Мереке мерейі
2019 ж. 13 наурыз
2695
0
Ғұмыры ғасырлармен есептелетін Наурыз мейрамы адамзаттың айтулы және ең жарқын мерекелерінің бірі екені белгілі. Жер шарының жартысына жуығы бұл қасиетті күнді жыл сайын тұрақты түрде атап өтіп келеді. Оның нақты қай жылдан бастау алғанын дөп басып айтып бере алмасақ та маңызы мен мәніне ешкім күмән келтіре алмас. Жақсылықтың, жаңа жылдың, жаңа өмірдің басы ретінде қабылдап, бақытты болашақтың босағасын аттағандай сезінген ата-бабаларымыз ұлыстың ұлы күніне қашанда құрметпен қарап, келер күнге үлкен үміт артқан.
Жылдың басының күн мен түннің теңелген тұсына сәйкес келуінде де үлкен мән бар. Әлем жаңадан жаралғандай, табиғаттың қайта түлеп, тіршілік иелерінің қыс қыспағынан кейін қайта қуат алуы дәп осы кезеңге тура келеді.
Жылдың басын жұмыр жерді мекен еткен ұлт пен ұлыстар әртүрлі айлардан бастайды. Жаңа жылдың наурыз айынан бастау алуы бір ғана бізде емес, Таяу Шығыс, Орта Азия, Балқан, Кавказ және басқа да елдерде қалыптасқан, халықаралық деңгейдегі мейрам. Мысалы, ежелгі Рим республикасында біздің дәуірімізге дейінгі 8 ғасырдың орта тұсынан бастап енгізілген күнтізбеде жаңа жыл наурыз айынан басталған екен. Сол үрдіс көптеген ғасырлар сақталып келген. Бір өзгешелігі, олар өз аңыздарында айтылатындай жылдың беташар айын соғысқа тиым салатын құдай Мартиустың құрметіне «март» деп атаған және өзге де елдерге кеңінен тарап кеткен. Дегенмен аңдаған адамға бұл жерде де үндестік жоқ емес. Біздің Наурыз мейрамы да татулыққа, бауырмалдыққа, бірлікке шақырады емес пе? Өткендегі өкпелерін ұмытып, кінәларын кешіріп, бір-бірімен төс қағыстырып, құшақтасып көрісетін көрініске бүгін де куә болып жүрміз. Жаңа жылдың басында көрші-қолаңдарына, туыс-жекжаттарына ізгі тілектерін айтып, ұлыстың ұлы күнінен бастап көңілдерінде қыжыл қалдырмай жақсы қарым-қатынасқа көшетін болған. Әркім үйлерінде кең көңілдерін білдіре дастарқан жайып, мерекелік мол тағамнан дәм татырған. Бұл күнгі мерекелік дастарқанның жөні де мүлдем бөлек. Қазақ халқының өзгелерге ұқсамайтын ұлттық тағамдарының түрі көп. Бірақ, Наурыз мейрамына орай жайылған дастарқанның құда күткендегіден кем түспейтін, ас мәзірі жөнінен басты бір ерекшелігі бар. Ол - наурызкөже.
«Үстел үсті түрлі тағамға толып тұрса да, наурызкөже ұмытылса орны үңірейіп қалады» дейтін көнекөз қариялардың сөзінің қисыны бар. «Қазағымның қазы-қартасы көздің жауын алып, жал-жаясы жатса жайылып, наурыз-көжені қайтеміз?» дейтіндер де табылады. Бұл бұрыс пікір. Ата-бабаларымыз ежелден әр нәрсеге үлкен мән беріп, оның маңызына ерекше назар аударып отырған. Әрбір заттың өз орны, өз атқарар қызметі бар екенін ескеріп, ырым етуді де ұмытпаған. Жеті түрлі дәмнен құралған наурызкөжені ырыстың, молшылықтың, бақытты болашақтың бастауы деп білген.
Мейрамның мерейіне, дастарқанның құты мен сәніне айналған наурызкөже неге жеті түрлі дәмнен дайындалған? Қазақта жеті саны қашан да киелі саналған. Көптеген жағдайларда өзінің бақытын да, болашағын да, табыс пен жеңістерін де осы жеті санымен байланыстырған. Сол
үрдіс ұлыстың ұлы күні дайындалатын наурызкөжеде де көрініс тапқан. Бұл тағамға су қосқаны – өмір өзен секілді, ұрпақтарының өрісі кең болып, ниеті бұлақтай тазарып, мерейі судай асып-тасып жатсын дегенді білдірсе керек.
Наурыз көженің келесі тұрақты қоспасы – тұз. «Таяқ еттен өтеді, сөз сүйектен өтеді» деген дана бабаларымыз сөз мәдениетіне жіті көңіл бөлгенін білеміз. «Тұз – астың дәмін келтіреді, мақал сөздің мәнін келтіреді» деген мәйекті мәтелі осының айғағы. Киелі асқа тұздың қосылуы тұз-дәміміз жарасып жүрсін, бір-бірімізге ықыласымыз дұрыс болсын дегені.
