Талғат Теменов: Экранның бәрінде әжуалап жатқандары – қазақтың кемпір-шалдары
2019 ж. 04 наурыз
4171
2
Талғат Теменов – театр және кино өнерінде аты мәшһүр, танымал тұлғалардың бірінен саналады. Таяуда атақты режиссердің «Біздің қаланың кішкентай ханзадасы» Бангладештің астанасы Даккада өткен кинофестивальде бас жүлдені жеңіп алды. Санаулы күндерден кейін Ақмола облыстық орыс драма театрының сахнасында Александр Вампиловтың «Тұңғыш ұл» лирикалық драмасын «Жауын вальсі» деген атаумен Талғат Теменовтың ұсынуы – Көкшенің мәдени өміріндегі елеулі оқиға десек артық емес. Ал енді осынау айтулы сәтті қалт жібермей, танымал өнер жұлдызымен әңгімелесу әсері өз алдына бөлек мәртебе. Соны ескере отырып, көрерменді ғажайып көңіл-күйге бөлейтін қойылымның мән-мағынасы жайында тереңнен ой қозғаған өнер иесінің шығармашылығының өнегелі өрнектері мен сахнагер болмысының ерекше қырлары арқау болған сұхбатты оқырман назарына ұсынып отырмыз.
►ТІЛШІ: Талғат аға ежелден ән меккесі саналған қасиетті Көкшетауға қош келдіңіз. Жас актерлердің аяқ алысы қалай екен?
Талғат ТЕМЕНОВ: Александр Вампилов тек орыстың ұлы драматургі ғана емес, әлемге аты жайылған дарынды, өмірден ерте кеткен тарлан талант. Оның спектакльдері тек ТМД емес, Америка Европада қойылған. Қойылымда адамгершілік, тазалық, махаббат, достық сияқты үлкен адами қасиеттер айтылады. Жалпы елдің, халықтың көкейінен шығатын қойылым болады деген үмітім бар. Сондықтан, күндіз-түні барымызды салып жұмыс істеп жатырмыз. Бұл қойылымдағы басты ерекшеліктің бірі, мұнда кәсіби актерлер ғана емес, Көкшетаудағы Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжінің 3 курс студенттері де өнер көрсетеді. Мендегі мақсат болашақта өмірін театрмен байланыстырамын деген жас жеткіншектерге білгенімді үйрету, өз тәжірибеммен бөлісу болып табылады. Қысқасы, Көкше көгінде жаңа жұлдыздарды жағып кетейін деп отырмын.
►ТІЛШІ: Бәрекелді! Аға, сіздің әрбір туындыңыз адамның сана-сезімін оятатынын, қоғамды ізгілендіруге шақырып, адами құндылықтарды берік ұстануға үндейтінін, бір сөзбен айтқанда, жан тазалығын сақтауға бағытталатынын байқаймыз. Оның сыры неде?
Талғат ТЕМЕНОВ: Қазақ ежелден баласын ізгілікке баулып өсірген. Жастайы- нан құлағына өмір қағидаттарын сіңіріп тәрбиелеген. «Біреудің ала жібін аттама, ұрлық жасама, әке-шешеңді бақ, бала-шағаңды өсір» деген міндеттерді зердесіне құйды. Қазақ қай қашанда да, жетімін жылатып, жесірін қаңғыртпаған. Біздің ата-бабаларымыз «Қарттар үйі» дегенді білді ме?! Ақпанның 26-сы сахналанатын премьерада да осы адамгершілік тақырыбы көтеріледі. Өнердің негізгі миссиясы – қоғамның дертін айшықтау. Отанды сүю, қызғаныш, сатқындық, тағы басқа да жалпыға ортақ 7-8 тақырып бар. Қай тақырыпты алсақ та, қазақ өнеріне артықшылық етпейді. Тіпті қасиетті Құранда да адами құндылықтарды ұстану айтылады.
