Тілімізге деген талап төмендемеуі керек...
2019 ж. 16 ақпан
2768
0
Экономикасы қуатты, ғылым мен білімі дамыған, заманауи өркениеттің көшін бастаған қандай мемлекет болса да, оның қол жеткізген табысы алдымен сол елде тұратын халықтың өзіне байланысты. Барлық жетістіктерді жасайтын да сол халық. Әр елдің мемлекетті құраушы негізгі өз ұлты болуы да заңдылық. Ал ұлттың бірінші белгісі – тіл болып табылатыны да талас тудырмаса керек. Олай болса, қазақ елінде қазақ тілінің мемлекеттік мәртебе алып қана қоймай, кең қолданыста болуы өмірлік қажеттілік. Елімізде тұратын өзге ұлыстар мемлекет иесі – қазақ ұлтының төңірегінде топтасуы қажет. Ешкімге ұқсамайтын озық мәдениеті, салт-дәстүрі бар қазақ ұлты көш бастаушы міндетін атқара білгені жөн.
Өкінішке орай, кеңестік кезеңде қазақ тілі қолданыс аясын тарылтып, кенжелеп қалғаны жасырын емес. Одақ құрамында болған көптеген ұлттар орыс тілі жетегінде кетті. Оған сол кезде жүргізілген солақай саясат тікелей әсер еткені белгілі. Еліміз тәуелсіздігін жариялаған күннен бастап тіл мәселесі бірден көтеріле бастады. Егемендіктің алғашқы жылдары барлық аймақтарда, қалаларда, тіпті ірі кәсіпорындарда «Қазақ тілі» қоғамдары құрылып, белсене жұмыс істеді. Кеңестік кезеңде саны мүлдем азайып кеткен қазақ мектептері, балабақшалар ашылып, сан ғасырлық тарихы бар ұлттық салт-дәстүрлеріміз қайта жаңғырды. Бұл бағытта арнайы заң қабылданып, түрлі бағдарламалар, жобалар ұсынылды. Шүкіршілік, қазір қазақ тілі негізгі ресми мемлекеттік тіл ретіндегі міндетін атқарып, қолдану аясын жылдан жылға кеңейтіп келеді. Соған қарамастан, қазақ тіліне деген талап ешқашан төмендемеуі керек. Ол тұрақты түрде дамытылып, басты назарымызда болғаны жөн.
Жыл сайын жаңарып, кең қанат жайып келе жатқан әсем Алматыдағы Алатау ауданының құрылғанына небары 10 жыл болды. Алып қаланың байырғы аудандарымен салыстырғанда, әлі де бала жасында десек болады. Соған қарамастан Алатау ауданы өзгелермен барлық көрсеткіштер бойынша иық тірестіре алатындай жағдайда десек қателеспейміз. Бұрынғы облыс көлемінде болған ауылдардың басын біріктіріп, қала дәрежесіне жеткізу оңай шаруа емес. Асфальт жолдар салынып, су, газ, кәріз құбырлары жүргізіліп жыл сайын күрделі қаржы игеріліп жатыр. Бір ғана экономикалық, әлеуметтік-тұрмыстық жағдай ғана емес, аудан тұрғындарының мәдени деңгейін көтеруге де үлкен көңіл бөлініп келеді. Кейінгі жылдарда бой көтерген «Алматы арена» мен Дәстүрлі өнер театры қазір бүкіл алматылықтар мен оның қонақтарының сүйікті орнына айналды.
Алдында айтқанымыздай, осының бәрі қала халқының еңбегі. Оның басым бөлігі өзіміздің қара көз қазақтар. Сондықтан, ұлттық өнер мен мәдениетімізді дамыту – алғы шарттардың бірі. Тұрмысымыздың сан саласын айтпай-ақ, тек қана тіл мәселесіне тоқталсақ деймін. Тіліміздің сақталуы мен дамуына алдымен мемлекеттік органдар жауапты. Бұл бағытта белгілі бір дәрежеде тұрақты жұмыстар жүргізілуде. Мысалы, Алатау ауданында соңғы кезде атқарылған бірқатар шараларды атауға болады. «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын» іске асыру мақсатында ауданда және қала көлемінде көптеген істер атқарылды. Былтырғы мамыр айында Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінің концерт залында «1 – мамыр Қазақстан халқының бірлігі күні» мерекесіне орай «Тіл – татулық тірегі» атты фестиваль өткізілді. Аталған іс-шараға ауданымыздағы Ұйғыр этно-мәдени орталығы және «Эрзи» би тобы қатысып, дипломдармен марапатталды.
