Бесік тербете алмаған, әлемді тербете алмайды...
2019 ж. 11 наурыз
4696
0
Дүниеде отбасы бақытынан асқан бақыт жоқ та шығар.
Бұл ретте өзгелерге өнеге болар қазақ үйелмендері аз емес. Оларды әр ауылдан, тіпті, қаладағы ынтымағы жарасқан қазақы шаңырақтар арасынан да табасыз. Мен бұл сапар қазақтың көп отбасының бірі емес, бірегейі деп білетін жағдайға тереңірек үңілгім келді. Кейінгі кезде Әйел, Махаббат, Жарасым мәселелері көбірек мазалап жүргені рас еді. Өзім жақсы білетін өнегелі жұптардың арасынан ойыма алғаш түскені – Берік пен Гүлфайруз. Иә, кәдімгі эпик жыршы, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының, халықаралық ТҮРКСОЙ-дың «Мұрагер» сыйлығының лауреаты, филология ғылымдарының кандидаты, доцент, ҚР Президентінің, РФ Мәдениет министрінің Құрмет грамоталарының иегері, фольклортанушы ғалым, этномузыкатанушы, «Алатау» дәстүрлі өнер театрының директоры Берік Жүсіпов пен оның зайыбы, педагог Гүлфайруз Сәуелханқызының өмірі жайындағы қарапайым қоңыр әңгімеге қалам тартуды жөн көрдім.
«Отбасы – шағын мемлекет»
Қасым Аманжолов.
Айата – Аята
Бала кезден алған тәлім-тәрбиесі, кейінірек екі мамандық бойынша меңгерген жоғары білімі – бәрі Гүлфайруздың отбасындағы жауапкершілігін арттыра түсті. Шаңырағындағы барлық нәрсеге өзін жауапты санап тұрады. Бұл күйеуінің басын төмендеткендік емес, қайта отағасының орнын жоғары қойып, соның жолында барлық істі атқару керектігін мойындау. Гүлфайруз үшін Берігі өнер мен ғылымның жолына түскен арда азамат. Олай болса, оның негізгі қолдаушысы отбасында болу керек деп біледі. Балаларына да әкесіне деген осындай көзқарас қалыптастырды.
Бұл жерде Гүлфайруз күйеуінің жолына өзін құрбан етіп отырған жоқ, әрине. Ол Берікке кез келген тақырыпта ой таластырып, пікір айтатын, қанаттандырып, күш беретін рухани серік. Ерлі-зайыптылар сенімді досқа айналып кеткелі қай заман! Арада жасырын сыр жоқ, бәрін ақылдасып қолға алады. Отбасын құрып, бір шаңырақ астында тұрғандарына отыз жылдай болғандықтан, ішіндегісін айтпай білетін, көңілдегісін емеуріннен түсінетін дәрежеге жеткен. Қызығы мен шыжығы қатар жүретін мына қайнаған заманның кез келген сынына бірге төтеп беріп, қуанышын қатар көріп келеді. Шүкір, қазір ұл-қыз өсіріп, немере сүйіп отыр. Әрбір іске алдын ала көңіл бөліп, жақсы тілек, жақсы ниетпен әзірлік жасап жүреді.
Жақсы ниет дегеннен шығады, әлі немерелер жоқ кездегі бір оқиғаны айтудың реті келіп тұр. Қолы қалт етсе, қарап отырмай кітап ақтаратын, күйеуі жинаған қолжазбаларды сүзіп, қажет дүниелерін оқитын Гүлфайруз, Айата деген есімді көріп, тебіреніп кетті. Бұл есімді ата-бабаларының шежіресінен көрген еді. Ертеректе өткен арғы бабасы екен. Түп мағынасы аят-хадис сөзінен шығар деп топшылады.
– Құдай қалап ұл туса да, қыз туса да Айата алғашқы немеремізге қоятын есім екен, – деді Берікке. Осы сөз екеуінің де көңіліне жазылып қалды. Негізі, бауырынан өрген балаларына ат қоюға байланысты олар ойланбай қадам жасаған емес. Міне, ендігі кезек немерелерге ұласты.
