“Айыбым жоқ”: ГауҺар Әлімбекова Елбасыдан араша сұрап, хат жазған

Әлеуметтік желіде алты жылға сотталған танымал отандық әнші Гаухар Әлімбекованың мәселесі қызу талқылануда. Осыған дейін әншінің заңгері "бұл істе Әлімбекова өзі зардап шегіп отыр" деп мәлімдеген еді.

Бұл туралы "Қазақ үні" ақпарат агенттігі хабарлайды.

Танымал өнер жұлдыздары, қоғам белсенділері, зиялы қауым өкілдері мен адвокаттар әншіні қолдап өз пікірлерін ашық жазуда.

Олардың қатарында Абзал Құспан, Сәуле Әбілдаханқызы, Қазыбек Иса, Мұхтар Шерім, Гүлзира Айдарбекова, Бағлан Әбдірайымов, Нұрлан Албан, Айнұр Тұрсынбаева секілді есімі елге белгілі адамдар бар.

Сонымен қатар, әлеуметтік желіде Гаухар Әлімбекованың Елбасыға жазға хаты да жарияланды. Аталмыш хатты оқырман қауымға ұсынуды жөн көрдік.

"Мен сияқты өнер адамдары әділдік таппай шырылдап жатқанда, қарапайым халықтың қандай күй кешіп жатқанын елестетудің өзі қорқынышты"...

Қазақстан Республикасының Президенті,

НАЗАРБАЕВ Нұрсұлтан Әбішұлына

Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы!

Сізді әуелі жуырда өткен «Тұңғыш Президент күні» мерекесімен және еліміздің алдағы Тәуелсіздік күні мейрамымен құттықтаймын! Өзіңіздің салиқалы саясатыңыздың арқасында қазақтың ән өнері заман легінен кенде қалмай, биік белестерді бағындырып келеді. Оған күні кеше «Нұр Отан» партиясының қолдауымен Лондонда дүркіреп өткен Димаш Құдайберген бауырымыздың концерті куә. Менің аты-жөнім Гаухар Әлімбекова, әнші-композитормын. Өнерде жүрген отыз жыл ішінде 60-қа жуық әнді өмірге әкеліппін. Соның ішінде қыз ұзату, келін түсіру тойларының әнұранына айналған «Ақ келін» әнін өзіңіз де естіген боларсыз. «Бір тамшы көздің жасындай», «Оралшы, махаббат», «Қыз сезімі» сияқты көптеген әндерім жастардың жүрегінен орын алды. Алайда,соңғы екі жылда шығармашылықтан мүлде көз жазып қалдым. Әлдебір алаяқтардың арбауына түсіп, айыбым жоқ болса да істі болып, сотталып кетудің аз-ақ алдында тұрмын. Мені сізге хат жазуға итермелеген де осы мәселе. 05.04.2016 жылы ҚР Қылмыстық Кодексінің 190-бабының 4-бөлімі, 2-тармағы бойынша сотталған Ордабаева Феруза атты азаматшаны 2009 жылдан бері танитын едім. Үнемі концерттеріме келіп жүретін өнеріме тәнті жандардың бірі болғандықтан, кейін бір-біріміздің жиын-тойларымызға қатысып, араластығымыз арта түсті. «Адам аласы ішінде» деген ғой, қанша уақыттан бері танысам да, ол кісінің анық қандай екенін түсінбеппін. Сол Ф.Ордабаева 2013 Алматы қаласы әкімдігінде таныстары барын айтып, солардың көмегі арқылы «Қолжетімді баспана» мемлекеттік бағдарламасы бойынша сату-сатып алу келісім-шартымен «Ақкент» тұрғын үй кешенінен пәтер алуға мүмкіндік барын айтты. Алғашында сенбедім. Бірақ қалашықтағы пәтерлерді сату құқығына ие «АйтХаузингКомплекс»ЖШС-нің келісім-шарт қағаздарын көрсеткеннен кейін күдігім сейілді. Алматыда баспана мәселесінің әлі күн шешімін таппай келе жатқандығынан өзіңіз де хабардар боларсыз. Қырықтың бел ортасына дейін пәтерсіз жүрген мен Құдай жолымды салған екен деп, мемлекеттік бағдарлама аясында үй алуға бекіндім. Сөйтіп, мен, Гаухар Серікбайқызы Әлімбекова, ағам Әуезхан Серікбайұлы Әлімбеков өзі және ұлы Әлидің атынан қажетті құжаттар мен қаражатымызды (80 мың АҚШ доллары) Ордабаеваға табыстадық. Қамкөңіл қазақпыз ғой, өзімнің ұзақ жылдан бері әпкелі-сіңлідей араласып жүрген Бақыт Назарова есімді әпкеме де пәтер алудың осындай мүмкіндігі барын айттым. Мақсатым – бір қазақтың баспана мәселесі шешілсін деген адал ниет қана еді. Ол да өз кезегінде ұлының атынан «Ақкент» қалашығынан үй алып, әлгі пәтерін жалға беріп қойды. Бірақ қуанышымыз көпке созылмады. Арада екі жыл өткен соң пәтер әперген Ф.Ордабаеваның бәрімізді алдап соққаны, яғни пәтерлерді заңсыз жолмен бергені белгілі болды. Соңында «Ақкенттегі» пәтерімізден бәрімізді қуып шықты. Ашығын айтқанда, сөмкемізді арқалап далада қалдық. Алаяққа берген ақшамыз күйіп кетті. Өзім ғана емес, пәтерге ақша құйған бауырларым да сең соққандай есеңгіреп қалды. Соңынан Ордабаеваның қылмыстары дәлелденіп, Алматы қаласының Алмалы аудандық соты оны 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырды. Алаяқ Ордабаева ұзын саны 32 адамның ақшасын алып, сан соқтырып кеткен екен. Бұл – құқық қорғау органдарына арнайы шағымданғандардың есебі бойынша алынған көрсеткіш. Берген қаражаттарының қайтымы болмайтынын біліп, арызданбағандар саны қаншама. Мен де «отыз үшінші болып арыз жазғанда не өзгереді?» деп, тиісті органдарға шағымданбадым. Оның үстіне үй-күйсіз далада есеңгіреп жүрген соң біреудің соңына майшам алып түсетіндей жағдайда болмадым. Енді осы арыз жазбағаным өзіме «пәле» болып жабысып отыр. Себебі, жоғарыда бізбен бірге үй алған Бақыт Назарова «Мен Ордабаеваны жақсы танымаймын, тек бір-екі рет қана көргенмін, маған пәтер сатып алу туралы айтқан Гаухар Әлімбекова, демек, ақшамнан айырылуыма сол кінәлі» деп, менің үстімнен арыз жазған. Құқық қорғау органдары осы арызды негізге ала отырып, бұрынғы Ф.Ордабаеваның қылмыстық ісін қайта қарап, оған меніде қосақтап, күдікті деп таныды. Шынтуайтында, мен және менің туыстарым –жәбірленушілерміз. Алайда құқық қорғау органдары Б.Назарованың сөзін ескеріп, мені сотталушы Ордабаевамен сыбайлас етіп көрсетіп отыр. Қазіргі уақытта сот процесі жүріп жатыр. Қанша жерден айыбым жоқ екенін айтқаныммен, іс бұрмалану үстінде. Ал мен болсам күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылдым.

