ТАҚТАН ТҮСКЕН ТӘУБЕ КҮН
2019 ж. 13 наурыз
3273
1
Көшпелілер жыл басын Наурыздан бастайды. Наурыз – (парсыша «нау» (жаңа) және «руз» (күн)) «Жаңа жылдың бірінші күні» деген мағынаға ие. Наурызды тойлау тарихы туралы Абайдың өзі: «Наурыз тарихын көшпелі халықтардың «хибиғи», «хұзағи» деп аталатын көне заманына ұштастырады. Парсының «нау» сөзі әртүрлі өзгерістерге ұшырағанымен, сол мағынада көп халықтың тілінде сақталып қалған. Ол орысша – нов, немісше – нойе, латынша – нео. Осылайша «нау» сөзі индо-еуропалық халықтар дараланудан да бұрын пайдаланылған. Ал одан бергі мерзім ғана 5 мың жылдан асады. Қазақтың көне шежіресінде де Наурыз, Алаш деген сөздер бар,» – деп жазады.
Ана тілімізде Наурызға қатысты «Жер бетіне жақсылық ұялаған күн», «Ұлыстың ұлы күні», «Ұзақ ұшып келген күн», «Жыл басы» – жылқышы торғай (нәуірзек) келген күн», «Көк кұт көзін (өсімдік) ашқан күн», «Жылдың жерге түскен күні», «Жер-Ананың тоң кеудесі жібіп, тас емшегі иіген күн», «Самарқанның көк тасы еріген күн» тәрізді бейнелі де берекелі түсінік сөздер мол.
Наурыз – қазақ үшін, біріншіден, жылдың басы, халықтың мейрамы; екіншіден, «март» деп аталын жылымық ай; үшіншіден, жылына жалғыз рет Ұлыс күні әзірленетін көпке таныс «Наурызкөже».
Наурыз мейрамына байланысты халқымыздың саналуан атаулары бар, мәселен, Наурыз, Наурыз айы, Наурызнама, Наурызкөже, Наурыз тойы, Наурыз жыры, Наурыз-бата, Наурыз-тілек, Наурыз-жұмбақ, Наурыз-төл, Наурызкөк, Наурыз есім, Наурыз шешек, Наурызша, Әз, Қыдыр, Саумалық, Мұхаррам (тыйым), Самарқанның көк тасы т.с.с.
Наурыздың 22-жұлдызы – аспан денелері өздерінің ең бастапқы нүктелеріне келіп, күн мен түн теңелетін, жан-жануарлар төлдеп, адамдардың аузы аққа тиетін, жер үстіне шаттық орнаған күн.
Наурыз туғанда – араздасуға, ренжісуге болмайды. Өйткені, бұл күн – ынтымақ пен ырыс күні. Ұлтымыздың ежелгі наным-сеніміне сүйенсек, 21 наурыз түні даланы Қыдыр аралайды. Қазақтар ұлыстың ұлы күнін – жаны мен тәні таза қалпында, жаңа киіммен, жақсы тілекпен қарсы алады. Адамдар бір-бірімен жылы жүзде амандасып, Наурыз-бата береді, Наурызкөже ішеді, араздасқан ағайын татуласып, мүсәпір-мүгедектерге жәрдем көрсетіледі, ұлттық ойындар өткізіліп, ән-жыр айтылады, күй тартылады, бітелген бұлақтардың көздерін ашып, жас ағаш-талдар егіп-отырғызады. Бұрынырақта ата-бабаларымыз таң ата биік төбенің басына шығып, жаңа күнді қарсы алған.
Өкінішке қарай, кеңес үкіметінің сасық саясаты 1926 жылы «Наурыз – діни мейрам» деген жала-желеумен халықтың сүйікті мерекесін тойлауға үзілді-кесілді тиым салып, күрт тоқтатты.