Таза қазақы ортада, қаймағы бұзылмаған салт-дәстүрді көріп өскен ерлі-зайыптылар үнемі әке-шеше тәрбиесіне илігіп отырады. Білгендерін балаларына үйретуден де жалыққан емес. Бұл үйдегі бір жақсы әдет – ғаламтордан оңай табыла кететін қажет дүниелерді де балалармен бірге отырып талқылайды. Соның көбі белгілі жайт болған күннің өзінде, ортаға салып қайта бір ой жүгіртудің артықтық етпейтінін Гүлфайруз жақсы біледі.
Әз аналарымыздың жолы
Қазақ өз баласына аса көп емірене бермеген. Өйткені, оның тасасында ата мен әже тұр. «Балаға басқадан гөрі әке-шешесінің көзі тез тиеді» деген сөздің де жаны бар. Әлде бұл балажан болып кетпеу үшін әдейі айтылған ба, ол арасы белгісіз. Ал немереге келгенде, әңгіме басқа.
Алғашқы немере дүниеге келгенде, содан үш-төрт жыл бұрынғы әңгіме есіне түскен Гүлфайруз бірден: «Үлкен бабамыздың атын жаңғыртып, немереміздің есімін Аята қоямыз деп едік қой», – деді Берікке.
– Мен өзім де соны ойлап жүр едім, – деп, күйеуі қоштай кетті. Сөйтіп, отбасына Аята қосылып, қызық көбейе түсті. Екінші немересі дүниеге келгенде, енді Гүлфайрузға Берік ой салды.
– Неге екенін қайдам, көп адам ата-енемен өзара мәмілеге келе алмайды ғой. Мен болсам, сенің ата-анаңнан «күйеудің орны төменде» деген сөз естіген емеспін. Шүкір, әулетіңе отыз жыл күйеу болғанда, төрден түсіп көрген жоқпын. Оның үстіне атам қазақтың «Жаман күйеу қайынсақ» деген мәтелін өзгертіп «Жақсы күйеу ғана қайынсақ бола алады, жаман күйеу алдымен өз қара басын қарық қылып алсын!» деп қалжыңдап жүретінімді білесің. Марқұм апам көзінің тірісінде бізді өбектеп отырушы еді. Өзі бір жағы Өтеулі атамның Жәнібике деген қызынан туған жиен ғой. Содан да шығар, ол кісінің орны мен үшін үнемі ойсырап тұрады. Елден тек алғыс алған сол қайран апамның атын немереме жаңғыртып қойсам деймін. Өмірдің қызығын енді көре бастағанда қосақ жарынан ойда жоқта көз жазып қалған ағамның да көңіліне қуат болсын. Апамды өз басым қатты жақсы көруші едім, бұған не дейсің? – деді күйеуі.
– Білмедім, шынымен де ол қалай болар екен, жұрт не дейді?..
– Мен Ақбастыға, ағама хабарласып рұқсатын алайын, – деп, Берік қайын атасы Сәуелханға телефон шалды.
– Өздерің солай шешіп, Ақбөпенің есімі ұмытылмасын десеңдер, менің қарсылығым жоқ. Кейін атын атай алмаған келіндер өздерінше бұрып айта береді ғой. Қоя беріңдер онда, айналайын, бердім рұқсатымды да, батамды да, – деп қуантты ағасы. Сөйтіп, отбасына кішкентай Ақбөпе келіп қосылды.
Ақбөпе Берік атасын «әкелеп», сондай жақсы көреді, «Әке менікі!» деп меншіктейді. Жұмысқа кетсе кәдімгідей елеңдеп, күтіп жүреді. Атасы жұмыстан келгенде, есіктен сығалап қарап тұрады да, еркелеп, құшағына құлап, мәз болады да қалады. Сосын жаны жай тапқандай еркінсіп, алаңсыз ойынға кіріседі. Бұл ерекше есіммен арада қандай тылсым байланыс барын кім білсін.
– Бөпешіктен кейін дүниеге ер бала келетін шығар, маған солай сезіледі. Түсімде екі күміс шақша жонып жүр екенмін. Алла қаласа, Ақмаралдың жолы Майраға да жұғысты болар. Келін ұл туса сенің папаңның атын қоямын, – деді Берік бір күні.
