АНА БЕЙНЕСІН АЙШЫҚТАҒАН АКТРИСА
2019 ж. 16 наурыз
4644
0
ХАЛЫҚ ӘРТІСІ ӘМИНА ӨМІРЗАҚОВАНЫҢ ЖҮЗ ЖЫЛДЫҒЫНА ОРАЙ
Құдайға шүкір, қазақ өнерінің көгінде шуақ шашып жарқыраған жұлдыздар шоғыры аз болған жоқ. Ұлттық өнерімізді өрге сүйреп, өрісін кеңейткен талай тарландарымыз тарихымызда өшпес із қалыдырды. Тек қана театр, кино, музыка саласын алғанның өзінде жүздеген өнер майталмандарының атын атай аламыз. Ж.Шанин, Қ.Қуанышбаев, С.Қожамқұлов, Е.Өмірзақов, Қ.Бадыров, И.Байзақов, Қ.Жандарбеков, Ә.Қашаубаев, Қ.Мұңайтпасов, Ғ.Абдуллин, К.Байсейітова, Қ. Байсейітов, Ж. Елебеков, Ш. Жиенқұлова, Ш. Айманов,С Майқанова, Х. Елебекова сияқты көптеген саңылақтарымыз қазақ өнерінің негізін қалауға атсалысып, халқына сарқылмас мұра қалдырып кетті. Солардың бірі – биыл жүзжылдық мерейтойын ЮНЕСКО көлемінде атап өткелі отырған Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, кино және театр актрисасы Әмина Өмірзақова деп нық сеніммен айтуға болады.
Батысқа шоқынуға бейім жүрген бүгінгі бәзбіреулер еуропашыл мәдениет мен өнер үшін өлермен болып, далбалақтап дәріптеп жүрсе де, айналып келгенде ұлттық төл мәдениетіміз бен өз өнерімізге ештеңе жетпейді. Ата-баларымыздың ешкімге ұқсамайтын озық салт-дәстүрі мен жоғары адамгершілік рухынан нәр алған өнерімізді өгейсітуге ешкімнің қақысы жоқ, оған жол берілмейді де. Жастар жағы қалай ойлайтынын білмейміз, бүгінгі аға буын атанып жүргендер үшін ұлттық өнердің ірі өкілдерінің бірі Әмина Өмірзақованың орны бөлек. Өйткені, халықтың шын мәніндегі сүйіктісіне айналған әртістің өнерін тамашалап, содан рухани ләззат алып өскен ұрпақ оны қашан да қадір тұтып, мәңгілік есте ұстайды. Ол сомдаған бейнелер, ол ойнаған спектакльдер мен кинолар қазақ халқы үшін баға жетпес байлық, ұлттық өнеріміздің төрінен табылатын құнды дүниелер.
Байыптай білсек, жоғарыда аталған және мәдениетіміздің дамуына ерекше үлес қосқан сол дәуірдегі өзге де өнер шеберлерінің өмірі өте бір қилы да қиын кезеңдерде өткенін байқау қиын емес. Ғасырлар қойнауына көз жүгіртпей-ақ, кейінгі кеңестік кезеңнің өзі ұлтымыз үшін үлкен сын болды. Қоғамдық құрылым өзгеріп, жаңа жүйеге көшу оның тұрмысына ғана емес, әдебиеті мен мәдениетіне, өнеріне қатты әсер етті. Алаш арыстары қандай қилы кезең болса да қазақтың ұлттық болмысын сақтау қалу жолында аянбай күрскені белгілі. Қоғамдағы қарулы төңкеріс, тұрмыстық тауқыметті тартқан сол бір ұрпақ өкілдерінің жанкештілігі мен жоғары рухына бүгінгі күні бас иіп, тағзым етпеске әсте болмайды. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бүгінгідей бейбіт өмірде сол бір ата-бабалрымыздың өр рухын жоғалтып бара жатқанымыз өзекті қалай өртемесін. Өлермен күн кешсе де мәдениеті мен өнерін өлтірмеді, керісінше биік деңгейге көтере білді олар. Сол даңқты ұрпақтың өкілінің бірі – Әмина Өмірзақова.
