ЕЛШІ ҚАЗАҚ ТІЛІНЕ ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҚ БІЛДІРДІ
2019 ж. 07 ақпан
2739
0
Жапония Елшісі Тацухико Касаи қазақ тілін үйренуге ден қойды. Бұл туралы Елші Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа сенім грамотасын тапсырғаннан кейін айтты.
«Мен үшін Қазақстандағы дипломатиялық миссиямның басталуы зор құрмет әрі қуаныш. Жапония мен Қазақстанның тарихи үлкен қарым-қатынасы бар. Осы уақыт аралығында елдеріміз барлық саладағы жан-жақты қарым-қатынасты дамытты. Елші ретіндегі менің миссиям – осы қарым-қатынасты одан ары дамыту және оған бар күшімді саламын», – деді Елші БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында. Сонымен қатар Тацухико Касаи қазақ тілін үйренуге ден қойып жүргендігін де атап өтті. «Қазақстанды, қазақ халқын, өркениеті мен салт-дәстүрін жете түсіну үшін қазақ тілін үйренгім келеді. Қазіргі уақытта тіл үйренумен айналысып та жүрмін», – деді ол. Айта кетейік, сенім грамотасын қабылдау рәсімінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жапониямен жан-жақты диалогты дамыту Қазақстан сыртқы саясатының басым бағыттарының бірі екендігін атап өткен болатын. «Біз жапондық компаниялардың Қазақстан нарығына атсалысуына мүдделіміз, барынша жағдай жасауға дайынбыз. Оған екі елдің арасында тікелей әуе рейстерін ашу зор септігін тигізеді», – деген еді Мемлекет басшысы.
qazaquni.kz