Сөз арасындағы жай әңгіме шығар деп ойлаған, Гүлфайруз. Күнделікті тіршілікпен уақыт зулап өтіп жатты. Ақмаралдың айы-күні жақындап қалғанда:
– Келін ұл туса ағамның атын қоямын, – деді, Берік тағы да келіншегінің есіне салып. Гүлфайруз бұл жолы қатты ойланды. Ешқандай қарсылық білдірмегенмен, ішінен «Ертеңгі күні келіндер атын атай алмай жүрмес пе екен?» деп те тосырқады. Көп толғанып барып, «Бұл да дұрыс шығар, адам мәңгілік емес қой, ертеңгі күні немерелеріміз әке-шешеміздің атын жаңғыртып жүргені де жөн-ау» деген шешімге келді. «Атыңды не себепті Сәуелхан деп қойған?» дегенде, «Түп нағашы атам жақсы кісі болған екен, соның атын еншілепті» деп айтып жүреді ғой» деген ойын Берікке білдіре қоймады.
Бақыткелдінің шаңырақ көтерген тойында Гүлфайруздың әкесіне Берік:
– Аға, келіннің айы-күні жақын, ұл туса сіздің атыңызды қоямын, – деді.
– Иа, айналайын, менің қарсылығым жоқ – деп, атасы тағы да рұқсатын берді.
Қайнысының тойы өткеннен кейін, ұзамай, Ақмарал келін перзентханадан телефон шалып Берік атасынан сүйіншіні өзі сұрады. Гүлфайруздың да қуанышында шек жоқ еді. Келін ұл тапты. Кеудесін шаттық кернеген Берік:
– Айттым ғой ұл туады деп, атын ағамның құрметіне Сәуелхан қоямын, – деді де, бірден атасына телефон соқтырды.
– Аға, ұлды болдық. Бұйырса, сіздің атыңызды қояйын деп ниеттеніп жатырмыз, – деді Гүлфайруз.
– Ой, айналайын, бауы берік болсын! Менің атымды қоямын деп ниеттенсеңдер, мейлің, қойыңдар, – деп ризалығын білдірді. Сөйтіп үйге кішкентай Сәуелхан келіп, бастарына бас қосылды. Алақалжыңы қатар жүретін күйеуі:
– Басқада шаруам шамалы, дәл осы кезде жақсы көретін атам да, енем де үйімде деп қояды...
«Сендер орыс болып кетенсіңдер ме? Әкесінің атын баласына қойған деген немене?» деп, шынымен таңданғандар да болды. Бұл тереңірек ойланып, арыға бара алмаған кей пенделердің пікірі ғой деп ойлады Гүлфайруз. Шынында, қазақ даласында бұған мысал жетіп-артылатын еді.
Отбасындағы әр қуанышқа Гүлфайруз шүкіршілік айтып, Жаратқанға сәт сайын ризашылығын білдіріп отырады. Әйел-ана үшін барлық қызық ошағының басында. Отбасы берекесін қашырып, шаңырақ шырқын бұзатын оғаш әдет қазаққа әуелден жат. Қазақ әйелі қоғамның ұйытқысына айналса, қазақты мазалайтын мәселе қалмас еді. Кең ауқымда ойласаңыз да, тар шеңберде айтсаңыз да, қазіргі бір анық осы. Қазақ үшін гендерлік саясаттан гөрі, отбасына оралу мәселесін қолға алған дұрысырақ шығар. Біздің ұлттық ерекшелігіміз де осында.
Гүлфайруз үнемі әлгіндей ойлардың жетегінде жүреді. Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетуді үйде отырып жүзеге асыра алған әйел ғана нағыз әйел! Қазір көп айтыла бермейтіні, ұмытылып бара жатқаны болмаса, әз аналарымыздың жолы осындай болған.
Бесік тербете алмаған, әлемді тербете алмайды!
Тоқсан гүлдің тарихы
– Апайға қандай сыйлық апарамыз? Не сыйлаған жөн болар екен? – деді күйеуі.
– Тоқсанға аяқ басты ғой, құшағын толтырып өзі аттас тоқсан гүл сыйлайық! – деп, Гүлфайруз аяқ астынан тауып кеткеніне қуанды.
– Иа, жүз жасқа иек артып тұрған асыл ғой, ырым болсын, ендеше гүлдің санын тоқсан бір етейік, – деді күйеуі, сәл жымиып.