Әмина Ерқожақызы Абайдай алыпты әкелген киелі жерде 1919 жылы 8 наурызда дүниеге келген, бұрынғы Семей облысы Абай ауданы Қарауыл ауылының тумасы. Әкесі Ерқожа ерте қайтыс болып, қаршадай қыз ағасы Қаптағайдың қолында өседі, соның қамқорлығын көреді. «Бізді ағам Қаптағай өсірді. Ол былғары зауытында жұмыс істеп жүргенде, оны кәсіподақтық жұмысымен Алматыға жіберді. Қаптағай ағам өзімен бірге бізді де ала кетті. Жан-жақтан қысқан ашаршылықтан біздерді аман алып қалу үшін қалтасына бидай толтырып әкелетін. Оның осы қамқорлығын мен ешқашанда ұмытпаймын» - деген екен Әмина апай өзінің бір естелігінде. «Аштықта жеген құйқаның дәмі тоқтықта да аузыңнан кетпейді» - деген екен қазақ атамыз. Бұл қазақты баудай қырған атақты ашаршылық жылдардың көрінісін көз алдымызға әкеледі. Жасқа толмай әкесінен айырылса, хат танып, білім қуған шағында қорған болған ағасы қуғынға ұшырап, «халық жау» атанады. Тағдыр дегенде талғам болған ба, кейіннен соғыс ауыртпалығын көппен бірге көреді. Қанды майданнан жаралы болып келген жұбайы Кәмәси Өмірзақов 1956 жылы қаза тауып, үш баланың ауыртпалығы да жалғыз өзінің басына түседі. Қанша қиын-қыстау заманды басынан өткерсе де, тағдырдың асау толқыны тұншықтырғанмен қазақтың қайсар қызы Әмина Өмірзақова театр мен кино өнерінің шыңын бағындырған тума талант екенін дәлелдеп шықты. Театр мен отбасындағы қиындыққа толы өмірін еңбекпен жеңген ана – Әмина Өмірзақова қазақ сахнасында 68 жыл бойы қызмет етті. Ол сол уақыт ішінде сахнада 150-дей рөлдерді сомдады. Кино саласына сіңірген еңбегі де ұшан-теңіз, ол түскен 30 шақты кинофильм қазақ жұртына кеңінен таныс.
Өнер жолын өмірлік берік бағыт етіп таңдаған Әмина Өмірзақова 1934 жылы Ленинград қаласына жол тартады. Сынақтан сүрінбей өтіп Ленинград Мемлекеттік театр институтын 1938 жылы бітіреді. Диплом алған соң, Әмина Өмірзақова Шымкент облыстық драма театрына жұмысқа орналасады. Көп ұзамай Алматыдағы қазіргі Қазақтың Мемлекеттік М.Әуезов атындағы Академиялық Драма театрына ауысады. Әмина Ерқожақызы – 1949 жылдан өмірінің соңына (26.09.2006 ж.) дейін, жарты ғасырдан астам уақыт Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында қызмет етті. Театрдағы қызметімен қатар, Әмина Өмірзақова көптеген киноларға да түсті.
"Мені халыққа танытқан кино. Сондықтан мен кино десе жанымды беремін. Ал кинода жасаған бейнелерім өмірлік тарих болып қалар деген үміттемін", – деген екен Әмина апай 2006 жылдың наурыз айында Азаттық радиосына берген өзінің соңғы сұхбатында. Расында атақты актриса кино саласына сүбелі үлес қосты.Режиссер М.Левинның «Амангелді» және С.Герасимовтың «Комсомольск» фильмдерінде екінші рөлдерді сомдады. 1940 жылы Ұлы Отан Соғысы басталмас бұрын, көп театрлар актерлерінің қызметі қысқартылды. Әмина Өмірзақованың бауыры «халық жауы» атанғандықтан, оны жұмыстан босатады. 1941 жылы ол «Қазақфильм» студиясына монтаждаушы болып жұмысқа орналасады.
