Ұлт болмысы ұлықталған туынды

Ілгері озған зымыран заман тарих қатпарын қалыңдатып, сиясы кеуіп үлгірмеген жылнамасына жаңа оқиғалар мен есімдерді енгізуде. Көзі қарақты қауымды елең еткізген жамиғатқа жағымды жаңалықтың, ақжолтай хабардың бірі әрі бірегейі Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың „Ұлы даланың жеті қыры„ атты бағдарламалық сипаттағы мақаласы болды десек, асыра айтқандықтың ауылынан табылмас. Атамыз қазақ қыр астында қол бұлғап қалған кешегінің сыры мен сипатына „өткен күнде белгі жоқ„ деп, ат қойып, айдар таққанымен, бүгінгі күннің талабы ұлт алдына, бетке ұстар зиялы қауым алдына уақыт пен кеңістік көкжиегін тоғыстырып, мұнарланған мезгілдің дерегі мен дәйегіне үңілу талабын қойып отыр.

Егемен еліміздің бүгінгі болмысының рухани келбеті шынайы тарих деректерімен, есімдерін Еуразия кеңістігіне тұлпар тұяғымен өшпестей жазып қалдырған бабалардың жауынгерлік ерлігімен, олардың келешек ұрпақтың қамын ойлап, „Еділдің бойы ен тоғайға ел қондыруды„ көздеген қам-қарекетімен айшықтала түспек. Өйткені, қазіргі таңда төл тарихымызға оң көзқарас керектігі дау туғызбайды. Бірақ, қандай да бір тарихи оқиғаны таңдамалы тұрғыдан ғана сипаттаумен шектеліп қалуға болмайтыны өзінен-өзі түсінікті. Себебі, ақ пен қара – бір-бірінен ажырамайтын, төл ұғым. Бұлай деуіміздің бір себебі-өткенімізде қасіретті сәтттер мен қайғылы оқиғалар, сұрапыл соғыстар мен қақтығыстар, әлеуметтік тұрғыдан қауіпті сынақтар мен саяси қуғын-сүргіндердің аз болмағандығында. Елбасымыз өз мақаласында атап өткеніндей, мұны ешкімнің де ұмытуға хақысы жоқ. Көпқырлы да ауқымды тарихымызды дұрыс түсініп, қабылдай білуіміз үшін нақты ғылыми деректерге сүйене отырып, жаһандағы өз орнымызды байыппен бағамдауымыз керектігіне ден қойғанымыз жөн. Бұл тұжырым өркениеттік өткеніміздің көптеген қырына қатысты. Өйткені, Алтай мен Атырау, Жайық пен Сарыарқа аралығындағы сайын даланы, асқар тауларды қамтитын ұлан-байтақ жеріміз материалдық мәдениеттің көптеген дүниелерінің пайда болған орны, бастау бұлағы десек, ақиқаттан алыс кетпейміз. Шынтуайтында, қазіргі қоғам өмірінің ажырамас бөлшегіне айналған көптеген бұйымдар кезінде біздің өлкемізде ойлап табылған. Ұлы даланы мекен еткен ежелгі адамдар талай техникалық жаңалықтар ойлап тауып, бұрын-соңды қолданыламаған жаңа құралдар жасағаны белгілі. Бұларды адамзат баласы жер жүзінің әр түкпірінде әлі күнге дейін пайдаланып келеді.