Көп тіл білу – бүгінгі заман талабы. Осыған орай елімізде үш тілді меңгеру бағдарламасы қолға алынғаны аян. Қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген жастар арасында «Тіл дарын» қалалық байқауы өткізілді. Қатысушылар 3 кезең бойынша сынға түсті Алатау ауданынан 3 үміткер қатысып, Қасенова Дания І-орынды иеленді. Осы бағдарлама аясында Тілдерді дамыту басқармасының 2018 жылға арналған жоспарына сәйкес «Пушкин оқулары» атты қалалық іс-шара өткізілді. Аталған байқауда Алатау ауданы атынан Садуақасова Анель, Жанашова Аружан, Шекетай Ақниет, Темірболат Мұхамеджан қатысып алғыс хаттар мен естелік сыйлықтарға ие болды.
Қазір қазақ тілін жетік меңгеруге еліміздегі өзге ұлт өкілдері де ынталы екені байқалады. Қыркүйек айында Алматы қаласының Тілдерді дамыту басқармасы мемлекеттік тілді меңгерген этнос жастары арасында «Тіл – парасат» қалалық байқауы өткізілді. Байқауға Алматы қаласының 8 ауданынан 19 үміткер қатысты. Алатау ауданы атынан өзіміздің тұрғындар – Халықаралық қазақ-қытай тілдері колледжінің 2 курс студенті Александра Пономаренко, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педогогикалық университетінің 1-курс студенті Айгүл Яркул қатысты. Яркул Айгул конкурста бас жүлдені жеңіп алды. Сол сияқты ауданның этнос өкілдері арасында «Абай оқулары» қалалық байқауы өткізілді. Алатау ауданының намысын қорғаған 2 үміткер ынталандыру алғыс хаттарымен марапатталды.
Қазақ тілін жаппай меңгеруде осы саладағы мұғалімдердің алар орны ерекше. Жастардың ана тілін барынша жетік білуіне ұстаздар үлкен үлес қосып келеді. Былтыр қазан айында Алматы қаласы тілдерді дамыту басқармасы Білім басқармасымен бірге мұғалімдер күніне орай «Қазақ тілінің үздік оқытушысы» қалалық байқауы өтті. Байқауға Алатау ауданындағы мектептерінің қазақ тілі пәні мұғалімдері де белсене қатысты.
Алматы қаласы әкімдігінің 2017 жылғы 18-мамырдағы №2/163 қаулысымен бекітілген 2016-2019 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына» сәйкес «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай «Ана тілім – ән жырым» қалалық байқауы ұйымдастырылды. Бұл байқау үлкен мерекеге айналды десе де болады. Бірнеше айға созылған қалалық байқауда Алатау ауданының қатысушылары Ақбаева Нұршат «Толғауы терең жыр – терме» номинациясы бойынша бас жүлде, Қалиев Қажымұқан «Сұлу сазды әсем ән» номинациясы бойынша 2 жүлделі орынды, Сағынаев Нұрлан «Мағыналы, ойлы көркемсөз» номинациясы бойынша 3 жүлделі орынды иеленді.
Алматы қаласында мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруда жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп келген Алатау ауданы 2018 жылдың қорытындысы бойынша 2 орынға ие болды. Оның ішінде құжат айналымы, қазақ тілі курстарына қатысуы және байқаулардын нәтижесі де есепке алынды.
