Майра Ілиясова Димашты сынаған Ринат Зайытовты "сауатсыз" деп атады

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, "Құрмет", "Парасат" ордендерінің иегері, "Алтын жүрек" номинациясының лауреаты Майра Ілиясова Sputnik қазақстан тілшісіне берген сұхбатында танымал айтыскер ақын Ринат Зайытовқа қатысты ойын ашық айтты.

Атап айтқанда, әнші айтыскер ақынның Димаш Құдайберген туралы айтқан пікірін жақтырмаса керек. Ринаттың Димаш туралы сыни сөздерін "сауатсыздық" деп атады Майра Ілиясова.

- Бұл – Ринаттың сауатсыздығы. Егер Ринат әнші болса, өнерге бір табан жақын болса, ондай әңгіме айтпас еді. Бүкіл дүниені мойындатып жатқан, мықты профессор, әлемдік деңгейдегі мамандардың бағасын алып жүрген Димашқа неге ондай пікір айтады? Бұл өзі біздің қазақтың тарихында бар. Болсын демейміз, етектен тартамыз. Димашқа мүлдем қатысы болмаса да, аузына келгенді айтып жатыр. Ал оған қара халық бетке айтты деп қол соғады. Кейбіреу оның сөзін де түсініп жатқан жоқ. Ринатқа ондай сөз айту ұят. Қандай Қытай Димаштың шоқпарын соғып отыр? - деді әнші.

Оның пікірінше, Димаш халықаралық конкурсқа Қытайда емес, Англияда қатысса да дәл солай танылушы еді.

- Қытайға дейін біздің Димаш "Славян базарына" барып гран–при алып келді. Оның алдында Димаш президенттік шәкіртақы алды. Димаш – мен сабақ беретін факультеттің, мен сабақ беретін оқу ордасының шәкірті. Біз оған тіл тигізуге жол бермейміз. Ринат өз саласында, айтыста мейлі профессор болсын, ал Димашта жұмысы болмасын. Егер Димаштың дауысын білмесе, онда оған сын айтудың қажеті жоқ, - деп санайды Ілиясова.