Кәсіпкердің бағалы бастамасы
2019 ж. 07 ақпан
1203
0
Шұғылалы Шығыс орталығы Өскемен қаласының кәсіпкері Ярослав Кушнарев қазақ тілін оқыту курстарын ашып, мемлекеттік тілді меңгеремін деп ниет білдірушілердің басын біріктірді.
Қазақ тілін оқыту орталығын ашу идеясы кәсіпкерге кездейсоқ келмеген екен. Бизнесменнің айтуынша – мемлекеттік тілді меңгеру әрбір тұрғынның міндеті. «Осындай ниетпен қазақ тілін меңгергім келді, бірақ тиімді курстар таба алмаған соң өзім ашуды шештім. Алдымен әлеуметтік желілерде сұрау жүргіздім, қызығушылық білдіргендер көп болды. Бәрін жан-жақты ойластырып, сосын бір шешімге келдім. Жоба құрып, оқытушыны таптым, онымен бірге оқыту бағдарламасын дайындадық, жалға бөлме алып, оған жиһаз, кеңсе заттарын, оқулықтар сатып алдым. Сөйтіп жұмыс басталып кетті. Айта кетейін, біздің оқытушымыз – тәжірибесі мол, білікті педагог, университетте қызмет еткен, облыс орталығының ірі кәсіпорындары үшін оқыту бағдарламасын әзірлеген», – дейді «Қазақ Зерде» ЖШС-нің негізін құраушы Ярослав Кушнарев. «48 cағатта базалық қазақ тілі» курстары үш ай бұрын басталған. Әзірге оған 15 адам барып жүр. Әр топтың 4-5 тыңдарманы бар. Қазақ тілін меңгеруге ниет білдіргендердің басым бөлігі – орыс ұлтының өкілдері. Олардың жасы - 27-40 аралығында. Бизнесменнің айтуынша, бұл негізінен, өзі сияқты кәсіпкерлер. Топтарды құрмақ бұрын, Ярослав оқитындардың қазақ тілін білу деңгейін, оған тілді меңгеру не үшін қажет екенін және курстарға қай уақытта қатысу ыңғайлы екенін анықтаған. Курстарға қатысушылардың көбісі бастапқы деңгейде, яғни, ең бірінші сөйлеу тілін меңгергісі келетіндер. Одан әрі тілді толық үйренуге талпынғандарға да мүмкіндік бар. Мұндағы сабақтар аптасына екі-үш рет екі академиялық сағаттан өткізіледі.
qazaquni.kz