Сонымен екеуі гүл базарына барып тоқсан бір әппақ раушан гүлін әдемілеп будырып, салтанатты сый жасатқызды. Жұдырақтай жүрегіне қалың ел сыйған аңыз апасына Қызылорда облысының атынан әзірленген гүл шоқтары Беріктің құшағына сыймай тұрды.
Бір құшақ гүлмен үйіне кіріп барғанда, туған топырағынан дәл осындай тосын сый көтеріп еңгезердей қазақ келер деп күтпеген апай шын көңілден риза болды. Қасында Гүлфайрузы мен Нұршаштысы.
Бұл Роза апай болатын. Кәдімгі КСРО және Қазақстанның Халық артисі, Халық қаһарманы, күміс көмей әнші Роза Тәжібайқызы Бағланова еді.
Сол күні Роза апайдың шаңырағында қонақ бар екен. Әйгілі әншінің жұмыс орнынан ұжым басшысы, композитор, Қазақстанның халық артисі Алтынбек Қоразбаев бастаған бір топ өнер адамдары отыр. Берік Роза Тәжібайқызын туған жерінің атынан арнайы құттықтай келгенін айтып болған соң, тоқсан гүлді ұсына бере, іні ретінде еркелеп:
– Апа, биыл тоқсан жылдық мерейтойыңыз болған соң, сізге тоқсан гүл сыйлаған дұрыс деп шештік, – деді. Берік бұл уақытта Қызылорда облыстық Мәдениет басқармасының басшысы болатын.
– Ой, жандарым менің! Мына гүл буатына ерекше рахмет! Бар ғұмырын сахнаға арнаған адам үшін гүлден артық қандай сый болушы еді. Осыншама гүлді бірден сыйлағанды тұңғыш рет көріп отырмын, – деді, күлім қаққан әйгілі әнші әдеттегідей ақжарқын жүзін жадырата түсіп. Сөйтті де Беріктің қолындағы кішкентай Нұршаштыны нұсқап:
– Немерең бе? – деді.
– Жоқ апа, менің де Алладан тілеп алған раушаным ғой.
– Солай ма еді, ендеше әкел алдыма, батамды берейін, апасының бағын берсін бұл қызыңа!
Берік Сыр елінің ыстық сәлемін көмейден буырқана төгілген қаһарман жырмен жалғады, Алтынбек ағасы көптің өтінішімен ән салды. Роза апаның жанарына жас үйірілді, артынан бәрі естелік үшін суретке түсті.
Арада біршама уақыт өткеннен кейін, Роза Бағланова Гүлфайруздың кең дастарханынан дәм татты.
– Тоқсан гүл сыйлауды ойлап тапқан сен екенсің ғой, қалқам! – деп, гүл тарихын айтып берген соң Роза апай шаттана күлді. – Отбасыларың аман болып, өсіп-өне беріңдер! Балаларың халықтың мақтанышына айналсын! – деді, сосын риясыз ақ тілеу батасын беріп.
Бұлбұл әнші келетінін білген Гүлфайруз алдын ала жақсы әзірлік жасаған-ды. Оның ең басты дайындығы – үйдегі балаларға кім келе жатқанынан мағлұмат беруі еді. Қазақ халқының мақтанышына айналған әнші апа туралы бар білгенін айтты.
– Майданға барған әнші дедіңіз ғой, сонда апай да соғысқа қатысқан ба? – деген балаларына жалықпай түсіндіріп, кейбір дүниелерді газет сайттарынан да көрсетті. Соның ішінде «Алматы ақшамында» жарияланған «Генералдың ақырғы аманаты» атты мақала да бар еді. Ол Роза апайдың майдан даласында өнер көрсеткен кездегі оқиғалардан хабар беретін менің мақалам болатын. Гүлфайруз әлгі жазбаны балаларға бас алмастан оқып берді.
«Ассалаумағалейкум, Ібіліс!»
«Алматыда екі миллион халық бар, соның ішіндегі жалғыз досым Берік!».
Қашан көрсең де ағынан ақтарылып тұратын Маралтайдың осы пікірін Гүлфайруз шын пейілмен айтылған жүрек сөзі деп біледі. Шынында да, дос деген өзіңдей бір адам екені, шын махаббат қандай сирек болса, шын достық одан да сирек болатыны анық қой.
