«Жұлдыздар құпиясы» 1 жаста!

18
7000


Нағыз жұлдыздарды анықтайтын «Жұлдыздар құпиясы» журналы ең алғаш рет 2001 жылы газет ретінде жарыққа шыққан басылым. Былтырдан бері түрлі-түсті журналға айналып, керегесін кеңейтіп жатқан басылым ағашқы жылдары 10 мың данамен шыққан болса, бүгінде оның таралымы 20 мың данаға жетті. Өз оқырмандарының көзайымына айналған «Жұлдыздар құпиясы» журналын 1 жасқа толуымен құттықтап, ақ тілектерін жаудырып жатқан өнерпаздарымызда шек жоқ. Оларға өз алғысымызды айта отырып, бұдан кейін де «Жұлдыздар құпиясы» өздеріңіздің қызықты әңгімелеріңізбен жандана береді деп сенеміз. Ал журнал ұжымына шығармашылық табыс тілейміз!

«Жас қазақ үні»

Қазбек Иса: «Жұлдыздар құпиясы» нағыз жұлдыздардың құпиясын ашады


2010 жылы – Барыс жылы 20 қазанда оқырман қауым «Жұлдыздар құпиясын» ашып, ел өзінің нағыз жұлдыздарын анықтай бастағанына, міне бір жылдың жүзі болыпты. Ақпараттар айдынына өз желкенін керіп келген «Жұлдыздар құпиясы» журналын алғашқы санынан-ақ оқырман өте жақсы қабылдады. 10 мың данамен шыққан алғашқы нөмірі «пышақ үстінен талап алынып», түгел таратылып кеткен басылым бұрын-соңды болған емес дейді таратушылар. Сондықтан қазір бір жылдың ішінде тиражымыз екі есеге дейін өсіп жатыр. Бұл бүгінгідей кім көрінгенді жұлдыз санап жатқан шоу журналдар шоғырында оқырманның сапалы да салмақты дүниелерге бет бұра бастағанын көрсетсе керек.
Алғашқы санда да айттық, «Жұлдыздар құпиясы» газет болып 2001 жылы шық­қанда, қазіргі аты кілең «жұлдыздардан…» басталатын қап­таған басылымдардың бірі де жоқ еді…
Иә, «Жұлдыздар құпиясы» журналы нағыз жұлдыздарды анықтайтын басылым. Ел танып, ерекше бағалаған таланттар ғана журнал бетінде жарық көре алады. Бұған журналдың алғашқы санында-ақ жарылып сыр ағытқан әсем әнші, атақты актриса Айгүл Иманбаевадан бастап, бүгінгі санындағы ердің жасы елуге толып жатқан ел еркесі – Ералхан Әбішевке дейінгі әйгілі Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова, Ақжол Мейірбеков, муза мұзарты «МузАРТ» тобы, және т.б. дәлел бола алады. Бір-бірінен аумайтын басқа басылымдардан өз ерекшелігіміз де аз емес. «Әннің де естісі бар, есері бар» деп Ұлы Абай айтпақшы, шөпті де, шөңгені де өлең қылып жүргендерді сынмен сойылдап отыру үшін «Мәнсіз мәтін» айдарында сөзі ұсқынсыз талай «әннің» сыбағасын бердік. Жұлдыздарға байланысты жағымды-жағымсыз жаңалықтар «Шоу мен шу» ай­дарында жарияланып келеді. «Жұлдыз» кеселімен ауырғандарды жуасытып, «емдеу» үшін «Атақ пен шатақ» айдары бар… Ән мәтінінің шамасын айыра алмай жүріп, екі ән айтса, есіріп, төрт ән айтса, төбемізге шығатындардың есін жиғызып жатырмыз. Сахнада жалтырағандардың былайғы өмірде қалтырағандары да кездесетінін халыққа әшкере етіп, тәубеге келтіретін өткір сындарымызды да жақсы білесіздер…
«Марғасқалар махаббаты» айдарында ұлыларымыздың елге белгісіздеу құпия сезімдерінің қыр-сырына үңіліп келеміз. Бұл айдар тұңғыш президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың тұңғыш махаббатымен ашылса, жақында келесі жылы 100-ге толатын біртуар мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың асыл сезімі туралы жазылды. Сонымен қатар, алаш көсемі Ахмет Байтұрсыновтың сүйіспеншілігі, Мұқтар Әуезовтың мұңды махаббаты, Мағжаннан Жұматайға дейінгі марғасқалардың жырларына айналған мөлдір махаббаттары туралы сыр шертілді. «Махаббаттың 41 құпиясы» айдары алдағы уақытта сиқырлы сезім сырларына үңіледі.
Көпшілікеке КВН арқылы танылған «Өнер қырандары» жұлдыздармен бірге» өз өнім­дерін ұсынып, мағыналы сұхбаттарын жариялап келеді. Сонымен қатар, өнер өлкесінде өз үндерін таныта бастағандарға «Ақ жол» тілеп, ақиықтардың «Ақ батасын» алудамыз. Оқырмандарымыз үшін де тосын сый жасап, туған күндерімен құттықтауға жұлдыздардың «Ақ тілегін» арнаймыз. Одан басқа да жаңалықтарымызды алда көре жатарсыздар деп үміттенеміз.
Сонымен, «Жұлдыздар құпиясы» қандай екенін білуге асығыңыздар, оқырман қауым!
Келер 2012 жылы – Ұлу жылы да ойлы оқырман ықыласына бөлене беруді жазсын! Бүгін бір жасқа толып отырған «Жұлдыздар құпиясын» журналын жұлдыздармен бірге ашайық, қадірлі қауым!

