«МӘМІЛЕ» – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ МЕҢГЕРУ КЛУБЫ

  Әдетте «орыс тілді» саналатын Қарағанды қаласындағы Достық үйінде «Мәміле» қазақ тілі клубы ашылып, өз жұмысын бастап кетті. Мұнда барлық ниет білдірушілер келіп, өздерінің мемлекеттік тілді үйренудегі машықтарын дамыта алады. Клубқа мүше ретінде тіркелу тегін және ұлтына немесе жас шамасына ешқандай шектеу қойылмайды. Клубта қазір қазақ, орыс және өзге де көптеген ұлт өкілдері тіркелген. Тілдер ресурс орталығының директоры Гүлнәз Мұстағұлованың айтуынша, клубты ашуға «Ситуативті қазақ тілі» атты оқулықтың авторы Қанат Тасыбеков бастамашы болған. Қанат Тасыбеков өз тәжірибесі бойынша қазақ тілін үйренудің авторлық әдістемесін құрған. Бір ерекшелігі, «Мәміле» клубында кітаптар, дәптерлер міндетті емес және грамматиканы жаттау болмайды. Оның орнына қазақ тілінде түрлі қызықты әңгімелер мен ойындар ұйымдастырылады. Бұл бұрынғы қалыптасқан әдіске қарағанда анағұрлым ұтымды және тілді игеруге жеңіл соғады. Өйткені, үйренушілер өзін еркін сезінеді, оған қоса тартымды да қызықты. Әрбір жексенбі сайын аптасына бір рет Достық үйінде жиналатын клуб мүшелерінің саны арта түсуде.

qazaquni.kz