Өзі адуынды ақын, болмысы бөлек талант, мінезден де кенде емес. Отыз жылдан бері Берік екеуі етене жақын болғандықтан, бұлар отбасымен араласып тұрады. Араларындағы алақалжыңға кейде тіпті адам түсініп, ақыл бойлап болмайды. Бұлардың болмысындағы рухани жақындық бірін-бірі толықтырып тұратындай. Содан да болар, көп ретте қостақым қатар жүреді. Берік те Маралтай досымен бірге қасиетті Тараз топырағын түгел аралап шықты. Әйтеуір, Жамбыл облысында өтетін келелі жиынның ешқайсысынан бұл өңір Берікті қалдырған емес. Тіпті, Сарысудағы ағайын оны төл перзентіндей көреді. Тек биыл күзде болған үлкен іс-шара – Маралтайдың Мәді күйшіге өз қаржысына орнатқан ескерткіштің ашылу салтанатына бара алмай қалғаны болмаса.
– Шамам жетсе міндетті түрде барамын, – деп, дүбірлі жиын өтуге бір күн қалғанша ниеттеніп-ақ отырды. Маралтай да қайта-қайта хабарласып отырды. Ғылыми конференция мен кешті жүргізу өз алдына, осы жолы досының орны білініп қалғандықтан «Сен болмасаң қара сөз қараң қалғандай екен-ау, досым, соны енді сезіп тұрмын» деумен болды. Бірақ, оған Беріктің денсаулығының жағдайы болмаған. Гүлфайрузға:
– Қап-ай, қазір Алшын, Тама, Жағалбайлының арасында, Асаубай аға мен Маралтай достың қасында шалқып отырар едім-ау! – деп екі-үш күн бойы айтып жүрді.
Маралтай «Ақкөке» десе, Берік «Ағажан» деп еркелейтін белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, меценат Асаубай Майлыбаев бұл екеуі Алматыдан шықты деген хабарды естігеннен тағатсыздана күтіп отырады. Мөлдір махаббат пен аққу сезімнің нышанына айналған қос ғашық – Төлеген мен Жібекке Тараз қаласының ортасынан зәулім ескерткіш орнатқан бұл ағаларының әріден тартатын есті әңгімесінің өзі неге тұрады. Көңіл қошы келгенде Асекеңнің жұбайы, Оралкүл апалары салатын Шәмші әндері олардың отырысының сәнін келтіре түседі. «Ағаң болса алдыңда / Атандайын алшаңдап / Жарасар керсең ауыңды» дегендей-ақ, екі інісі екіжақтап еркелегенде, былайғы жұрт бұларға қызыға қарайды. Екеуінің Асау ағасына деген ізеті мен ілтипатын көрген сайын Гүлфайруз да ауылдағы бауырларын сағына түседі.
– Осы күнге дейін бізге шылым тартатындарын да байқатқысы келмейді. Аңдаусызда көріп қалсақ, бұрылып кетеді. Біз де байқамаған болып өте береміз, – дейді Гүлфайруз. Бауырынан өрген балаларының өзі балалы-шағалы болып кетсе де, бірін-бірі сыйлап, әдеп сақтауы шынында да талай нәрседен хабар береді. Олар өте бауырмал болып өсті. Әсіресе, қыздар жағы шешесінен озық тәрбие көрді. Оған Ақбөпе апасы да риза болып:
– Құдайға шүкір, бәрің оқып, уақытымен тұрмыс құрдыңдар. Ешқайсың «шіркін» деген сөзге қалдырған жоқсыңдар, соған разымын. Жақсы жанұя боламын десеңдер, үйлеріңдегі әңгімені еш уақытта сыртқа шығарушы болмаңдар, – дейтін.
Содан да болар, қыздардың бәрі инабатты әрі мейірімді болды. Әлихан мен Досымхан ағасы Гүлфайруздың кішкентай кезінде көрші құдаша Ғазиза екеуін ертіп, ермек үшін зоңқылдақ аулауға алып баратын. Бүгінде ойлап отырса қызық, қыздар екі мотоциклдың артына кенеше жабысып отырып алады. Қараңғыда мың бұралған жалғыз аяқ жолмен заулап келіп тоқтағанда, қыздар түсе-түсе қалады. Сосын мотоцикл жарығымен секеңдеп бара жатқан қосаяқтарды қуалап жүріп, қолдарындағы келтекпен соғып алады. Оны көрген ағалары «Өй, мәледес!» деп, ешірте келіп мақтайды. Осылайша бірталайын жинап алып, итке әкеліп береді. Әрине, бұл үйде аш ит болмаса да, олар оны қызық үшін жасаушы еді. Арада екі-үш күн өткенде қыздар «Тағы да барайықшы» деп жалынады, ал ағалары болса тұлымшағы желбіреген қарындастарының көңілдерін қалдырмауға тырысады.
