Анастасия Демидова: ҚАЗАҚСТАННЫҢ АТЫН ӘЛЕМГЕ ТАНЫТҚЫМ КЕЛЕДІ
2019 ж. 19 ақпан
2178
0
Қазақ циркінің жас әрі жарқын жұлдыздарының бірі – Анастасия Демидова. Қазақ циркінде 8 жасынан бастап жұмыс істейтін ол қазақ тілінде таза сөйлейді. Кішкентай қыз болса да қазақ тіліне деген оның үлкен құрметі кімді де де болса сүйсіндіреді.
– Анастасия сен циркке қалай келдің? Анаңның кеңесімен бе жоқ әлде жүрек қалауымен бе?
– Мен 2 жасымнан бастап цирктің тұрақты көрерменімін. Кішкентайымнан анамның сахнадағы өнерін тамашалап өстім. Сондай-ақ, ата-анам әрбір жаңа қойлымды қалт жібермей көруіме мүмкіндік туғызды. Анамның сахнада көрсетіп жүрген өнеріне ұқсатып түрлі қимылдарды үйде қайталай береді екенмін. Содан мені анам 5 жасымнан бастап гимнастикаға беріп, талабымды шыңдауға күш салыпты. Мені «қайтсең де циркке келесің» деп мұнда сүйреп әкелген жоқ, әрине. Өзімнің қабілетім болғандықтан ғана мені осы өнерге баулыды деп ойлаймын. Бойымнан титтей де бір талант байқалса, онда ол ананың ақ сүтімен бойға дарығаны анық.
– Былтырғы жылы Астанада өткен «Азия жаңғырығы» фистивалінде талайларды таңдай қақтырғаның есімізде. Байқауда өзіңнің көрсеткен өнерің несімен ерекшеленді?
– Иә, былтырғы жылы бас қаламыз – Астанада өткен ХІ Халықаралық «Азия жаңғырығы – 2018» фестивальіне қатысып, қола медальді жеңіп алдым. Сонымен қатар, 2020 жылы өтетін 44-ші халықаралық «Монте Карло» байқауына жолдама алдым.
Мен қойған нөмірдің ерекшелігі – цирк өнері арқылы қазақ ұлтының келбетін көрсете алуымда. Бұл нөмірде мен бостандық сүйгіш құстың бейнесі арқылы Тәуелсіз Қазақстанды сомдап шығамын. Қазақ қобызының сарынымен үндес виолончель үні менің образымды аша түсті деп ойлаймын.
Қазақтың ұлттық ою-өрнегімен көмкерілген кастюмім көрерменнің де әділқазылар алқасының да көңілінен шықты. "Воздушные ремни" атты тумен жасалатын әуедегі мұндай күрделі трюкті жас жеткіншектер арасында әлем бойынша әлі ешкім жасамаған. Көбіне үлкен жастағы ер кісілер ғана орындаған.
– Анастасия сенің өнерлі өрен екенің белгілі. Ал сен қандай оқушысың? Сабақ үлгерімің қалай?
– Алматы қаласындағы №1 гимназияның 8-ші сынып оқушысымын. Мектептің үздік оқушыларының бірімін. Белгіленген бағдарламаның барлығын мейілінше жоғары деңгейде меңгеруге тырысамын. Әсіресе, алгебра, физика, химия секілді пәндер барынша зор көңіл бөлуді талап етеді. Сонымен қатар, көп тіл білуге де талпынамын.
– Қандай тілдерді білесің? Қазақ тілін кімнен үйрендің?
– Тіл білуге деген құлшынысым өте зор. Қазақ тілінен арнайы курсқа қатысуды екінші сыныптан бастадым. Қазіргі таңда қазақ тілін тереңдетіп оқу үстіндемін. Тіл маманы – Гүлім Жарылқасынқызының біліктілігінің арқасында бүгінде қазақ тілінен еркін сөйлей алатын дәрежеге жеттім. Алдағы уақытта қазақтың көркем әдебиетін оқу арқылы тіл-байлығымды одан әрі дамыта түскім келеді. Елімізде көп ұлттар тату-тәтті өмір сүруде. Осының барлығы қоғамдық келісімді бағдар еткен Елбасымыздың ерең еңбегі.
Сонымен қатар, ағылшын тілінен де қосымша сабақ алып, өз білімімді жетілдіріп жүрмін.
– Сенің жетістігіңнің құпиясы неде? Барлығына қалай үлгересің?
– Мен үшін жетістіктің ешқандай жазылып қойған ережесі жоқ. Дегенмен, барлығы оңай, бәрі қиындықсыз жүзеге асып жатыр дей алмаймын. Әуелгіде жаттығулардан кейін ауырсынулар, шаршаулар болды. Әуе гимнастикасы аты айтып тұрғандай жасалатын трюктердің барлығы әртүрлі биіктікте орындалады. Әрі бұлардың барлығы сақтандыру шараларынсыз жасалады. Тұрақты түрдегі дайындықтың арқасында мұның барлығы менің күнделікті дағдыма айналды. Жетістіктің басты құпиясы – бүгін атқарылар істі ертеңге қалдырмау деп білемін. Маған ата-анам кішкентайымнан барлық істі жоспар бойынша жүзеге асыруды үйретті. Алдын ала күн тәртібін түзу арқылы барлығына үлгеруге мүмкіндік бар деп ойлаймын.Тек атқарылған істің сапалы орындалуы маңызды. Мәселен, өзім мектептегі негізгі сабағым, қосымша сабақтар және цирктегі жаттығуым барлығына белгіленіп қойған уақытымен барамын.
– Алға қойған мақсатың қандай?
– Цирк өнерінде өзімнің шеберлігімді шыңдай отырып түрлі халықаралық додаларда топ жарғым келеді. Атап айтқанда, «Цирк ханшайымы» атанып Тәуелсіз Қазақстанның атын әлемге танытқым келеді.
– Әңгімеңе рахмет! Көздеген мақсатыңа жетуіңе тілектеспін!
Сұхбаттасқан Гүлмира САДЫҚ
qazaquni.kz