Түркістандық өнерпаздар өздерінің талантымен талайларды таңдай қақтырып жүр. Олардың бір жылдың ішінде шетелде өткен 18 концертке қатысып, өнер көрсеткендігі осы сөзіміздің дәлелі болса керек-ті. Түркістан облыстық Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Асылхан Темірханның айтуынша, өткен жылы Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармония мен «Түркістан сарайы» концерттік ұйымында 373 концерт пен мәдени іс-шара өткізіліпті. Сондай-ақ, жергілікті өнерпаздар жиырмаға жуық гастрольдік іс-сапарға шыққан.
«Жаһандық заманауи Қазақстандық мәдениет» бағыты бойынша облысымыздың мәдениеті мен өнерін шетелдерге таныстыру мақсатында облыс өнерпаздары «Кастамону – Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылының аясында Түркия Республикасының Кастамону, Анкара, Ыстамбұл қалаларында, Жапонияда 18 концертке қатысты. Сонымен қатар, есепті мерзімде облыс өнерпаздары Финляндия, Швеция, Эстония, Ресей, Италия, Грузия, Түркия, Молдова, Қырғызстанда өткен түрлі жанрдағы халықаралық байқаулар мен фестивальдерге қатысып, жүлделі орындардан көрінді», – деді Асылхан Темірхан.
Аймақта қазақ мәдениетін шетелдерде танытып, жетістіктерімен қуантып жүрген таланттар шоғыры жетерлік. Мың бұрала билеген бишілер де, оза шауып бәйге алып жүлделі оралып жүр. Атап айтқанда, «Түркістан» сарайының «Фараб» би ансамблі Түркия мемлекетінің Иниголь қаласында өткен халықаралық «Мәдениет және өнер ұжымдары» конкурсында І орынды иеленген. Сондай-ақ, Бурса қаласында өткен 32-ші халықаралық «Алтын Қаракөз» конкурсында арнайы жүлдемен марапатталған.
Аймақтың ғана емес қазақ халқының мәртебесін асқақтатқан осындай өнерпаздарымыз мәдениетіміздің мерейін өсіре берері сөзсіз.
qazaquni.kz