ТҮРКІСТАН - ТҮРКІ ӘЛЕМІНІҢ МӘДЕНИ АСТАНАСЫ
2019 ж. 15 ақпан
8532
0
КИЕЛІ МЕКЕН ТАРИХЫ – КҮЛЛІ ҚАЗАҚ ТАРИХЫ
«Тарихы бай, тағылымы терең Түркістанның еліміз үшін орны бөлек. Ол бүкіл Орталық Азиядағы ең көне қалалардың бірі. Түркістан – қазақ елінің рухани жүрегі, қазақтың көптеген қабырғалы тұлғалары мәңгіге жай тапқан қасиетті қала. Осында жерленген 164 әйгілі тұлғаның 21-і ел басқарған қырандар, 30-дан астамы қол бастаған батырлар, ауқымды сөз бастаған билер. Түркістан тарихы – күллі қазақтың тарихы», – деген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев көне шаһардың алар орнының айрықша екендігін атап көрсеткен-ді.
Былтырғы жылы Мемлекет басшысының тікелей жарлығымен Түркістан облысының құрылғандығы айтулы жаңалық болған-ды. Осынау игі істің жүзеге асуының өзіндік себептері де жоқ емес. Бұл тұрғыда ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы: «Қасиетті Түркістанға деген мақтаныш сезімі әр қазақтың жүрегінде ұялаған. Түркістан – тек бізге ғана емес, күллі түркі жұртшылығына қасиетті әрі қадірлі мекен. Халқымызда «Мәдинада Мұхаммед, Түркістанда Ясауи» деген сөз бар. Осындай сан алуан факторлар Түркістанды тұтас тұран додасының, түбі бір түркі жұртының рухани орталығына айналдырды. Түркі мемлекеттері Түркістан қаласын түркі әлемінің мәдени астанасы деп жариялағаны белгілі. Осыған орай мұнда ТҮРКСОЙДЫҢ қолдауымен 40-тан астам іс-шара өткізілді. Осының барлығы Түркістанды облыс орталығы деп жариялауымызға себеп болды», – деген еді.
Елбасы бекіткен бас жоспардың аясында Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың жетекшілігімен бүгінде жүйелі жұмыстар атқарылуда. Нәтижесінде бүкіл елдің назарын өзіне аударған Түркістан күннен күнге көркейіп, ажарлана түсуде. Бұлай болуы да заңдылық. Өйткені, Түркістан – түркі әлемінің мәдени орталығы. Түркі жұртының тұмарына айналған Түркістанның бүгінгі мәдени тіршілігі турасында Түркістан облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Асылхан Темірханмен тілдесіп, оқырман қауымға тұщымды дүние ұсынуға тырыстық.
Түркістан облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы облыс көлемінде мәдениет және тілдерді дамыту саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру, мәдениет пен өнерді насихаттау, қазіргі заман талабына сай халыққа сапалы мәдени қызмет көрсету және жас таланттарға қолдау көрсету бағытында ілкімді істерді атқарып келеді. Бұл өз кезегінде Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі мәдени саясатының аймақ көлемінде жоғары деңгейде орындалып келе жатқандығының айқын көрінісі екендігі сөзсіз.
«Ғылым мен мәдениет барлық дүниенің алтын алқасы болып отыр» деп заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов айтпақшы, ең басты құндылығымыз – мәдениетіміздің көшін ілгерілету үшін еліміздің әрбір өңірінде заман талабына сай мәдени нысандардың санын арттыруымыз керек. Бұл тұрғыда Түркістан облысы мәдени нысандарға бай екендігін ауыз толтырып айтуға болады.
Бүгінде облыс көлемінде 678 мәдениет және өнер мекемесі халыққа қалтқысыз қызмет көрсетіп келеді. Атап айтқанда, 387 кiтапхана, 251 клуб, 24 музей, 3 кәсіби театр, 7 саябақ, облыстық филармония, көркемсурет галереясы, «Оңтүстікфильм» мекемесі, «Түркістан сарайы» концерттік мекемесі халық игілігі үшін жұмыс істеуде.