Қадірменді Елбасы!

Міне, мендегі жағдай осы. Өз басым біреуге қиянат жасаған былай тұрсын, сахнаның киесінен қорқатын адамымын. Ел аумағында қаншама жеке концерттерімді беріп, тыңдарманның ықыласына бөлендім. Билет сату, ғимаратты жалға алу, т.б ұйымдастыру мәселелерінің ешқайсында заңсыздық болған емес. Өнер жолымда қаржы-қаражатқа байланысты менің тарапымнан ешқандай мәселе туындаған жоқ. Отыз жыл бойы үлкен сахнада жүрсем де, басыма баспана сұрап ешкімнің алдына бармаппын. Сенсеңіз, өнерге жаңа келген жас әншілерде бар атақтың менде бірі де жоқ. Халықтың көрсеткен қошеметіне марқайып жүрген жандардың бірімін. Бар мақсатым – мынау жаһандану заманында ұлттық ән өнерінің дамуына өзіндік үлесімді қосу. Жоғарыдағы жағдайдан соң сіз күресіп келе жатқан жемқорлық мәселесі қоғамда әлі шешімін таппағанына көзім жетті. Халыққа таратылуға тиіс баспаналардың әлдебір алаяқтардың «саудасына» айналғаны өкінішті. Айыбымның жоқтығын айтып, қақпаған есігім қалмады. Ел алдында жүрген мен сияқты өнер адамдары әділдік таппай шырылдап жатқанда, қарапайым халықтың қандай күй кешіп жатқанын елестетудің өзі қорқынышты. Аса қадірменді Елбасы, мені тығырыққа тіреген осы мәселе бойынша маған араша түсуіңізді сұраймын. Сіздің салиқалы саясатыңызды аяқасты етіп, жең ұшынан жалғасқан жемқорлыққа жол бергендердің заң алдында жауап бергенін қалаймын. Құқық қорғау органдары әділ заң аясында шешім шығарып, нағыз алаяқтың әділ жазасын алады деп үміттенемін! Менің ендігі үмітім – тек Сізде! Мен Сізден «мені қалайда ақтап алыңыз» демеймін. Тек істің ақ-қарасын айырып, әділдіктің салтанат құруын өз бақылауыңызға алсаңыз болғаны! Бүкіл елге танымал әншіні еш дәлелсіз күдікті деп тануға, заңсыз қудалауға жол бермесеңіз екен!

Гаухар ӘЛІМБЕКОВА,  әнші-композитор qazaquni.kz