ОРБҰЛАҚТЫҢ ӨР ҰЛЫ
2019 ж. 07 ақпан
3632
2
Тұңғыш Президент күні қаланың қақ ортасындағы саябақта Орбұлақтағы Жеңістің 375 жылдығына арналып керемет мемориалдық кешен ашылды. Сәулетті де сәнді. Асқақ та айбынды. Аты қандай сәтті қойылған, «Ұлы Жебе!». Облыс әкімі А.Баталов, Мәжіліс депутаты Қ.Сұлтанов, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Б.Нұржекеұлы бастаған бір топ зиялы қауым өкілдері лентасын қиып, құттықтау сөз сөйледі. Аудандық мәдениет үйінде ғылыми-теориялық конференция өтіп, көрнекті тарихшылар келелі баяндамалар жасады. «Қасиетті Орбұлақ» атты кітаптың тұсауы кесіліп, Б.Римова атындағы облыстық драма театр Орбұлақ шайқасы туралы спектакльдің премьерасын көрсетті. Аймақтық тарихи-танымдық «Орбұлақ» газетінің арнайы шығарылған нөмірі таратылды. Аста-төк ас беріліп, батыр бабалар рухына құран бағышталды. Бір сөзбен айтқанда, барлық шара жоспар бойынша өтті.
Мұндай тойлар, әрине, тарихи-танымдылығымен һәм тағылымдығымен құнды. Бұл тұрғыдан таразылағанда бәрі дұрыс секілді. Мерейтойлық іс-шаралар кезінде бабалар ерлігі туралы мейлінше жеткілікті айтылды. Оны індете зерттеп, дерегін тапқан, ел-жұртқа паш етіп, кеңінен танытқан қайраткерлер де барынша құрметтелді. Бұған артатын еш өкпеміз, қоятын титтей де кінәміз жоқ. Майдан қыл суырғандай аса ыждаһаттылықпен,
өте төзімділікпен атқарылған ұлан-асыр зерттеу, анықтау, дәлелдеу тақылеттес ғылыми-сараптамалық істер өте лайықты бағаланды.
Дегенмен, осы орайда әлі де олқы соғып тұрған тұстарымызды толтырып, той тағылымын түгендей түскен жөн тәрізді. Бұл жерде тілге еткелі тұрғанымыз – ресми құжат бойынша негізделіп, қарапайым бұқарадан – жоғары билік эшалонына дейін толық қуатталған «Орбұлақ жеңісінің» осыдан жиырма бес жыл бұрын алғаш рет аталып өткен 350 жылдық мерейтойы туралы ой.
Иә, сол 1993 жылы республикалық деңгейде мерейтой өткізу туралы Үкімет қаулысы шықты. Ендігі кезек – қағаз жүзіндегі құжатты іске асыру. Ал бұл міндетті орындау алдыңғысынан да ауыр болмаса, оңай емес. Ойлаңыз: Одақ тарап, «балапан – басына, тұрымтай тұсына» тараған шақ. Шаруа шатқаяқтап, кез келген саланың сиқы сұйыла бастаған. Оның үстіне «тас түскен жеріне ауыр» демекші, барлық салмақ «Орбұлақ» орын тепкен бір ғана Панфилов ауданының иығына жүктелген. Бұдан асқан жауапкершілік, бұдан биік сенім бар ма?! Енді, қайтпек керек?
...Біздің бүйткен бұл іске,
Бытырлатып бір-бірлеп
Қабырғасын сөксе де,
Қабақ шытпас ер керек! –
дегендей, қаншалықты қиын болса да қиюын тауып, қисынын келтіріп мерейтойды өз деңгейінде өткізу керек. Ал осынау ұлы ерлік орын алған жерде оған арналған ұланғайыр шараны ұйымдастыра алатын, сөйтіп, ғасырлар бойы бодандықтың бұғауында бұққан халқымызға соны серпін, тың рух сыйлайтын «Бүгінгі бейбіт заманның батыры» бар ма?
Шүкіршілік... бар екен! Үміт ақталды, сенім сетінемеді. Есіл ерлер шыққан өлкеде еміренген елін елеулі шараны жүзеге асыруға жұмылдыра білетін, туған ел мен туған жер дегенде жүрегін жұлып беруге әзір ел ағасы табылды. Ол – сол Тәуелсіздігіміз тәй-тәй басқан тұста Панфилов ауданының тұңғыш әкімі болған, өзі туралы кітапқа берілген атына заты сай «Орбұлақтың өр ұлы» атанған Әділшайық Ыбыраймолдаев еді.
