Абай - әлемдік тұлға
2019 ж. 02 наурыз
14297
0
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Ұлы Даланың жеті қыры» аталатын мақаласында дархан Қазақ елі туғызған әл-Фараби мен Яссауи, Күлтегін мен Бейбарыс, әз-Тәуке мен Абылай, Кенесары мен Абай және басқа да көптеген заңғар перзенттер шоғыры туралы айта келіп, осынау ұлы тұлғалардың әдебиеттегі, музыка мен театр саласындағы және бейнелеу өнеріндегі галереясын жасауды қолға алу қажеттігіне тоқталғаны мәлім. Осыған орай танымал әдебиетші ғалымдар, ақын-жазушылар, өнер қайраткерлері аталған міндетке қызу ат салысуда. Бүгін оқырман назарына сондай еңбектердің бірі ұсынылып отыр.
Абай – мыңжылдықтарды құшағына сыйғызған, заманалар сырын толғаған, адам болмысының құпиясы мен тұңғиық тереңін нәзіктікпен сөйлеткен, рухани жетілудің жолдарын көсемдікпен көрсеткен келешектің кемел жаратылған Ұлы Даланың өрен тұлғасы. Хакім Абай қағидаты, ұстанымы – мемлекет өркендеуі мен қоғамды ізгілендірудің, елді сәулелендірудің кепілі.
Тегінде, «Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа» дейтін өлеңінде:
Білімдіден аяман сөздің майын,
Алты өлеңмен білдірдім әннің жайын!
Ездің басы қаңғырсын, ердің көңілі
Жаңғырсын деп ойладым айтқан сайын.
Көкірегінде оты бар ойлы адамға
Бұл сөзімнің суреті болар дайын – деп, белсенді суреткерлік іс-әрекет қызметін, жалынды ұйымдастырушылық қабілетін, ақыл-ойдың қопарылысына, рух жанартауына ие екендігін, ақындық лебізінің ішкі поэзиялық мазмұнға, танымдық-этикалық, көркемдік-философиялық құндылықтарға мейлінше бай екендігін мәлімдейді. Я болмаса: «Тәуекел мен батыр ой, Өткір тілді найза етіп» деуінде («Қуаты оттай бұрқырап») поэтиканың негізгі шарттарын атайды. Олар: шешімпаздық, айрықша психологиялық-философиялық мазмұн, өте-мөте сұрыпталған, қажетті, таңдамалы, «жалын мен оттан жаралған сөз».
Жаратушылық энергиясы, дарындылық, шығармашылық деңгейі, білімі, тәжірибесі, ойлау жүйесі жоғары Абайдың ой толғау, сөз саптау мәдениетіне зерделі зейінмен үңілсек, ол абызша, билерше, данышпанша пайымдап толғанады, жігітше жалындайды («Жігіт сөзі»), қызша сызылады («Қыз сөзі»), тақпақтап, жұмбақтап, мысалдап, сықақтап, намысқа қызып сөйлейді. Адамгершілік қарым-қатынас ғылымына да жетік. Қазақ жаңа жазба әдебиетінің көшбасшысы, жаңаша көзқарас, жаңаша таным иесі ұлт руханияты тарихында қазақ әдеби тілінің классикалық тазалығын туындатты. Ол поэзия тілінде, ғылым тілінде, ауыз-екі сөйлеу тілінде дарабоздығын танытты. Абай шығармашылығында халықтық, лирикалық-философиялық, реалистік, халықтық, шығыстық, аңыздық, романтикалық, сатиралық, ауыз-екі сөйлеу стильдері бар. Задында, стильдің сан алуандығы Абайдың индивидуальдық көркемдік-философиялық интуициясын, интеллектуалдық-психологиялық әлеуетін, заманның, тарихтың рухын, танымның сезімдік формаларын (түйсік, елестету, қабылдау, түсінік, ес), мәдениетін, шеберлігін, көркемдік әдісін танытады.
