Тіл мәртебесі ұлт мерейін үстем етеді
2019 ж. 23 ақпан
4114
0
Егеменді еліміздің экономикасының дамуына, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға, оның мәдени деңгейін көтеруге әрбір аймақ, әрбір аудан өз үлестерін қосып жатқаны белгілі. Кең байтақ еліміздің айтулы аймақтарының бірі – Жетісу өңірі. Бүгінгі әңгімеміз Алматы облысына қарасты Іле ауданы, дәлірек айтсақ, аудандағы мемлекеттік тілдің мәртебесі мен қолданыс аясы жайында болмақ. Арнайы «Қазақ үні» үшін аталмыш ауданнан дайындалған мақаланы оқырмандарымыздың назарына ұсынып отырмыз.
Көпшілікке түсінікті болу үшін алдымен аудан тарихына қысқаша ғана тоқтала кетелік. Негізі сонау 1928 жылдары құрылған Іле ауданы жер көлемі жағынан 7 мыңнан аса шаршы шақырымды алып жатыр. 31 елді мекен, 1 кенттік, 9 ауылдық округтерде 209, 200 мың адам тұрады. Аудан орталығы – Өтеген батыр кенті. Тұрғындардың басым көпшілігі қазақтар, сондай-ақ орыс, күрд, неміс, украин, ұйғыр тағы басқа ұлт өкілдері өмір сүреді. Ауданда 1997 жылға дейін етті-сүтті мал, биязы жүнді қой, жылқы, шошқа, құс, астық, қант қызылшасы, көкөніс, бақша, жүзім-жеміс, балық аулауға маманданған 2 ұжымшар, 7 кеңшар, 1 мал бордақылау бірлестігі, 1 құс фабрикасы, 1 құс зауыты болды. 1997 жылдары олардың барлығы жекешелендіріліп, 6 АҚ-ға, ЖШС-ке, 1,2 мыңға жуық шаруа қожалықтарына біріктірілді. Ауданда 17 ірі өнеркәсіптік кәсіпорын бар. Бүгінгі күні жалпы білім беретін 48 мектеп, 2 колледж, 12 кітапхана, 4 мәдениет үйі бар. Ондаған емдеу-сауықтыру мекемелері тұрғындарға қызмет көрсетеді. 1970-жылдан бастап «Іле таңы» атты апталық газеті шығып тұрады.
«Өнер алды – қызыл тіл» – дейді халық даналығы. Тұрмысымыздағы қандай саланы алсақ та алдымен тілге жүгінеміз. Сол арқылы түсінісіп, сол арқылы болашаққа бағдар жасаймыз. Бұл жерде мемлекеттік мәртебеге ие болған өзіміздің ұлтымызды анықтайтын қазақ тіліміздің алар орны айырықша. 2011 жылғы 29 маусымда Елбасының №110 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламада көзделгендей ауданда бірқатар нақты жұмыстар жүргізіліп келеді. Осы бағдарламаның тек қана бірінші бағыты бойынша қазақ тілін оқыту мақсатында 2018 жылы 35 адам мемлекеттік тілді оқыту орталығын бітіріп, куәлік және сертификаттар алды. Қазақ тілін меңгеруде қатардағы тұрғындарға мемлекеттік қызметкерлердің өзі үлгі болуы шарт. «Қазтест» негізінде аудандағы мемлекеттік және бюджеттік сала қызметкерлерінің біліктілік талаптарына сәйкес мемлекеттік тілді белгілі бір көлемде білу денгейін анықтау мақсатында аудандағы мемлекеттік мекемелер және Боралдай кенті мен ауылдық округ әкімдіктерінің мемлекеттік тілді оқыту орталығының базасында қазақ тілінен электронды түрде барлығы 6910 адам тест сынақтарын тапсырды. «Ұлттық тестілеу орталығының» қорытындысы бойынша барлық қызметкерлер мемлекеттік тілді жетік білетінін көрсетті. Нәтижесінде Іле ауданы облыс бойынша бірінші орынды иеленді.
Мемлекеттік тіл, ағылшын және басқа да шет тілдерін оқып үйрену мақсатында аудандық «Тіл» оқыту әдістемелік орталықтары жүйелі түрде жұмыс істейді. Атап айтсақ, орталыққа мемлекеттік тіл курсына 2018 жылы барлығы 11 топта 121 тыңдаушы, оның ішінде 119 мемлекеттік қызметкерлер қатысты. Ағылшын тілі курсы бойынша 9 топқа 128 тыңдаушы қабылданды. Сол сияқты Боралдай кентінде орналасқан №2177 және Қараой ауылындағы №2125 әскери бөлім қызметкерлері қазақ және ағылшын тілі курстарына қабылданды.