Ақжол МЕЙІРБЕК:
– Мен бұл журналдың аты затына сай деп санаймын. Себебі, көптеген жұлдыздар өзінің жеке басы, отбасы, шығармашылық жоспарларына байланысты болсын, барлық құпияларын осы басылым арқылы халықпен бөлісіп отырады. Өте қызықты, тартымды журнал. Ылайым оқырмандарыңыздың көңілдерінен шыққайсыздар! Таралымдарыңыздың саны арта берсін! Журналдарыңыздың ғұмыры бір немесе он жылдық емес, жүз жылдық болсын!

Айгүл ИМАНБАЙ:
– «Оқы, оқы және оқы» – адамзат баласына жаратқан Алладан келген бірінші бұйрық. Бүгінгі таңда сапалы, тәрбиелік мәні зор, адамның өмірге деген талпынысын арттыратын оқу құралдары баршылық. Солардың бірі де бірегейі осы қолымыздағы «Жұлдыздар құпиясы» журналы. Бұл журнал менің де жүрегімнен ерекше орын алады. Себебі, ең алғаш газет түрінде шыққан жұлдыздар құпиясының мұқабасына мен шыққан едім… 2010 жылы өзінің журнал түрінде шыққан мұқабасына тағы да мені таңдап, қуанышымды қуа­нышқа жалғаған еді. Енді міне, мен үшін аса құрметті журнал бір жасқа толғалы отыр. Ақын, Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты, Қазақстан Мәдениет қайраткері әрі осы журналдың бас редакторы Қазыбек Иса ағамызды шын жүректен құттықтаймын! Журнал ұжымына тек таусылмас жетістіктер мен берік татулық, зор денсаулық тілеймін! Жаратқан істеріңізге сәттілік берсін!

Нұрлан АБДУЛЛИН:
– Бұл журналдың әр санын мен асыға күтіп оқимын. Жұлдыздарымыздың шығар­машылық жаңалықтары, жүріс-тұрысы осы жандардың назарында десем қателеспеймін. Ең алдымен, оқырман қауымға аманшылық тілегім келеді, себебі біздің осылай еркелеп жүргеніміз халықтың арқасы. Ал журнал ұжымына тілерім, тек қана алға! Қаламдарыңыз мұқалмасын, шығармашылықтарыңыз шыңдала берсін!

Мұрат ҚОЖА:
– Басылым атаулы халықтың рухани азығы. Сондықтан бұқаралық ақпарат құралдарын төртінші билік деп жатамыз. Еліміздегі өнер адамдары төртінші билік арқылы тыңдармандармен өз сырларымен бөлісіп отырады. Ылайым оқырмандарыңыз сүйікті жұлдыздарының құпияларын білуден жалықпасын! Өзге басылымдарға үлгі болатындай өнегелі мақалалары мол алдыңғы қатардағы журнал болуларыңызға тілектеспін!

