Тұңғыш публицистикалық мемуар-роман жарық көрді
2019 ж. 02 ақпан
5397
1
Еңбегі көңіліңізден шығып тұрған адамға жылы пікір білдіруге асығып тұрасыз. Тіпті ол өзінің шығарашылық міндетін атқарып отырса да ризашылығыңызды білдіргіңіз келеді. Кейде адам баласының осы бір жақсылыққа жақсылықпен жауап бергісі келетін қасиетін кейбіреулердің басқа пиғылда түсінетініне таң қаласың. Айтайын дегеніміз, әлдебіреуде көкке көтеріп мақтау емес, еңбектің лайықты бағалануы жайлы еді. Біз филология ғылымдарының докторы, университет профессоры Сейдулла Садықовпен жиырма үш жылдан бері қызметтеспіз. Оның еліміздегі журналистика ғылымы саласындағы айтулы ғалымдар санатында екенін жақсы білеміз. Бұған Сейдулла ағамыздың шетелдік басылымдарда жарияланған монографиялары, импакт-факторлы журналдардағы онға жуық мақалалары, т.б. да ғылыми еңбектері, республика баспаларынан қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген оқулықтары, оқу құралдары мен монографиялары айқын дәлел болады. Журналистика саласында жарты ғасырдан астам уақыт бойы қызмет етіп келе жатқан журналист-публицист, ғалым-ұстаз Сейдулла Садықовтың жуырда ғана «Тұран» баспасынан «Журналистика – тағдырым» атты мемуар-романы жарық көрді. Осылайша біз білетін ғалым Сейдулла жазушылық-қаламгерлік қырымен де жарқырай көрінді. Композициясы Садықовтың жеке өміріне шебер құрылған бұл толымды еңбек кез-келген оқырманын қызықтырып, терең ойларға жетелері даусыз. Қазіргі қазақ журналистикасы әлемінде мұндай мемуар-роман әлі жазылған жоқ. Отыз жылдан астам уақыттан бері журналист кадрларын тәрбиелеп келе жатқан ұстаз-ғалымның бұл көркем дүниесі студенттер, магистранттар мен докторанттар үшін баға жетпес құнды дүние болатыны ақиқат. Мұнда қаламгердің балалық күндерінен бастап, соғыс жылдарындағы өзі туып-өскен ауыл адамдарының ауыртпалығы, оқу қуып Алматыға келген жігіттік шағы, студенттік жылдары, куртастарының портреттері, қара шаңырақ – КазГу-дегі ғылымға басқан алғашқы қадамдары, Мәскеудегі аспиранттық жылдар, Түркістан топырағындағы журналистік білім ордасын қалаудағы қиын-қыстау күндері, замандас-әріптестері туралы жылы пікірлері, студенттер лебізі, келмеске кеткен кеңестік журналистика мен тәуелсіз қазақ журналистикасы тұрғысындағы байыпты пайымдаулары мен тұжырымдары шұрайлы тілмен суреттеледі. Ғұмырнамалық мемуар-романды бір деммен оқып шығасыз. Тараулардың қиысар тұсында кезінде автордың республика мерзімді басылымдарында жарияланған түрлі жанрлардағы дүниелерінің беріліп отыруы кітап мазмұнын байыта түскен. Автордың өзі ширек ғасырға жуық уақыттан бері қызмет етіп келе жатқан Халықаралық қазақ-түрік университеті, қасиетті Түркістан, Қазақстан-Түркия: бауырластық бастаулары жөніндегі арнаулы бөлімдермен берілген жазбалары кең ауқымдылығымен назар аударады. Мемуар-романның «Ежелгі Түркістан және Елбасы идеясы» деген бөліміндегі Түркістан облысының орталығы болған Түркістан туралы ой-толғаулары қалың оқырманды баурап алары даусыз. Ұстаз-ғалым С.Садықовтың қаламгерлік қарымын айқын танытатын бұл мемуар-романның берер тағлым-тәрбиесі мол. Бекжігіт СЕРДӘЛІ
qazaquni.kz