Үш тілде білім беретін мектептер үшін химия, биология, физика, информатика пәндері бойынша мектеп мұғалімдері «Өрлеу» біліктілікті арттыру институтының және Талдықорған қаласындағы педагогикалық шеберлік орталығының кестелеріне сәйкес аудан мұғалімдерінің 72 пайызы арнайы курстардан өтті.
Мемлекеттік тіл мәселесінде ерекше назар аударатын бағыттың бірі – көрнекі ақпарат құралдары. Аудандағы көрнекі ақпараттарға аудандық «Тіл және қоғамдық ономастика» жұмыс тобының мүшелері тоқсанына бір рет рейд жүргізіп тұрады. Жарнама құрамы қарапайым болғанымен көпқырлы, көпмазмұнды күрделі сала. Оның экономикалық, әлеуметтік, саяси, психологиялық, лингвистикалық т.б. толып жатқан астарлары болады. Осы тұрғыдан алғанда кез-келген елдің жарнамасынан сол елдің ұлттық ерекшелігі, әлеуметтік тұрмыстық жағдай мен мәдениеті көрініп тұрады. Аудан мекемелері мен кәсіпкерлері кез келген жарнама немесе атаулар бойынша міндетті түрде аудандық әкімдікпен келісіп, жол және жолаушылар көлігі бөлімі, мемлекеттік қызмет түрі арқылы рұқсат алады және мәтіннің жазылуы бөліммен келісіліп, түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.
Алматы облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен 1 кент және 9 ауылдық округ аумағында сәуір мен маусым айлары аралығында «Тіл тазалығын сақтайық!» атты акциясы жүргізілді. Акцияға аудандық «Нұр Отан» партиясы мүшелері, қоғамдық ұйымдар, ауылдық округ әкімдері, аудандық қоғамдық кеңес мүшелері, аудан әкімі жанындағы «Тіл және қоғамдық ономастика» жұмысшы тобының мүшелері атсалысты. Арнайы құрылған жоспар бойынша бағыттар анықталып, акция барысында халыққа қызмет көрсететін кәсіпорындар мен мекемелер, ірі сауда орындары, зауыттар мен шағын кәсіпорындар, дүкендер, шаштараздар, мемлекеттік мекемелер қамтылды. Шара барысында нысандарға Қазақстан Республикасының «Тіл туралы», «Жарнама туралы» Заңдары түсіндіріліп, көрнекі ақпарат құралдары мен маңдайша жазулар, деректемелер мен көрнекі ақпарат құралдарының тіл нормаларына сәйкес рәсімделуін анықтау мақсатында жергілікті атқарушы органдар, қоғамдық ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдарымен бірлескен рейдтік зерделеу жұмыстары жүргізілді. Акцияға аудандағы зиялы қауым өкілдері, қоғамдық ұйымдар белсене қатысты. Бөлім арқылы ашылған фейсбук әлеуметтік желісінде (мәдениет және тіл) жүргізілген жұмыстар мен оның фотосуреттері арнайы жарияланып тұрды. Аталған жұмыстардың нәтижесі көрсеткендей акция барысында аудан бойынша 107 қателіктер түгелдей түзетілді. Атқарылған шаралар нәтижесінде аудан аумағында көрнекі ақпараттар мен маңдайша жазулар, көше атауларының жазуы, жарнамалар, жол сілтемелері ретке келтірілді.
Ауданда өзге ұлт өкілдері де көптеп тұрады. Олардың басым бөлігі бұрыннан бері осында тұрып жатқандықтан қазақ тілінде еркін сөйлейді және оны үйренуге деген ықыластары ерекше. Соған қарамастан, мемлекеттік мекемелерде, балабақшаларда өзге ұлт өкілдері арасында ертеңгіліктер өткізілсе, мектептерде арнайы «Тіл тазалығын сақтайық!» тақырыбында қабырға газеттері шығарылып, өзге ұлт өкілдері арасында түрлі шаралар өткізілді. Денсаулық сақтау саласы мен жекелеген кәсіпорындарда сауалнамалар жүргізілді.