Жоғарыда атап өткеніміздей, көне деректер ата-бабаларымыздың ұланғайыр Еуразия құрлығындағы саяси және экономикалық тарихтың беталысын талай рет түбегейлі өзгерткеніне куә. Мәселен, атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы жер жүзіне Ұлы даладан тарағаны тарихтан белгілі. Жылқыны қолға үйрету арқылы бабаларымыз өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болды. Отты қару пайда болып, жаппай қолданысқа енгенге дейін атты әскердің дамуы „егеулі найза қолға алып, еңку-еңку жер шалған„ бабаларымыздың мерейін үстем етті. „Егеулі найза„ дегеннен шығады, көне қазақтардың металл өндірудің амал-тәсілдерін табуы тарихтың жаңа кезеңіне жол ашып, адамзат дамуының барысын түбегейлі өзгерткеніне енді көз жеткізіп отырмыз. Сан алуан металл кендеріне бай жеріміз металлургия пайда болған алғашқы орталықтардың бірі. Ежелгі заманда-ақ Орталық, Солтүстік және Шығыс өңірлерде тау-кен өндірісінің ошақтары пайда болып, қола, мыс, мырыш, темір, күміс пен алтын қорытпалары алына бастағанына ғалымдарымыздың деректері куә. Қазба жұмыстары барысында табылған қару-жарақтар — өзегі болат алдаспан мен ақ найза, қайың сапты көк сүңгі бұл туралы тереңнен сыр шертеді. Осының бәрі ежелгі замандарда дала өркениетінің технологиялық тұрғыдан қаншалықты қарқынды дамығанына айғақ.

Тілге тиек етіліп отырған осынау маңызды мағлұматтар инемен қазғандай терең ғылыми ізденістің, ерен ой еңбегінің арқасында жарыққа шығып, ұрпақ игілігіне жарап отыр. Осы орайда Елбасы мақаласынан туындап отырған бір ойдың ұшығы ардақты ақынымыз Қадыр Мырзалиевтың «Біздің тарих бұл да бір қалың тарих, оқулығы жұп-жұқа бірақтағы» деген терең мәнді шумақтарында жатқан сияқты. Тәуелсіздік жылдарында халқымыздың өткенін зерттеуге қатысты ауқымды жұмыстар атқарылғаны белгілі. Бірақ, бабаларымыздың өмірі мен олардың ғажап өркениеті жөніндегі көптеген деректі құжаттар, әлі де болса ғылыми айналымға түскен жоқ, олар әлемнің „шаң басқан архивтерінде„ өз іздеушісі мен зерттеушісін тағатсыздана тосып жатыр. Сондай-ақ бұл үрдістің жалпыхалықтық сипат алуы маңызды дер едім. Өйткені, мектептер мен барлық өңірлердегі өлкетану мұражайларының жанынан тарихи-археологиялық қозғалыстар құру арқылы ұлт тарихын санаға сіңіруге, отаншылдық сезімін тәрбиелеп, қалыптастыруға кең жол ашылады.

Ойға оралып отырған келесі бір тұжырымға тағы да поэзия себепкер болып отыр. Жарқ еткен ғұмырында жыр маржанын шашып өткен ақын Ғафу Қайырбеков кезінде «Басқаның патшасының бәрі жақсы. Неліктен біздің хандар жаман болған?» деп жазған болатын. Айтқандай-ақ, көптеген халықтар өз елінің ерекше елшісі сынды ұлы бабаларының есімдерін әрқашан мақтан тұтады. Мысалы, өткен дәуірлердегі Тутанхамон, Конфуций, Ескендір Зұлқарнайын, Шекспир, Гете, Пушкин және Джордж Вашингтон сияқты дүниежүзіне белгілі тұлғалар бүгінде «өз мемлекеттерінің» баға жетпес бейнелік қазынасы саналып, сол елдердің халықаралық сахнада ілгерілеуіне септігін тигізіп отыр. Ал, қазақ даласы әл-Фараби мен Яссауи, Күлтегін мен Бейбарыс, әз-Тәуке мен Абылай, Кенесары мен Абай және басқа да көптеген ұлы тұлғалар шоғырын дүниеге әкелді емес пе?! Сондықтан да қазіргі әдебиеттегі, музыка мен театр саласындағы және бейнелеу өнеріндегі ұлы ойшылдар, ақындар және ел билеген тұлғалар бейнесін сомдаудың қолға алынғаны, сонымен бірге бұл іске шетелдік шеберлер мен шығармашылық ұжымдардың тартылғаны абзал. Осы арқылы хандарымыз бен билеріміздің, игі-жақсыларымыздың, батыр-бағландарымыздың әзиз есімдері бүкіл әлем жұртшылығына мәшһүр болады. Ұлт болмысы осылайша ұлықталса керек.

Жетпісбай Бекболатұлы,

Бейсенбек Серікбай,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқытушылары

Қазақ үні