Бұл ғана емес, екі ағасы кейде үй шаруаларына да жегіп қоятын. Ауыл сыртындағы оны-мұны жұмыстар да кішкентай Жұлдыз бен Гүлфайруздың көмегімен бітетін. Ағалары жазда шалғымен шөп орады, бұлар оны көделеп шығады. Күзде отындыққа кетпенмен қотырқара шабуға барғанда, қарындастары айырмен жинап, дестелейді. Оны кейіннен қалқанды көлікке толтыра тиеп, үйге әкеліп түсіреді де, қыс бойы отқа тамызық етеді. Осындай жұмыстардың бәрі бауырмал етіп, еңбекке тәрбиелейтін болу керек. Сәуелхан ақсақалдың балаларының бәрі де осылайша асқан ынтымақпен сыйласып өсті. Бала кезден қалыптасқан бұл ізет араларында осы күнге дейін сақталып келеді.
Гүлфайруз тағдырлы ақын Маралтайдан да бауырларының сыйластығы мен ізетін көреді. Бір қарағанда, мінезі шарт кететін, түсініксіз болып көрінгенмен, ішкі әлемі тым нәзік, өте мейірбан. Оның өмірбаянымен жырсүйер қауым біршама таныс. Ғазиз басынан өткізген сан қилы оқиғалар оған сыйластықтың қадір-қасиетін жақсы ұғындырғандай. Алайда, шығармашылық адамының талғамынан шығу оңай емес. Олардың жеке басында болатын кейбір түсінбестіктердің астарында осындай мән жатады.
2014 жылдың жазы болатын. Гүлфайруз ұлы Бақыткелді екеуі салоннан су жаңа көлік сатып алып, үйіне енді кіріп келе жатқан. Сыртқы қақпаның алдында бұларға Берік пен Маралтай кезіге кетті, олардың да Сарысудан келген беті екен. Машинаның алдына бір, артына бір шығып, Гүлфайрузға көрімдік беріп жатып:
– Берік, жалғыз Гүлфайрузың бар саған жақсы ғой, ал мен болсам осындай дүниені қайсысына алып берерімді білмей үнемі басым қатып жүреді, – деді, Маралтай әдеттегідей қалжыңына жығып. Көпшіліктің көзінше айта бермегенмен, оңашадағы Маралтайдың әзіл-қалжыңдары ұтымды.
Осыдан біраз жыл бұрын Гүлфайруз бен Берік қыздары Нұршаштымен ауылдан пойызбен келе жатты. Берік ұзақ жолда досы Маралтайдың «Тарпаң» деген өлеңдер жинағын парақтап отырды да:
– Мынаны қарашы, Гүлфайруз. Бұл не деген ғажап, қандай батырлық! «Ассалаумағалейкум, Ібіліс!» деген сөзді Маралтай ғана айта алатын шығар, – деп, Берік оның «Ібіліс» атты өлеңінің «...Үмітін үзген пендеден / Сананың түбі түңіліс. / Алласын сүйіп көрмеген / Ассалаумалейкум, Ібіліс!...» деген жолдарын дауыстап оқи бастады. Әңгімеге ден қойып, тыңдап отырған Нұршашты қызы:
– Мә, әке, сонда біздің Маралтай аға Ібіліспен де кездескен бе? – деді таңданып.
– Жаным-ау, ол не дегенің?! Сенің Маралтай ағаң Ібіліс түгілі жердің беті мен оның жеті қат қыртысының астындағы Жын, Пері, Албасты, Марту, Шайтан, Уәсуәстің неше түрімен кездескен ғой! – деді, әкесі қуақыланып. Сөйтті де Маралтайға телефон шалып, қызы қойған сұраққа қоса өзінің жауабын айтып, екеуі ішектері түйілгенше күлді.