Сонымен қатар, аудандағы Мемлекеттік тілдің Қазақстан Республикасының «Тіл туралы», «Жарнама туралы» Заңдарының талаптарына сәйкестігін тексеру мақсатында Алматы облыстық «Жетісу» телеканалының «Тіл сақшысы» бағдарламасының түсірілім жұмыстары өтіп, оң қорытынды берілді. Бағдарламада көрсетілген екі түсірілім Іле ауданына арналды. Сол сияқты Мемлекеттік тілді және аудандағы өзге ұлт өкілдерінің тілдерін БАҚ арқылы насихаттау және дамыту мақсатында аудандық «Іле таңы» газетінде тұрақты айдар ашылып, 17 мақала жарық көрді. Облыстық «Мемлекеттік тіл және бұқаралық ақпарат құралдары» атты облыстық байқауға ауданнан Арай Жұматайдың мақаласы жолданды.
Аудан көлемінде «Тіл шебері», «Мемлекеттік тіл және БАҚ», «Абай оқулары», «Текті сөздің төресі – терме», «Үздік оқытушы», «Тілдарын» байқаулары өткізіліп, жеңімпаздар аудан әкімінің алғыс хатымен және сыйлықтармен марапатталып, облыстық байқауға жолдама алды. Байқаулар нәтижесі бойынша облыстық «Үздік оқытушы» байқауында Қарлығаш Ақбасова 3 орын иеленді. Жыл қорытындысы бойынша Талдықорған қаласында өткен «Үздік тіл маманы – 2018» жыл байқауына Іле ауданының Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Ардақ Әубәкірова жүлделі 3 орын және 40000 теңге сертификатқа ие болды.
2017 жылғы 26 қазандағы Қазақстан Республикасы Президентінің қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы №569 Жарлығына сәйкес латын әліпбиіне көшу жөніндегі аудандық жұмысшы тобы құрылып, жоспарға сәйкес іс шаралар жүргізілуде. Мемлекеттік тілге сұранысты арттыру мақсатында аудандық кітапханада ашылған KOVORKING орталығында «Жетісу жастары ұйымының Конгресі» Жастар қоғамдық бірлестігінің қатысуымен «Латынға көшу – заман талабы» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылып, жергілікті жерлердегі тіл саласына ат салысқан белсенділер алғыс хаттармен марапатталды.
Мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруда аудан әкімі жанындағы «Тіл және қоғамдық ономастика» жөніндегі жұмысшы топ елеулі рөл атқаруда. Жұмысшы топ отырыстарында округ әкімдері мен мекеме басшыларының тіл саясаты бағытындағы атқарған есептері тыңдалып, қаралған мәселелер бойынша қорытындысы шығарылып тұрады.
Халқымыздың өткен дәуіріндегі тарихын, көрші елдермен жасаған мәдени қарым-қатынасын және әдет-ғұрпын танып білуде де жер-су аттарының атқарар рөлі орасан зор. Осы орайда, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 24 ақпандағы «Әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту кезінде тиісті аумақ халқының пікірін ескеру қағидаларын бекіту туралы» №138 қаулысына сәйкес жұмыстар атқарылуда. Идеологиялық тұрғыдан ескірген көшелерге сараптау жұмыстары жүргізіліп, 82 көшеге жаңа атау беру туралы ұсыныс облыстық ономастика комиссиясының отырысында қаралып, 26-наурыз 2018 жылы оң қорытындысы шыққан болатын. Қазіргі кезде осы бағытта жұмыстар жалғасын табуда. Атап айтсақ, 4 елді мекен, 66 көше атаулары бойынша халықпен қоғамдық жиын өткізіліп, құжаттары рәсімделуде.
Қазіргі кезде мемлекеттік органдарда әзірленетін іс-қағаздарының қазақ тіліндегі үлес салмағы артып келеді. Мемлекеттік тілдің үлесі жергілікті атқарушы органдарда бөлімдер мен ауылдық округ және кент әкімі аппараттарында, денсаулық сақтау, білім беру мекемелерінде 100 пайызға жетті. «Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру үшін мүмкіндіктер мен жағдайлар толық бар, біз осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз», – дейді аудан әкімінің орынбасары Алмасбек Сәтібаев. Ия, тіл мәртебесі ұлт мерейін үстем етіп, елімізді өркендетеді. Оған ешкімнің таласы болмаса керек...
Зейнолла АБАЖАН Алматы облысы
qazaquni.kz