Әдекең жаратылысынан еңбекқор Жаркент жұртын жарты әлем назарын тіккен үлкен мерейтойды ұйымшылдықпен өткізуге аса ізденімпаздықпен ұйытқы болып, іскер басшылық жасай білді. Соның нәтижесінде:
* Бүкіл той шығыны сырттан еш көмек алмай, тек Панфилов ауданының күшімен атқарылды;
* Ерте көктемнен бастап Үлкенағаш ауылынан Белжайлауға дейінгі елу шақырымдай тау жолы толықтай күрделі жөнделіп, «Волга», «Жигули», тіпті шетелдік жеңіл көліктер еш кедергісіз баратындай жағдай жасалды;
* Төрт түліктің баруына уақытша тиым салынып, той басталғанға дейін жайлаудың табиғи көрінісі тұмса қалпында сақталды;
* Әскери техникаға қосымша сол кездегі «Гвардия» совхозының аса қуатты «Урал» автомашинасы пайдаланылып, жиырма тонналық гранит ескерткіш тас биік таудың басына жеткізілді;
* Колхоз-совхоз басшылары Үштөбедегі комбинатқа киіз үй жасауға арнайы тапсырыс беріп, аудан орталығында оларқазақы оюмен безендірілген ақ материалмен қапталды, сөйтіп, шаруашылық мақсаттағы қараша үйлерді қоспағанда Белжайлау төрінде қонақтарды күтуге арналған 518 үй тігілді, оның
ішінде бұрын-соңды болып көрмеген он екі қанат зәулім «Ақорда» жасалып, үкіметтік мәртебелі қонақтар сонда күтілді;
* Ауданға судай жаңа жиырма «Рафик» жолаушылар көлігі сатып алынып, Алматы қаласынан ақын-жазушылар мен тарихшы ғалымдар, тағы басқа да көптеген зиялы қауым өкілдері, тойға арнайы әкелініп, қайтадан апарылды;
* Осы тойда тұңғыш рет аламан ат жарысында «Жигули» жеңіл көлігі бәйгеге тігілді.
Бүкіл Алты алаштың азаматтары қатысқан аталмыш тойдың құндылығы сонда: біріншіден, мұнда бүгінгі ұрпақтары өздерінің келешегі үшін қасықтай қаны қалғанша шайқасып, жанын құрбан еткен хас батыр бабаларымыздың рухына тағзым етті. Екіншіден, енді ғана егемендік алған ұлтымызға бұл шара зор рух, тың серпін берді.
Сол кездегі Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Сергей Терещенко салтанатты жиналыста қазақша сөз сөйледі. Халқымыздың қалаулы ұлы, Президенттің кеңесшісі Әбіш Кекілбай асқан шешендікпен ақтарыла сөйлеп, күллі көпшілікті тіптен тәнті етті.
Мерейтой кезінде бұл топыраққа еліміздің ең бір таңдаулы ұл-қыздарының табаны тиді. Олардың арасында көрнекті композитор, сол кездегі Мәдениет министрі Еркеғали Рахмадиев, аты аңызға айналған ақын апамыз Фариза Оңғарсынова, жанкешті майдангер жазушы Қалмұқан Исабай, қазіргі Халық Қаһарманы Бақытжан Ертаев, мемлекеттік қайраткер Гүлша Тәңірбергенова, тағы басқа да танымал тұлғалар болды.
Айрықша атап өтер тағы бір мәселе: ата-бабамыз асқан ерлік көрсеткен бұл жерде Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері сардарлары мен сарбаздары ерекше белсенділік танытты. Сол кездегі Қорғаныс министрі, Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы Сағадат Нұрмағанбетовтың тікелей өзі басқарған әскерилер мерейтойдың салтанатын жауынгерлік атрибуттармен тіптен арттыра түсті. Ықылым заманнан бері мүлгіген тау арасын бейбіт өмірде атылған қызылды-жасылды салюттер дүр сілкіндірді. Бұрынғы батырларша киінген азаматтармен қатар қазіргі заманғы сарбаздар бір сапта тұрып, ұрпақ сабақтастығын барынша әсем бейнеледі.
Әдекеңнің осыншалық орасан зор шараны ұткырлықпен ұйымдастыра алуы тегіннен-тегін емес еді. Ол қашан да баршылыққа таспайтын, жоқшылықта саспайтын. Қандай істің болсын күрмеуін тез шешіп, айналасындағыларды ортақ ізгі мақсатқа жұмылдыра білетін. Қажет кезінде ақырын айтып та, батырып айтып та сөзін өткізетін. Шенділермен шеңдесе, бұқарамен біте қайнасып қызмет ететін. Тіпті, есімі елге әйгілі ғалымдар мен тілімен құс қайырған ақын-жазушылардың өзі Әдекеңнің білімі мен біліктілігін, парасаттылығы мен сұңғылалығын қапысыз мойындайтын. Оның қайраткерлігінің шарықтау шыңы әсіресе, сол бір тәуелсіздігіміздің таңы атқан алғашқы кезеңде айқын аңғарылды. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев айтқандай: «Сана-сезімнің шиеленісі мен ширығуы ерекше болған...», ескі мен жаңа тайталасып, қарапайым халық тығырыққа тірелген сол бір аласапыран кезеңде ол өзінің нағыз туған жерінің патриоты, ел үшін туған ер екендігін көрсетті. Қарым-қабілеті мен ұйымдастырушылық қасиеті бар қырынан жарқырай ашылды. Қысылтаяң кезінде халыққа ең керегі нан екенін ұғынып, ауданда күрт бетбұрыс жасады. Елді егіншілікке, оның ішінде ең қажеттісі – бидай егуге бейімдеді. Өзі де дамыл таппай,
қарамағындағы шаруашылық басшыларына да тыным көрсетпей, ел қамы жолындағы игілікті іске жұмылдырды.