Осындай қызық жайттар оңайлықпен естен шыға қоймайды ғой. Гүлфайруз табиғаты егіз екі дос – Берік пен Маралтай туралы, олардың Бетбақтың даласында жүріп бастарынан өткізген сан түрлі уақиғалар жайында жалықпай әңгімелеуге бар.
Бір сұхбаты бүкіл бейнесін көрсетті
Делебесі қозғанда желіп айтатын, жұрт біле берместі теріп айтатын күйеуінің тік мінезі алтын басын алға да сүйреді, қара басына қамшы да болып тиді.
Берік Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияда жұмыс істеп жүргенде талай ғылыми еңбек жазып, көптеген жобаларды жүзеге асырды. Соның бірі және бірегейі – қазақтың ән-жыр өнерін аймақтарға бөліп қарастырған кезде оның этник (рулық) сипатын ашып көрсетуі еді. Бұл біреулерге ұнады, кейбіреуге ұнамады, ол басқа әңгіме.
Беріктің ізгі ниетін Гүлфайруз жақсы түсінеді. Үйге қонақ келгенде, ақтарыла сыр шертетін күйеуі қазақ өнерінің теориялық мәселелері төңірегінде жазып жатқан жұмыстарын, шығарған қорытындыларын жасырмай айтып отырады. Гүлфайруз осындай әңгімелердің өзегінен біраз жайттың қыр-сырына қанығып қалады. Кейіннен осы дүниелердің бәрін Беріктің кітаптарынан оқыған сәтте ән мен жырдың тарихы, жалпы өнер туралы талай нәрсені көңілге түйеді.
– Нұртілеу ағамен арада болған сұхбатыңда нағыз болмысыңды көрсеттің. Білімің де, біліктілігің де, өз салаңның кәсіби маманы екенің, биік өрең де – бәрі анық байқалды. Мен бәрінен бұрын, Нұртілеу ағаға риза болдым. Өмір бойы телевидение саласын зерттеп келе жатқан кісі ғой, айтарын бұлтақтамай, мәселені дәл қозғап, сені қамшылап отырды, – деді Гүлфайруз, Беріктің теледидардан берген сұхбаты жайында. Өзімнің алғашқы оқырманым, көрерменім, әрі редакторым да осы Гүлфайруз деп түсінетін күйеуі бұған кәдімгідей масаттанып қалды.
Олай болатын жөні бар. Беріктің орынды-орынсыз сұхбат беріп, ел алдына жөн-жосықсыз шыға бермейтінін Гүлфайруз жақсы біледі. Кейінгі жылдары «Жетісу» телеарнасында қызмет ете бастаған белгілі тележурналист, елге танымал қоғам қайраткері Нұртілеу Иманғалиұлы телеарнаға сұхбатқа шақырғанда күйеуі қатты қуанып, бұл жолы шын ықыласымен мойын бұрды. «Жетісудың» көшпелі студиясы түсірген Нұртілеудің «Бай-қуатты болайық» атты бас-аяғы жарты сағаттық хабарында біле-білгенге том-том кітаптың жүгі жатты. Берігі шешіліп сөйледі, көңіліндегі бар ойын айтып, көкейіндегі сырсандықты ақтарды. Әрине, оның айтары бір хабардың аясына сыймайтынын Гүлфайруздан артық кім білсін.
– Ойыңда жүрген негізгі мәселелерді түйдек-түйдегімен ортаға тастай салдың. Қажет адам керегін алып, шетінен қаузай беретіндей үлкен мәселе көтердің, – деп, Беріктің көңілін тағы бір көтеріп қойды.
Шынында, сұхбат барысында қазіргі қолданыста жүрген «дәстүрлі ән» деген ұғымнан бастап, орынсыз айтылып, жүйесіз жасалып жатқан жайттардың көбін қамтыды. Гүлфайрузға Нұртілеу ағасы эпик жыршы, талғампаз әнші, білікті ғалым, зерделі өнер зерттеуші Беріктің бүкіл болмысын көрсеткендей болды. Осы сұхбаттан кейін Нұртілеу ағасы мен Берік інісі рухани кеңістікте бұрынғыдан да жақындаса түсті.
Әнуарбек ӘУЕЛБЕК ақын, Қазақстанның Мәдениет қайраткері, Ақпарат саласының үздігі
qazaquni.kz