Шекспирде де, Шиллерде де, Дос- тоевскийде де, Чеховта да, өмір шындығы, осы күнделікті көріп жүрген тақырыптар, шығармаларының өзегі болып табылады. Мысалы, Сергей Дворцовойдың «Айка» фильмі күні кеше көрерменіне жол тартты. Бұл фильмде қырғыз қызының жанаярлық трагедиялық өмірі баяндалады. Бір қыздың тағдырын баяндай отырып, бір елдің, біртұтас қоғамның трагедиясына айналған өзекті мәселені ортаға салып отыр. Шерхан Мұртазаның «Театр көбейсе – түрме азаяды» дегені, Ғабит Мүсіреповтың «Хас сұлудың көз жасындай мөлдірленер – театр» дегені бар. Әрине, бүгінгі қордаланған әлеуметтік мәселелер бір күнде бола қалған жоқ. Өнердің миссиясы осы сүреңсіз мәселелерді шырқыратып, жанын шығарып тұрып айту керек. Таяуда менің кином, «Біздің қаланың кішкентай ханзадасы» Бангладештің астанасы Даккада өткен кинофестивальде бас жүлдені жеңіп алды. Онда жетімдер үйіндегі баланың тағдыры бейнеленді. «Жетімдер үйінен» шығып, адасып кеткен бала көшеде кездейсоқ көрген қарияны «атасы» екен деп қалады. Баланың аянышты тағдыры көрерменін де бей-жай қалдырмай отыр. Мендегі басты мақсат та осы – көрерменіме ой салу.
►ТІЛШІ: Аға, әлгінде сіз өнердің негізгі миссиясы қоғамның дертін айшықтау дедіңіз. Қазіргі таңда көбінесе жеңіл әзілге құрылған арзанқол қойылымдар көптеп сахналануда. Жасырары жоқ, соңғы кезде кинода болсын, я болмаса театр сахнасында болсын, бүгінгі күннің басты тақырыбы – келін деуімізге болады. Жалпы, драматургия қоғаммен үндес болуы керек емес пе?
Талғат ТЕМЕНОВ: Бүгінде ыржақай-тыржақай театрлар көбейген. Экранның бәрінде әжуалап жатқандары – қазақтың кемпір-шалдары. Қазақ осы қариясы бар үйді қазынасы бар деп ерекше құрметке бөлеген еді ғой. Осы ақсақалдарымыз бен ақ жаулықты аналарымыз баласының болашағы үшін бар қиындықты, ауыртпашылықты мойнымен көтеріп, талай сынға сыр бермей шыдап, төзіп келді емес пе? Енді біз оларды күлкіге айналдырып отырмыз. Біз неге оларды дәріптемейміз? Неге алақанға салып аяламаймыз? Домалақ аналар, Шыңғыс Айтматовтың «Толғанайлары» емес пе осы әлемді ұстап тұрған? Біз ата-әжелерімізді күлкіге айналдырып отырып, өскелең ұрпаққа үлкенді сыйла деп қалай айта аламыз? Келіндерді күлкіге айналдырдық. Келін деген немерелерінің анасы, балаңның сүйген жары ғой. Осыны көрген жауқазын қыздар келін болғысы келе ме? Біз оларға қандай өнеге, тәлім тәрбие беріп жатырмыз? Неге жемқорларды әзілге қоспаймыз? Мықты болсаң, «мықтыларды» әжуала. Оған интеллект жетпейді. Юмордың, сатираның, әзіл-сықақтың да бір шегі болуы керек қой. Әлеуметтік желіде де осылар. Мен ондай әзілдерді көргенде күлмек түгілі, жымимаймын да. Театр – тәрбие ошағы. Біз осыны ұмытпауымыз керек. Қалтаны ғана емес, экранның әр жағында отырған көрерменді де ойлау керек.
►ТІЛШІ: Өзіңіз де білесіз, Елбасы тарихи фильмдер түсіруге тапсырма берген болатын. Жалпы осы арқылы ұлттық рухты көтеруге бола ма?
Талғат ТЕМЕНОВ: Әлбетте. Кино – ұлттық патриотизмді дамыту құралы. Басқаны айтпай-ақ, көрші мемлекет Қытайды алайықшы. Олар жылына 800 мың кино түсіреді. Бірақ, өздерінің территориясында басқа мемлекеттердің жылына он-ақ киносын көрсетуге рұқсат етіледі. Неге? Өйткені, болашақ ұрпақ Қытайдың ұлттық дәстүрін, әдет-ғұрпын, қытай мәдениет, тілін, ділін жадына сақтасын деген мақсат. Қытай халқының болмысын сақтап қалу. Жапониямыз да осы мақсатты көздейді. Мәселен, олар қанша дамыған мемлекет болса да театрға барғанда өздерінің ұлттық киімдерін киіп келеді екен. Қазір менің қолымда өзім жазған, ел бақытын өз бақытынан артық санаған «Зарина патша- йымы» туралы сценарий бар. Алла қаласа келесі жылы түсіреміз деп отырмыз.
