Бижомарт ҚАПАЛБЕК: Әліпбиде жоқ дыбыстың ережесі
2019 ж. 13 ақпан
5293
1
Жаңа емленің 9 параграфы мынадай: «Ю ӘРПІ IÝ ӘРІП ТІРКЕСІ ТҮРІНДЕ ЖАЗЫЛАДЫ: AIÝ, BAIÝ, OIÝ, JAIÝ, SÚIÝ. Е С К Е Р Т У. I ӘРПІНЕН КЕЙІН ТҰРҒАН Ю ӘРПІНІҢ ОРНЫНА Ý ЖАЗЫЛАДЫ: QIÝ, JIÝ. Бұл ю әрпі кириллицада болған, ал қазіргі әліпбиімізде жоқ. Егер логикаға салатын болсақ, әліпбиде жоқ әріпке ереже арналмауы керек. Ереже негізінен тіліміздегі бар дыбыстың жазылуының типтік сипатын, ішінара болса ерекшеліктерін көрсетіп беруі тиіс. Кезінде тіліміздің дыбыстық заңына томпақ келгеніне қарамастан зорлықпен алынып, төл дауыстылардың қатарына орналастырылған бұл жат дыбыс ескі әліпбимен бірге кетті. Енді оны түсіндірудің қажеті жоқ. Біз қазір бұрын ю арқылы бұзылған тіл заңын қалпына келтіруге тиіспіз. Яғни ереже ю әрпі... деп емес, дауыссыз й-ға аяқталатын етістіктер...деп басталуы тиіс. Ережедегі сөйлемнің темасы мен ремасын өзгертуіміз керек. Яғни жаңа емленің 9 параграфы қазақ тілінің фонетикалық, грамматикалық заңдылықтарына негізделіп, осы дыбыс тіркестерінің жазылуындағы нұсқаларын мысал арқылы көрсетіп беруі тиіс.
Біздің қазіргі кирилл әліпбиімізде 42 таңба бар, ал біздің тілімізде небәрі 28 төл дыбыс бар. Оны кезінде бізге Ахмет Байтұрсынұлы анықтап берген. Бір ғасырда тіл түк те өзгермейді: лексикалық құрамы (сөздік қоры) толығуы мүмкін, ал дыбыс жүйесі мен грамматикасында елеулі өзгерістер бола қоймайды. Тіліміздің дыбыс жүйесі бойынша бүгінгінің білгірі Әлімхан Жүнісбек өз еңбектерінде қазіргі қазақ тілінде А. Байтұрсынов кезіндегідей әлі сол 28 дыбыс қана бар деп жүр. Енді мына есепке қараңыз: 42-28=14, яғни біздің бүгінгі әліпбиімізде 14 таңба артық. Бұл таңбалар кезінде орыс тіліндегі сөздерді сол орыстың орфографиясымен бұзбай жазу үшін алынғаны белгілі. Кейбіреуін жасанды норма ретінде зорлап, қазақ сөздерін таңбалау үшін де енгізіп жібердік. Байқап отырғанымыздай, ережедегі мысалдар аю-дан басқасының бәрі тұйық етістік тұлғасы. Бұлардың ендігі жазылуын қазақ тілінің дыбыстық жүйесімен 1-сыныптан бастап таныс бастауыш мектептің баласы да біледі. Мәселен, ОЙ, ЖАЙ, СҮЙ, ҚОЙ, СОЙ және т.б. й дыбысына аяқталатын етістіктерді тұйық етістік тұлғасына қою үшін ешқандай ереженің қажеті жоқ. Ал етістікке жатпайтын АЮ сияқты бірді-екілі зат есімге ереже арнау артық. Жалпы типтік емес, жеке құбылыс болғандықтан АЮ деген жалғыз жарым сөздің жазылуын сөздікте берсе жеткілікті. Қараңыз: қой+у, ой+у, сүй+у деген сөздердің жазылуында дауыссызға аяқталған басқа тұйық етістік тұлғаларынан қандай ерекшелік бар: ат+у, жат+у, сал+у, ал+у. Бұл бір-біріне жалғанатын түрлі морфемалардың аражігі айқын көрініп тұратын қазақ грамматикасына тән заңдылық. Бірақ емле түзушілер қазақ тіліндегі барлық қосымшалар түбірдің немесе негіздің дауыстыға немесе дауысссызға аяқталуына қарай түрленіп жалғанатындығын ескермейді. Қараңыз: қой+ып, сүй+іп, бай+ып тұйық етістік тұлғасы да сондай заңдылыққа бағынады: қой+ыу, сүй+іу, бай+ыу.
Ережеде байы деген дауыстыға аяқталатын екі буынды етістік пен жай деген дауыссызға аяқталатын бір буынды етістіктің тұйық етістік тұлғасы бірдей деп танылған. Бұл қате. Мұндай жасанды норма енгізу арқылы біз жалғамалы тілдерге тән бірнеше заңды бұзамыз. Таны, байы, кейі етістіктеріне тұйық етістік жұрнағы таны+у, байы+у, кейі+у түрінде жалғанады. Бізде түбір мен қосымшаның аражігі орыс тіліндегідей сіңісіп кетпей, айқын көрініп тұруы тиіс.
Осы параграфтың ескертуінде берілген qiу, jıy дегеннің сүйіу мен жайыу-дан түк айырмасы жоқ. Тілдің табиғатында жай, сүй, қый, жый деген етістіктер бітеу бір буынды түбірлерге жатады. Оларға да қосымша морфемалар қазақ тілінің фонетикалық және грамматикалық заңдарына сәйкес жалғанады. Жай+ыу (жай+ып), сүй+іу (сүй+іп), қый+ыу) (қый+ып), жый+ыу (жый+ып) және т.б. Біздің ойымызша, бірдей заңдылыққа бағынатын мысалдарды ескерту арқылы бөлектеудің еш қажеті жоқ.
Өзіміз емленің алғы сөзінде «ЖАҢА МАЗМҰНДЫ ҚАЗАҚ ЕМЛЕСІНІҢ НЕГІЗГІ ЕРЕЖЕЛЕРІН ТҮЗУ БАРЫСЫНДА ҚАЗАҚ ЖАЗУЫНДА ҰЛТТЫҚ ТІЛДІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ МЕН ЗАҢДЫЛЫҚТАРЫ АЙҚЫН КӨРІНІС ТАБАДЫ» дейміз де, оны 9 параграфта белден басып бұзамыз. Бұл қалай?
Бижомарт ҚАПАЛБЕК,
Мемлекеттік тілді дамыту институтының атқарушы директоры,
филология ғылымдарының кандидаты