Кеңестік кезеңде тек қана тіліміз ғана қысым көріп келген жоқ, көптеген елді мекендер мен көше атаулары да орысшаланып кеткені белгілі. Тарихи шындық орын алмаған жерде әділдік бар деу қисынсыз. Бұрмаланған тарихымызды қалпына келтіру ұлтымыздың жүріп өткен ұлы жолын кейінгі келер ұрпаққа қаз-қалпында жеткізу бүгінгі біздердің міндетіміз. Оған қоса кейбір атаулар қала бойынша қайталанып келді. Халықтың өтініші бойынша және Ономастика комиссиясының қорытындысы негізінде, Алматы қаласы әкімдігінің қаулысы мен Алматы қаласы маслихатының шешімімен Алатау ауданы бойынша көптеген көшелер атауы қазақшаланды. «Алғабас – 1» шағын ауданы — «Нұркент», «Алғабас – 2» шағын ауданы — «Ботакөз», «Алғабас – 3» шағын ауданы — «Ақмаржан», «Алғабас – 4» шағын ауданы — «Ғажайып», «Алғабас – 5» шағын ауданы — «Дарабоз», «Алғабас – 6» шағын ауданы — «Зерделі», «Заря востока» шағын ауданы — «Шапағат», «Құрылысшы» шағын ауданы — «Самғау», «Трудовик» шағын ауданы — «Томирис» болып өзгертілді.
Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы Республикалық ономастика комиссиясының 2018 жылғы 10 шілдедегі қорытындыларының негізінде Алатау ауданы бойынша «Алғабас» шағын ауданында – 56, «Боролдай» шағын ауданында –18, «Мәдениет» шағын ауданында – 11, «Теректі» шағын ауданында – 15, «Әйгерім – 1»шағын ауданында – 6, «Өжет»шағын ауданында – 4, «Көкқайнар» шағын ауданында – 3, «Шапағат» шағын ауданында – 5 көше атаулары қазақшаланып өзгертілді. Қазіргі уақытта «Алматы бас жоспары» ғылыми-зерттеу институты ЖШС-мен бірге атауы ауысқан көшелер бойынша үйлер санын анықтау жұмыстары жүргізілуде.
Аудандық әкімдік пен мектеп, балабақша сияқты мемлекеттік мекемелер тарапынан қыруар жұмыс жүргізілгенмен қазақ тілін қолдану жүз пайыздық көрсеткішке жетті деп айтуға әлі ертерек. Бұл бағытта, күнделікті жұмыс барысында көптеген кедергілер де кездеседі. Тұрғындар арасынан тіліміздің мәртебесіне баса мән бермейтіндер де табылып қалады. Олармен де қосымша жұмыс жүргізу қажет. Кейбір мекемелерде құжаттар қазақ тілінде жүргізілмейтін кездері де орын алады. Әсіресе, көше бойындағы жарнама немесе көрнекі ақпараттар алаңдатады. Алатау ауданы бойынша көрнекі ақпараттарды дұрыс орнатпаған, қазақ тілінде қатесі бар немесе қазақ тіліндегі аудармасы жоқ мекемелермен жұмыс жасалып, аудандық сауда орындары мен мекеме басшыларымен жиналыс өткізіліп, ескертпе хаттар табысталды. Өткен жылда аудан бойынша 40 қателері бар, қазақ тілінде аудармасы жоқ көрнекі ақпараттардың қателері түзетіліп, ауыстырылды. Бұл жұмыста заңның жұмсақтығы қолбайлау, оларға қателерін түзетуге бір жылдық мерзім көзделген. Оған дейін айыппұл салуға болмайды. Қатаң шара қолданбаса кемшіліктерді түзетуге ұзақ уақыт керек. Осы бағытта телеарналар сияқты бұқаралық ақпарат құралдарының көмегі аса қажет. Оған қоса тұрғындарымыздың тілімізге деген жанашырлығы мен белсенділігі керек. Әрбір адам осы бір ортақ іске өз үлесін қосса тіліміздің тұғыры биік болар еді.
Айжан БАУЫРЖАНОВА, Алатау ауданы әкімдігі Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы
Алматы қаласы
qazaquni.kz