►ТІЛШІ: Жасырары жоқ, соңғы жылдары газетке күштеп жаздыруға болмайды, балалар спектакліне мәжбүрлеп билет сатпаңдар, балаларды театрға зорлап апармаңдар деген бір үрдіс пайда болды ғой. Осы пікірге қалай қарайсыз?
Талғат ТЕМЕНОВ: Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы. Қазіргі таңда бізде кітап оқымайтын ұрпақ қалыптасып келе жатыр. Қайда қарасаң, телефонға телмірген ғұмыр. Осыны дұрыс деуге келе ме? Қаншама кітапханалар бар, бірақ, жастар оған барып кітап оқығысы келмейді. Бала кітап, газет оқымаса, театрға бармаса, рухани қуатты кімнен, неден алады? Темір ғана тоттанбайды, адамның өсіп-өркендеу санасы таттанады. Қарапайым бір ғана мысал, фасфут деген тамақ бар. Америкалықтардың ойлап тапқаны. Қарны аш болып тұрған адам үшін жақсы-ақ, әп-сәтте қарныңды тойдырады. Ал, түптеп келгенде ағзаға зиян. Қазіргі заман – «фасфут» заманы болып кетті. Тез әрі қарын тойдырамыз деп ағзамызды улап жатқанымыздай, кітап оқуға уақытымыз жоқ деп ой-санамызды ғаламтордан алған әртүрлі ақпаратпен улап жатырмыз. Бұл жақсылыққа апарып соқпайды. Мәселен, жеті жасқа келгенде біз балаға ұнай ма, ұнамай ма, ұйқысы қана ма, қанбай ма, барғысы келе ме, келмей ме – оған қарамай, балалардың бәрін мектепке алып барамыз. Неге? Балалар әріп танып, білім алуы керек. Сол секілді балаларды мектептен бас- тап өнерге тәрбиелегеніміздің несі өрескел? Кезінде патша заманында неге балаларды балет, сурет салу, тіл үйрету, логикалық ойлау қабілетін жетілдіру курс- тарында оқытты? Оларға неге бала кезінен осындай сабақ берді? Өйткені, бұларды бала кезден оқытпаса, үлкейгенде қиын болады деген ұстаным болған. Өсіп, денесі қатайып, жетіліп кеткен баланы балетке тәрбиелеу қандай қиын болса, адамның болмысы қалыптасып кеткеннен кейін де оның көркем өнерді қабылдай алмауы мүмкін. Сондықтан, біз өскелең ұрпақтың жан дүниесін бала күнінен сұлулыққа баулып, жүрегіне ізгіліктің шамын жаққанымыз абзал. Елу жылдан кейін біздің халқымыз қандай болады? Жүз жылдан кейін қазақ тілі қолданыста бола ма? Біз шекараны бекіткенмен, ақпараттық кеңістікке шекара қойған жоқпыз ғой.
►ТІЛШІ: Сізге шығармашылық мол табыс тілейміз! Әсерлі әңгімеңізге көп рахмет.
Р.S: …Ой жетегінде келемін. Тұғыры биік тұлғамен сұхбаттасқан санаулы уақыт ішінде ғұмырға азық болар ғибрат алғандаймын. Ол кісінің әрбір сөзі ақыл. Ой-пайымы мірдің оғындай екен, «ондыққа» дөп тигізіп, ойып түсіреді. Елін ойлаған, елім деп еміренген, ұлтын жүрегімен сүйген жан осындай болса етті. Ол кино арқылы, театрдағы әр қойылым арқылы ұлттың рухын көтерсем, ұлттық құндылықты насихаттасам екен дейді. Адамның сана-сезімін оятатын жан сұлулығын, қарапайым адами құндылықты насихаттаудан жалықпаған. Өскелең ұрпақ, қазақ баласы ғибрат пен тағылым түйсе екен деп жарғақ құлағы жастыққа тимей, уақытпен санаспай еңбек етіп келеді. Көгілдір Көкшетауға сапарлап келген мақсаты да сол. Жастарға білгенімді үйретейін, тәжірибеммен бөлісейін деп келді. Міне, өнерге деген адалдық, ұлтқа деген жанашырлық деп біз осындайда айтамыз!..
Сұхбаттасқан: Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
Дереккөз: «Арқа ажары»