Облыс орталығы Түркістан қаласына көшірілуіне байланысты театр, кітапхана, музей, цирк сынды 12 облыстық мәдениет және өнер мекемесі Шымкент қаласына берілген.
Облыс бойынша халықты ұлттық өнерімізбен сусындату мақсатында әртүрлі мәдени іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Әрі аталмыш шаралар аясында әлемдік мәдениет туындылары да көрерменге ұсынылады. Мәселен, былтырғы жылы, 4 республикалық, 27 облыстық деңгейдегі, жалпы клуб мекемелерінде 12798, кітапханаларда 16317, музейлерде 821 көпшілік іс-шара өткізіліпті. Мұндай шаралардың легі жыл басынан бері де өз жалғасын тауып келеді.
ТЕАТР – МӘДЕНИЕТ МАЙДАНЫНДАҒЫ СҮБЕЛІ ІС
«Егер қоғамда жара болып жатса, оны театр емдеуге, не «бәрі жақсы болады» деп сендіруге тиісті емес, театр сол жақты саусағымен нұсқап көрсетуі керек. Сонда ғана қоғам алдындағы парызы өтеледі», – деген екен Михаэль Тальхаймер. Осындай қоғам алдындағы жауапты парызын өтеп келе жатқан түркістандық театрлардың да тындырған тірліктері мол.
Қашан да, жаңашылдыққа құштар өңірдегі үш кәсіби театрда 11 жаңа спектакль сахналанды. Сондай-ақ, жыл бойы 760-қа жуық спектакль қойылып, олардың барлығы дерлік көрерменнің көңілінен шыққан. Артистердің бір-
бірімен тәжірибе алмасуына септігін тигізетін іс-сапарлар да аймақта жиі өткізіліп тұрады. Мәселен, бір ғана театр саласында 22 гастрольдік іссапар ұйымдастырылған.
Есігімізден енді ғана енген 2019 жылы да театр саласында ауқымды жоспарлар жетерлік. Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында 12 жаңа спектакль сахналанып, аудандар мен қалалар, ауылдарға, облыстарға 30-ға жуық гастрольдік іссапарлар ұйымдастырылмақ.
Сондай-ақ, Татарстанда өтетін ХІV «Науруз» Түркі халықтарының халықаралық театр фестиваліне қатысып, жүлделі орын иеленуді көздеп отыр.
Сондай-ақ, Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрының 50 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде атап өту де биылғы жылдың жоспарындағы жұмыс. Сонымен қатар, Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрының директоры, суретші Бақыт Сраилов Түркияның Адана мемлекеттік театры саханалайтын Шыңғыс Айтматовтың «Қызыл орамалды шынарым» спектакліне қоюшы-суретші ретінде шақырылып отыр. Мұның өзі Түркістан облысының мәдениетіндегі жетістіктің көрінісі екенін айтуға тиіспіз.
Сондай-ақ, өңір мәдениетінің мерейін өсіріп жүрген мәдени ошақтың бірі – Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармония мен «Түркістан сарайы» десек артық айтқандық емес. Аталмыш мәдени орындарда былтыр жыл бедерінде 373 концерт және мәдени іс-шаралар өткізіліпті. Сондай-ақ, жиырмаға жуық гастрольдік сапарлар ұйымдастарылып, ұжым мүшелерінің кәсіби шеберліктерінің шыңдалуына септігін тигізген.
«Жаһандық заманауи Қазақстандық мәдениет» бағыты бойынша облыстың мәдениеті мен өнерін шетелдерге таныстыру мақсатында облыс өнерпаздары «Кастамону – Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылының аясында Түркия Республикасының Кастамону, Анкара, Ыстамбұл қалаларында өткен концерттерде өнер көрсеткен. Сонымен қатар Жапонияда және Балкан мемлекетінде өткен бірқатар мәдени шаралардың да басы-қасынан табылған.
Түркістандық өнерпаздардың жеткен жетістіктері де жетерлік. Атап айтқанда, Финляндия, Швеция, Эстония, Ресей, Италия, Грузия, Түркия, Молдова, Қырғызстанда өткен түрлі жанрдағы халықаралық байқаулар мен фестивальдерге қатысып, жүлделі орындарды иеленген.