Өркениет тарихында Абай құбылысы – философиясымен, гуманистік көзқарасымен, көркемдік шеберлігімен, стилистикалық мәнерлігімен, формалық жаңалықтарымен, ғылыми дүниетанымымен өзгешеленеді.
ЮНЕСКО-ның (Біріккен Ұлттар Ұйымы Мәдениет басқармасының) Бас директоры Федерико Майор: «...Абай – әлемдік тұлға... ұшан-теңіз білімімен бүкіл адамзаттың санасына данышпандықтың дәнін сепкен ойшыл да кемеңгер ақын. Ол – нағыз ғұлама, әрі тәңірдің құдіретімен туған әулие десе де болғандай. Оның поэзиясының өнебойынан адамдарға деген сүйіспеншілік пен аяушылық сезімі есіп тұрады... Ал гуманистік ойлары Еуропаның классикалық философиясымен ғажайып бір үндестік тауып жататынына еріксіз қайран қаласың... Абай – әлемдік поэзияның асқарларымен иық теңестіріп тұрған заңғар тұлға» – дейді. ( «Егемен Қазақстан», 1994 жыл, 20 шілде).
Ақынның өсіп-өнген ортасы, мектебі, мәдени дәстүрлері өз алдына күрделі мәселе. Мұның өзі алуан-алуан қатпарлы, астарлы, тұңғиық сыр әлемі.
Біріншіден, Абай өскен орта – халық ақындарының, шешендерінің, шежірешілерінің, ой мен тіл көсемдерінің алтын ордасы. Әкесі Құнанбай от ауызды, орақ тілді, мұсылманшылық қағидаларын жүйрік білетін от жігерлі жан. Әжесі Зере ертекші болған.
Ақын Байкөкше (1813-1892) Құнанбай дүниеден озғанда:
Құнан кетті- алдынан жарылғасын,
Артында алтын қалды ат басындай – деген.
Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан: «20 жасқа жеткенде Абай от тілді шешен, халық өмірі мен әдет-салтын, қазақ даласындағы атақты билердің әр істі шешкендегі төреліктерін жақсы білетін ділмар атанды», – деп жазады.
Кәкітай Ысқақұлы Құнанбаев (1852-1918): «Қазақтың ескі заманы болса, бұрынғы қазақтың атақты биінің бірі болмағы анық еді... Абай бір кезі келіп тұрған самород еді» – дейді. 1908 жылы «Уақыт» газетінде: «Мәжілісінде болған кісілердің айтуынша, тілі ләззатты, араб, парсы, түрік, қалмақ тілдерінен хабардар, тарих, география пәндерінен мағлұматы кең болып, танымы тұқымды еді» делінген.
Абайдың ой-өрісінің өркендеп дамуына әсер еткен елдің жақсылары, Ахмет-Риза медресесі мен орыс мектебінде дәріс берген ұстаздары, озат ойлы орыс зиялылары яғни саяси көзқарасы үшін қуғын көрген интеллектуалдық элитаның көрнекті қайраткерлері.
Бұл ретте Петербург университетінде оқыған ойшыл Н.Г.Чернышевскиймен дос болған Евгений Петрович Михаэлисті (1841-1913) айтуға болады. Педагог, этнолог, өлкетанушы, Семей учительская семинариясының ұстазы Б.Г.Герасимов (1872-1937) екеуінің достығы жөнінде жақсы лебіз қалдырған. Және де Абайдың «Дүниеге көзімді ашуға үлкен себепкер болған кісі – Михаэлис» дегені бар.
Сонан соң ұлты поляк Петербург университетінің заң факультетін 1877 жылы құқық кандидаты дәрежесінде аяқтаған. 1883 жылы Семейге жер аударылған Северин Гросс (1852-1896) 1884 жылы Абай аулында болып, ақыннан қазақтың әдет-ғұрыптары мен салт-санасы турасында мағлұматтар алған. Әрхам Кәкітайұлының дерегіне сүйеніп айтсақ, ол былайша айтады: «Абай ағам Гроссті өзі ертіп жүріп, қазақ халқының, оның ішінде Тобықты елінің салтын, әдетін көрсетіп, ұқтырып жаздырды, одан кейін Тобықтыға көрші Керей ішінде Қожакелді, Малдыбай, Матақ дейтін елді аралатып кел деп Гросске Мағауия екеумізді қосып берді. Оның себебі, ол Керей елінің салты біздің Тобықты елінен өзгешерек екен».