1953 жылы Е.Дзиганның «Жамбыл», 1955 жылы П.Боголюбовтың «Шабандоз қыз», А.Слободник пен Э.Файктың «Бір ауданда» сол секілді әр жылдарда «Абай», «Гауһартас» , «Арманым менің», «Ақ шаман», «Нан дәмі», «Шанхай» атты бірқатар фильмдерге түседі. 1963 жылы Әмина Өмірзақова режиссер А.Я.Карповтың «Ана туралы аңыз» фильмінде басты рөлді сомдайды. Бұл актрисаның ең сәтті шыққан рөлдерінің бірі, ал фильм сол кездегі қазақ кинематографындағы ең табысты туындысы болды. Фильм Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығын иеленді. 1964 жылы Ленинградтағы Алғашқы Бүкілодақтық кинофестивальде Әмина Өмірзақова «Ең үздік әйел рөлі» номинациясы бойынша жүлдегер атанды. 1963-1968 жылдары актриса Шәкен Аймановтың «Алдар Көсе» және Б.Абдылдаев пен Л.А.Гуревчитың «Самая послушная» фильмдеріне түседі. 1965 жылы қазақ кино өнерінің дамуына қосып жатқан сүбелі үлесі үшін оған Қазақ ССР халық әртісі атағы берілді. 1968 жылы Шәкен Аймановтың «Тақиялы періште» комедиясы жарыққа шықты. Фильмге Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова, Бикен Римова сынды өнер шеберлері қатысты. Ал басты кейіпкер Тана ананың рөлін Әмина Өмірзақова сәтті сомдай білді. Бұл фильм арқылы Әмина Өмірзақова ең үздік актрисалардың тізіміне енді.
1996 жылы өз ұлы, режиссер Талас Өмірзақовтың «Әмина» автобиографиялық фильмінде Әмина Өмірзақова өзін-өзі ойнады. Актерлік шеберлігі атаусыз қалмады, 1958 жыл – Қазақ ССР Еңбек сіңірген әртісі, 1964 жылы - Ленинградтағы Алғашқы Бүкілодақтық кинофестивалінде «Ең үздік әйел рөлі» номинациясы, 1964 жыл – Карлов Вары қаласында өткен Халықаралық кинофестивалінде құрмет дипломы, 1967 жыл – «Ана туралы аңыз» фильміндегі басты рөл үшін К.Байсейітов атындағы Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығы, 1969 жыл – Қазақстан және Орта Азия мемлекеттерінің кино өнер жарысының лауреаты, 2001 жыл – «Еңбегі үшін» және «Театр» номинациялары бойынша Тарлан сыйлығының лауреаты, Отан, Еңбек Қызы Ту ордендерімен марапатталған. Аты аңызға айналған актриса 2006 жылы 26 қыркүйегінде дүние салды. Алматы қаласындағы Орталық зиратта жерленген.
Әмина Өмірзақова театр мен кинода әсіресе ана ролін бірден-бір ерекше әсерлі сомдаған актриса. Бұл туралы театр мен кино саласының мамандары, сыншылар да мойындап талай жазған болатын. Қазақстандық киносыншы Бауыржан Нөгербеков атақты актрисаның кино саласындағы ең үлкен алғашқы жетістігі «Ана туралы аңыз» фильмі болғанын айтады.
– Егер орыс кинематографиясында ананың ролін ерекше сомдаған Вера Марецкая, итальян киносында Анна Маньяни болса, қазақ киносындағы ана образы Әмина Өмірзақовамен тығыз байланысты, – деді өнертанушы, кино сыншысы Бауыржан Нөгербеков. Шынында да ол ойнаған аналардың, кейіпкерлерінің тағдыры әрқилы. Бірі қайғылы трагедияға толы болса, екіншісі күлкілі комедиялы болып келеді. Осыншама кереғарлыққа, қарама-қайшылыққа қарамастан кейіпкерлерін ешқандай жасандылыққа ұрынбай шынайы, шебер сомдап, қалың көрермендерінің көңілінен шыға білді.
Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, кино және театр қайраткері - Әмина Өмірзақованың туғанына 100 жыл толуына орай, атаулы дата ЮНЕСКО көлемінде тойланатын болды. Бұны қазақ өнерінің майталманы Әмина Өмірзақованы мойындаған халықаралық ұйымның құрметі деп түсінуіміз керек. Өмірде де өнерде де ана атағын айшықтаған, асқақтатқан Әмина Өмірзақованың бейнесі ұлтымыздың толымды тарихының таңдаулы бір парағы болып қала беретіні анық.
Зейнолла АБАЖАН,
qazaquni.kz