«Наурыз оң болсын, ақ мол болсын!» Бұл мерекенің басты ақ тілегі десек қателеспейміз. Жеті дәмнің негізгі құрамының бірі болып есептелетін сүт немесе айранның алар өз орны мен мәні бар. Біздің ұлттық ас мәзірінде сүт, қаймақ, қымыз, құрт, ірімшік, айран, шұбат секілді тағамдардың түрі көп. Ағарғанның адам ағзасына тигізер пайдасын жақсы білгендіктен оны күнделікті қолданып отырған. Наурызкөже құрамында ақтың болуы айрандай ұйып, ниетіміз таза, ақ болсын дегенді дәл меңзейді.
Жорықтарда, ұзақ жолдарда қазақ атамыздың қашанда қоржынынан табылатын құрт өзгелерде кездесе бермейтін, ұлтымызды ерекшелейтін аса қажет тағамымыздың бірі болып келген. Оның құнарлығы мен қуаты көпке белгілі. Әсіресе, жазғытұрым әлсіз, аурушаң адамдардың бойына күш-қуат берген. Осы қасиеттеріне орай және адамдарымыздың денсаулығы мықты, еліміз қуатты болсын деген ниетпен құртты наурыз-көженің құрамына енгізген деп білуіміз керек.
Тойларында тайқазан толы еті болмаса сәні мен салтанаты келіспейтін ұлтымыздың наурызкөжеге сүйікті асын қосуы да заңды. Бағзы заманнан ата кәсібімізге айналдырған төрт түлік өміріміздің өзегі мен тіршілігіміздің тірегі, басты байлығымыз болып келгені аян. «Ет жесең тіске кіреді, жемесең түске кіреді» дейтін әзілдің астарынан ауқымды ой жатқанын аңғаруға болар. «Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер» шағына дөп келетін айтулы мерекеде қыстан сары майдай сақталып келген сүрдің де «ұзынсарыға» арналған сыбағасы бар. Ол наурызкөжемізге ерекше дәм беріп, құнарлығын күшейте түседі. Күнделікті дастарқанында ет болмаса шегі шұрылдап, құты қашатын қазақ атаулы оны берекенің белгісі деп білген.
«Денсаулық – зор байлық» деп дәріптеген ата-бабаларымыздан «Алтын-күміс тас екен, арпа-бидай ас екен» деген даналық сөз қалған. Наурыз-көжемізде арпа не бидайдың болғаны абзал. «Арпа Алланың асы» деп те айтылады. Жаратушы иеміз «Нандардың ішіндегі жақсы нан – арпа наны. Кім оған қанағат қылса ол оны тойдырады. Себебі, ол менің наным, барлық пайғамбарлардың наны» деген екен. Арпаның шипалық қасиеттеріне қарап Шығыстың ежелгі тәуіптері оны «ғажап дән» деп атапты. Арпа адам ағзасындағы қан қалыпты күйін сақтап, бұзылмауына ықпал етеді және өзге де ауруларға қарсы емдік әсері мол көрінеді. Сонымен қатар ертеде жорамалшылар арпаға қарап келер жылдың қандай боларына алдынала болжау жасаған.
Қасиетті көжемізге қосылатын жетінші дән – күріш. Күріш те шипалық әсері мол, адамның ішкі ағзасын тазартатын табиғи қоспаларға бай дәнді дақыл. Жер жүзінің біраз бөлігіндегі қытай, корей, үнді, вьетнам сияқты ұлттар оны ас атасы – нанмен қатар қояды. Бұл да ырыс пен берекенің белгісі, масақ басына бітік біткен дәндей ұрпағымыз көп болсын, алдағы жыл молшылық жылы болсын деген тілектен туындаған ырым.
Наурызкөже осы аталған дәмдерден ғана тұрсын деген қатып қалған қағида жоқ. Алайда оның саны жетіден кем болмауы керек. Әркімнің жағдайы әртүрлі болғандықтан оны қолда бар тамақ түрлері арқылы да жасауға болады, ең бастысы тамақтың халал түрлерін таңдасақ болғаны. Қалай десек те наурызкөжені көпшілікке дәм татыратын, тарататын тағам ғана деп есептемей, оның халқымыз ырым, ниет еткен басты шарттарын да ұмытпай есте ұстаған жөн.
Сөйтіп, Әз-Наурызымыз келіп әрбір үйде мереке басталады, қазандар көжеге толады. Наурызкөже ыдысқа толтырылып құйылады және оны тауысып ішу қажет. Бұл келер жылдың ырысы мол болсын, несібем ортаймасын деген сөз. Әдетте әйелдер өзімен ыдыс ұстап, наурызкөжеден ала кетіп, үйіндегі қазандағы көжеге қосады. Бұл да жақсы ырым, дәм-тұзымыз жарасып, аралас-құраласымыз көбейсін, ырысымыз бір-бірімізге жұғысты болсын деген мақсатпен жасалады. Жылы лебізін білдіріп, наурыз-көжеден дәм татқан үлкендер жағы үй иелеріне батасын беретін де салт бар. «Қырықтың бірі - Қыдыр» дейді халқымыз, үйіңізге келіп наурызкөжеңізден дәм татып, алғысын айтып, ақ батасын берген адам Қыдырдың өзі болып шықсын, ағайын!
Зейнолла АБАЖАН,
Қазақ үні