Махаббат мүшәйрасы қортындыланды
2011 ж. 31 қазан
3674
2
Биылғы көктемнің аяғында Махаббат мейрамы қарсаңында "Жас қазақ үні" газетінің бастамасымен "Махаббат мүшәйрасы" басталғаны белгілі. Ол үшін арнайы www.mushaira.qazaquni.kz сайты ашылған болатын. Махаббат жырларына ынтықтар аз емес екен. Бір айдың ішінде кейбір ақындарымыздың, мысалы таланты тас жарып тұрған Табиғат Абайлдаевтың өлеңдерін оқушылар бес мыңнан асып кетті... Өлеңдері өрнекті Дәурен Айманбетов пен Гүлмира Сүйекенованың, дарыны дараланып тұрған Данияр Әлімқұлдардың оқырмандары да аз емес.
Ал ең көп "Жүрекке дөп тиген" жырлардың ондығын екі шайыр, тағы да Табиғат пен Дәурен екеуі бөлісті. Табиғат жүрегін жаулағандардың саны 470-ке жетсе, Дәурен 367 оқырмандардың жүрегіне дөп тиіпті.
Сонымен қатар қазылар алқасының көңілін аударған өзге де ақындарды атай кетейік. Олардың алдыңғы сапында Динара Мәлікованың топтамасын, Индира Керееваның "Көпшігін", Нұрлан Досмағұловтың "Ұйқыдағы қызын", Ардақ Құлтайдың "Мен күнмін" Айбек Байтөренің "Жапон қызы мен мас ақын" жырларын айтуға болады. Жалпы төрт-бес автор болмаса, көбісінің жырлары жақсы деп айтуға болады. Ал танымал ақын Бақытжан Абызовтың "Автобустағы ару" өлеңі сексенінші жылдары жастар жатқа айтқан жыр болғандықтан, жаңа жырлар талап ететін мүшәйра қатарына қоса алмадық... Негізі мүшәйра мақсаты жаңа есімдерді анықтау болғандықтан, Бақытжанды да конкурстан тыс қатысқан белгілі таланттар Ақберен мен Бақытгүл Бабашеваның қасына қосу керек еді...
Сонымен, мүшәйраның бас бәйгесі жеңімпаз бір ақынның махаббат жырларын кітап етіп шығару болатын. Қазылар алқасы ұзақ уақыт сол бір ақынды анықтауда бір шешімге келе алмады. Мүшәйра қорытындысының кешігуінің де бір себебі осында жатыр. Ол үшін біз сайт оқырмандары мен авторлардан кешііірім сұраймыз.
Ақыры, ең көп оқырман жинаған ақын Табиғат Абайлданов пен қазылардың басым даусын иеленген Данияр Әлімқұл екеуі жеңімпаз деп танылып, "Тұран" баспасынан кітаптары шығарылатын болып шешілді. Кітап келесі жылғы Махаббат мейрамына дейін шығуы тиіс.
Мүшәйра ұйымдастырушыларының ұсынысы бойынша, демеушілер табылып жатса, Дәурен Айманбетов пен Динара Мәлікованың да кітаптары шығарылу мүмкіндігі бар екенін айта кетуіміз керек.
Сонымен қатар жеңімпаздармен бірге 31 автор іріктеліп алынып, жалпы бір жинақ болып шығады. Бұл ақындар жырлары "Жас қазақ үні" газеті мен "Жұлдыздар құпиясы" журналында жарияланады.
"Махаббат мүшәйрасы" қараша айынан бастап, екінші кезеңін бастайды. Ол келесі жылғы Махаббат мейрамына дейін жалғасады.
Мүшәйраға қатысыңыздар!
Махаббат жыры мезгіл мен жас талғамайды...
Ұйымдастыру алқасы.
www.mushaira.qazaquni.kz