Қазақ әнінің саңлағы Тұрсынғазы Рахимовқа көше атауы берілді
2019 ж. 18 ақпан
4345
1
Өткен жыл Шығыс өңірі үшін бірқатар ономастикалық өзгерістерге толы болды. Бірнеше жыл қатарынан созылған мораторий бұл істің ілгерлеуіне бірқатар шектеу қойғаны белгілі. Десек те, құжат талабы бір сәтке жіпсіген мезетте қоғам белсенділері бір қарқынмен облыстың әлі де сеңі қозғалмай тұрған аудан, қалаларындағы елді мекен, жер-су, көшелердің біразына ел тәуелсіздігіне сай атау беріп, енді біріне тарихи атауларын қайтарды. Есімдері ел аумағынан әрі әуелеген қазақ ғұламаларынан бастап жергілікті жерде ғана танымал болып, кейін көмескілене бастаған азаматтардың да аттары тұғырына қонды. Өңірде 2018 жылы жүргізілген ономастикалық жұмыстардың оңды нәтижесі туралы ақпарат облыстық мәслихаттың кезектен тыс өткен ХХVІІ сессиясында белгілі болды, - деп хабарлайды baq.kz.
Атап айтсақ, өткен жылы қоғамдық бірлестіктердің, Ақсақалдар және Ардагерлер ұйымдарының, бірқатар кәсіпорындар мен бұқаралық ақпарат құралдарының мұрындық болуымен Өскемен қаласындағы Кеңес Одағы кезеңінде шектен тыс саясиланған көше атауларын қалпына келтіру барысында үлкен жұмыстар жүргізілген еді. Қазақтың Әл-Фараби, Шәкәрім сынды ғұламаларынан бастап, кейінгі буын Мұхамеджан Тынышпаев, Әміре Қашаубаев, Қасым Қайсенов, Әзілхан Нұршайықов, Қалихан Ысқақ пен белгілі армия генералы, Кеңес Одағының батыры әрі еліміздің алғашқы Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетов сынды тұлғалардың есімдері облыс орталығынан ойып тұрып орын алды.
Жалпы, республикалық Ономастикалық комиссия Шығыс Қазақстан облысының Өскемен, Семей, Риддер және Курчатов қалаларындағы 49 көше мен саябақты атап, қайта атау жөнінде оң шешім қабылдаған. Бұдан бөлек, Семей қаласындағы Знаменка ауылдық округі мен ауыл орталығына Көкентау сияқты тарихи атауы қайтарылса, Жарма ауданының Қызылжұлдыз ауылына белгілі жерлесіміз, 397 фашисті жалғыз өзі жер жастандырған әйгілі жармалық мерген Төлеуғали Әбдібековтың есімі берілді.
«Облыстық Мәслихат депутаттарының бұл жолғы сессиясында жарияланған елді-мекендер мен көшелердің және саябақтардың жаңа атаулары республикалық Ономастикалық комиссиядан оң шешімін тапқандары. Енді облыстық әкімдіктің бірлескен қаулысы мен облыстық Мәслихаттың шешімі шығарылып, құжат Әділет департаментіне тіркеуге беріледі. Бұл соңғы саты, яғни құжат тіркелген соң елді мекендер мен көшелердің жаңа атаулары жазылған тақташалар дайындалып, іліне бастайды», - дейді ШҚО Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы Ономастикалық жұмыс және талдау бөлімінің бастығы Роза Төлемісова.
Жауапты тұлғаның айтуынша, аталмыш тақташаларды дайындап, ілуге кететін қаржы жергілікті бюджеттен бөлінеді. Демек, бұл үшін облыс тұрғындарының «қалтамыз қағылып, әмиянымыз жұқарады» деп әбігерге түсуінің еш қажеті жоқ.
