Шәкен Аймановтың туған күніне орай ескерткішіне гүл шоғы қойылды
2019 ж. 15 ақпан
3615
1
Бүгін, 15 ақпан күні қазақ киносының классигі, қазақтың сахна өнері мен кино өнерінің қалыптасуына, шыңдалуына айрықша ықпал еткен КСРО халық артисі, көрнекті театр және кино актері, белгілі кинорежиссер Шәкен Айманов 105 жасқа келіп отыр. Осыған орай Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ басшылығы, білгілі киногерлер - Сатыбалды Нарымбетов, Дамир Манабаев, Рустем Абдрашов, Ерболат Тогузаков - және киностудияның қызметкерлері қазақ киносының майталманының ескерткішіне гүл шоғын қойды.
Бұл туралы qazaquni.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.- Шәкен Айманов – қазақ өнерінің бағына жаралған жарық жұлдыз. Оның фильмдері ұлттық кинематографтың алтын қорына енді. Сомдаған рөлдері – актерлік шеберліктің нағыз шыңы. Қазақ кино өнерінің дамуына зор үлес қосқан ол Қазақстан кинематографистер одағына жеке ғимарат, сондай-ақ «Қазақфильм» киностудиясын тұрғызып берді. Өмірі парасат пен өнегеге өрілген Аймановтың шығармашылығын келер ұрпаққа жеткізу біздің міндетіміз. Шәкен ағамыздың аруағы қолдай берсін, - деді белгілі кинорежиссер Сатыбалды Нарымбетов.
Еске сала кетейік, Шәкен Айманов 1914 жылы 15 ақпанда Павлодар облысы Баянауыл ауданында дүниеге келген. Шәкен Айманов аса дарынды суреткер актер, ойшыл режиссер ретінде қазақтың сахна өнері мен кино өнерінің қалыптасып, шыңдалуына айрықша ықпал еткен, өшпес із қалдырған дара дарын иесі. М.Әуезов атындағы қазақ драма театрында 1933 жылдан еңбек етіп, 100-ден астам образдарды, оның ішінде Петруччио («Асауға-тұсау»), Хлестаков («Ревизор»), Отелло («Отелло»), Ақан сері («Ақан сері — Ақтоқты»), Қодар («Қозы Көрпеш — Баян сұлу») сынды үздік рөлдерді сомдады.
1984 жылы «Қазақфильм» киностудиясына Шәкен Аймановтың есімі берілді.