Тек тәуелсіздіктің таңы атқан тұста ғана халқымыздың біртуар ұлы Мұхтар Шаханов арада бақандай 62 жыл өткеннен кейін, бұрынғы Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің Бірінші хатшысы Г.В.Колбинге Наурызды халыққа қайтару жөнінде арнайы хат жазып, былайша талап қойды:
«У казахского народа существуют свои традиции, свои праздники. Одним из таких праздников является «Наурыз». Заимствование из фарси, это понятие постепенно стало символизировать приход весны, пору обновления жизни. «Наурыз» массово праздновался каждый год, начиная с 22 марта. В этот день выравнивается продолжительность дня и ночи.
Мы, поколение послевоенной поры, стали едва ли не последними свидетелями этого торжества. Помню, как мы в детстве вместе со взрослыми встречали это красочное зрелище. Пеклись пироги. Лакомства, различные блюда из проса, пшеницы. Это было выставкой народной кухни. Мужчины с лопатами, кетменями выходили чистить арыки, сажали деревья. Одним словом, был подлинный праздник труда, к которому никто не оставался равнодушным. Думается, что эту добрую традицию необходимо возродить как народный праздник, который стал бы таким же, массовым, красочным, жизнерадостным, как праздник «Русская зима», «Сабантуй в Поволжье».
Сөйтіп, қазақтың қайсар ақынының аталған хатынан соң ғана Наурыз мейрамы халқымызға тек қана 1988 жылы қайта оралды.
Ертедегі қазақтардың тілінде Суды да «Жай» (оқ), Садақты да «Жай» деп атаған. Осы таңбаларға байланысты Оғүз Қаған эпосында былай жырланады: «...Осы Ұлуқ Түрүк күндерде бір күн ұйқыда бір Алтын Жай көрді, тағы да Үш Күміс Оқ көрді. Бұл Алтын Жай күн шығар жерден күн батар жерге дейін тиіп тұр еді. Ал, Үш Күміс Оқ солтүстікке қарай өтіп кетіп (атылып) бара жатыр еді».
Оғүз Қаған эпосын, көне тілдердің тарихын зерттеушілердің түсіндіруінше, бұл ескерткіш-эпостағы күн шығар жерден күн батар жерге дейін созылған Алтын Жай – о баста жер бетін қаптаған Судың, солтүстікке қарай атылып бара жатқан Үш Күміс Оқ – о баста Судан жаратылған Жер, Тау және Бәйтеректің, яғни, Ғалам өзегінің таңбасы. Олай болса, мейрамда садақ атып жарысу – Ғаламды бейнелеу, болып табылады.
Меніңше, кешегі Алатаудың арыстанындай Шыңғыс Айтматов көкеміз бен қазақтың батыр барысындай Мұхтар Шахановтың тізе қосып, ғаламтанудың терең қатпарларына қалам тартулары да – кездейсоқ құбылыс болмаса керек...
Адамзат тарихы наурызды көптеген халықтардың тойлағанын дәлелдейді. Мысалы, парсы тілдес халықтар Наурызды бірнеше күн тойлаған. Наурыз күндерінде кәрі-жас мәз болып, бір-біріне жақсы тілектер айтқан; бір-біріне гүл сыйлаған; үйлеріндегі тіреу ағашқа гүл ілген; әр жерде үлкен от жағып, отқа май құйған; ескі киімдерін тастаған; ескірген шыны аяқтарды сындырған; жаңа өнген жеті дәнге қарап болашақты болжаған; үйлерінің қабырғасына дөңгелек ою – «күн символын» салған; жеті ақ кесемен дәстүрлі ұлттық көже «сумалық» әзірлеген; жамбы атудан дәстүрлі жарыстар өткізген.