Сондай-ақ, «Түркістан» сарайының «Фараб» би ансамблі Түркия мемлекетінің Иниголь қаласында өткен халықаралық «Мәдениет және өнер ұжымдары» конкурсында І орынды иеленуі де зор жетістік. Аталмыш би ұжымы Бурса қаласында өткен 32-ші халықаралық «Алтын Қаракөз» конкурсында арнайы жүлдемен марапатталып, еліміздің атын әлемге танытып қайтты.
Кино саласында да көңіл қуантар істер көп. Атап айтқанда, «Оңтүстікфильм» мекемесі «САҚ» киностудиясымен бірлесе отырып «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында «Ордабасы бірліктің туы», «Оқсыз», «Түркістан» анимациялық фильмдерін, «Төле би» 10 сериялы тарихи телехикаясын түсірді. Көрерменің жоғары бағасын алған аталмыш фильмдер қазақ киносына қосылған бағалы туындылар.
Сонымен қатар, кішкентай көрермендер үшін «Күш атасы − Қажымұқан», «Киелі Қазығұрт», «Отырарды қорғау» анимациялық фильмдері мен «Көне жетігеннің сыры» телесериалы облысымыздың барлық аудандары мен қалаларындағы жергілікті телеарналардан және «Хабар», «Асыл арна» арналарынан көрсетіліп, көпшіліктің көзайымына айналды.
Ал биылғы жылы «Оңтүстікфильм» аудан, қалаларда Түркістанда түсірілген анимациялық және көркем фильмдердің апталығын өткізуді көздеп отыр. Сонымен қатар, «Ахмет Яссауи» телесериалын, «Әл-Фараби» көркем фильмін және «Қамбар батыр», «Сауран қалашығы» анимациялық фильмдерін түсірмек.
Сондай-ақ, ел мәдениетінің дамуына ұйтқы болып отырған клуб мекемелерінің жұмысы да қарқынды даму үстінде. Мәселен, Түркістан облысында 251 клуб мекемесі болса, оның әрбірінде өткізілетін мәдени шаралардың халыққа берері мол.
Былтырғы жылы облысқа қарасты Сарыағаш, Қазығұрт, Түлкібас аудандарындағы мәдениет үйлеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілді. Аталған аудандардағы халқы өз ризашылықтарын білдіріп, мәдени шаралардың басы-қасынан табылып жүр. Еліміздің әрбір түкпір-түкпірінде осындай жүйелі жұмыстар атқарылса қазақ мәдениетіне қосылған сүбелі үлес болары анық.
ХАЛЫҚ МҰРАСЫ – ҚЫМБАТ ҚАЗЫНА
Облыс аумағында 24 музей жұмыс істесе, олардың әрқайсысында экскурсия, көрме сынды көпшілік іс-шаралар жиі ұйымдастырылады. Бүгінде 7268 жаңа экспонат жинақталып, ал жалпы қор 164106 данаға жетті.
Ел Президентінің Рухани жаңғыру бағдарламасын жүзеге асыру бағытында облыстық музейлер мен кітапханаларда бірлескен жобалар жүзеге асырылды. Атап айтқанда, «Халық мұрасы – халық қазынасы», «Тарихи қазыналар», «Есімі елімен бірге жасаған», «Ата – баба мұрасын сақтайық», «Туған өлкем тарихы», «Ұлттық әшекей бұйымдары», «Отырар
мұралары» жобалары қазақ елінің тарихынан сыр шертетін, әрі жас ұрпаққа берері мол игі істер деп айтуға толық негіз бар.
