Еліміздің баянды бағдары
2019 ж. 12 наурыз
2313
0
Қоғамдағы әрбір жаңғыру міндетті түрде белгілі бір дәстүрлі және жаңа алғышарттарды қажет етеді. Әсіресе, дәл қазіргідей адамзаттық даму үдерісі тез өзгеріп жатқан жаһандану кезеңінде осындай алғышарттарды жүйелеп алу қай қоғам үшін де аса маңызды. Сондықтан да Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің осы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының бастапқы бөлігінде қазақстандық қоғамның жаһандану процесіне еркін кірігуінің басты алғышарттарын саралайды. Солардың ішінде Президент гуманитарлық ғылымдарға айрықша тоқталады.
Қазақстан Республикасының жаңғырудың жаңа үшінші кезеңіне аяқ басуы және соған орай қоғамдық, гуманитарлық ғылымдарды дамытудың дәуірлік сұраныстары мен қажеттіліктері осы салаға айрықша назар аударуды керек етеді. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев осы салаларды жедел дамыту үшін бірнеше міндеттер жүктеді:
> тарих, саясаттану, әлеуметтану, философия, психология,мәдениеттану, филология ғылымдары бойынша жоғары білім беру саласында жаңа типтегі мамандарды дайындаудың сапасын арттыру;
> гуманитарлық білім берудің барлық салаларына арналған әлемдегі ең
> ілгерінді жүз оқулықты қазақ тіліне аудару;
> Ұлттық аударма бюросын құру арқылы аталған оқулықтарды өз тілімізге сапалы түрде аудару.
Осындай мақсатты шешу үшін Елбасы: «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын қолға аламыз», - дей келе:
«Біз алдағы бірнеше жылда гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударып, жастарға дүние жүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасаймыз», - деген үлкен міндеттер жүктейді. Қазіргі кезеңде техникалық, жаратылыстану пәндері оқулықтарының мазмұнын орыс немесе өзге тілдердегі оқулықтардан алуға болатын болса, «Қазақстан тарихы», «Қазақ әдебиеті», «Қазақ тілі» сияқты оқулықтарды өзіміз дайындауымыз қажет. Бұл қазақ тілін үйрету әдістемесіне де тікелей қатысты. Қазіргі кезеңде тіл үйретуде халықаралық тәжірибелерді қолдану жөнінде көбірек айтылып жүр. Ол дұрыс та болар. Дегенмен, кейбір инновациялық тәсілдерді, айталық, ағылшын тілін үйрету әдістемесінен алу қажет десек те, біз бұл арада қазақ тілі мен ағылшын немесе өзге еуропалық тілдердің табиғаты тіптен бөлек екенін де ұмытпағанымыз жөн. Нақты тіл әдістемесіне қатысты шетелдік оқулықтарды аудару барысында бізге әдістеменің теориялық жақтарын меңгертетін кітаптарға назар салғанымыз дұрыс деп ойлаймын. Мысалы, әдістеме саласында тіл үйретудің лексикалық және грамматикалық минимумдарын меңгерту, коммуникацияға құрылған тәсілдерді білу, мәтін құрудың әдістерін үйрену деген сияқты. Ол үшін нақты біздің қазіргі мысалымызда айтқанда ең алдымен, оқу бағдарламасын өзгерту қажет. Сондықтан, бізге халықаралық тәжірибедегі осындай оқулықтармен бірге оқу бағдарламалары да керек болмақ.
Енді осындай шараларды сапалы әрі уақытылы шешу үшін сол халықаралық тәжірибелерді бізге таныстыратын жұмыстар жүргізілуі тиіс. Бұл мәселе де Елбасы мақаласынан көрініс тапты. Бұл туралы мақалада: «Ол үшін қазіргі аудармамен айналысатын құрылымдар негізінде мемлекеттік емес Ұлттық аударма бюросын құру керек. Ол Үкіметтің тапсырысы бойынша 2017 жылдың жазынан тиісті жұмыстарға кірісе бергені жөн», - делінген.
Президент белгілеген міндеттер білім мен ғылым саласын қамтитын болғандықтан әр саланың өкілдері бұл мемлекеттік маңызы бар жұмысқа жұмылдырылады деп ойлаймыз. Сондықтан бұған Білім және ғылым министрлігі, Ыбырай Алтынсарин атындағы Білім академиясы, «Оқулық» орталығы мамандарымен бірге күнделікті оқу үдерісінде жүрген оқытушылар, ғалымдар, әдіскерлер де барынша қатыстырылғаны дұрыс. Сонда ғана Елбасы межелеген міндеттер орнымен орындалмақ.
Қ.Е.Тілешева,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті,
филология ғылымдарының кандидаты