«Ономастикалық өзгерістер атаумен қатар кейбір көшелердің түрленуіне де жол ашпақ. Мысалы, Өскемен қаласындағы бұрынғы Ворошилов көшесінің бір бөлігі осы уақытқа дейін бір бағыттағы ғана көше болса, Шәкәрім есімі берілген соң ол даңғылға айналады. Көше кеңейтіліп, жарықтандырылады. Сонымен қатар көпшілік қала ортасындағы Кеңес Одағының батыры Ізғұтты Айтықов көшесінің Асар атауына өзгеруіне қатысты теріс пікір қалыптастыруы мүмін. Бұл жердегі басты себеп ол көшенің қала ортасында орналасса да бойында екі-үш үйі ғана қалған қалтарыс көше болуында. Оның үстіне ол кісінің есімімен қаланың Ахат Куленов атындағы кентінде бір көше аталған. Сондықтан қалада екі көшенің бір атаумен аталуын алып тастау мақсатында осындай байламға келдік», - деп қосты Роза Әшімханқызы.
Төменде Шығыс Қазақстан облысы бойынша атау беріліп, қайта аталған елді мекендер мен көше және мәдени нысандар атауының толық тізбесін ұсынамыз:
Өскемен қаласы бойынша:
«Жастар» саябағы – Қасым Қайсенов саябағы;
Ворошилов көшесі – Шәкәрім даңғылы;
Комсомольская көшесі – Жастар көшесі;
Лениногорская көшесі – Теміржолшылар көшесі;
Питерских Коммунаров көшесі – Лев Толстой көшесі;
Революционная көшесі – Қалихан Ысқақ көшесі;
Орджоникидзе көшесі – Сағадат Нұрмағамбетов көшесі;
Дзержинский көшесі – Әміре Қашаубаев көшесі;
Киров көшесі – Антон Чехов көшесі;
Октябрьская көшесі – Мұхамеджан Тынышпаев көшесі;
Меновное ауылындағы Советская көшесі – Адольф Янушкевич көшесі;
Крупская көшесі – Евгений Брусиловский көшесі;
Советская көшесі – Александр Затаевич көшесі;
Головков көшесі – Бейбітшілік көшесі;
30-шы Гвардиялық Дивизия көшесі мен Виноградов көшесінің арасындағы Ізғұтты Айтықов көшесі – Асар көшесі;
16-шы тұрғын аудандағы:
№1 көше – Арасан көшесі;
№2 көше – Аялы көшесі;
№3 көше – Ақшоқы көшесі;
20-шы тұрғын аудандағы:
№1 көше – Қазына көшесі;
№2 көше – Думан көшесі;
№3 көше – Шапағат көшесі;
№4 көше – Өсиет көшесі;
№5 көше – Толағай көшесі;
№6 көше – Жерұйық көшесі;
№7 көше – Ақжол көшесі;
№9 көше – Жақия Шайжүнісов көшесі;
№10 көше – Үркер көшесі;
№11 көше – Лев Гумилев көшесі;
№14 көше – Ақбауыр көшесі;
№16 даңғыл – Әл-Фараби даңғылы;
Ахмер ауылындағы:
№1 көше – Саламат көшесі;
№2 көше – Серпін көшесі;
№3 көше – Қанағат көшесі;
№4 көше – Балауса көшесі.
Меновное ауылындағы:
№1 көше – Мейірім көшесі;
№2 көше – Армандастар көшесі;
Комендантский аралындағы саябақ – Самал саябағы деп аталды.
Семей қаласы бойынша:
Знаменка ауылдық округі – Көкентау ауылдық округі;
Знаменка ауылы – Көкентау ауылы;
Крупская көшесі – Әзілхан Нұршайықов көшесі;
Строительная көшесі – Тұрсынғазы Рахимов көшесі;
Комсомольская көшесі – Жібек жолы көшесі;
Кутузов көшесі – Ардагерлер көшесі;
Колхозная көшесі – Берел көшесі;
Социалистическая көшесі – Самал көшесі;
Декабристов көшесі – Нұрсая көшесі болып өзгертілді.
Риддер қаласы бойынша:
1-Стахановская көшесі – Бірлік көшесіне өзгертілді.
Курчатов қаласы бойынша:
Совхозная көшесі – Көктем көшесі;
Пионерская көшесі – Достық көшесі;
Комсомольская көшесі – Самал көшесі;
Красноармейская көшесі – Бейбіт атом көшесі болып өзгерді.
Жарма ауданы бойынша:
Қапанбұлақ ауылдық округінің Қызылжұлдыз ауылы – Төлеуғали Әбдібеков ауылы болып қайта аталды.