Тіл – достық пен татулықтың кілті
2019 ж. 26 наурыз
2265
0
Кез келген ұлт үшін Тәуелсіздіктен артық бақыт болмаса керек. Сондықтан да түрлі диаспоралар көп шоғырланған Қазақстан халқының алдында Тәуелсіздікті қорғау, татулықты пен бірлікті нығайтумен қатар, Тәуелсіздік құндылықтарын сақтау міндеті тұрғандығын ұмытпасақ керек. Әрине, сол құндылықтардың ең маңыздысы – мемлекеттік тіл болып есептеледі. Себебі, тіл – ұлттың жаны, рухани байлығы, тұнған тарихы, бүгіні және болашағы. Соның үшін барлық ұлттар мен ұлыстардың ата-бабасынан мирас болып келе жатқан баға жетпес мұрасы, көзінің қарашығындай қорғауға, оның тазалығын сақтауға тиіс ана тілінің дамуына барынша жағдай жасап отырған Қазақстанда мемлекеттік тіл – қазақ тілін меңгеру, қолдану аясын кеңейту, насихаттау әрбір қазақстандықтың, яғни елімізде өмір сүріп жатқан барша ұлт өкілдерінің парызы деп білемін. Мен ана тілімнен бөлек дүниедегі жүздеген тілдер ішінен қазақ тілін жетік меңгеріп, осы тілде еркін сөйлейтініммен мақтанамын. Мектепті де, институтты да қазақ тілі сабақ түрінде оқытылмаған кеңес дәурінде бітірсем де, менің қазақ тілін білуім көршілес қазақ достарыммен бірге жүрген ауылдағы өміріммен, қазақтың әдебиетін құрметтеуге баса мән берген отбасымыздағы тәрбиемен тығыз байланысты. Бала кезімнен-ақ анамның Абайдың кейбір өлеңдерін, қара сөздерін жатқа айтып, оларды өмірлік ұстанымына айналдырғанын, әкемнің қазақ ақын-жазушыларының шығармаларын көп оқитынын көріп өстім. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демекші, мен де жастық шағымнан қазақ әдебиетімен ешқандай аудармасыз танысуға кірістім. Қазақ тілін білгенімнің арқасында Ә.Нұршайықовтың «Махаббат қызық, мол жылдарынан», И.Есенберлиннің «Алтын құсынан» басталған қазақ әдебиетіне болған қызығушылығым ұлы Абайдың, қазақ поэзиясында жүтпес із қалдырып кеткен М.Мақатаев, Ф.Оңғарсынова, Т.Молдағалиевтардың, елге белгілі ақындар Ұ.Есдәулет, Ж.Бөдешұлы, Ғ.Жайлыбай, Қ.Иса, Ғ.Қалибек, М.Райымбекұлы сынды ақындардың философияға да, сезімге де толы өлеңдеріне тұтасты. Олардың шығармалары менің ақындық жүрегіме ой салып, шабытыма шабыт қосып, сөздік қорымды молайтты, рухани байытты. Қазақ тілін білгенім кандидаттық диссертациямды қазақ тілінде қорғауыма да мүмкіндік берді. Қазақ тілі арқылы бауырлас қазақ ақын-жазушылары мен ғалымдары арасынан ақылды аға, замандас, сырлас, қадірлі іні-сіңілдер тауып, тығыз шығармашылық байланыс орнатып отырамын. Сол достықтың арқасында мен Ғ.Жайлыбайдың «Қара орамал» поэмасын ұйғыр тіліне аударған болсам, Д.Байтұрсынұлы аударған «Өзіңе сенем» өлеңдер жинағым қазақ тілінде жарық көрді.
Елбасы Н.Назарбаевтың өткен Жолдауларының бірінде: «Біздің тіліміз мемлекеттің барлық жүйесінде қолданылуы үшін біз өзімізді өзіміз қамшылауымыз керек және осыған өзіміз атсалысуымыз қажет» деген сөзін ұйғыр қаламгерлері де толық құптап келеді. Бүгінгі таңда бірқатар ұйғыр қаламгерлерінің шығармалары қазақ тіліне тәржімаланып, рухани сабақтастық қайтадан жандана бастады. Жақсы дүниелер жарық көріп жатыр. Осының өзі ежелден тамыры бір, тілі жақын қазақ халқымен болған достығымыздың кілті тіл екеніне дәлел болады деп ойлаймын.
Патигүл Мақсатова,
ұйғыр ақыны, филология ғылымының кандидаты