Жаркент жеріне берілген «Еркін экономикалық аймақ» мәртебесінің артықшылығын пайдалануда ла өзінің тапқырлығы мен іскерлігін мейілінше молынан қолданды. Қолда барды ұқсатуға тырысып, Жаркент жерінде көтерме базар салғызу арқылы аудан бюджетіне қыруар қаржы құйғызды. Аудан аумағы арқылы күн сайын ары-бері ағылып өтіп жататын жүздеген автокөліктердің экологияға тигізген кері әсерінің өтеуін қайтаруды да қадағалады.
Алматы, Талдықорған секілді қалаларда озат оқып жүрген жаркенттік студенттерге ауданнан шыққан атақты өнер, білім, ғылым, еңбек майталмандарының атында шәкіртақы тағайындатып бергізді. Жылына екі рет мереке кезінде арнайы автобустар жіберіп, оларды ауылдарына тегін тасымалдауды ұйымдастырды. Қазіргі күндері егемен еліміздің түпкір-түпкірінде әр салада қызмет етіп жүрген бір кездегі сол бозбалалар мен бойжеткендер бүгінде сол ел ағасының әкелік қамқорлығын тамсана еске алады.
Ел үшін, елінің қазіргі қамы мен тарихи жады үшін жан-тәнін аямайтын ол «Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген қағиданы бұлжытпай орындап, өзіне де, ел билігінде жүрген өзгелерге де қатаң талап қоятын. Талдықорғанға келген бір сапарында Елбасымыз әкімдердің ел-жұрттың жағдайы жайлы есебін тыңдапты. Сонда Әдекең өзіне тән жігерлі де ашық даусымен аудан туралы жан-жақты айта келіп, тек жағымды деректер мен дәйектерді ғана тілге тиек етпестен барлық ауыртпалықты, тіпті қылмыс жасап, істі болғандар жөнінде, олардың қайда, қандай жағдайда екендігі жайлы нақты мысалдармен айшықтап айтып беріпті. Оны естіген Нұрсұлтан Әбішұлының өзі: «Нағыз әкім деген осындай болады» деп Израильдің озық істерімен танысу сапарына бірге апарған екен.
Әдекең үлкенге қандай ізетті болса, кішіге де соншалықты қамқор еді. Оларға сенім артып, жігеріне-жігер, қайратына-қайрат қосатын. Оның қамқорлығымен, шыңдауымен ширап өскен бірталай азаматтар кезінде бір-бір мекеме, шаруашылық, округ, ауданды басқарған. Қазір алды министрлікте, қалғандары әр алуан деңгейдегі іс басында тізгін ұстап отыр.
Іс барысында айбарлы Әдекең жайшылықта өте жайдарлы еді. Сөз саптауы, сөз мергендігі өзінше бір өзгеше болатын. Табан астында тауып айтқан мірдің оғындай өткір, ойлы да отты, шоқша қарып түсетін тапқыр да күлкілі сөздері ел арасында әрқашан ауыздан-ауызға көшіп жүретін. Қарапайым халықтың оны қатты құрметтейтіні соншалық: Ескелді ауданындағы «Заря коммунизма» совхозында директор болған кездегі оның көзін көріп, еңбегін бағалаған ел-жұрт өз ауылдарынан бір көшенің атын беріпті. «Жақсының жаттығы жоқ» деген осы болар, сірә! Өзі тұңғыш әкім болған аудан орталығы –Жаркент қаласының үлкен бір көшесі және Көктал ауылының орталық көшесі де ол кісінің есімімен аталады.
Көзі тірісіндегі келелі ісі, кемел қалпы қазір де көмескі тартпай, қайта оның кісілік келбетін одан әрі көріктендіріп келе жатқанына мұндай мысал өте көп. Соның бастысы да бірегейі – жоғарыда атап өткен «Обұлақ» тойындағы орасан зор ұйымдастырушылық ұтқырлығы, қайраткерлік қарекеті. Осы Ұлы Жеңістің күні кеше ғана атап өтілген 375 жылдық мерейтойы шеңберінде мерекелік шараның ізін суытпай Әдекеңдей ердің есімін тағы бір рет еске түсіріп, ерен еңбегін ерекше атап өткенді жөн көрдік.
Тоқтарбай КЕРІМҚҰЛОВ,
ҚР АШМ «Қазсушар» РМҚК Алматы филиалы
Панфилов өндірістік учаскесінің басшысы.
qazaquni.kz