Ежелгі Русьте Христиан дінін қабылдағанға дейін Жаңа жылды 1 март күні қарсы алған. Мейрам күндері орыстар Құт құдайының құрметіне арналған шырақтарды шие ағаштарына ілген. «Түрлі аурулар мен пәле-жаладан сақтайды» деген наным-сеніммен дастарқан басына жиналған әрбір шаруаның алдына үш бас сарымсақ, үстелдің қақ ортасына бетін шөппен жапқан 12 тал пияз қойған. Ал, ағылшындар болса, XVIII ғасырдың бас кезіне дейін Жаңа жылды 26 мартта тойлап келді. Біздің дәуірімізден бұрынғы VIII ғасырдың орта шенінен бастап қолданылған күнтізбеде – римдіктердің Жаңа жылды Наурыз айынан бастағаны қазіргі күнтізбелерінде әлі күнге дейін сақталған. Римдіктер жылдың бірінші айын соғысқа тиым салушы құдай Мартиустың атымен «март» деп атаған.
Туысқан Түркияның түкпір-түкпірінде Наурыз мейрамы – «Наурыздың тоғысы», «Наурыздағы мұз бұзылысы» және тағы да басқа атаулармен өткізіледі.Шығыс Анадолыда халық «Күн теңелген түні – Он сегіз мың ғаламның барлық жанды-жансыздары Тәңірге сәжде етеді» деп түсінеді.Осы күні «Құдайға табынушылардың бір жылдағы болашағы анықталады» деп сенеді. Сондықтан, қаріп-қасірлер мен кембағалдарға жәрдем беріледі. Енді Оңтүстік Анадолыда (Ғазиантеп) 22 Наурыз – «Сұлтан-й Наурыз» деп аталады.«Күн теңелетін түні белгісіз уақытта аяғындағы білезікті сыңғырлатып, кесте тоқи отырып, ғажап сұлу қыз батыстан шығысқа қарай аспанды кесіп өтеді», деп түсінеді, халық. Кейбір аңыздарда «Құс киімін киген жігіт» деп те айтылады. «Сұлтан Наурыз уақытын көрген адамдардың тілегі қабыл болады» – деген сенім де қалыптасқан.
Иншалла, ақ тілек, таза пейіл пенделерге артықтық етпейді. Биылғы – 2013 жыл да – қабырғалы қазағымызға берекелі де ырысы мол жыл болғай! Еліміз – елеулі, халқымыз – қалаулы дәрежеге жеткей! Жұртымызға бақ қонып, Қыдыр дарысын! Ұлыс оң болсын, Ақ мол болсын!
Жүрекжарды қуаныш, жантебірентер толқыныс үстінде ертедегі Иран патшасының Наурыз күні қол астындағы адамдардың біріне патша шапанын сыйға тартатыны еріксіз есіме түсіп отыр.
Ана тіліміздегі күні бүгінге дейін сақталған: «Қара құлдан да бір тілек», «Құлға да бір күн азаттық» дейтін мағынасы терең мәтелдер осындай өрісі озық көне дәстүр-рәсімдерге қатысты болса керек-ті.
Атақты Наурыз жырының өзі:
«Құл құтылар кұрықтан,
Күң құтылар сырықтан!» – деп құйқылжытпай ма?!.
Кейде көненің кемелдігі мен көрегендігіне таң қаласың: мысалы, ертедегі біздің түркілер Ұлыстың ұлы күндері сақал-мұрттарын түзеп, шаштарын алып, жаңа киімдерін киіп, алты күн садақ тартып машықтанып алып, жетінші күні алтын теңге – жамбы атып жарысады екен. Бірінші болып, жамбыны атып түсірген адамға бір күн елге патша болып, билеуге ерік беріледі.
Ол-ол ма, Наурыз күні – ежелгі гректердің Патшасы да алтын тағынан түсіп, қол астындағы өзіне ұнаған кұлына бір күн елін басқаруға берген...
Қандай тәубаға толы тамаша дәстүр десеңізші! Сірә, қазаққа да қажет қарекет сияқты!..
Қажымұқан ҒАБДОЛЛА,
Қазақ үні