РУМЫН ФОЛЬКЛОРЫНЫҢ ҚАЗАҚ ЖЕРІНДЕГІ ФЕСТИВАЛІ

Кеншілер қаласы Қарағандыда румын «Дакия» мәдени қоғамы Орталық Азия мен Қазақстандағы румын фольклорының Халықаралық «Мэрцишор-2019» фестивалі өтті. Бұл айтулы шара осымен жетінші рет өткізіліп отыр.

Алдымен атап өтейік, 2017 жылдың қарашасында Қарағанды мен Румынияның Клуж-Напока қалалары арасында бауырлас байланыс орнықтыру туралы құжатқа қол қойылып, сол кезден бастап екі қала арасында достық қарым-қатынастар орнаған болатын. Аталған келісім-шарт негізінде саяси, экономикалық және мәдениет саласындағы байланыстар жылдан-жылға нығайып келеді.

«Мэрцишор» - румын халқының ежелден келе жатқан дәстүрлі көктем мерекесі. Үрдіс бойынша ақ, қызыл түстерден жасалған гүлдестелер сыйланып, ізгі тілектер айтылады. Халық сенімі бойынша, мэрцишор - жемістің, құнарлылықтың яғни байлы-бақуатты өмірдің нышаны болып есептеледі.

Фестивальдің ашылу салтанатына шетелдерде тұратын румындықтармен байланыс жөніндегі Румыния Министрлігінің Мемлекеттік Хатшысы Виктор Алексеев, Румынияның Қазақстан, Тәжікстан мен Қырғызстан мемлекеттеріндегі Төтенше және Өкілетті елшісі Чезар Армяну, Қарағанды облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ директоры Ерлан Құсайын, «Дакия» РМБ ҚБ төрағасы Николай Плушкистер қатысып сөз сөйледі. «Мэрцишор» мерекесі Наурызбен тікелей байланысты екенін ерекше атаған елші: «Қарағандыда румындықтар көп тұрады, біз әрдайым Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауын сеземіз, әрі бұл үшін өте қуаныштымыз. Жаңару мерекесі баршаңызға құтты болсын»,- деді Чезар Армяну.

Ауқымды шараның арнайы қонағы болған Молдова Республикасының әйгілі әншісі Ленуца Геогргице, жиналған қауымға керемет көңіл күй сыйлады. фестиваль қатысушыларына дипломдар мен естелік сыйлықтар тапсырылды.

Сержан БАЗАРБАЕВ,

qazaquni.kz