Сәкен Майғазы:
– Халық өзінің сүйікті өнер адамдарын жақсы жа­ғынан көріп, жақсы жағынан білгісі келеді. Сондықтан жұлдыздардың тек жақсы құпияларын аша беріңіздер дегім келеді. Кезінде Р.Бағланова, Е.Серкебаев сынды апа-ағаларымызды үлгі тұтып өстік. Себебі, жаман қасиеттерін естіп білген емеспіз. Өскелең ұрпақ өздерінің үлгі етер тұлғалары қазіргі сахнадағы өнер адамдары. Неғұрлым өнер адамдары жайлы тәрбиелік мәні терең, тағылымды сұхбаттар жарияласаңыздар, соғұрлым ел болашағына тәрбиелі үлес қосқандарыңыз деп санаймын. Жақсы құпияларыңыз көп болсын! Шығармашылық табыс, журналдарыңызға өрлеу тілеймін.

Жеңіс  СЕЙДОЛЛА:
– Отандық шоу-бизнесте құпиясы көп жұлдыздар саны арта бер­сін! Біздің жұлдыздарға ізденіс, тынбай еңбектену керек. Ал жасаған еңбектеріміз жайлы қалың елге жария ететін осындай «Жұлдыздар құпиясы» сынды басылымдар. Баршаға ортақ аяулы жандардың сыр-қырымен, тыныс-тіршілі­гімен оқырмандарды хабардар етуден шаршамаңыздар! Бұйырса, бес жылдық, он жылдық мерейтойларыңызды тойлауларыңызға тілектеспін!

Алтынай  ЖОРАБАЙ:
– Бір жыл көп уақыт емес. Дегенмен, ел-жұрт журналда­рыңызды танып білді. Мұ­ның өзі үл­кен жетістік деп ойлаймын. Танымал болу бір басқа, сү­йікті болу бір басқа деп жатамыз ғой. Тек қана танымал болғаннан гөрі, халықтың асыға күтіп, сүйіп оқитын журналына айналыңыздар. Әр айдарларыңыз, әрбір мақалаларыңыз оқып отырған оқырман көкірегіне ой салатын салмақты да, салиқалы дүниелер жазуларыңызға тілектеспін! Шығармашылық шабыттарыңыз шыңдала берсін!

Ақылбек ЖЕМЕНЕЙ:
– Құр­мет­­ті оқыр­ман! Сүйікті жұл­дыздары­ңыздың соң­ғы жа­ңа­лық­тарынан үнемі хабардар болғыңыз келсе, менің берер кеңесім – «Жұлдыздар құ­пиясы» жур­на­лы­ның әр санын үзбей оқыңыздар. Ал журнал ұжымына тілерім – ізденіс және бірлік. Ізденіс бар жерде дәйім жаңашылдық, ерекшелік болады. Ал бірлік – бар берекенің бастауы. Көпжылдық тарихы бар, жастарға тәлім-тәрбие беруден талмайтын басылым қатарында болыңыздар!

18 ПІКІРЛЕР

  1. Я қаншама əншілер көбейіп кетті . Өзінше менсінбейтіндері де бар.əндерінің мағынасы жоқ. Бірақ бəрі емес .үлгі тұрар əншілер көп
    . МузАрт тобы.Алаш тобы.Қоңыр тобы.т.б.менің бұл журнплға алғысым шексіз.осындай үлгілі ə ншілердің болғаны қандай жақсы .менің бұл журнплға айтарым шығармашылығына табыс .

  2. «Жұлдыздар отбасы» журналы қызық емес. «Жұлдыздар отбасы» редакциасына айтамын, шамалы қызығырақ болса деймін

  3. Жұлдыздар құпиясы” журналы керемет журнал,жұлдыздардың құпиясын білгенге не жетсін.Қазыбек аға!рахмет!Биік белестерге жете беріңіз

  4. «Жұлдыздар құпиясы» журналының 1 саны алдағы аптада шығады. Айына 1 рет шығатын журналымыз кешігіп жатқанына кешірім сұраймыз. Редакция

  5. Өзіндік орнын қалыптасрыған МузАрт тобын өте жақсы көремін. Және оны құрметтеймін. МузАрт тобына шығармашылық табыстар тілеймін.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз