Ақтолқын Тажикова, ақын, журналист: «Поэзия – шабыттың әлемі»
2019 ж. 05 ақпан
4401
0
- Ақтолқын, қош келдіңіз. Туып-өскен жеріңіз, балалық шағыңыз жайлы сыр шертсек...
- Мен 1994 жылы 2 маусымда Ақтөбе облысы, Темір ауданы, Шұбарқұдық кентінде дүниеге келдім. Отбасында екі ағайындымыз. Өзімнен кейін ізбасарым, Талғат деген інім бар. Қазіргі таңда «Актер» мамандығында оқиды. Ал өзім №3 орта мектебінде 11 жыл білім алдым. Кішкентайыңнан өзіңнің аңсарын ауып тұратын жер болады ғой. Алатау өзіне шақырып тұрғандай болды. Үйдің үлкені, әулеттің жалғыз қызы болғандықтан, ата-анам менің алысқа кеткенімді қаламады. Ата-анамның көңіліне қарап, Ақтөбеде қалайын десем, журналистика факультеті жоқ. Кейін, анам маған: «Жүрегің қаламайтын нәрсені жасама. Ертең қаламайтын оқуға түсіп, ұнамайтын мамандық бойынша жұмыс істесең, өмір бойы өкінесің» деді. Алланың қалауымен 2011 жылы арман қуып Алматыға келіп, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетіне оқуға түстім. Аллаға шүкір, анам екеуіміздің арамызда осы уақытқа дейін кикілжің, реніш болған емес. Маған ешқашан «жоқ» демеді, ұрсып, жекіп көрмеген. Кез-келген дүниені жәй ғана байыппен түсіндіреді. Мен 18-ге толмай оқуға түсіп кеткенмін. Қатарластарымнан ерте бітірдім. Анам: «Баламның жамандық жасамайтынын білемін. Ол әлдеқашан елдің баласы болып кеткен. «Жоқ» деп шектей алмаймын. Шектеу қойсам, өз-өзін жоғалтып алады» деді. Теориямен қатар, тәжірибенің де қажеттілігін ұғынып, 1-курстан бастап жұмысқа араласып кеттім.
- Ақтолқын Орысбайқызы, жаныңыз поэзияға жақын. Өнерге, шығармашылыққа деген махаббат қай кезден бастау алды?
- Алла әр адамға түрлі дарын береді ғой. Мен үшін мақала, өлең жазу жанымның егізі. Анамның табиғаты өнерге жақын, кезінде ақын болған. Демек, өнер анамнан дарыған. Кішкентайымнан бастап жазған өлеңдерімді жинап жүретін. Ең алғашқы ұстазым да анам. Әрдайым, жөн сілтеп, дұрыс бағыт-бағдар беріп тұрады. Мектеп кезінен поэзиядан түрлі Республикалық, Халықаралық байқауларға қатыстым. 2007 жылдан бастап қазақ шоу-бизнесіне араластым. Ол кезде 7-сыныптың оқушысы болатынмын. Сонымен қатар, поэзиядағы ұстазым - белгілі ақын Күләш Ахметова. Өте қарапайым жан, маған ақ батасын берген.
- Ақын Ақтолқын студент шақта қандай болды?
- Студент кезде мүлдем қолым тимейтін. Барлығы қарбалас еді. Сабақтан шығып, жұмысқа барамын. Одан бөлек, жанталасып фестивальдерге, конкурстарға, әр түрлі жобаларға қатысып жүремін. Әйтеуір, уақыт жетпейтін. Ұстаздарым да «жап-жас болып, осы қызға уақыт жетпейді» дейтін еді. Осылайша, 4 жылдың қалай өткенін білмей қалдым. Студент кезде жас таланттардың басын қосып, «Әлем» атты Республикалық әдеби бірлестік құрдым. 2012 жылы ақындардың, әншілердің, журналистердің басын қосып, үлкен кеш ұйымдастырдық. Қазіргі таңда Аллаға шүкір, бірлестіктегі шәкірттерім Арман, Нұрбек, Дарын, Нұрбике, Дастан, Тілек және т.б бір төбе болып жүр. «Әлемде» өзімнің бар білгенімді шәкірттеріме үйреттім. Себебі, маған сахна тілінен актер, режиссер Төлеген Айбергеновтің досы марқұм Айладор Уталиев сабақ берген. Ол кісі Төлеген ағаның біз білмейтін өлеңдерін жатқа білетін. Айладор ағаймен кездейсоқ таныстым, тіпті көп сабақ алдым деп айта алмаймын. Дегенмен, 2-3 сабақтың өзінде маған көп нәрсені үйретті. Ол кезде мен Халықаралық деңгейге шығып жатқан едім. Өзім 9-сынып оқушысымын. Сол кезде ол кісінің айтқан сөзіне таң қалдым. «Сахнадан кейін саған барлығы жау» дейтін. Ол сөзді тура мағынада қабылдап, дұрыс түсінбейтінмін. Сонда: «Рас қой Ақтолқын, сен сахнаға шықтың ба, сахнаны бағындыруға міндеттісің. Бұл нәрсе тек әншілерге, актерларға ғана емес, сонымен қатар шығармашылық адамдарға да тән. Сен журналист болсаң, мәселені халық санасына жазған мақалаңмен, болмаса сюжет арқылы түсіндіресің немесе радиодағы хабармен жеткізесің» дейтін еді. Бірінші Алла, екінші анамның қолдауымен, үшінші Айлодар ағайдың ақыл кеңестерімен Түркия мен Кореядағы додаларда ең жоғарғы деңгейде өнеріммен бағындырдым.
- Сіз жұмысқа ерте араластыңыз. Бірақ, кезінде «Хабар» агенттігі ұсынған жұмыстан бас тартыпсыз. Неліктен? Осы жайлы айтып беріңізші?
- 2016 жылы «Хабар» агенттігінің басшылығы авторлық жобамды қабылдады. Кейін, аналитикалық бір бағдарламаны «өзіңіз жүргізсеңіз, журналистік зерттеу жасап көрсеңіз, табиғатыңыз келеді екен» деп ұсыныс білдірді. Бірақ, ол кезде орамалдамын. Өзіңіз білетіндей, мемлекеттік арна болғандықтан, орамалмен экран алдына шығуға болмайды. Басшылық «ойланыңыз, жассыз ғой» деп, уақыт берді. «Орамалды қай күні шешесіз, сол күні сізді жұмысқа аламын» деді. Бірақ, орамалға қатысты мәселе болғандықтан, бірден «жоқ» деген жауабымды айтып, бас тарттым. Себебі, мен үшін Алланың парызы маңызды.
- Қазір тәжірибелі PR маманысыз. Бұл салаға қалай келдіңіз?
- Республикалық, Халықаралық деңгейде БАҚ - та қызмет етіп келемін. PR саласына 2011 жылы келдім. Ресейден кәсіби түрде тәжірбие алдым. Ең алғаш әнші Руслан Мамытовтан PR–менеджер болуға қатысты ұсыныс түсті. Русланмен 3 жарым жыл бірге жұмыс істедік. Кейінннен басқа да актриса-әншілерден ұсыныс түсті. Алғашында PR-менеджер, кейін Арт-директор болып жүргенімде, бір күні Сәуле Жанпейісова апайымыз бірге жұмыс істеу жөнінде ұсыныс тастады. Осылайша, ол кісімен екі жыл өзінің және «Аманат» өнер студиясының PR-менеджері болып жұмыс істедім. Қолымнан келгенше аманатқа берік болып, кәсіби түрде сапалы қызмет етуге тырыстым.
- Сіздің ойыңызша, елімізде PR саласының қазіргі жағдайы қандай?
- Таңқалғаным, Ресейде «Сен не істеп жүрсің, не істеп жатырсың» демейді. Керісінше, «Келіңіз, отырыңыз» деп құшақ жая қарсы алады, идея ұрлайды деген ой мүлдем жоқ. Бар білгендерін үйретіп жібереді. Мәскеуден Арт-директор болуға үш рет ұсыныс түсті. Алла Пугачева сынды танымал аңыз әншілермен бірге жұмыс істейтін продакшннан 3 шақырту келді. Бас тарттым. Оның өзіндік себебі бар. 1. Өзім псхологиялық дайын болмадым. 2. «Аманат» өнер студиясында қызметтемін. 3. «RAYYAN» тобына продюсер болып келген кезім. Мен үшін аманат, намыс бәрінен биік. Сырттан ұсыныс ең бірінші 2011 жылы Түркиядан түсті. «Барлық жағдай жасаймыз, бар болғаны барлық байқауларға Түркияның атынан қатысасың» деді. Көпшілігі «Берілген мүмкіндікті жіберіп алма» деп ақылдарын айтты. Ақша үшін сол қадамға барсаң, елің мен Отаныңды сатып кеткенмен бірдей болады ғой. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген қағиданы ұстанатындардың қатарындамын.
Қазіргі уақытта елімізде PR саласы дамып келе жатыр деп айта аламын. Тәжірибені ғана емес, теорияны да білу міндетті. Екеуін ұштастырғанда ғана кәсіби сауатты маман ретінде нәтижеге қол жеткізесіз.
- «RAYYAN» тобының продюсері болдыңыз. Расында, бұл топ ең алғаш шыққан кезде қуанып едім. Бірақ, кейін топтың тарап кеткені өкініш тудырды. Енді міне, топ қайта жанданды. Дуэт қалай құрылды? Осыған тоқтала кетсеңіз?
- Жарылқасын Дәулет ағамыз 2010 жылы діни бағытта «RAYYAN» квартетін құрып, кейіннен топ 2013 жылы тарады. Ал 2018 жылы аға маған толықтай сенім артып, аталмыш топқа продюсер болуыма ұсыныс жасады. Жаңа құрам әлі жасақталмаған. Кастинг жариялау қажет болды. Ең дұрысы, дуэт жасауды жөн көрдім. Өзім ол кезде С.Жанпейісованың студиясындамын. Жұмыстан кеш шықсамда, сағат тіліне қарамай, күн-түн демей, жанталасып жүріп кастинг жасадым. Аса қатты хабарландыру болмаса да, ұсыныс көп түсті. Қазақстан облыстарынан бөлек, Қырғызстан, Өзбекстан, тіпті Түркиядан да хабарласты. Сол кезде түсінгенім, қазір көпшілігі әнші болуды армандайды екен. «Танылсам, атақты болсам, жағдайымды жасап алсам» деп жеңіл ойлайды. Ал менің тобымның бағыты мүлдем бөлек, олар ақша таппауы да мүмкін. Ең алдымен, бұл топта өнер көрсететін жігіттің Раббысына деген махаббаты берік болуы керек. Ұзақ іріктеуден Бағжан мен Назар өтті. Қаңтарда басталған кастинг наурызда аяқталды. 14-наурыз күні ең алғаш Алматы арнасындағы «Күліп оян» бағдарламасында екі ұлды халыққа таныстырдым. Осылайша, квартет болған «RAYYAN» тобы дуэт болды. Өзім қаңтардан тамызға дейін продюсер ретінде жұмыс істедім. Жігіттерді өз бауырымдай көріп, білгенімді барынша үйреттім. Әр нәрсе өз уақытымен деген. Кейін ойлана келе Жарылқасын ағаға барып, екі ұлды аманаттап, продюсер ретінде жұмысымды өз еркіммен тоқтаттым. Тәжірбиеден түсінгенім, өзгені бауырыңа өз балаң ретінде басуға болмайды. Продюсер болуға болады жарың мен балаңа не бауырыңа ғана. Қазіргі таңда продюсер ретінде бірнеше жобалардан ұсыныс түсуде.
- Қазір «DANALI PRODUCTION-да» PR-Директор, ұстаз болып жүрсіз? Бұл жерге қашан келдіңіз?
- «DANALI PRODUCTION» мен «DANALI» музыкалық мектебінің директоры кезінде дәрігер қызметін атқарған, біраз саланың жілігін шағып, майын ішкен, психолог-нумеролог, продюсер Айгүл Махатованың шақыртуымен былтырғы жылдың шілде айында келдім. Өзім поэзия жолындамын, одан бөлек қазақ шоу-бизнесінің әлеміндемін. Қазіргі ортам шығармашылықтың ордасы. Шыны керек, басқа жобаларда, студияларда жұмыс істегенімде, жеке шығармашылығыммен айналысуға мүмкіндік болған жоқ. Тек сол жобаларға ғана көңіл бөліп келдім. Ал мұнда жеке шығармашылығыммен айналыса аламын. Қазір «DANALI PRODUCTION» -ның PR бөліміне жауаптымын. Одан бөлек «DANALI» музыка мектебінің ұстазымын. Продакшнымыздың бір тармағы - 16 жасар әншіміз DANALI. Ол 9 жасынан бері өнерде жүріп, көптеген жүлделерге ие болған, Италияда Қазақстанның атын шығарып жүлде алған алтын қыз. Қазір әлемдік аренаға шығу мақсатында аянбай еңбек етіп жатырмыз. Чайковский атындағы эстрада бөлімінде 1-курста оқып жатыр. Алла қаласа, биік белестерден көресіздер деген үміттеміз.
- «DANALI» музыкалық мектебіне балаларды қанша жастан бастап қабылдайсыздар? Ересектердің де оқуына мүмкіндік бар ма?
- Бізде балалар 5 жастан (сөйлей алса, 3 жастан) оқи алады. Ең үлкендері 60-70 жас шамасында. «Өнерді үйрен, үйрен де жирен» демекші, үйренемін деген адамдарға есік ашық. Қызығушылығы, талпынысы болса, неге үйренбеске?!
- Орталықтарыңыз туралы толығырақ айтып берсеңіз. Мақсаты қандай?
- Бүгінгі таңда мектепте әр сала бойынша 30-дан аса оқушы оқып жатыр. Бізге келген оқушылар домбыра, гитара, фортепиано аспаптарында ойнауды меңгеріп, одан бөлек журналистика мамандығына дайындық, сахна мәдениеті, актерлік шеберлік туралы оқып, бидің түрлерін үйренуге мүмкіндік алады. Біздің мектебіміз жәй ғана мектептердің қатарында емес, сан түрлі саланы тоғыстырған продакшн. Бізде Асия Ажмуханбет, Айгүл Қарабаева, Досжан Үби, Нұрлан Сағынай т.б кәсіби мамандар сабақ береді. Студиямыз бар болғаны 2 жаста болғанымен болашағы алда. «DANALI» продюсерлік орталығымыздың басты мақсаты – өнер додасына әр талантты қосып, оған продюсерлік таныту. Бізде музыкалық мектеп ғана емес, би студиясы мен дыбыс жазу студиясы, сұлулық салоны және тігін шеберханасы бар. Сахнаға шығамын деген адамға барлық жағдай жасалған. «DANALI PRODUCTION-ның» бүгінгі күнге жетуі үнемі қолдау білдіретін қаржы директорымыз Нұралы Әліұлы мырзаның еңбегі деп білемін.
- Өзіңіз осы орталықта «Сахна мәдениеті» мен «Журналистика» курсынан сабақ бересіз. Сабағыңызға кез-келген жастағы жандар қатыса ала ма? Курс жайлы толығырақ айтып беріңізші?
- Директорымыз Айгүл Түзелбайқызының қолдауымен «DANALI» продюсерлік орталығында «Сахна мәдениеті» мен «Журналистика» курсымды аштым. Басшылықтың өзі шәкірт тәрбиелеп жүргенімді алға тартып, қолдау білдірді. Оның үстіне балалардың ата-аналары маған сенім артты. Өнерде жүргендіктен, сахна мәдениетінен хабарымыз болған соң, балаларға сахна мәдениетін үйретіп, сонымен қатар шешендік өнер мен шығармашылыққа, журналистика мамандығына баулуды жөн көрдім. Мен үшін балалардың сауатты білім алғаны маңызды. Курсқа қатысушылар 5 жастан бастап ересектерге дейін 3 айдан 6 айға, толық курс 1 жылға дейінгі уақыт аралығында топпен және жеке де оқи алады. 1 айда кем дегенде 8 сабақ болады. Алғаш келгенде тексеріс сабағынан өтеді. Баланың қай салаға көбірек бейім екенін анықтап, кемшілігіне назар аударамын. Маған келген балалардың көбінің көкірегі сайрап жатыр, бірақ сыртқа шығара алмайды, ойларын ашық жеткізе білмейді. Қорқыныш пен үрейді жеңуді, көпшілік алдында қалай сөйлеу, сахна мәдениетін үйретемін. Одан өзге журналист боламын деген оқушылар журналистиканың қыр-сырын үйренеді.
- Сіз поэзияларыңызды көбіне Арзу лақап атыммен жазып жүрсіз? Неге дәл осы есімге тоқталдыңыз?
- Негізі «Арзу» атауынан бұрын «Ай-Наз» деп жазып жүрдім. Ойлана келе, жаныма жақыны «ARZU» болды. Араб тілінен аударғанда «арман» деген мағынаны білдіреді. Адамның жүрек түкпірінде бір арманы болады ғой. Сол арманды қағазға түсіріп, жырлаудың өзі керемет. Жалпы, өлең жазуға ішкі жанның тазалығы, ауа райының өзгеруі, адамдардың эмоциясы, сіздің әдемі болып отырғаныңыз т.б әсер етеді. Бірақ, жоқтан бар жасай алмаймын. Себебі, дінде де «Ақындар адасушыларға ереді, егер жоқтан барды жасаса» деген сөз бар. Болған жағдайды жазу қажет. Шариғаттың шеңберінен асуға болмайды. Өлеңдерімнің көбісі философиялық бағытқа ауып кетеді. Не жазсам да, халыққа берері болуы тиіс.
- Көптеген әндерге сөз жазып жүрсіз. Әндеріңізді тіпті шетелдің әншілері де орындайды екен. Жалпы, тапсырыспен ән жазасыз ба?
- Жоқ, тапсырыспен тіпті, поэзия да жазбаймын. Поэзия – шабыттың әлемі. Мен үшін әр өлеңім балам секілді. Ән арқылы халыққа насихат жүргізе аласың. Қазір сөздері түсініксіз әндер көбейіп кетті ғой. Заманауи дүние жасаймыз деп барлығын бүлдіріп жатады. Заманға сай туындыны қазақы қалыптан асырмай жасауға да болады емес пе?!
Менің «Сезім» атты өлеңіме 5-6 композитор ән жазды. Бірақ, әуен менің ойымдағыдай шықпады. Композитор басқа нәрсені қиялдап, менің жан дүнием басқа нәрсені жазған. Ал әнші мүлдем басқаны армандайды. Менің жүрегімді түсініп, дөп түскен кезде ғана әнді айтыңдар дедім. Себебі, тағдырымда мынадай жағдай орын алды: мен бірде зағиптар үйіне бардым. Олардың бар арман-мақсаты дүниенің жарығын көру ғана ғой. Зағиптар үйінен шыққан соң, үш күн ауырдым. Кейін, «Қолыңнан ұстап арманға...» деп басталатын туынды дүниеге келді. Сөйтсем, оны бір әнші орындап, қыз бен жігіттің арасындағы махаббатқа теңеп қойған. Осылайша, кейбірі мен жазған дүниені басқаша жырлап кетеді. Енді бірі сезімге толы сыршыл әнді тойда билейтін ырқақты ән жасап жібереді. Негізі, авторлық құқық бойынша берілген әнмен өз деңгейінде 2 жыл жұмыс істемесе, мен ол әнді басқа орындаушыға ұсына аламын.
- Өлеңдеріңіздің, кітаптарыңыздың тақырыптары ерекше...
- Иә. Негізі, бірінші кітабымның атауын мектептегі өте білімді ұстазым, қаталдығы бір адамдай Әділханова Марал «Қылаусыз сезім — мейіріммен» деп ерекшелеп қойған. Барлығы бұл атауға таңданысын білдірген, сонда Марал апайым: «Сенің жасыңа да, болашағыңа да осы сөз керек. Мейірім мен сезім қылаусыз болуы тиіс. Өмірің сондай болсыншы» деп тілегін білдірген еді. Алдағы уақытта, осы тақырыпта үлкен бір концерт беру керек шығар деп ойлаймын. Ал екінші кітабымның атауын көп ойлаған жоқпыз. «Менің інжу-маржандарым» деп атадым. Оның ішіне әндер де еніп, үнтаспа да шықты. Барлығына ортақ атау қажет еді. Қазіргі топтамаларымды «Сізге келдім» деп жазып жүрмін.
- Мінезіңіз қандай?
- Кезінде байқаудан-байқау, концертен-концерт, түрлі жобаларға қатысып, сұхбаттан-сұхбат беріп жүрген кезімде, анам маған: «Қанша биікке көтерілсең, соншалықты қарапайым бол, қызым. Сен мен үшін де, халық үшін де сол бұрынғы Ақтолқын болып қала бересің. Осыны ұмытпа. Қай салаға барсаң да, ең бірінші күніңді еске ал» деген болатын. Сондықтан, қарапайым қалпымнан арылған жоқпын. Бас жарылса да ақиқат айтылу керек. Шынайылық пен жауапкершілікті талап етемін.
- Жаныңызға жұбаныш сөз?
- Кейде адамдарға ренжіп жүрген уақытта анам маған үнемі «Жаман адам болмайды, сен тек жаман қасиетін ғана көріп қалдың. Демек, солай болуы керек. Қызым, бұл өмір бағдаршам. Үнемі қызыл жанып тұрмайды, сәл сабыр ет, жасыл да жанады» дейді. Ақиқатында солай. Бұл өмір қалағанымыздай бола берсе, жұмақты қолдан жасап алатын едік қой. Біздің ойлағанымыз емес, Алланың қалауы болады.
- Жеке өміріңізге тоқталсақ. Болашақ жарыңыздың қандай болғанын қалайсыз?
- Шығармашылық адамдары екі әлеммен өмір сүреміз ғой. Кез-келген ер азамат қос әлемдегі адамды түсіне бермейді. Шабыттың жеке әлемінде жүрген кезде, сені ұғынатын адам керек. Менің ойымдағы азаматтың тақуалығы, тегі, мінезі, жанның үйлесімділік табуы маңызды. Маған материалдық жағдайы маңызды емес. Ақша т.б бәрі уақытша ғана. Қандай жағдай болғанда да арқасүйер азаматым болу керек. Алланының разылығы үшін жақсы көрсе, адаспаймын.
- Өлеңдеріңізге қарасақ, тойдың ауылы алыс емес сияқты ғой...
- Ол жағы құпия болып қала берсінші (күліп)...
- Ақын ретінде жеке шығармашылық кешіңізді өткізу ойда бар ма?
- Біреуге күлкілі болса да айтайын, мен үшін атақ, т.б маңызды емес. Мемлекеттік марапаттардан бірнеше мәрте бас тарттым. Мен үшін ол дүниенің мүлдем құны жоқ. Есеп ретінде жеке кешке келер болсақ, Ақтөбеде кешімді 2010 жылы бердім. Ал Алматыда былтыр Республика сарайында кеш берейік деген ұсыныстар түсті. Ақын болғандықтан, маған қара шаңырақ Жазушылар одағы ыстық. Екі кітапқа енетін туынды, атауы дайын тұр. «Сізге келдім» деген тақырып таңдалды. Алла қай күнді қайырлы етсе, сол кезде болады. Халықтың сұрауына қарасаң, уақыты да келген секілді. Алла бұйыртса, кешімді қойылыммен, поэтикалық дүние қосып жасағым келеді. Негізі ой да, идея да көп...Болашақ Алланың еншісінде.
- Басты арман-мақсатыңыз қандай?
- Біріншіден, өз аманатымнан адаспауым. Себебі, ақыретім соған тікелей байланысты. Өнерде ақ жолдан дара жол қалыптастыру. Бастысы, Алланың разылығына бөленген пенде, жарының разылығын алған салиқалы жар, ата-ана разылығын алған перзент болу!
- Алдағы жоспарларыңызбен бөлісе кетсеңіз...
- Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыздың хадисінде жүзеге аспаған жоспарды айтуға болмайды делінген, Алланың қалауымен ең қайырлы деген күні, ең абзалы болады. Сондықтан, жоспарларымыз жүзеге асып, нәтижесін бірге көретін күнге жете берейік.
- Сұхбатыңызға көп рахмет! Шығармашылығыңыз шарықтай берсін!
- Сіздерге де рахмет! Табыс тілеймін! 2019 жыл — әр қазақ үшін бақыттың бастауы болсын!
Мадина Мұратжанқызы
SHOW life