Ілімді-білімді және орыстың атақтылары А.Ф.Конимен дос Северин Гросстың кітапханасы бай болған. Абайды Гроссқа таныстырған Е.П.Михаэлис екен.
Сондай-ақ 1885 жылдың жазында Долгополов Абай аулына келеді. Абай Мағауия мен Әрхамды ертіп, Долгополовты «Шыңғыс хан заманындағы әрбір руға белгіге берілген таңбалар салынған, айтаңба, шөміш, тұяқ, кілт» сияқты таңбалары мен «бес жүз қойдың орнындай» әрі терең көлі «керует сияқты тастың үстінде адам бейнелес қара тасы бар «Қоңыр әулие» үңгірін көрсетіп, қыруар деректерді мөлдірете баяндап жеткізеді.
Сонан соң Бақанас өзені бойындағы үңгірлерді таныстырады. (Әрхам Кәкітайұлы. Абай өмірбаянына қосымша деректер. «Жұлдыз» журналы, 1993, № 6.) Өлке тарихы, халықтың әдет-ғұрыптары, ұлттық қолөнері, ата- бабалардың дүниетанымы – олардың ортақ әңгімелері. Ия, ғылыми, танымдық, тарихи мәні қандай десеңізші.
Абай өзінің ақындық, азаматтық, данышпандық ұстанымын – «Мақсұтым, тіл ұстартып, өнер шашпақ», «Білімдіден аяман сөздің майын», «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деген ұран сөздерінде айқын көрініс тапса, ісінен де сондай анық.
Абайдың ұстаздығы, сыншылдығы бір ғажайып байтақ әлем. Халық әдебиетінің білгірі Абай: «Қазақтың ескі ертегісінен бұрын қай жерлерде жүргені: көршілес, күндес елдері қай жұрттар екені; діні, білімі қандайлық кезде шығарғаны, елдің ескі салты, арманы, кәсіп-харекеті не екені көрінеді» – дейді.
Мәселен, ертекші Баймағамбет Мырзаханұлы Абай Шығыс пен Еуропа халықтарының әңгімелерін айтса, ол дереу үйреніп жатқа айтқан. Атап айтқанда, ертекші Баймағамбет Абайдың кемеңгерлік кеңестерімен «Мың бір түн», «Рүстем дастан» шығармаларын, Александр Дюманың «Үш мушкетер», «Король әйел Марго», «Он жылдан соңғы» және Лесаждың «Ақсақ шайтан» романдарын, Ұлы Петр турасындағы хикаяларды, А.С.Пушкин, М.Ю.Лермантов туындыларын жатқа заулатқан. Ертекші Баймағамбет белгілі бір шығарманың мазмұн-мәнін, күйлі, қуатты толқындарын, мақам-сарындарын толық дәрежеде меңгергенде ғана, Абай ел алдында орындауға рұқсат берген. Ол шығарманың ішкі әлемін түсініп, оқиғаның сарынын терең ұғынып, әрбір кейіпкердің жан дүниесін, бет-әлпет құбылысын, дауыс мәнерін, дене қимылын суреттеп-сипаттап орындайды екен. Ертекші елді батырлық рухқа тәрбиелейді, ертекшіні өнерге осылайша Абай баптайды. Өз ортасының әдеби- эстетикалық дүниетанымының, жаңаша, тамаша көзқарасының қалыптасуына Абайдың сіңірген еңбегі, тарихи қызметі осындай.
Абайдың шәкірті әнші, жыршы Бейсембай Жәнібекұлы (1858-1917) «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырын он жеті түрлі мақаммен орындаған. Халық дастандарын Мұқаметжан Майбасарұлы (1852-1917), әнші, домбырашы Әлмағамбет Сексенбаев (1870-1930) шебер жырлаған.