БІЛІМНІҢ ҚАЙНАР БҰЛАҒЫ
Әбіш Кекілбаевша: «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» десек, облыс аумағында халық игілігі үшін көптеген кітапханалар қызмет көрсетеді. «Түркістан еліміздің – рухани астанасы» десек, өңір жұртшылығы рухани байлықтан нәр алуға тиісті. Тарқатып айтсақ, облыстағы 387 кітапхана 110 714 дана жаңа кітаптармен толықтырылып, кітап қоры 5 млн. 668 мың данадан асып жығылады. Әрбір кітапхана өзінің қорын молайту бағытында тынымсыз тірліктер атқаруда. «Ең көп оқылатын 100 кітап», «Алтын қорға үлес қос», «Кітапханаға сый» сынды акциялардың өтуі осы сөзіміздің дәлелі болса керек-ті. Аталмыш шаралардың нәтижесінде 9765 дана кітап кітапханалардың қорына сыйға берілді.
«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында бүгінгі күні кітапханалардың электрондық кітап қоры – 22 751 данаға, цифрлы форматқа көшірілген құжаттар саны – 1867 данаға жетті.
Халыққа қазіргі заман талабына сай кітапханалық қызмет көрсету мақсатында «Нұр Отан» партиясының жобасына сәйкес Арыс, Кентау, Түркістан қалалары мен Түлкібас, Ордабасы, Сарыағаш ауданының орталықтандырылған кітапханалар жүйесінен коворкинг орталықтары ашылды. Мұндай орталықтарды облыстың басқа да аудан, қалаларындағы кітапханаларда ашу жоспарланған.
МӘДЕНИ МҰРА – ХАЛҚЫМЫЗДЫҢ БАҒА ЖЕТПЕС БАЙЛЫҒЫ
Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында: «Біз қазақ халқының сан ғасырлық дәстүрін, тілі мен мәдениетін сақтап, түлете береміз. Сонымен қатар ұлтаралық және мәдениетаралық келісімді, біртұтас Қазақстан халқының ілгері дамуын қамтамасыз етеміз», – делінген-ді. Мәдениетіміздің мәйегі – қазақ халқының сан ғасырлық тарихы бар мәдени мұралары екені сөзсіз. Халықтың тарихи естелігі – ғасырлар бойы мәдени мұраға салынатын, барлық адамзат өркениетінің мәдени топтарын, халықтың, ұлттың, этностың өзін сақтап қалудың негізі болып табылатыны анық.
Елбасымыздың арнайы бастамасымен республика бойынша «Мәдени мұра» бағдарламасы қолға алынып, еліміздегі ата-бабадан мирас болып қалған сан ғасырлық мұраларымыз қайта жаңғыра түсуде.
Ел үшін ерекше маңызы бар ескерткіштеріміз бен құнды жәдігерлерімізді келер ұрпаққа көздің қарашығындай сақтап, әрі заман талабына сай жаңғырта отырып аманаттау әрбіріміздің азаматтық – парызымыз. Түркістан қаласы осындай мәдени ескерткіштерге бай екендігімен де ерекшеленеді.
Өңірде тарих және мәдениет үшін айрықша маңызы зор археология және сәулет ескерткіштерінің саны –1249-ды құрайды.
Екі дүниенің есігі атанған Түркістан қаласының ең басты құндылығы – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі екені белгілі. Оны әлемнің сегізінші кереметі деп тегіннен тегін атамаған. Бұл сарайлар мен ғибадатханалардың кешені орта ғасыр сәулетінің жауһары, ол ЮНЕСКО-ның Әлемдік мұра тізіміне енген. Осынау баға жетпес байлығының арқасында бүгінгі күні Түркістан – түркі әлемінің мәдени астанасы. Сондықтан да киелі мекен бұдан өзге де республикалық маңызы бар сәулеттік археологиялық ғимараттарға бай.
Өңірде 19 сәулеттік, 7 археологиялық ғимарат бар. Оның ішінде жергілікті маңызы бары – 426. Сонымен қатар, 796 тарихи-мәдени мұра объектілері бар.
Былтырғы жылы Ақсүмбе қарауыл мұнарасы мен Ишан базар (Ақмешіт) мешітіне тарихи-мәдени сараптама жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде республикалық ескерткіштердің мемлекеттік тізіміне енгізуге ұсынылды. Сондай-ақ, Ұзын ата кесенесінің бүгінгі таңдағы техникалық жай-күйін анықтау жұмыстары жүргізілуде.
