Қытай мен Түркияға жөнелтіп, ол жақтан өзімізге қажетті дүниелерді сатып алып жатырмыз. Бұл арада ұлтымыздың ұтылысы миллиардтаған доллармен есептеледі. Қоғабайдың ойын содан да толық қолдадым.
Бүгінгі ұрпақты тәрбиелеу, оқыту – тым ауқымды іс. «Бұл іс мектептегі немесе жоғары оқу орындарындағы бағдарламаларда өтсе болды – игеріледі» деп ойлау мүлде ағаттық. Қазіргі ашық есік жағдайындағы нарықтық қоғамға енген Қазақстанға әлемнің жақсысы да, жаманы да келіп жатқаны рас. Міне, албырт жас осының жақсысы қайсы, жаманы қайсы екенін пайымдай алмайды. Ендеше, бүгінгі бұқаралық ақпарат құралдары толығымен ұлт тәрбиесіне жете көңіл бөлсе, көптік етпейді.
Жазушымен 50 жылдан астам уақыт дос болғанымды жоғарыда айттым ғой. Бүкіл ғұмырдың осынау ұзақ үзігінде біз талай сырласқан шығармыз. Қоғам, өмір жайлы оның талай-талай тұщымды толғауларын тыңдағанмын. Солардың бәрін қағазға түсіру мүмкін емес.
Қазақ өз өмірін жырмен өрнектеген халық. «Елім-ай» деп аңыраған да кез болған. «Еділдің бойы ен тоғай, ел қондырсам деп едім» деп те толғанған бұл қазақ. «Жас Қазақ марсельезасын» айтып өстік. «Жас Қазақ, мұрттай ұшты уралап» деп шамырқанған Жүсіпбек Елебековтің дауысы естен кетпейді. Бұл күндері «Менің Қазақстанымды» ән ұранға айналдырдық. Оның да өз жөні бар. Солай бола тұрса да, уақыт озған сайын гүлдене, жағдайы жақсара түскен Қазақстанның, қазақтың бұл күндері жаңа «жыры» басталған секілді. Оның салмағы тым ауыр. Әлемге, адамзат қоғамына тығыз интеграцияланған Қазақстан мен оның шаңырағын көтеруші қазақ халқы үшін ең бір сыни шақта тұрған секілдіміз. Елімізге адамзат қауымдастығының көш бастаушыларымен бірге, қатар дамытатындай небір озық ойлар мен өндірістік жаңа технологиялар еніп жатыр. Солармен бірге жан-жағымыздағы материалдық және рухани азғындық тарататын дүниелер де ілесіп келуде. Осылардан жақсысын алып, жаманын тастауға сенгіш, еліктегіш қалың бұқараны кім үйретеді? Әрине, ел қамын, ұлт жағдайын ойлайтын зиялы топтың бұл істе бірлесе еңбектенгені жөн. Әйтпесе, жоғарыда айтқанымыздай «Абайдың дұшпанынан» біздің дұшпан тым көп болып тұр. Міне, осыны дер кезінде көре білген Қоғабай досыма бұрынғы қай кездегіден де аса ризашылықпен қарайтын болдым.
Тәуелсіздікті көздің қарашығындай сақтай отырып, бүгінгі және болашақ қазақ ұрпағы адамзат қоғамында қазақ болып, ары да, ағзасы да таза ұлт болып, алыс болашақтарға самғай берсе екен деген ұстаным – баршамыздың ортақ тілегіміз болса және бұл ортақ тілекті жүзеге асыруға баршамыз болып жұмылсақ, сонда ғана ертеңгі күнге сенуге болатын секілді.
Сағындық САТЫБАЛДИН,
ҚР ҰҒА академигі, экономика ғылымының докторы
qazaquni.kz