1889 жылы скрипкашы Мұқа Әділханов (1857-1927) пен ақын-композитор Әсет Найманбаевты (1864-1923) Абай өз қасына алдырады. Мұқаға орыс музыкасына ынталылық танытуын қалайды. Әсет «Сәлиқа-Сәмен» поэмасын жазады. Мұнда Абаймен рухтастық бар.
Абай өз балалары Ақылбай мен Мағауияға арнайы тапсырма беріп, «Еңлік-Кебек», «Медғат-Қасым» (Ақылбай) және «Дағыстан», «Зұлыс» (Мағауия) поэмаларын жаздыртқан.
Інісі Халиолла (1847-1870) Омбыдан оқуын аяқтап келген соң, «орысша оқуды, жазуды, сөйлеуді үйретіп, онымен бірге орыстың атақты жазушылары Тургенев, Лермонтов, Толстойдың повестерін, романдарын қазақ тілінде айтып беріп, әдебиет кешін өткізіп отыруды әдетке айналдырады» (Әрхам Кәкітайұлы естелігінен). Әубәкір Ақылбай баласы да (1881-1934) от тілді, тапқыр ойлы ақын болған. Абайдың мектебінен өткен, алдын көрген, ақыл-кеңесін тыңдаған, өнегесін бойына дарытқан бір топ шәкірттеріне Мүрсейіт Бікеұлы (ақын шығармаларын 1905, 1907, 1910 жылдарда хатқа түсірген), Ғабитхан молда, Шәкәрім, Ысқақ, Тұрағұл, Мұхаметкәрім, Махмұт, Самарбай, Ыбырай, Хасен, Дайрабай дейтін көзді туған көшелілерді қосуға болады.
Жалпы, руханият шырақшысы Абай айналасындағы өнерлілер: 1) Абай мұрасын жаттап халық ішіне таратқан, 2) әнге қосып айтып елге жайған. Абай бастаған дарындар дастаншылдық, әңгімешілдік, шежірешілдік, композиторлық, ақындық өнер түрлерін гүлдендіріп кемелдендірген. Өркениет пен мәдениетті тең дәрежеде өркендеткен. Сөйтіп, Абай өнегесі, ұстаздық еңбегі, ғұламалық қасиеті, тарихи-көркем тәжірибесі ұлттық рух пен ұлттық сананың жетілуіне өлшеусіз үлес қосқаны, халық қазынасын байытқаны даусыз.
Абай тұлғасында жалынды ұйымдастырушылық, тәлімгерлік, жоғары интеллектуалдық мәдениет, ішкі тәртіп пен тәжірибе, телегей білім мен ақыл, тілге, дәстүрге, өнерге, ғылымға, өркениетке жүйріктік, мақсаткерлік, таза, ұшқыр, дәл интуиция тән. Абайдың ойы- терең тамырлы, сәулелі, мағыналы. Ол: Единица- жақсысы, Ерген елі бейне нөл, Единица нөлсіз-ақ, Өз басындық болар сол, Единица кеткенде, Не болады өңкей нөл? – деп, ел тағдырын, елді бастаған көсем жайын толғайды «Сәулең болса кеудеңде» өлеңінде. «Единица» – «жалқы», «дара» деген мағынаны білдіреді. Бұл гректің философиялық ұстанымында «Монада» деп аталынады.
Демек, Абай тұлғасы – дара құбылыс, ақын-ойдың, парасаттың асқар биігі. М.О.Әуезовше айтқанда, ««Абай кемесі» кең жайқын әлемде сенімді, түзу жол сызып, маңып барады». Абайдың дәстүрі, мектебі – Ұлы Дала руханиятының жаңарып-жаңғыруына, жас ұрпақтың ой-санасының жетілуіне керемет әсер сыйлайды.
Серік Негимов, филология ғылымдарының докторы, профессор
qazaquni.kz