ЖАҢА ЖОБАЛАР – ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫС КЕПІЛІ
Түркістан облысында «Қазақстанның жалпыұлттық киелі орындары» жобасының аясында аймақ көлемінде ауқымды істер атқарылуда. Түркістан облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының жетекшілігімен арнайы өңірлік жұмысшы тобы құрылып, облысымыздағы қасиетті, киелі нысандардың тізімін іріктеп, өңірлік карта жобасы дайындалды.
«Қасиетті Қазақстан» орталығы тарапынан республика бойынша ұсынылған нысандардың ішінен 100 нысан іріктеліп алынды. Оның ішіне Түркістан облысы бойынша ұсынылған 104 нысанның ішінен 24 нысан «Қазақстанның жалпыұлттық киелі орындарының» санатына еніп отыр.
Сонымен қатар «Ханқорған» қалашығының зерттелмеген бөлігіне археологиялық қазба жұмыстары, Оңтүстіктегі таңбалы тастарға археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілді. Өңіріміздегі киелі жерлердің аңыз-әңгімелер жинағы,«Түркістан облысының көне қалалары»,«Түркістан – руханият бесігі» фотоальбомы, Түркістан облысындағы киелі жерлердің географиясының 2 томдығы шығарылды. Мұның барлығы мәдени мұраларымызды қаз-қалпында сақтап, келер ұрпаққа аманттау жолындағы айтулы істердің бір бөлігі.
Бүгінде облыс орталығы атанып күннен-күнге көркейіп келе жатқан Түркістанды – түлетуге үлес қосу аймақ перзенттерінің айнымас борышы деп білеміз. Алдағы уақытта Түркі әлемінің мәдени астанасы – Түркістан қазақ мәдениетінің дамуына өзінің сүбелі үлесін қоса бермек.
Асылхан ТЕМІРХАН,
Түркістан облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы:
– Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы барша қазақстандықтарға жаңа серпін беріп, одан әрі жаңғыра түсуге жол ашқаны белгілі. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының Түркістанды түркі әлемінің рухани орталығына айналдыру жөніндегі тапсырмасына орай қазіргі таңда облыс көлемінде жанды жұмыстар жүргізіліп жатқаны жұртшылыққа аян.
Бұл тұрғыда мәдени-бұқаралық іс-шаралар, форумдар, өнердің әр саласы бойынша байқаулар мен фестивальдер, көрмелер және ақын-жазушылар, тарихшылар мен ғалымдар, өнер қайраткерлерімен кездесулер, шығармашылық кештері ұйымдастырылуда. Әрі бұл бағыттағы жұмыстар өзінің жүйелі түрде өз жалғасын таба бермек.
Ел Президентінің Түркістанды облыс орталығы деп жариялған тарихи шешімі мәдениет және руханият саласына да өзінің оң өзгерістерін ала келді. Биылғы жылы «Оңтүстікфильм» мекемесі аудан, қалаларда Түркістанда түсірілген анимациялық және көркем фильмдердің апталығын өткізуді және «Ахмет Яссауи» телесериалын, «Әл-Фараби» көркем фильмін және «Қамбар батыр», «Сауран қалашығы» анимациялық фильмдерін түсіруді жоспарлап отыр. Бұл тұрғыда атқарылуға тиісті істер қазіргі таңда қолға алынды. Ал, концерттік ұйымдар болса, ауылдарға, аудандар мен қалаларға, облыстарға, гастрольдік іссапарлар ұйымдастыруда. Сондай-ақ, облыстағы талантты өнерпаздар Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай, Италия, Түркия сынды алыс-жақын шетелдерде өтетін өнер фестивальдеріне қатысып, жүлделі орындарды иеленуді жоспарлап отыр. Бұл бағыттағы еткен еңбегіміз бен төгілген теріміздің өз жемісін берер кезі де алыс емес.
Мәдина ӘЙТПЕНБЕТОВА,
Түркістан облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының
баспасөз хатшысы
Арнайы «Қазақ үні» газеті үшін